Сыртқы саясат: Әлемдік БАҚ біз туралы не жазып жатыр?

Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) Қазақстанға қатысты жаңалықтарды, сараптамалық мақалаларды, репортаждар мен сұхбаттарды тұрақты түрде жариялап отырады.
Бұл жарияланымдар елдің ішкі және сыртқы саясатына, экономикасына, мәдениеті мен туризміне, сондай-ақ энергетика және табиғи ресурстар саласындағы әлеуетіне қатысты әр қырынан көрініс табады. Біз бүгін әлемдік БАҚ-тың Қазақстан туралы соңғы апталардағы ақпараттарына шолу ұсынамыз...

Сурет: reutersagency.com.
«Reuters» ақпараттық агенттігі «Қазақстан шетелдік акционерлермен бірге Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытын салу жоспарын тоқтатты» деген тақырыпта бас мақала жариялады.
«Қазақстанның Энергетика министрлігі сәрсенбі күні Қарашығанақ кен орнында жобаның негізінен шетелдік акционерлерімен бірлесіп газ өңдеу зауытын салу жоспары тоқтатылғанын хабарлады.
Министрлік бұл шешімнің себебін нақтыламай, тек отандық компанияларды тарту көзделіп отырғанын айтты.
Орталық Азиядағы бұл ел бірнеше жылдан бері халықаралық мұнай-газ компанияларымен шығындарға байланысты келіспеушілікке келіп, 2023 жылы олардан миллиардтаған доллар өндіріп алуға талап қойған болатын.
Алайда Қазақстан билігі бұл сын-ескертулермен келіспейді, олардың айтуынша, мақсат – Батыс ірі компаниялары көтеріп жіберген шығындарды бақылауға алу.
Қарашығанақ кен орнын Karachaganak Petroleum Operating (KPO) консорциумы басқарады. Оның құрамына Eni (29,25%), Shell (29,25%), Chevron (18%), ЛУКОЙЛ (13,5%) және “ҚазМұнайГаз” (10%) компаниялары кіреді.
Өткен жылы акционерлер мен жергілікті билік жылына 4 миллиард текше метрге дейін газ өңдейтін зауыт салып, оны 2028 жылы іске қосу туралы келіскен болатын. Қазіргі уақытта Қарашығанақтан алынған шикі газ Ресейдің Орынбор қаласындағы газ өңдеу зауытына жөнелтіледі.
Министрлік Қарашығанақ газ өңдеу зауыты жобасының тоқтатылу себебін нақты атаған жоқ.
Алайда салалық бірқатар дереккөздер мұны үкімет пен шетелдік компаниялар арасындағы құқықтық даулармен байланыстырды».

Сурет: asiasociety.org.
Ал «Central Asia Travels» сайты еліміздің ішкі туризмі туралы жазыпты.
«Қазақстанда баруға тұрарлық ең керемет жерлер»деген тақырыппен жарық көрген шолудың толық мәтіні мынадай:
«Қазақстан – Орталық Азияның дәл ортасында орналасқан үлкен мемлекет. Бұл ел – бай тарихи орындарға, әртүрлі ландшафтарға және ерекше мәдениеттерге толы кеңістік. Қазақстан заманауи сән-салтанат пен ежелгі тарихтың өзіндік үйлесімін ұсынады: елорданың қазіргі заманауи келбеті сондай-ақ Ұлы Жібек жолындағы көне қалалар – Алматы мен Түркістан соның айғағы. Табиғатты сүйетіндер Шарын шатқалының ғажайып көріністеріне, Балқаш көлінің тыныш жағалауына немесе Алтай тауларының тылсым табиғатына тамсана алады. Қонақжай пейілмен, дәмді тағамдармен және бай мұрамен қарсы алатын Қазақстан өз қонақтарын елдің түрлі көрікті жерлерін зерттеуге шақырады.
Қазақстан – өзінің көрікті орындары мен қонақжай халқымен ерекшеленетін ерекше туристік бағыт. Сізді бұл елдің таңғажайып табиғаты, тарихи мекендері немесе заманауи қалалары қызықтырса да, Қазақстан – әр талғамға сай келетін ұмытылмас әсер сыйлайтын мемлекет. Оның кең даласы мен терең тарихын зерттей отырып, елдің қайталанбас келбетін айқындайтын салт-дәстүр мен мәдениеттердің үндестігін табуға болады. Табиғи сұлулық пен қалалық сән-салтанаттың ерекше үйлесімімен Қазақстан әлемдегі ең үздік туристік бағыттардың қатарынан лайықты орын алады».

Сурет: merkur.lu.
«Mеrkur.Lu» сайты да жағымды жаңалық таратыпты. Бұл сайттың қаламы ERG компаниясы ұйымдастырған Жұмысшы мамандықтар жылы туралы жазыпты.
«Мемлекеттік академиялық опера және балет театры – «Astana Opera» Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мен жаһандық металлургия және тау-кен өндірісі компаниясы – Eurasian Resources Group (ERG) қолдауымен елдің ірі өнеркәсіп қалаларына гастрольдік сапар ұйымдастырды.
Тур Павлодар, Ақтөбе, Хромтау және Рудный қалаларында өтті – бұл қалаларда ERG кәсіпорындары орналасқан. Көрермендер қатарында жергілікті қауым мен өндіріс орындарының жұмысшылары бар, гастроль жалпы 7 000-ға жуық адамды қамтыды. Бұл бастама Қазақстанда жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылының аясында іске асты.
Опера труппасының жетекшісі Талғат Мұсабаев бастаған театр солистері «Қазақстан алюминийі» зауытына да барып, ERG қызметкерлерімен бірге павлодарлық сазгер Естай Беркімбайұлының әйгілі «Құсни-Қорлан» әнін орындады.
ERG компаниясының бас директоры және директорлар кеңесінің төрағасы, сондай-ақ «Astana Opera» қамқоршылар кеңесінің мүшесі Шухрат Ибрагимов:
«ERG-дегі жұмысымыздың маңызды бөлігі – Қазақстанды тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және мәдени бағытта дамыту. Astana Opera театрының жарқын жобаларын қолдау – біз үшін әрдайым басымдық» – деп атап өтті».
Abai.kz