Сейфтен 102 миллион теңгенің зергерлік бұйымдарын ұрлаған

Қостанайда 102 миллион теңгенің алтынын ұрлаған қазақстандық әйел рақымшылыққа ілініп, жазасы жеңілдетілді.
Қостанайда "К" ЖШС-ның бұрынғы бухгалтері 102 миллион теңгеден астам сомаға бағаланатын алтын бұйымдарды директордың сейфінен ұрлағаны үшін сотталды.
Бухгалтер директорының жеке алтын бұйымдары сақталған сейфтен жасырын түрде алтындарды ұрлаған. Ол қылмыстық әрекеттерінің нәтижесінде жәбірленушіге жалпы сомасы 102 миллион теңгеден асатын аса ірі мөлшерде материалдық залал келтірілген.
Директор бухгалтерге сейф сақталған жерге емін-еркін кіруге мүмкіндік берген. Сол себепті ол ұрлықты көзге түспей жүзеге асырған.
Есепші ҚР ҚК 188-бабының 4-бөлігі 3-тармағы бойынша "аса ірі мөлшерде, заңсыз сақтау орнына ену арқылы жасалған ұрлық" бойынша кінәлі деп танылды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол компания басшысының сенімін пайдаланып, қызметтік сейфте сақталған зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен, - деп жазылған сот хабарламасында.
Жәбірленуші есепшіге қатаң жаза тағайындауды сұрап, келтірілген шығын әлі толық өтелмегенін айтқан. Ал мемлекеттік айыптаушы 6 жыл 3 ай бас бостандығынан айыруды сұрады.
ҚР Конституциясының 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылық туралы заңды қолдана отырып, сот Р.-ға 4 жыл 9 ай 13 күн бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі түзеу мекемесінде өтейді, - деп хабарлады Қостанай облыстық соты.
Жәбірленушінің азаматтық талап-арызы ішінара қанағаттандырылды. Ұрланған мүліктің бір бөлігі қайтарылған.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.