Дүйсенбі, 21 Шілде 2025
Қоғам 308 0 пікір 21 Шілде, 2025 сағат 13:57

Тұтас ұлтты тілдеген Аликаны «етегін кесіп, елден қуу» керек!

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды.

«Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген атам қазақ нақылы ұлтымызды кемісітіп, аузына келгенді көкіп алып, артынан түк болмағандай, аузын қу шөппен сүртушілерге арналғандай.

Егер титулды ұлттың бір милетшілі еліміздегі кеудесіне нан піскен белгілі бір диаспора өкіліне немесе оның жікшіл топтарына қарата бәтуалы сөз айтса, «Әділ Соттың» қаһарына ілігіп, түрмеден бірақ шығады. Ал, титулды ұлттың басынан төмен қарай шаптырушыларға «Әділ Сот» аузына су құйып алғандай жақ ашпай, үнемі жылы қабақ танытумен келеді.

Қазақстанды қайдам, әлемді ауызға алмай-ақ та қоялық, тек біз бен Беларустан өзге ТМД елінде жергілікті ұлтқа қатысты бір ауыз жайсыз сөз айтылғанын естіген де емеспіз. Ал, алаш жұртында қазақ туралы, оның мемлекеттігі туралы түкірігін шаша көкіп, не болса соны айтуға кеңінен жол берілген. Ұсталып қалса, кешірім сұрап құтыла салады. Және оны ұстап алушы билік емес, милетшіл азаматтар.

«Магнумгейтке» билік көз жұма қарап, «болар іс болды бояуы сіңді» қылды. Қазақты мазақтау, қорлау біздің елде кәсіби хайпке, хайуани кәйіпке айналғанын түсіну керек. Қорлап алып, мазақтап алып, кешірім сұрай салады. «Бір қызым, бір қызымнан сораққы» дегендейін қазақи намыс осы жолы шарт сынып, «Мәмбет» сөзімен ойнаған татар текті орыс тілді  Қарағанды тұрғыны Мұхамадиеваны мұқым қазақтар елден қууды талап етуде...  Сонымен, қалтасында ақшасы, артында Путиндей қорғаушысы бар Алика ханым не бүлдірді?

Ұлттық БАҚ әлемжеліде қазақтардың ар-намысына тиетін жазба қалдырған Қарағанды тұрғыны Алика Мухамадиеваға қатысты Бас прокурорға арыз түсті деп хабарлайды. Осы оқиғанның қалай болғандығы турасында милетшілдігімен жұртқа танымал журналист Айбар Олжай хабарлап, бүтін бір ұлтты кемсіткен жазба Қылмыстық кодекстің 174-бабымен («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік араздықты қоздыру») саралануы мүмкін екенін ескертті.

Ұлттық көпшілік пен ұлттық азшылықтың не екеніне миы жетпей мейманасы асқан, Путиндік «орыс әлемі» идеологиясымен уланған  Мухамадиева өзінің Instagram парақшасында жарияланған жазбада қазақ тілінде сөйлеуді талап ететіндерді мазақ етіп, мемлекеттік тілді «полукалбитский диалог» деп келемеждеген болатын. Бұдан бөлек жұртқа қойылып жүрген ауқымды сауал «Қазақстан немен танымал?» деген сауалға «мамбетами» деп жауап беріп, елдегі титулды ұлты көпшілік алдында көпе-көрнеу кемісітіп, онысына еш қысылған жоқтын…

Көп асқанның бір тосқаны бар демекші, Аликалар бүкіл қазаққа күл шашуды дәстүрге айналдырып, «Вова ағай кел» деуді өмір салтымызға енгізсе, Қазақстанның егемендігінің не сықпыты қалмақшы деген ойға қалған шағымызда сенімді дереккөздер Алика Мухамадиева Қарағанды полиция департаментіне тергеуге шақырылды деген хабарламаны құлағымызға шалдырды.

Елімізде тәуелсіздіктің 34 жылы ішінде қалыптасқан Заң мен Тәртіп қағидасын ескере отырып, бәріміз де бір нәрсені жазар алдында, бірдеңені істер алдында, әлденені сөйлер алдында ойлануымыз керек. Осы жолы шынымен билік те жергілікті ұлтпен санасып, «қыз еркесі кері шаптырадының» керін келтірген Алика ханымға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы іске қосылатын сыңайлы.

Сонымен не болды, тұтас бір ұлтты қорлап алған Алика тотай арты ашылып қалған соң, камера алдында маска жасап, қазақ елінен өзінше жылап-сықтап кешірім сұрады. Қазақ айтады «шөлмек мың күн сынбайды, бір күн сынады» деп, осылайша ұлттық шөлмектің шыдамын сындырған Алика тоташқа өзіне дейінгілер бәрін бүлдіріп алып: «Жаздым, жаңылдым» деген шығарып алма сөздері бұл орайда оған еш көмектеспейді...

Еліміздегі танымал басылым «Ertenmedia» дереккөзінің хабарлауынша, Қарағандының полиция департаменті Алика Мухамадиеваны уақытша ұстау изоляторіне қамап тастаған. Үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 174 бабы іске қосылатын сыңайлы. Әлгі баб бойынша қазақтарды кемсіткен Мухамадиева 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Пікірімізге тұздық: асыңды ішіп, кигізіңді тілетіндерге қазақ та, оның билігі де қашанғы жайылып – төсек, иіліп – жастық болмақшы. Бұл жолы қазақ та, оның мемлекеті де шорт сынды. Енді «орыс әлемі» идеологиясы бойын жайлаған алаш баласына пікірі мен сорпасы қосылмайтын КСРО кезіндегі кеудемсоқтықпен жүргендер «Шаңыраққа қарап сөйлеуге» тиіс. Қазақ бұдан былай «жаман үйді қонағы билейді» үрдісін қалыптастырған «Ескі Қазақстанның» мұрасынан арылып, ендігі жерде «Жаңа Қазақстандық» «бір елі аузыңа екі елі қақпақ қой» қағидатын қалыптастырып, Аликаны ел азматтығынан айрып, мал-мүлкін тәріклеп, «етегін кесіп, елден қууы» керек.

Осылайша, «Аликаның ащы сабағы» басқаларға тәлім болуы ләзім. Елімізде ұлттық көпшілік болып табылатын қазақты һәм қазақ тілді отандастарымызды қорлағандар бір ғана кешіріммен құтылмасын!

Abai.kz

0 пікір