Мен көрген Нұрпейісов (жалғасы)
БІРІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
ЕКІНШІ ЖӘНЕ ҮШІНШІ БӨЛІМДЕР: Мен көрген Нұрпейісов
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрепейісов
БЕСІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
АЛТЫНШЫ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
ЖЕТІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
СЕГІЗІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
ТОҒЫЗЫНШЫ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
СОЗЫЛА ЖАЗДАҒАН «СОҢҒЫ ПАРЫЗ»
Маусым айының соңында әупірімдеп төрт томды бітірдік. Бірінші том –«Күткен күн», қалған үш том – «Қан мен тер». Төрт том тастай болды. Енді ары қарай жылжу керек. Бесінші және алтыншы томдарға «Соңғы парыз» роман-дилогиясының екі кітабын беретін болғанбыз. Бесінші томға баратыны «Сондай да бір күн болған...» – дилогияның бірінші кітабы, алтыншы том – «Сондай да бір түн болған...» деп аталатын екінші кітабы.
Жаздың күні болса да Алматының аспанын киіздей бұлт қаптап алыпты. Жаңбыр жауар сиқы бар. Әбеңнің үйіне әдеттегіден ертерек бардым. Қария да бүгін ерте тұрса керек, ауладағы скамейкада демалып отыр екен. Қол беріп амандастым. Мақтадай жұмсақ алақаны жып-жылы. Екі қолын қара көк түсті барқыт халатының қалтасына салып алыпты. Басында жұқа тақия. Түрі шаршаңқы көрінді. Қабағы салыңқы. Селқос амандасты. Қасына жайғасып отырдым.
– Денсаулығыңыз қалай?– деп сұрадым іле-шала.– Ауырып қалған жоқсыз ба?
– Несін сұрайсын? Менің жасыма жет. Сосын көресін,– деді қабағын ашпаған күйі.– Жаратушыдан ұзақ өмір сұрайсын. Тілеуіңді берсе осы. Қалт-құлт етіп, әркімге жәутеңдеп отырғаның. Айналаңда мұңыңды ұғарлық бір жан жоқ. Мұның несін сұрадым деп ойлаймын.
– Менің бір төрттағаным бар еді,– дедім де оқи жөнелдім:
«Толқынында өмір атты көшкіннің,
Адамдардың жан аңсарын кеш білдім.
Ұзақ ғұмыр жасағысы келгенмен,
Қартайғысы келмейді екен ешкімнің» – деп келетін. Қалай? Дәл айтылған ба?
– Солай болып тұр-ау. Шір-кі-ін, қанша жүрсең де жастық қуатың қайтпайтын болса ғой. Ондай құдірет жоқ қой,– деп күрсініп алды да: – Неге келдің?– деп сұрады.
– Бесінші томға кірісейік. «Соңғы парыздың» екі кітабын беріңіз. Соны алып кеткелі келдім.
– «Қан мен тер» бітті ме?
Менің жүрегім зырқ ете түсті. Тағы да қайтарып алып кел демесе болғаны. Әбден жүрегім шайлығып қалыпты.
– Бітті. Кеше қол қойдыңыз ғой. Баспаханаға өткізіп тастадым,– дедім тез-тез сөйлеп.
– Дұрыс бопты. Енді «Соңғы парыз» дейсің бе?– Ол терісі салбыраған бұғағын сипап ойланып қалды.
– Иә, екі кітабын да беріңіз. Беттеуге кірісейік.
– При всем желании, ол кітаптарды қазір бере алмаймын.
– Неге?– деп мен аңтарылып қалдым.
– Екінші кітаптың 23 беті жоқ. Қолды болып кеткен.
– Баяғы Байқоновтың әңгімесі ме тағы?
– Иә, сол иттің баласы ұрлады оны.
– Қойыңызшы. Мен Серік ағамен сөйлестім ғой. Ол алмаған сияқты.
– Онда кім алды? Факт – 23 беті жоқ.
– Баспадан кеткен болу керек. Ондай болады. Асығыста аңғармай қалуы мүмкін.
– Баспаға жетпеген боп тұр ғой. Олар маған көрсетті. Оригиналдың ішінде жоқ. Байқонов құртты оны.
– Енді не істейміз? Отырамыз ба сол беттер табылғанша? Маған уақыт қымбат. Бүгін бастаймыз деп ем. Мынауыңыз қызық болды ғой.
– Мен таяуда Астанаға барамын. Тоқаевтың қабылдауына жазылам. Ол мені қабылдайды. Сосын, президенттің алдына Бас прокурорды шақыртам. Жоғары соттың төрағасын шақыртам. МВД-ның министрін шақыртам. Жазушылар одағының бастығын шақыртам.– деді ол. Не айтар екен деп әр сөзін мұқият тыңдап отырмын.– Сол жерге Байқоновты алдыртамын да қолына кісен салып, түрмеге қаматам. Тауып берсін! Қайтарсын ұрлағанын!
Мына сөзіне менің күлкім келіп кетті.
– Осыны да сөз деп айтып отырсыз ба?– дедім оның көзіне тура қарап,– Бұл дохлый номер! Осындай бос әңгіменің не керегі бар? Сіз әжептәуір мәселе айта ма десем...– Мен күйініп темекі тұтаттым.
– Неге олай дейсің? Мен соны істеймін. Көресің.
– Қойыңызшы, қайдағыны айтпай. Осы да сөз бе? Отырайын сіздің Байқоновты қаматқаныңызды күтіп. Біріншіден, президент сізді қабылдамайды. Екіншіден сіз айтқан Бас прокурор, сот төрағасы, министр МВД істерге жұмысы болмай ерігіп жүр ме екен? Сіз шақыртыпты деп жүгіріп бара қалады екен, иә. Делать им нечего что ли?
– Президент айтса келеді ғой бәрі.
– А-а, президент ерігіп жүр екен ғой. Бері қараңызшы. Менің көзіме тура қараңыз,– дедім оның білегінен тартып. Ол менің жанарыма қарады. Мен де оның көзіне үңіле қалдым. Шарпысып біраз отырдық. Тұманданған жанарынан түк те көрмедім. – Осы сіз бастан кеткен жоқсыз ба? Баланың сөзін айтып отырғаныңызды білесіз бе?– деп сұрадым.
– Олай деме! Ақыл-есім сау, құдайға шүкір. Мен қолымнан келетін нәрсені айтып отырмын,– деді ол астыңғы ерінін қымқырып.
– Әбе, осы әңгімені доғарып, нақты іске көшейікші. Не істейміз мынаны? Қолыңызда тұрған екі кітапты берсеңізші.
– Жоқ. Бере алмаймын. Бұлай шықпағаны жақсы.
Екеуміз де біраз уақыт үнсіз қалдық. Мен ішімнен күйіп отырмын. Не істесек екен? Басым қатты. Министрліктің шартындағы мерзім таяп келеді. Кешіктірсең айппұл төлейсің. Айыппұлмен құтылсаң жақсы. Сотқа беріп, үш жыл бойы мемлекеттік тапсырысқа жоламайтындай етуі мүмкін. Ол баспа үшін үлкен жаза. Мына шалмен қайдан ғана байланысып едім, жайыма жүрмей.
Тыныштықты Әбең бұзды.
– Осының орысшасын берсек қайтеді,– деді ол,– Маған орысшасы ұнаңқырайды. Анатолий Ким аударған. Тамаша дүние болып шыққан.
– Әбе, кітаптың мәдениеті болатыны сияқты көп томдық жинақтың да өз мәдениеті бар. Бәрі қазақ тілінде болғаны дұрыс. Оның үстіне сіздің сөз саптауыңыз, жеке стиліңіз керек. Мен келешек әдебиет зерттеушілері үшін дереккөз жасап жатырмын. Сіздің шығармаларыңыз әлі түрлі аспектілерден зерттеледі. Текстологиялық тұрғыдан зерттейтіндерге таза қазақ тіліндегі романыңыз керек. Орысшаны олар не қылады? Сондықтан...
– Мен қазақша кітаптарды бәрібір бермеймін. Шығарсаң сол орысшасын шығар. Орысша да оқи алады ғой жұрт.
– Сіз менің айтқанымды ұқпадыңыз-ау. Маған қазақшасы керек.
– Онда, отыр осылай. 23 бетті тапқанша...
Қарияның енді қайтпайтынын түсіндім. Маған да ситуациядан шығу керек. Өзі қалап отырса, неге бермеске деген ой санамда қылаң берді.
– Ертең әлдекімдер сынға алып жүрмесе бопты. Бір томы қазақша, бір томы орысша, ала-құла болып шыққан деп. Автор ретінде сіз келісім берсеңіз, мен көндім. Орыс тіліндегісін басайық.
– Сен оны оқып па ең?
– Қазақшасын оқығам. Тіл деген керемет енді! Сол қазақшасын бергенде қатып кетер еді.
– Не ойлайсың? Салмағы қалай?
– Салмағы батпандай. Көп әңгіме айтуға болады. Өмірдің мәні, адамзаттың келешек тағдыры дегендей. Айтпақшы, сіздің романдарыңыздағы әйелдер маған аса ұнамайды. Шетінен шлюха!
– О не дегенің? Ақбаланы айтасың ба?
– Ақбала да, Бәкизат та.
– Неге?
– Қалай неге? Олардың образын өзіңіз жасадыңыз ғой. Мысалы, Ақбала өз күйеуін менсінбей Тәңірберген деген бай-мырзамен әуейі болып жүр. Ал Бәкизат болса өз жары Жәдігерді місе тұтпай қайдағы бір Әзім дегенмен әуре. Екеуі де бақытын басқа адаммен бірге елестетеді. Өз байларын қораш көріп, жанына үңілуге де тырыспайды. Төсекте жатса да басқа біреуді ойлап жатады. Осы да адамгершілік пе?
– Бұл тағдыр ғой,– деді Әбең кеңкілдей күліп,– Мен оларды солай болсын деп ойлағам жоқ. Тағдырдың ситуациялары оларды жеңді. Орыстар айтады: «Человеком владеет не судьба, а ситуация» дейді. Екеуі де аз қиналған жоқ. Біраз тозақты көрді. Азап тартты. Ақырында осындай тоқтамға келді. Қолы жететін бақытқа ұмтылды. Олар әйел болып жаралғанына жазықты ма? За то, мінездері қандай?! Ішкі қазығы мықты адамдар!
– Ондай мінездері бар болсын... Анау Еламан байғұс теңдік жолында еңіреп жүрген күрескер азамат, мынау Жәдігер Аралдың тағдырына жан-тәнімен араша түсіп, адамзаттың болашағына алаңдап жүр. Ал ана екі қатынның есіл дерті қарынның тойғаны мен ыстық құшақ сияқты. Жан жарларына жаны ашымайды. Басқаны білмеймін, маған солай көрінеді. Содан жақтырмаймын.
– Мүмкін, сенікі де дүрыс шығар? Талғамға талас жүрмейді. Адамның бәріне бірдей ұнайтын кейіпкер жасау менің міндетім емес. Әркім әркімді сол қалпында қабылдасын. Менің мақсатым – заманның шындығын бейнелеу. Әр заманда әртүрлі адамдар бола береді.
– Жарайды, сіз сұраған соң пікірімді айтып жатқаным ғой. Жалпы, «Қан мен тердегі» Еламан – Ақбала – Тәңірберген, «Соңғы парыздағы» Жәдігер – Бәкизат – Әзім үштіктері бір-бірінен аумайтын параллельдер. Осы екі үштіктің арқасында романдарды алып шыққансыз. Ал жанама образдар қатарын сомдау жағынан сізге пар келетін ешкім жоқ десем болады. Судыр Ахмет, Сүйеу қарт, Көткеншек Көшен мен Сары Шая бейнелері оқыған адамның есінде мәңгі сақталып қалатыны даусыз.
– Басқа да образдар мыңғырып жатыр. Қайсыбірін айтасын,– деп қарияның көңілі көтеріліп қалды.
– Сонымен, мақұл делік. «Последний долгтың» екі кітабын маған беріңіз. Бүгіннен бастап беттетемін. Орысша шыға берсін. Бесінші том «И был день...», алтыншы том «И была ночь...» деп аталады.
– Үйде Нағима бар. Соған айтсаң, тауып береді,– деді Әбең орнынан көтеріліп жатып.
– Жақсы. Қазір айтайын,– деп мен де үйге қарай беттедім.
Нағима апайдан аталған екі кітапты алып, сыртқа қайта шықсам Әбең ауладағы екі-үш ай бұрын отырғызған алма ағаштарын аялап тұр екен.
– Мына алма ағаштары тамыр алыпты. Қарашы, жапырақтары жайқалып тұр,– деді қуанышын жасырмай,– Осыны Имашым (немересі) үшін отырғыздым. Атамның еккен алмасы деп айтып жүреді ғой, көкешім. Біз кетеміз. Алма қалады. Балалар жемісін жейді. Өмірдің ең асыл мәні осы екен.
– Мен үшін өмірдің мәні кітап шығару. Артымызда сол қалады. Екі кітапты алдым. Енді қайтайын. Ал айтыңызшы, шимайлау жағы қалай болады? Орысша кітапты көп өзгертпейтін шығарсыз?
– Бәрібір, бір қарап шығамын. Қол тигізбеймін деп айта алмаймын. Кейбір тұстарын аздап қысқартуым мүмкін,– деді Әбең жымиып.
(Жалғасы бар)
Темірғали Көпбай
Abai.kz