Сейсенбі, 29 Шілде 2025
Абай мұрасы 213 0 пікір 29 Шілде, 2025 сағат 13:54

Абайдың иманға деген көзқарасы

Сурет: Malim.kz сайтынан алынды

 Барша адами қасиеттер төркінін иманнан тартады. Сондықтан хакім Абай әлемдік ой-сана қоржынына «иманигүл» концепциясын салды.  Төменде иман ұғымын танып-білуге хал-қадіріміз жеткенше үлесімізді қосуға талпынып көрмекпіз.         

Ақылды адамға – иман парыз

Данышпан Абай былай деп жазады: «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген екен» (28-сөз). Ешбір жан өзін ақылсызбын деп санамайды. Бірақ иманнан хабарсыз болуы бек мүмкін. Өйткені, иманның анасы – терең  ой, терең таным. Сонымен, иман дегеніміз не?

Иман – мұсылмандық бес парыздың басы. Ол жайлы Абай: «Иман деген – Алланың бірлігіне, барлығына және пайғамбар арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне мойын ұсынып, инанмақ» (13-сөз) дейді. Бірақ құр инанмақ аз, иманың ісің арқылы көрінеді. Түпкі мақсатың біреулерге жақсылық тигізбек болса, сонда ғана иманың шын дейді ұстаз.

Иман екі түрге бөлінеді. Мұны Абай былай деп жеткізеді: «Әуелі – не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылымен дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел қыларға жараса, мұны якини иман десе керек. Екіншісі – кітаптан оқуменен яки молдалардан естуменен иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл иманды иман таклиди дейміз» (13-сөз).

Осы айтылған иманның екі түрінен діндарлық пен діншілдік бастау алады. Якини иман талабы – терең ой, терең ғылым. Оған ынталы жүрек, шын көңіл керек. Сондықтан қалың көпшілік, әсіресе, жастар жағы – иман таклиди ұстанады. Дінбасыларға еріп, Абай сөзінше, кітаптан оқып, молдалардан естіп иман келтіреді.

Еліміздегі мұсылман жамағаты басым бөлігінің сенімі –иман тақлиди деуге керек.  Оның себебі, біздер кеңестік дәуірде «Құдай жоқ» деген идеологияны бастан кешірген, ұрпақтар сабақтастығы үзілген, бүгінгі тілмен айтқанда, постатеистік қоғам өкілдеріміз. Діндарлар емес, діншілдер басым болуы осымен өз түсінігін табады.

Осы пайым дәлеліне 1990-шы жылдарға көз салайық. Төл дініміздің қайта жаңғырды. Бірақ елімізде дін ұстаздары жоққа тән болуы себепті дін саласының тізгіні  толықтай жастар уысына түсті. Білімді шет елдерде алған олардың үйренгені – уаххабилік-салафилік бағыттұғын. Сол ілімді қалың бұқара санасына сіңдіріп бақты. Ол бойынша ұлттық әдет-ғұрып, салт-сананың көбісі Аллаға серік қосу, яғни ширик (дұрысы – шәрик, арабша серік деген сөз) саналды. Шәкәрім:

Ақылға еркін ой керек,

Матаудан ойды азат қыл.

Әдеттеніп ертерек,

Өрісін кеңіт жылма-жыл, –

десе, жаңағы жат ағым ұстаздары: «Аят, хадисті ақылға салма, ойлама!» деп үйретті. Құлағымыз естіп, көзіміз көрген өмір шындығы, міне, осы.

Абай, Шәкәрім жастарды әсіредіншіл болудан дәйім сақтандырып, қалың елі, қазағын ақылменен тапқан иманға шақырған. Абай: «Жә, біз енді ақылды еркіне жібермесек, Құдай тағаланың ақылы бар кісіге иман парыз дегені қайда қалады? Дініміздің бір жасырын тұрған жалғаны жоқ болса, оны ойлама дегенімізге ақылды пенде бола ма?» (28-сөз) десе, шәкірті Шәкәрім: «Шын нану – ақылымен қабылдауы, Қалады зұлымдықтан сүйткенде аман» деп бұл пайымды бекіте түседі.

Қорыта айтқанда,  шын иман – әділдік, мейірім, береке-бірлік кепілі. Ол – бүкіл қоғамды сауықтыра алатын, жеке адамның мінезін түзете алатын ең қуатты күш.  Бірақ Алла тағалаға иман емес, махаббат керек, яғни Оны сүюді үйрену керек.

