Жұма, 18 Шілде 2025
Білгенге маржан 300 0 пікір 17 Шілде, 2025 сағат 13:38

Шыңғыс хан жауынгерлері қандай тағамдар жеді?

Сурет: fishki.net сайтынан алынды.

Асхана тарихы – халық өмірінің айнасы іспетті. Олар не жеді, қалай тамақ жасады, мұның бәрі күнделікті тұрмыс-тіршілікті, әдет-ғұрыптарды, тіпті өмір сүру салтын тікелей көрсетеді.

Ғасырлар бойы ғалымдар жауап іздеп келе жатқан сұрақтардың бірі - Шыңғыс ханның жеңістерінің сыры неде? Оның жауынгерлері қалай тамақтанды?

Шыңғыс хан әскерінің ас-суы туралы шежірешілер мен саяхатшылардың жазбалары кейде бір-бірінен қатты ерекшеленеді. Әртүрлі қарама-қайшылықтар кездеседі.

Шыңғыс хан жауынгерлерінің ас мәзірі туралы әңгімелер қайшылыққа толы. Дереккөздер бір-бірімен сәйкеспейді және ас мәзірінің нақты бейнесін қайта жасау өте қиын. Қолда бар деректерге сүйене отырып, оны анықтауға тырысайық:

Мысалы, Моңғол империясына барған итальяндық монах Плано Карпинидің жазбалары таң қалдырады. Ол моңғол дастарханын «елестете алмайтын нәрсе» деп сипаттайды. Бұл – иттер, қасқырлар, жылқылар және төтенше жағдайларда - адам еті.

Оның айтуынша, моңғолдарда еттен басқа ештеңе болмаған. Нан да, көкөніс те жоқ. Оның үстіне, Карпини моңғолдар жануарлардың ішегін жеп, жылқының қанын ішетінін айтқан. Мүмкін монах мұның бәрін ойдан шығарған шығар?

Парсы ғалымы Рашид ад-Дин өзінің «Шежірелер жинағында» Тулуйдің Қытайға жорығы кезіндегі каннибализм туралы айтқан. «Аса мұқтаждық кезінде жауынгерлер өлгендерді, құлаған жылқыларды, тіпті шөптерді де жеді», - дейді.

Тарихшы Алексей Карпов өзінің «Бату» кітабында каннибализм туралы гипотезаны алға тартады. «Бұл жаудың рухын түсіруге арналған психологиялық соғыстың бір бөлігі болуы мүмкін еді. Бәлкім, каннибализм туралы қауесет қорқыныш тудыру үшін әдейі таратылған шығар», - дейді. Монғолдармен көршілес жатқан халықтар мұндай әңгімелерге күмәнмен қарайды. Ал ит пен қанды жеуге келсек, үмітсіз аштық жағдайында адам аман қалу үшін түрлі әрекетке баруы мүмкін.

1221 жылы қытай дипломаты Чжао Хун Қытайдың солтүстігінде орналасқан далаға сапарынан оралады. Онда ол дипломатиялық миссияны орындаған. Оның алған әсерлері «Моңғол-татарлардың толық сипаттамасы» (Мэн-да Бей-лу) еңбегінің негізін құрайды. Чжао Хун әсіресе, әскери жорықтар кезінде моңғол жауынгерлерінің тамақтануына да көңіл бөледі. Жарты әлемді тітіреткен бұл адамдар не жеді? Қытай дипломатының жазуынша: Науқан кезінде қой қоры таусылғанда, жауынгерлер аңға шығатын. Олар қояндарды, бұғыларды және жабайы шошқаларды аулап жеді.

Даладағы аңшылық азық-түліктің негізгі көзіне айналды. Қызықты детал: Армияда мыңдаған адам болған кезде де от сирек жағылатын. Пісіретін ештеңе болмағандықтан емес, күтпеген жерден шабуыл жасау үшін жауды байқатпай өту маңыздырақ болғанды.

Қытайды жаулап алғанға дейін моңғолдардың мәзірінде өсімдік тағамдары ерекше орын алған жоқ. Қытайлардың тұтқынға алынуынан соң бәрі өзгерді. Олар күріш өсіруге үйренді, сондықтан моңғолдар үшін егіншілік жаңа білім көзі болды.

