Шерзат ісі: сотталғандардың бірі бостандыққа шықты

Адвокат Мейірман Шекеев Шерзат Болаттың өліміне байланысты сотталғандардың бірі – Думан Ысқақ бостандыққа шыққанын мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекова 2025 жылғы 23 шілдеде шығарған қаулы негізінде, Думан Ысқақтың бұлтартпау шарасы жойылып, ол қамаудан босатылған.
Думан Ысқақ бірінші сатыдағы үкімдегі жазаны өтеп қойғандықтан, сот қаулысымен босатылды, – деді Мейірман Шекеев.
Адвокат сонымен бірге апелляциялық сот отырысының нақты уақытын да хабарлады.
Шекеевтің сөзінше, Шерзат ісі бойынша апелляциялық сот 2025 жылғы 18 тамызда сағат 11:00-деАлматы облысы сотының ғимаратында өтеді.
Еске салайық, бұған дейін Шерзат Болатты өлтірді деген күдікпен сотталған жеті адам үкімге қатысты апелляциялық шағым түсірген еді.
Адвокат Мейірман Шекеевтің мәліметінше, сот үкімі 21 маусымда заңды күшіне енген, және сотталушыларға 15 күн ішінде апелляциялық шағым беруге мүмкіндік берілген.
Қазірдің өзінде сотталушылар мен олардың қорғаушыларының басым бөлігі шағым берді. Тек Шыңғыс Белғожаев пен кәмелетке толмаған Думан Ысқақтан басқа сотталғандардың барлығы апелляциялық шағым түсірген. Апелляциялық соттың нақты күні кейінірек хабарланады, – деді қорғаушы.
Айта кетейік, 2025 жылғы 5 маусымда Талғар аудандық соты жасөспірім Шерзат Болатты өлтіру ісі бойынша үкім шығарған болатын. Сот процесін судья Ержан Жанұзақов жүргізді.
Сот үкімімен:
- Абзал Шынасыл – 23 жылға,
- Равиль Сакиев – 20 жылға,
- Азамат Тоқтаубаев – 15 жылға,
- Нұрқияс Ілиясов – 9 жылға (бұған дейінгі 2,5 жыл шектеу жазасын ескере отырып),
- Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Дидар Қалиахмет – әрқайсысы 7 жылға сотталды,
Ал Думан Ысқақ ҚР Қылмыстық кодексінің 434-бабы (ауыр қылмыс жасалғанын хабарламау) бойынша 1,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның изолятордағы бір күні екі күн ретінде есептелетін болды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2025 жылғы 5 маусым күні Шерзат Болат ісі бойынша 9 сотталушыға үкім шықты.Ал мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Болатты тірі болуға лайық еді деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол Шерзат ісі бойынша қоғамда үрей бар екенін айтты.
Abai.kz