Қазақстандағы туризм: 7 мемлекеттік қолдау шаралары

Елімізде ішкі және келу туризмін дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдаудың 7 негізгі тетігі жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Бұл шаралар кәсіпкерлерге туризм саласында жаңа мүмкіндіктер ашуға, инфрақұрылымды жақсартуға және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
1. Тау шаңғысы курорттарын жабдықтау
Аспалы жолдар, қар тазалау техникасы мен жасанды қар жабдықтарын сатып алу шығындарының 25%-ы мемлекет тарапынан өтеледі.
2. Жол бойындағы сервис нысандарына қолдау
Мотель, жанармай бекеті, тамақтану орны, дәріхана секілді нысандарды салуға кеткен шығынның 10%-ы субсидияланады.
3. Туристік объектілерді салу немесе жаңғырту
Қызмет көрсету нысандарын салу мен жаңғырту шығындарының 10%-ы өтеледі.
4. Туристік автобустар сатып алуға өтемақы
Сыйымдылығы 8 орыннан асатын автобустарды сатып алған кәсіпкерлерге шығынның 25%-ы қайтарылады. Автобустар кемінде 5 жыл туристік мақсатта қолданылуы тиіс.
5. Келу туризмін ынталандыру
Шетелдік турист тартқан әрбір отандық туроператорға бір турист үшін 15 000 теңге көлемінде субсидия төленеді (турист елде кемінде 4 күн, 3 түн болуы және eQonaq жүйесінде тіркелуі шарт).
6. Балаларға арналған әуе билеттерін субсидиялау
18 жасқа дейінгі балалар ішкі туризм турпакеті аясында ел ішінде тегін ұша алады. Бұл жағдайда әуе билеттерінің құны толықтай субсидияланады.
7. Санитарлық-гигиеналық тораптарға қолдау
Туристік аймақтар мен жол бойындағы санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға ай сайын 83 300 теңге көлемінде өтемақы беріледі.
Министрліктің мәліметінше, бұл қолдау шаралары туристік өнімдердің тартымдылығын арттырып, саладағы кәсіпкерлік белсенділікті күшейтуге бағытталған.