Кейін монғолдар жауларынан күріш пен бидайды тартып ала бастады. Олардан ботқа пісірді. Сонымен қатар, олар жергілікті жабысқақ қара тарыны (чумиза) тұтына бастады, олардан жарма пісірді. Көмірсулы диетаға үйренген қытайлықтар тұтқында азық-түліктеріндегі артық ақуыздан зардап шеккен екен.

Ежелден бері Орталық Азия көшпелілерінің негізгі тағамы – ет пен сүт өнімдері болды. Қой еті мен қымыз олардың дастарханына ең көп қолданылған. Александр Доманин Шыңғыс хан туралы кітаптарында: «Көшпелілер тек қой, жылқы, сиыр өсірген жоқ. Олардың табындарына ешкі мен түйе де кірді», - деп жазады.

Бірақ ет моңғолдар үшін қыста ғана негізгі тағам болды. Көктемде, жазда және күзде олар негізінен сүт өнімдерін қорек етті. Кейде олар аң немесе жануарлардың етімен араластырып отырды. Көшпелілер ешқашан дән жемеген. Қолдарында бар өнімдерден көптеген тағамдар әзірледі. Олар етті қайнатып, қуырып, ысталған және кептірілген күйде тұтынды. Олар шұжықтар жасады, жылқы шұжықтары ерекше бағаланды.

Сүттен 20-дан астам түрлі өнім жасалды, оның ішінде ұзақ сақтауға болатын өнімдер жасалды. Моңғол жауынгері жорықта кептірілген ет, май, құрт алып жүретін. Хурут/құрт - қатты күйге дейін кептірілген сүзбенің түрі. Ол жылдар бойы бұзылмайды. Хуруттың калориясы өте жоғары және аштықта ең таптырмас тағам.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

Гарольд Лэмб «Шыңғыс хан. Әлемнің Иесі» атты кітабында моңғолдардың тамақтануындағы маусымдық өзгерістер туралы жазады. Көктем-жаз айларында көшпелілер азық-түліктен қиындық көрмеген. Жылқы мен сиыр сүт берсе, қой шырынды шөпте семірді.

Қыста, әсіресе, жылдың осы уақытының соңына таман қиын кезең басталатын. Әсіресе балаларға қиын болды. Олар өз бетінше өмір сүруді үйренді. Олар иттер мен егеуқұйрықтарды аулады. Оларды сойылмен ұстайтын немесе доғал жебемен ататын. Лэмбтың айтуынша, болашақ Шыңғыс хан кеміргіштер мен иттердің дәмін бала кезінен білуі мүмкін.

Ресейлік зерттеуші Андрей Шляхов бұл пікірмен келіспейді. Ол өзінің «Тарихтың басты жауыздарының нәзік махаббаты» атты кітабында әкесі қайтыс болғаннан кейін Темүжін мен оның ағалары кедейлік көргенін атап өтеді. Шляховтың жазуынша, олар өсімдік тағамдарын жеуге мәжбүр болды. Балық немесе аң аулап жеді. Олардың рационында суыр мен борсық болған. Ол тоқты егеуқұйрықтар мен иттер туралы әңгімені Джованни Плано Карпиниден алған болуы мүмкін деп болжайды.

Моңғол асханасының ортағасырлық жазбалары, жұмсақ тілмен айтқанда, аспаздық журналистиканың жауһарлары емес. Мысалы, Фома Сплитскийді Шыңғыс хан жауынгерлерінің қарындарынан гөрі аттарының төзімділігі таң қалдырды. Оның жазбалары моңғолдардың аңшылықтан гөрі тонауды жақсы көретінін, нанды ұнатпайтынын, бірақ жыбырлағанның бәрін жеп, оны ашытылған сүтті сусындармен, кейде жылқы қанын қосып жейтінін жазған.

Джек Уэзерфорд сияқты заманауи зерттеушілер бұған басқаша қарайды. Уэзерфорд Моңғолия әскери жетістіктерінің кілті – тамақтану болды деп болжайды. Ақуыздың көп мөлшері - ет, сүт, ашытылған сүт өнімдері.

Ал жаулары ше? Көбінесе ботқа мен нан жейтін. Уэзерфорд протеиндік диета олардың әскери күшінің негізгі факторы екенін айтады. Олар жорықтарда кептірілген ет пен ұзақ сақталатын хурут жеген. Ал қалғаны – аз ақпаратқа негізделген жорамалдар мен болжамдар.

Керімсал Жұбатқанов,

тарих ғылымдарының кандидаты, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің доценті

Abai.kz

0 пікір