СҚО-дағы экотуризмнің дамуы: Имантау-Шалқар курорттық аймағы қарқын алуда

Солтүстік Қазақстан облысы табиғи-климаттық ресурстарға бай.
Облыста республика бойынша ең көп көлдер орналасқан – 2300-ден астам. Орман алқабы өңір аумағының 8%-ын құрайды.
Айыртау ауданындағы Имантау-Шалқар курорттық аймағы – өңіріміздің басты экологиялық дестинациясы болып табылады. Солтүстік Қазақстанның інжу-маржаны саналатын бұл аймақ республикалық маңызы бар ТОП-20 басым туристік аймақтың қатарына кіреді. Жалпы ауданы – 134 га.
Мұнда экологиялық таза Шалқар мен Имантау көлдері орналасқан, олардың шипалық қасиеттері ерекше. Шалқар көлінің суының бірегейлігі – құрамы бойынша көптеген көрсеткіштерде теңіз суына сәйкес келеді.
Имантау-Шалқар курорттық аймағы тарихи-мәдени мұраларға да бай. Экскурсиялық нысандардың ішінен ерекше қызығушылық тудыратындары – жылқы алғаш қолға үйретілген «Ботай» тарихи қонысы, Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған мемориалдық кешен, ұлы тарихшы, ғалым және этнограф Шоқан Уәлиханов балалық шағын өткізген «Айғаным» мұражай-үйі және басқа да нысандар.
Туристердің демалысын әртараптандыру үшін тарихи қоныстарға бағытталған туристік маршруттардан бөлек, курорттық аймақта 13 жаяу және атпен жүретін бағыт әзірленген және жұмыс істейді. Сондай-ақ пантолечебница, яхт-клуб сынды қызметтер ұсынылады.
Имантау-Шалқар курорттық аймағында 3962 төсек-орны бар 46 орналастыру нысаны жұмыс істейді, оның ішінде 9-ы жыл бойы қызмет көрсетеді.
Қазіргі уақытта тағы 15 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, олардың ішінде заманауи жыл бойы жұмыс істейтін эко-қонақүйлер мен глэмпингтер бар. Инвестиция көлемі – 3,3 млрд теңге.
Туристердің қолайлылығы мен қолжетімділігін арттыру аясында инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы жалпы ұзындығы 8,5 км болатын 4 жол жөнделді, оған 806,2 млн теңге жұмсалды.
Биыл ұзындығы 12,1 км болатын 5 жолды жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, оған 989,6 млн теңге бөлінген.
Сонымен қатар Айыртаужық көліндегі балалар лагерьлеріне апаратын жолды жөндеу үшін жер телімі берілді.
Жаңа электр беру желілері мен қосалқы станция салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Abai.kz