Семейде Маңғыстау облысы Достық үйінің құрылысын бастады

Абай облысында Абайдың 180 жылдығына орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталған болатын. Бүгін ақын мерейтойына арналған онкүндіктің тоғызыншы күнінде акция аясындағы алғашқы нысанның құрылысы басталды. Маңғыстау облысы Семей қаласына Достық үйін салып бермек. Нысанның іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Берік Уәли, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбаев бастаған делегация қатысты.
Жаңа нысан 75 мың тұрғынға арналған «Semey Smart City» шағын ауданында бой көтереді. Этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың басын қосатын, 3 қабатты көпфункционалды мәдени кешен бірнеше функционалдық блоктан тұрады. Кітапхана, қолданбалы өнер мұражайы, фотозертхана, көркемөнер және қалпына келтіру шеберханалары, кинозал, конференция залдары қарастырылатын болады.
Аймақ басшысы ғимараттың іргетасын қалау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасын алғаш болып қолдаған Маңғыстау облысының халқына алғысын жеткізді.
«Бүгін «Абайға құрмет» акциясы аясында Маңғыстау облысының өңірімізге сыйлығы Достық үйінің іргетасын қалағалы отырмыз. «Достық» үйі символикалық мәні өте зор, екі аймақтың достығын білдіретін ғимарат болмақ. Бүгінгі игі шара еліміздің қос қиырының бірлігі мен ұлттық бірегейлігінің жарқын көрінісі деп білемін. Маңғыстау мен Абай облысы батыс пен шығыс шекарада жатқан шалғай аймақ болса да, ниеті ортақ, тілеуі бір екенін бүкіл Алаш жұртына көрсетті. Маңғыстау облысы азаматтарының елдің сәлемін алып, Абай тойының үстінде құрылысты бастауы үлкен құрметке лайық» деді аймақ басшысы.
Маңғыстау облысы делегациясының атынан мемлекеттік қызмет саласының ардагері, Маңғыстау облысының Құрметті азаматы Даржок Сейбағытов сөз сөйледі.
«Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бүгінгі шара – болашақтың шарасы. Болашақ бүгіннен басталады. Бүгін міне шағын қаланың іргетасы қаланғалы тұр. Менің ойымша, бұл бастаманы Маңғыстау ғана емес, Қазақстанның басқа аймақтары да қолдайды деп ойлаймын» деді ол.
Ғимараттың іргетасын қалау рәсімінде Қоғамдық келісім орталығы-облыстық үйінің директоры Надежда Шарова мен Абай облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми сараптамалық тобының төрағасы Айрат Базенов Маңғыстау жұртшылығына өңір тұрғындары атынан алғыс айтты.
Сондай-ақ, «Абайға құрмет» акциясы аясында Шымкент қаласы шығармашылық орталығын, Түркістан облысы көрме орталығын, Астана қаласы келешек мектебін, Ақтөбе облысы жекпе жек орталығын, Павлодар облысы Үстел теннисі орталығын салуды, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды жоспарлап отыр.
Abai.kz