Жұма, 18 Шілде 2025
Жаңалықтар 533 0 пікір 17 Шілде, 2025 сағат 16:00

New York Film Academy Қазақстанда таланттарды іздейді: оқуға гранттар беріледі

Сурет: grants.nyfa-kaz.com сайтынан алынды.

Energo University жанындағы Dala.edge креативті технологиялар паркі Каскелен қаласында орналасқан New York Film Academy (NYFA) Қазақстан кампусында оқуға арналған гранттар конкурсын жариялайды. Бұл байқау — креативті индустрияларға қызығушылық танытқан жастар үшін үлкен мүмкіндік.

Бағдарлама аясында бір жылдық оқуға толық (100%) және ішінара (50%) гранттар келесі бағыттар бойынша беріледі:
• 3D-анимация және визуалды эффектілер (3D Animation and VFX)
• Гейм-дизайн (Game Design)

Қатысу үшін талапкерлер:
• Креативті жұмыс (портфолио, идея, концепт және т.б.) дайындауы қажет
• 2025 жылдың 8 тамызына дейін kaz.nyfa.edu ресми сайты арқылы NYFA Kazakhstan-ға өтінім беруі тиіс

Өтінім берген барлық талапкерлер автоматты түрде байқауға қатысушылар қатарына қосылады.

Гранттық бағдарлама шетелге шықпай-ақ халықаралық деңгейдегі NYFA дипломын алуға бірегей мүмкіндік береді. Оқу соңында берілетін сертификат Нью-Йорк пен Лос-Анджелестегі кампустарда берілетін құжаттарға толықтай баламалы. Оқу үдерісі халықаралық стандарттарға сай жабдықталған жоғары технологиялық кампуста, АҚШ-тан келген тәжірибелі оқытушылардың қатысуымен өтеді.

Байқау жеңімпаздары қосымша түрде Dala.edge паркімен арнайы келісімшартқа отырады. Бұл келісім келесі мүмкіндіктерді қамтиды:
• Креативті индустриялар экожүйесінің резиденті болу
• Жобаларын жүзеге асыру үшін басым қаржыландыру алу
• Студияларға, жабдықтарға, менторлық бағдарламалар мен кәсіби қауымдастық ресурстарына қол жеткізу

Естеріңізге сала кетейік, NYFA Қазақстан кампусы — академияның Азиядағы жалғыз ресми филиалы. 2025 жылдың 1 наурызында New York Film Academy президенті Майкл Янгтың қатысуымен Energo University жанындағы Креативті индустриялар паркінде филиал ашу туралы онлайн келісімге қол қойылды.

Қосымша ақпарат пен байқауға қатысу шарттары мына сілтемеде:
“Create and Win: NYFA Scholarship Contest 2025” – https://grants.nyfa-kaz.com/

Abai.kz

0 пікір