Бейсенбі, 7 Тамыз 2025
Жаңалықтар 138 0 пікір 7 Тамыз, 2025 сағат 13:13

Алматы облысының оқушылары: Жаңа пән енгізілді

Сурет: inbusiness.kz сайтынан алынды.

Жаңа оқу жылында мектептер мен колледждерде құқықтық мәдениет бойынша қосымша сабақтар өткізіледі.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, алғашқы кезеңде сабақтар Талғар ауданындағы 10 мектеп пен 3 колледжде өткізіледі. Жобаның мақсаты – құқықтық сананы қалыптастыру, құқықтық мәдениетті нығайту, сондай-ақ зорлық-зомбылықтың, буллингтің және заңға қайшы мінез-құлықтың барлық түрлерінің алдын алу.

Сабақтарды арнайы дайындықтан өткен, прокуратура және полицияда қызмет еткен тәлімгерлер жүргізеді.

"Біз құқықтық сананың негізін мектеп қабырғасынан бастап қалаймыз. Тәлімгерлер балаларға өз құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп қана қоймай, заңды құрметтеуге, жауапкершілікті сезінуге және сындарлы мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл – болашақта орнықты құқықтық мәдениетті қалыптастырудың кілті", – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.

Пилоттық мектептер мен колледждерде оқу жылында 7-10 сынып оқушылары мен колледж студенттері үшін барлығы 36 сабақ өткізу жоспарланған.

Сабақтар екі аптада бір рет өтіп тұрады, алдын ала және қорытынды диагностика және оқушылардың мінез-құлқына тұрақты мониторинг жүргізіледі.

Алдағы уақытта жоба еліміздің өзге өңірлерінде де жалғасын табады деп жоспарланып отыр.

Abai.kz

0 пікір