 Иманның тазалығы деген не?

 Мұсылмандық бес парыз (иман келтіру, ораза, намаз, зекет, қажылық) көпке аян. Бірақ, бесеуі тепе-тең емес. Діннің басты құндылығы – иман, ал қалған төрті – оның күзетшісі.

Осыны мықтап ескеру және иманның тазалығы неде екенін жіті білу өте маңызды. Діндегі түсінбеушілік пен бөлінушілік сыры осы арада. Сондықтан Абай әйгілі «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде осынау әлемдік түйткілдің шешімін ұсынады. Сөзіміз ұзармау үшін бірден-ақ өлеңнің бесінші шумағынан бастайық:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй Ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және Хақ жолы осы деп әділетті.

Үш сүю (Алланың адамды сүюі, адамның Алланы және адамзаттың бәрін сүюі), міне, осылар деп анықталған соң, Абай әрі қарай былайша тұжырады:

Осы үш сүю болады иманигүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл!

Көрдіңіз бе, шын иманның асылы – үш сүю  екен. Адам баласына онан асқан құндылық жоқ, ойшыл: «Басты байла жолына, малың түгіл!» деп осыны аңдатқан. Демек, иманның тазалығы не деген сұрақтың жауабы осы арада. Бұл үш сүюдің мәнісін ұқсаң, оны ұстансаң ғана иманың түгел һәм таза болады деген сөз.

Осы маңызды ой-тұжырымын Абай былай деп бекіте түседі:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті,

Қылғанменен татымды бермес жеміс.

Бұл жерде хакім «бастапқы үшті бекіт» деп, әрине, иманигүлді айтқан. Мәселе сонда, үш сүю жоқ жерде, адам рухы мен Рухани әлем байланысы да жоқ. Сондықтан ең керегі – жүрекпен қылған ғибадат, ал тәнменен қылған құлшылықтар соны бекітуге керек.

Үш жыл медресе шәкірті болған Абайдың намаз оқығаны хақ. Жігіт ағасы болған шағында да намазын қаза қылмаған. Кейініректе, жасы елуден асқанда ғана сәжде қылуды үзе бастаған. Неге? Өйткені, иманның тазалығы неде екені жүрегіне жетіп, ендігі мақсаты – үш сүю ілімін негіздеу, өзі айтқандай, «бекіту» болған.

Кәкітай Ысқақұлы естелігінде: «Абай рамазан айында ораза ұстап, намазды сонда үзбей оқушы еді. Ол оқыған кезінде өзгелерді «асығыс отырып, сендер көңілді алаң қыласыңдар» деп, өзі жеке асықпай оқып отырып алушы еді» деп жазады. Кәкітай кейінгі Абай намазды культ қылмағанын аңдатып, оны ораза кезінде ғана үзбей оқыған дейді. Оның себебін Абайдың ғибадат қылсаң, шын көңілмен қыл, Құдай тағала сырт тақуалығыңа емес, дәйім жүрегіңе қарайды деген сөзімен жеткізіп отыр. Хакім, әулиенің құлшылығы өзгерек, олар Алланы жаннан тәтті сүю деңгейіне жеткендер.

Егерде иманың таза, жүрегің ақ болмаса, Құдайға қылған ғибадаттан не қайыр, не үміт?  Ғибадаттың татымды жемісі – Алланың сүйіспеншілігіне бөлену.  «Тасдиқ» трактаты (қазіргі 38-қарасөз) мен «Алланың өзі де рас...» өлеңінде Абай көптің қамына харекет қыл, «Хақ жолы осы әділетті» деп мәлімдейді. Себебі: «Иман құр инанышпен болмайды, ғадаләт уа рафғатпенен болады». Адамдық айнасы – иман мен ихсан, қарапайым түрде айтқанда, сөз бен істің ажырамауы.

Сөйтіп, Абай иманның тазалығын –  көпке пайдасы тиетін харекет жасау, халыққа адал қызмет қылу деп ұқтырады. Мұны ғұлама қиялдан, аспаннан алып отырған жоқ. «Адамға адам дос, бауыр», «Жақсылықта жарысыңдар» және «Адамзаттың бәрін сүй» қасиетті Құранды көктей өтетін бұйрықтар.

