Сәрсенбі, 16 Шілде 2025
Ақмылтық 250 0 пікір 16 Шілде, 2025 сағат 14:59

Қытайдағы ауқымды саммит: Геосаяси тартыс қызды...

Сурет: eadaily.com сайтынан алынды.

31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында Қытайдың Тяньцзинь қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) кезекті саммиті өтеді.

Бұл жолғы жиын геосаясат, қауіпсіздік және экономикалық ынтымақтастық тақырыптарына арналмақ. Қытай Сыртқы істер министрі Ван Идің айтуынша, саммитке 20-дан астам мемлекеттің басшылары мен 10 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысады. Бұл — ШЫҰ тарихындағы ең ірі кездесулердің бірі болмақ.

Қытайдың мақсаты қандай?

Жаһандық тәртіптің жылдам өзгеріп жатқан жағдайында Қытай ШЫҰ-ға төрағалық ету мүмкіндігін пайдаланып, өңірлік қауіпсіздік пен даму архитектурасын қайта құруға ниетті. Пекин бұл ұйымды декларативті құрылымнан прагматикалық және экономикалық бағдарланған платформаға айналдыруды көздейді.

Саяси контекст

ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен бірлескен баспасөз мәслихатында Қытай СІМ басшысы Ван И «Шанхай рухын» — сенім, теңдік және өзара тиімділік қағидаттарын нығайту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, ұйымның басым бағыттары мыналар:

• ұжымдық қауіпсіздік жүйесін күшейту;
• экономикалық байланыстарды жандандыру;
• жаһандық мәселелерде стратегиялық тәуелсіздік көрсету.

Сонымен қатар, Қытай бес негізгі бастаманы ұсынды: оның ішінде экономикалық интеграцияны тереңдету, қауіпсіздікті үйлестіруді күшейту және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы инфрақұрылымдық жобаларды ілгерілету,

Кімдер қатысады?

Саммит қарсаңында өткен сыртқы істер министрлерінің кездесуіне келесі мемлекеттер өкілдері қатысты:

• Қазақстан — Мұрат Нұртілеу
• Ресей — Сергей Лавров
• Үндістан — Субраманьям Джайшанкар
• Иран — Аббас Арахчи
• Пәкістан — Мухаммад Исхак Дар
• Қырғызстан — Жээнбек Кулубаев
• Беларусь — Максим Рыженков
• Өзбекстан — Бахтиёр Саидов
• Тәжікстан — Сирожиддин Мухриддин

Сондай-ақ ШЫҰ құрылымдары атынан Бас хатшы Нұрлан Ермекбаев пен Терроризмге қарсы комитет директоры Ұларбек Шаршеев қатысты.

Бұл Қытайға не үшін керек?

Саммиттің Тяньцзинь қаласында өтуі де кездейсоқ емес. Қала — Қытайдың материктік өнеркәсібі мен теңіз логистикасын байланыстыратын ірі экономикалық хабтардың бірі. Осы арқылы Қытай ШЫҰ арқылы Орталық, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс аймақтарындағы Батыс ықпалына балама ұсынуға тырысып отыр.

Саммиттен не күтуге болады?

Алдағы жиында келесі бастамалар мен шешімдер талқылануы мүмкін:

• Киберқауіпсіздік, энергетика және халықаралық сауда дәліздері бойынша жаңа келісімдер жасасу;
• Бақылаушы мемлекеттермен және диалог серіктестерімен ынтымақтастықты тереңдету;
• Мүшелікті кеңейту бойынша ұсыныстар (әсіресе Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен);
• Технологиялық егемендік және ұлттық валюталар арқылы есеп айырысу жүйесін ілгерілету.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

0 пікір