Ресейдегі ұлттар дабыл қағуда: Тілімізді жоймақ!

"Мәскеу орыс тілін күштеп ана тіліміз етпек!", - дейді этникалық аймақтардағы белсенділер.
Биыл Орталық Мәскеу сұрапыл бір саяси-идеологиялық шешім қабылдады. Ресей Федерациясының құрамындағы этникалық субьектілерде енді 1 сыныптан бастап ана тілдерін оқыту уақыты қысқартылады. Шешім биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
Нақтылап айтқанда: Этникалық аз ұлттар тілі енді бірінші сыныптарға аптасына тек 1 рет оқытылады. Бұрын бұл норма ең кемі 2 сағат болатын. Бастама авторы – РФ Президентінің кеңесшісі Ямпольская Елена Александровна дейтін адам.
Бұған қоса: РФ Білім министрлігі «Ана тілі» пәнін «Ресей халқының тілі» деп өзгертпек...
Бұл өз кезегінде Ресейдегі этникалық субьектілердің наразылығы мен қарсылығын оятты.
Татарстан Республикасы Жазушылар одағының төрағасы, Мемлекеттік кеңес депутаты Рқаил Зайдулла: «Ана тілі» пәнін «Ресей халқының тілі» деп өзгерту мен ана тілінің сағатын қысқарту – өте қорқынышты бастама. Бұл ұлттардың ана тілдерін өлтіруге бағытталған», - деді ашына сөйлеп.
Статистикаға көз салсақ: Ресей құрамындағы Татарстанда соңғы халық санағы бойынша 600 мыңға жуық татар жойылған. Ал 1 миллионға жуық татар өз ана тілінен бас тартқан.
Осылайша, Кремль идеологтары Ресей құрамындағы субьектілерді жаппай орыстандыру науқанына қызу кірісіп кеткенін көріп отырмыз. Кремль билігі осының алдында: «Ресейде бір ғана президент болуы керек», - деп бастама көтеріп, субьектілер басшыларын «президент» статусынан айырған. Онан соң, этникалық аз ұлттардың ана тілдерін мектепте оқытуды шектеді. Бастауыш сыныптарға аптасына 2 сағат оқытылатын. Ал орта және жоғарғы сыныптарға этника тілдері оқытылмайтын. Бұдан бөлек, аймақ-аймақтарда этникалық ұлттар тілінде білім беретін мектептерді жаппай жаба бастады немесе аралас және орыс тілді мектептерге айналдырды. Енді міне, этника тілін 1 сыныптарға ғана аптасына 1 мәрте оқыту және «Ана тілі» пәнін «Ресей халқының тілі» деп өзгертпек.
Бұған әлбетте, бас көтеруге қауқарлы этникалық субьектілер келіспейді. Қарсы күреске шығады. Қазірдің өзінде Татарстанның аймақтық парламенті РФ Президентіне, Мемлекеттік Дума мен Үкіметке арнайы талап-арыз дайындап жолдайтынын мәлімдеді. «Саха Конгресс» деген қоғамдық ұйым басшылары да, Башқұртстан белсенділері де бұл бастамаға қарсы күрес ұйымдастырмақ...
Abai.kz