Иман – Шығыс өркениетінің кілті

Ежелгі дәуірлерде Батыс және Шығыс ұғымдары болмаған, осы заманда қайтадан шайыла бастады. Неге? Өйткені, географиялық тұрғыдан бөлектеу тәсілі ескірді, жаһандану талабына сәйкес ай асты әлемге ортақ құндылықтар жүйесі қалыптаса бастады. Дей тұрсақ та, бір принциптік өзгешелік әзірге сақталып тұр. Ол – екі жағалауда имандылық деңгейі екі түрлі болуында.

Атам заманнан Шығыс өркениетінің жетістігі, оның кілті – иман. Иман және имандылық тәрбие жоқ жерде, Шығыс деген ұғымның мәнісі жоғалмақ.  Керісінше, Батыс әлемі дегенде қарқынды прогресс пен экономикалық тұрмыс-тіршілік ойға оралады. Бір анығы, ол жағалаудың қозғаушы күші де, өркениет кілті де – ғылым. Өндірісі ғана емес, өнер, мәдениет, оқу-ағарту, тәрбие ісі дейсіз бе, бәрі-бәрі ғылымға сүйенеді. Адамшылық тәрбие, адамды құрметтеу әрі заңмен қорғалу деңгейі де керемет. Қысқасы, ай асты әлем өзгерістері – Батыстың арқасы.  Бірақ солай екен деп оған бас ұру жарамайды.  Өзіңіз де ойлаңыз, батыстық таңғажайыптың күллісі – материалдық жетістіктер. Адам рухы мен Рухани әлем байланысы әлсіз, айталық, батыс адамы Құдайдан емес, заңнан қорқады, Құдайдың хикметіне емес, диалектика заңына сенеді. Бұл жағдайда сананы тұрмыс билемек, оның екінші аты – құдайсыздық.  Демек, Батыстан сау ақыл мен дүниеге махаббатпен қарауды күту аңғалдық.

Осыдан бір ғасыр бұрын жазған «Адам немене» өлеңінде Шәкәрім былай дейді:

Ойласаң, барша адамзат – туған бауыр,

Бірін-бірі шұқылап қылды жауыр.

Балалық, айуандықтан шыққан ел жоқ,

Бұл сөзім талай жанға тисе де ауыр.

Бұл жерде ғұлама атеистік дүниетанымды сынаған, айуандық деп имансыздықты айтқан. Қазіргі таңда қатты өзгерген дәнеңе де жоқ. Рухани ілім босағада, тұтынушылық төрде дегендей, көңілге қозғау салатын сәулелі мақсат қалмады, ай асты әлем тығырыққа тірелді. Білімсіз ел жоқ, бірақ онан не пайда, егер ғылым қуаты жойқын қару-жарақ жасауға төгілсе, күш-қаржы ізгілікке емес, соғыс қамына жұмсалып жатса. Жер-Ананы катаклизмнен құтқарудың орнына Марсты игереміз деген секілді қиялилықты сау ақылдың ісі деп кім айтар?

Ғайыптан алған соңғы өлеңінде Абай:

Мүмин болсаң, әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол, -

дей келе, былайша түйін түйеді:

Распенен таласпа мүмин болсаң,

Ойла, айттым: «Адамдық атын жойма!».

Хакімнің осы айтылған ақырғы өсиет сөзінен «Иманды бол» мен «Адам бол» төркіндес, жақын туыс идеялар екенін ұғып, түсінуге болады. Оны қабылдау һәм адалдық таныту бүгінгі біздерге аманат емес пе.

Абайдың иманға деген көзқарасын талдауымыз осымен тәмам. Онан шығар қорытынды: біз, қазақтар, тамырын Шығыс өркениетінен тартатын азиялық халықтың біріміз. Қонақжайлылық, мейірім, қанағат, рақым сияқты имандылық айғақтары салт-санамызда сайрап жатыр. Түптеп келгенде, ұлтты сақтап қалатын дамыған экономикасы емес, жан дүниесі екеніне сеніміміз кәміл. Оның қос тірегі: ана тілі һәм имандылық тәрбие (ол-Батысқа жұтылмаудың кепілі). Осы күнде бұл екеуінен асқан ұлттық мүдде, ұлттық құндылық болмаса керек, ағайын.

Асан Омаров

Abai.kz

 

0 пікір