Жөйіт пен парсының жауласуы неден басталды?

Қазіргі Таяу Шығыста болып жатқан шиеленіскен жағдайдың түп-төркіні неден басталғанын, сондай-ақ, оған кеңірек тоқталып, шама-шарқым келгенше толық қанды мәлімет беру үшін, біраз уақыттан бері, әлемдік ақпарат жүйесінен, соңымен қатар, кейбір ғылыми әдебиеттерден жинаған деректерімді өздеріңізге ұсынып отырмын.
Сонымен сіздер мақалама назар аударыңыздар, мен баяндайын!
Тарихтың терең қатпарларына көз жүгіртсек, халықтар мен мемлекеттер арасындағы жауластықтың түп-төркіні әртүрлі себептерге тіреледі: жерге талас, дін айырмашылығы, саяси үстемдікке ұмтылу, мәдени айырмашылықтар немесе тарихи өшпенділік. Осындай күрделі тарихи қарым-қатынастардың бірі – жөйіт (еврей) пен парсы (иран) халықтарының арасындағы текетірес пен жауластық мәселесі. Бұл мақаламда осы тартыстың бастауын іздеп көрмекпіз.
Парсы және жөйіт байланыстарының алғашқы кезеңі
Жөйіт халқы мен парсылардың алғашқы тікелей байланысы шамамен б.з.д. VI ғасырда, Ахемен әулеті билік жүргізіп тұрған кезеңде басталған. Сол кезеңде Вавилон патшалығы жөйіт халқын Иерусалимнен күштеп көшіріп, Вавилонға айдаған болатын (б.з.д. 586 жыл). Бұл оқиға жөйіт тарихында "Вавилондық сүргін" деп аталады.
Дәл осы кезеңде парсы патшасы Кир ІІ (Кир Ұлы) Вавилонды жаулап алып, жөйіттерге өз отанына қайта оралуға және Иерусалимдегі киелі храмды қайта тұрғызуға рұқсат берді. Осы әрекет, жөйіттер тарапынан үлкен алғыс пен құрметке ие болды. Киелі кітапта Кир "Құдайдың таңдаулысы" деп сипатталған. Бұл жағдай жөйіттер мен парсылар арасындағы қарым-қатынастың бастапқыда достық негізде болғанын көрсетеді.
Жағымсыз бұрылыс: Дін мен билік мүддесінің қақтығысы
Алайда уақыт өте келе бұл қатынастар өзгерді. Жөйіттердің діні – монотеистік, яғни бір Құдайға сенуге негізделген, ал ежелгі парсылардың зороастризм діні дуалистік сипатқа ие еді: жарық пен түнек, жақсылық пен жамандықтың күресі. Діни түсініктегі бұл айырмашылық ұзақ мерзімді идеологиялық кикілжіңдерге алып келді.
Сонымен қатар, Парсы империясының ішкі саясатында жөйіттер автономиялық құқық алуға тырысты. Бұл кейде парсы билеушілерінің сенімсіздігін туғызып отырды. Жөйіттердің кейбір діни көшбасшылары мен әулеттік өкілдері империядағы ішкі саяси ойындарға араласып, өз мүддесін қорғаған кездер де болған. Мұндай жағдайлар сенімсіздік пен ішкі шиеленістердің ұлғаюына себеп болды.
Естір кітабы (Кітаби Естер) және "Пурим" оқиғасы
Жөйіт пен парсы арасындағы тарихи шиеленістің маңызды эпизоды – Киелі кітаптағы "Естір кітабында" баяндалған оқиға. Бұл кітапта Парсы патшасы Ахашверош (болжағанымыша Ксеркс І) кезеңіндегі жөйіттерге төнген қауіп туралы айтылады. Патшаның уәзірі Хаман жөйіттерге қарсы қастандық жасап, оларды жою жоспарын ұсынады. Алайда патшайым Естердің (жөйіт қызы) ақылы мен ерлігі арқасында бұл жоспардың алдын алынады. Бұл оқиға жөйіт халқының Пурим мейрамының негізіне айналған.
Бұл тарихи баяндау кейбір ғалымдар арасында аңызға негізделген әдеби шығарма ретінде қарастырылса да, жөйіт санасында парсыға деген сақтық пен тарихи жараның символы ретінде сақталып қалды.
Саяси мүдде мен қазіргі кезеңдегі көріністер
Бүгінгі таңда жөйіт халқы негізінен Израиль мемлекетінде өмір сүрсе, парсылар Иран Ислам Республикасын құрайды. Бұл екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас қазіргі күндері шиеленісті жағдайда. Израиль мен Иран арасындағы саяси, әскери, діни және идеологиялық қарама-қайшылықтар көне дәуірдегі халықтар арасындағы тартыстың бүгінгі жаңғырығы ретінде көрінеді.
Иран билігі Израиль мемлекетінің легитимдігін мойындамай, оны Таяу Шығыстағы тұрақсыздық негізі ретінде бағалайды. Ал Израиль Иранның ядролық бағдарламасынан қауіптеніп, оған қарсы халықаралық деңгейде әрекеттер жүргізіп отыр. Бұл жағдай тарихи-мәдени жауластықтың бүгінгі геосаяси кеңістіктегі жалғасы десе де болады.
Жөйіт пен парсы халықтарының жауластығы діни айырмашылықтардан басталып, тарихи, саяси оқиғалармен ушығып, бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан күрделі қатынас. Бұл жаулықтың тамыры тереңде жатыр: ол тек діни тұрғыда ғана, деп айтуға болмайды, сонымен қатар тарихи естелік пен мәдени сәйкессіздікте жатыр. Алайда тарих бізге тағы бір нәрсені үйретеді – халықтар арасындағы жаулық, тұрақты құбылысқа жатпайды. Айтарымыз, достық та, бейбітшілік те – саяси ерік пен оған күш-қажырды жұмылдырудан, жұмсаудан туады.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz