Дүйсенбі, 4 Тамыз 2025
Арылу 184 0 пікір 4 Тамыз, 2025 сағат 14:51

«Жүректің арпалысы» романындағы хат

Сурет: Новости Тольятти сайтынан алынды

Аға буын болмаса, қазіргі кезеңде орта және жас буын өкілдері әке-шешесіне, бір-біріне, ұнатқан адамына т.б. дәстүрлі, классикалық ұғымдағы хат жазбай кеткені мәлім. Оған, әрине, әркімнің қолында жедел ақпарат алмасу құралдарының пайда болғандығы себепкер. Мұның тиімді тұстарымен бірге көлеңкелі жағы да жеткілікті. Қолға қалам алып хат жазу – ең алдымен адамды сауаттылыққа тәрбиелейтін еді, ешбір жан сөздерді қате жазып, күлкіге қалғысы келмейтіні түсінікті. Бұған қоса хат жазу – ойлануға, ізденуге себепкер, демек көбірек оқуға итермелейтін құбылыс-тұғын. Жазылатын әрбір хат басталуы, ортасы, аяғы бар, былайша айтқанда шағын шығарма тәрізді. Тұрмыста хат жазып дағдыланған адам жұмыста да, сан-салалы қызметтік хат-құжатарды дайындауда оншалық қиналмас еді. Ақырында, мұрағаттарда сақталған бұрынғы замандар мен кезеңдерде жазылған хаттар бүгінде тарихи деректерге айналып, мемлекеттік мәнге ие болып отырғандығы да белгілі. Осы орайда хат жазу дәстүрі ұмытылыңқырап бара жатқан қазіргідей уақытта, сәл кідіріп, лирикалық шегініс жасау мақсатында  оқырман назарына австриялық әйгілі жазушы, ақын, драматург Стефан Цвейгтің «Жүректің арпалысы» романының басты кейіпкері Эдиттің, біздің ойымызша осынау қомақты романның бүкіл мазмұны мен жүгін арқалап тұрған хатының өзіміз аударған нұсқасын ұсынуды жөн көрдік.

«Мен бұған дейін саған алты хат жаздым, бірақ іле-шала барлығын ұсақтап жыртып тастадым. Өйкені мен өзімді айқара ашқым келмеді, ешбір себеппен ашқым келмеді. Күшімнің жеткен жеріне дейін өзімді ұстап келдім. Аптадан апта өткен сайын сезімімді жасырып өзіммен өзім арпалыстым. Сен әркез бізге ашық-жарқын, ештеңеден күдігі жоқ жан ретінде келген сайын, сені алаңдатпау үшін мен қолдарыма тырп етпеуді, көздеріме – немқұрайды қарауды бұйырдым. Жүрегімнің өзіңе ұмтылуын саған білдірмеу үшін кейде тіпті қасақана дөрекі, күлкілі көріндім – мен адамның күші жететін, тіпті одан тыс нәрсенің бәрін жасап көрдім.

Бірақ бүгін мен шыдай алмадым – ант етейін, бұл мүлде кенеттен, менің еркімнен тыс орын алды. Мұның қалай болғанын өзім де білмеймін; өзімді өзім ұруға дайынмын, артынан ұяттан өртене жаздадым. Өйткені өзімді саған таңудың қаншалық ойсыздық, естен адасқандай ақымақтық екендігін мен түсінемін, әбден түсінемін. Мүгедек, екі аяғы жансыз жәндіктің махаббатқа қақысы жоқ. Расында, менің – күйреген тіршілік иесінің – өзімді өзім жек көре тұра енді саған салмақ салуыма қақым бар ма? Мендей тіршілік иесінің сүюге, ол десеңіз, тіпті – біреудің сүйіктісі болуға ақысы жоқ. Бұл байғұс өзінің түкке тұрмайтын тірлігімен өзгелердің өмірін улағанша, бір бұрышқа тығылып, сол жерде жоқ болуы тиіс. Иә, мұның барлығын әбден білемін – сол білгендігімнен де күйреп бара жатқанымды білемін. Мен ешқашан сені алаңдатпас едім, бірақ сен өзің менің мынадай бейшара мүгедек күйіме енді аз қалды деп әлсіз бойыма заңғар сенім ұялаттың. Басқалар сияқты, әрбір еркін, азат жасалған қадамның өзі – Алланың шарапаты мен шексіз рахат екендігін мүлде түсінбейтін миллиондаған барлық адамдар сияқты мен де қимылдай аламын, жүре аламын. Осының бәрі орындалғанша, өзгелер сияқты мен де адам, әйел болғанымша, және, бәлкім...бәлкім! – саған лайықты сүйіктің болғанымша үнсіздікті сақтауға өзіме ант еттім. Бірақ ессіз тағатсыздық пен сауығып кетуге деген асау құштарлық менен күшті болып шықты, тап сол сәтте, сен маған еңкейгенде, мен кенеттен өзімнің басқа екеніме сендім, шынайы әрі ессіздікпен сендім, өзімді мүлде айыққан жаңа адамдай сезіндім. Осы минутты, сондай бір сәтті толассыз армандап ұзақ күттім, міне, енді сен жанымда тұрдың, сөйтіп мен қарғыс атқыр аяқтарым туралы ұмыттым, мен сені ғана көрдім, сен үшін қандай болғым келсе, өзімді солай сезіндім. Егер жылдан жылға, күн демей, түн демей тек қана жалғыз бір тілекті тілесең, әйтеуір бір сәтте ол ақиқатқа айналғандай көрінерін сен қалайша түсінбейсің. Маған сенші, сүйіктім: өз кемістігімнен арылғандай елеске берілгенім мені осындай тебіреніске жеткізді; мен өзімнің аласталған күйде, мүгедек бейнеде қалуға шыдамым жетпегендіктен де, аласұрған жүрегіме еркіндік бердім. Түсінші мені, түсін – мен сонау бұрыннан, мұншалық ұзақ азаппен өзіңді сағынамын.

Міне, енді сен менің шынымен де аяғыма тұрғанымша ешқашан білмеуің мүмкін болған нәрсені білесің және кім үшін жазылғым келетінін де білесің: мына жарық әлемдегі жалғыз жан үшін – сен үшін! Тек қана сен үшін! Осынау махаббатым үшін кешір мені, менің шексіз сүйіктім. Өзіңнен жалғыз ғана нәрсені өтінемін – менен қорықпа, үрейленбе! Өзімді әлдебір саған таңсам, сені тағы да алаңдатады деп ойлама, бейшара, өзіне-өзі жексұрын мүгедек сені ұстап қалуға тырысады деп сескенбе. Жоқ, ант-су ішейін, мен ешбір бейнеде сенің мазаңды алмаймын, менің бар  екендігімді сен тіпті сезбей де қаласың. Менің тек қана күткім келеді, төзімділікпен күту, Жаратушының маған қайырымы түсіп, мені сауықтырып жіберуін ғана күтемін. Өтінемін сенен сүйіктім, - менің махаббатымнан үрейленбе. Тек қана ойлашы, орындыққа таңылған, жалғыз қадам жасауға әлі жетпейтін, сенімен бірге жүріп, өзіңмен кездесуге асығуға менің қаншалықты қайрансыз дәрменсіздігімді ойлашы, сонда сен бәрін де түсінесің, басқа ешкімдей маған жанашырлық танытқан сен ғана! Ұғыншы, түпсіз түнекте шыдамдылықпен ғана отыруға жазаланған жаралы жан, сенің келуіңді, маған бір сағатын ғана арнап жанымда болуыңды, жүзіңе қарауыма рұқсат етіп, дауысыңды естіп, деміңді сезінуді сабырсыздана күтетін тұтқын екендігімді ұғын. Бұл – ұзақ жылдардан бері маған берілген жалғыз бақытым. Сен сәл ғана елестетші: мен күн мен түн төсекке таңылып жата беремін, жата беремін, мен сені күтемін, әрбір сағат мен үшін азапты ұзақ, шиырыққан сәтті соңына дейін тосуға қуатым әзер жетеді. Міне, сен келесің, ал менің, дүниедегі әрбір әйелдің қолынан келетіндей саған қарай ұмтылып, сені құшақтауға орнымнан ұшып тұруға да шамам жетпейді. Ал, мен болсам сені сүюге батылым жеткенін сенің сезіп қалмауың үшін өзімнің құштарлығымды тежеп,  амалсыз тығылып, әрбір сөзімді, көз қиығымды, тынысымды қатаң бақылауда ұстап қимылсыз отыруым керек. Бірақ маған сен, сүйіктім – тіпті осынау азапты минуттардың өзі мен үшін бақытты сәттер,  сен, азат та алаңсыз, ештеңеден күдіктенбестен менің махаббатым туралы білместен үйден кетесің; тек жалғыз мен ғана өзімнің саған деген махаббатымның қаншалық қайрансыз екендігін түсінгендіктен шексіз азапқа батамын.

Міне, енді әлгі жағдай орын алды. Енді, менің сүйіктім, менің жасыратын ештеңем қалмағанда, өзімнің мойындауымнан бас тарта алмайтын уағымда сенен жалынып сұраймын, - маған қатал болма. Тіпті ең панасыз, ең бақытсыз сорлы тіршілік иесінің де намысы бар емес пе,  егер сен менің өз жүрегімді тұмшалауға дәрменім жетпегені үшін мені жек көретін болсаң, мен бұған төзе қоймаспын, сенен жауап махаббатты күтпеймін - уа, жоқ. Мені емдеп құтқаратын Құдайым куә, ол туралы ешқашан ойлаған да емеспін. Тіпті, түсімде де сенің мені қазіргі сәтте, мынадай күйімде сүйетіндігіңе үміттенуге қақым жоқ; мен сенен құрбандықты да, аяушылықты күтпеймін – сен оны білесің! Сенен тек қана жалғыз нәрсені сұраймын: мерзімі жеткен сәтке дейін менің күтуіме, үнсіз күтуіме рұқсат ет! Ақыры, бұл өтініштің де ауыр екендігін түсінемін. Бірақ, тіпті ит екеш итке де берілетін – сирек болса да өзінің қожайынына қарау бақытының ең кішкентай, ең мардымсыз бөлшегін адамға сыйлау соншалық үлкен нәрсе емес шығар? Әлде оны тап сол арада таяқпен ұрып қуып тастау керек пе? Бір нәрсені, тек қана бір нәрсені: егер сен өзімді жария еткенім үшін мені – бейшара жанды – кеудемнен итерсең, егер маған өз ұятымнан қорлануыма қоса енді сенің жек көруіңе ұшырасам – оны көтере алмаспын. Онда маған жалғыз жол қалады – қандай екендігін сен білесің. Мен саған  оны көрсеткенмін.

Жоқ, жоқ, шошыма. Бұл қорқыту емес! Мен сені ешбір қорқытайын деп отырған жоқпын, махаббаттың орнына сенің жүрегіңнің маған ұсынып отырған жалғыз белгісі - аяушылықты сұрап алайын деген де ниетім жоқ. Сен өзіңді әбден еркін, алаңсыз сезінуің тиіс – құдай көріп тұр,  менің саған ауыртпалығымды арту ойым жоқ, айыбың жоқ жерде өзіңді айыпты сезінуіңді қаламаймын. Қалайтын, өтінетін жалғыз тілегім – сенің мені кешіріп, өткен нәрсенің бәрін, менің айтқандарымды, мойындауымды ұмытуың. Тек қана мені тыныштандыр, маған кішкентай ғана, болымсыз болса да үміт бер! Маған бірден жауап білдір – жалғыз сөзіңнен-ақ мен түсінемін – саған жеккөрінішті емес екендігімді, ештеңе болмағандай сенің бізге тағы да келетініңді білдір. Сені жоғалтып алудан менің қаншалықты үрейленетімді елестете де алмайсың. Сенің  артыңнан есік жабылған сол бір сәттен бастап, неге екенін өзім де білмеймін – мұның соңғы рет екендігіндей менің бойымды өлімдей үрей биледі. Сен сол кезде бозарып кеттің, көздеріңде үрей тұрғаны сонша, жаңа ғана оттай күйіп-жанып жатқан бойымды ілезде аяз қарығандай болды. Білемін, қызметші маған айтып берген, сен қылышың мен фуражкіңді алып үйден дереу шығып кетіпсің; ол барлық жерден сені іздеп босқа әуреленіпті. Міне, көрдің бе, мен сенің менен обадан, безгектен безгендей қашқаныңды білемін. Бұл кінәлау емес, сүйіктім, жоқ, жоқ, - мен сені түсінемін. Өйткені аяғымдағы құрсауларды көргенде мен өзімнен өзім шошынамын, шыдамсыздықтың салдарынан қаншалық ызалы, қырсық, дөрекі әрі төзімсіз бола түсетінімді өзімнен басқа ешкім білмейді. Менен неге безінетінін басқалардан гөрі мен өзім әбден білемін – иә, мен тәрізді қорқынышты жанға тап болғанда үрейден неге шалқадан түсе жаздайтынын жан-тәніммен ұғынамын. Сөйте тұра мен жалынып сұранамын: кешірші мені! Сенсіз не күндіз, не түнде маған тыным жоқ, - тек қана жанталаса аласұру. Бар-жоғы бірнеше сөзді ғана сенен күтемін, маған бір тілім хатыңды жолда немесе құр қағаздың өзін, гүлді ғана жібер – не болса да бәрібір – тек әйтеуір бір белгі бер! Мені кеудемнен итермейтіндігіңді, саған жексұрын емес екендігімді білейін. Ойланшы, бірнеше күннен кейін мен кетемін, сенің қиналуың аяқталады. Егер менің азабым – апталар, айлар бойы сені көрмеуім – бұдан кейін жүздеген есе күшейсе, сен бұл жайында ойлама, тек өзіңмен өзің жайында ғана ойла, менің әрдайым сен туралы, тек қана сен туралы ойлайтыным сияқты!

Бір аптадан кейін сен азат боласың, ендеше тым болмаса, бір рет келіп кетші. Ал, енді уақыт созба, жалғыз сөзбен болса да өзің жайында білдір. Сенің мені кешіргеніңді көрмейінше мен ойлаудан айырылып, тыныс ала алмаймын. Егер сен менің өзіңді сүюге деген қақымнан бас тартсаң, өмір сүруге әлім де, тілегім де жоқ».

Мұхтар Кәрібай, дипломат, публицист  

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

 

0 пікір