Трамп тұйыққа тірелді ме?

Кешегі мақаламызда Аляскадаға кездесудің немен бітерін болжағандай болып едік. Бүгін, міне, сол басқосу да тәмам болды, жоспарланған 6-7 сағаттың орнына 3 сағатқа жетер-жетпес аяқталды. Бағдарламадағы түскі ас та желінбей қалды.

Сурет: Abai.kz скрині.
Екі президенттің брифингі де 12 минуттан аспады, сұрақ-жауап болмады. Трамп Путинді жылы қарсы алса да, шығарып салуға құлықты болмады.
Мұның бәрі көп нәрсені аңғартса керек.
Сонымен, алғашқы нәтижелер қандай?
Иә, бұл кездесу, сөзсіз, Путиннің дипломатиялық һәм имидждік жеңісі болды десек болады. Халықаралық оқшаулану режимін бұзып, әлемдік держава басшысымен терезесі тең, қатар отырып, келіссөз жүргізді. Салтанатты түрде, әскери күштер сап құрып, құрметпен қарсы алынды. Брифингте ұлыдержавалық шовинистік ұстанымын барша әлемге паш етті. Трамп та келіссөз алдында оған басқаларға көрсете қоймайтын құрметін танытты.
Бір ескереріміз сол, Путин өз сөзінде бр кінәні Киевке артқысы кеп, Ресей бастаған соғысты «украиндық қақтығыс» деп баса айтып жатты.
Соғыстың «бастапқы себептері» туралы құлаққа үйреншікті мантрасын тағы да қайталады. Мұның өзі оның айтқанынан қайтпайтынының бір белгісі деп білейік.
Және де Путиннің өз электораты, соның ішінде, өзінің айналасындағы олигархтардың алдында мерейі үстем болды дей аламыз. Жұртына: «Мен орыс әлемін одан сайын кеңейте бермекпін, оны Трамптың көзінше айттым», - деп ишара танытса, маңайындағы миллиардерлерге: «Сендердің Америкадағы шоттарың мен виллаларыңның сақталуының кепілі жалғыз ғана мен бола аламын!», - деп, сигнал беріп жатқандай көрінді маған.
Сонымен қатар, бұл кездесу Трамптың пиар жеңілісі болды десек болады. Өйткені, алдындағы арынына салсақ, бұл кездесуде ол уақытша, ең болмаса, екі-үш айға, болса да, соғысты тоқтатуы керек еді. Ол оның айтулы жеңісі болар еді. Олай бола қоймады.
Ал бүгінгі сөзіне салсақ, ол Путинді өз дегеніне көндіре алмаған сықылды. «Біз біраз нәрсе туралы келісімге келдік» деген сыңайда пікір білдірсе де, бір де бір нақты шешім туралы айтылмады. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған журналистердің сұрақтарынан екеуінің де ат тонын ала қашуының да басты себебі сол.
Алайда, Алясканың да артын бағу керек сияқты.
Өйткені, бүгінгі әлемдік саясатта бір ерекше тренд пайда болғанын мойындауға тиіспіз: Трампты ренжітуге болмайды.
Бұл жолы Трамп Путинмен көзбе-көз кездесіп, оның алған жолынан қайтпайтынын көз жеткізіп, біліп алса керек.
АҚШ-тағы қарсыластары бүгіннен бастап Трампты қатты сын астына ала бастады: «Путинге сөзі өтпеді, қолынан түк келмейді» деген сыңайда. Тіпті кейбіреулер: «Ол Путинге тәуелді, Ресейде Трампты әшкерелейтін компромат бар» деген шыны, өтірігі беймәлім қауесетті қайта жаза бастады.
Мұның бәрі Трампқа ұнай қоймайтыны түсінікті. Енді ол ашуға мінуі мүмкін.
Сол себепті ендігі жерде Трамптың тактикасы басқаша болатын сияқты. Ол Путинді бітімге келістіру үшін санкцияларды күшейтіп, Украинаға әскери көмекті ұлғайта түсуі ықтимал. Әрине, бұл – менің тым оптимистік сценарийім, бірақ солай болсын деп тілейік.
Қуырдақтың көкесін сонда көретін сияқтымыз.
Әрине, бұл сценарий басқаша болуы да мүмкін. Не десек те, «соғысты бір тәулікте тоқтатамын» деген Трамп, ең алдымен, өз электораты алдында жауап беруі тиіс. Келесі жылы АҚШ-та Сенат пен Конгрестің аралық сайлауы болады. Егер де өз уәделерін орындай алмаса, сол науқан кезінде Трампты жақтаушылар азайып, АҚШ парламенттік билігіндегі демократтар мен республикашылардың ара салмағы өзгеріп кетіп, Трамп бүгінгі монополиясынан айрылып қалуы әбден ықтимал. Ол болса, Трампқа тіпті керек емес. Сол үшін ол қайткенде де соғысты тоқтатуы тиіс.
Осы кездесу алдында Еуроодақ басшылары мен Зеленский Трамппен видеобайланыс жасап, өз көзқарастарын білдірген болатын.
Украина мен Еуроодақ үшін олардың сыртынан нақты шешім қабылданбағаны да дұрыс болды деп ойлаймын. Әйтпесе, Трамп пен Путин бір нәрсеге келісіп қойып, Зеленскийге: «Енді сен де осыны қолда» дегенде не болар еді, кім білсін. Оны орындамаса, Зеленский бейбітшілікті қаламайтын, келісімге келе алмайтын оңбаған боп шыға келер еді.
Кездесуден кейінгі Ьрамптың сөзін қарасақ, солай болуы да әбден мүмкін....
Десек те, тактикалық тұрғыдан алғанда Путин жеңді де, стратегиялық тұрғыдан алғанда Зеленскийдің жеңісіне жол ашылды деп айтуға болады.
Түйін: Саясаткерлердің әрқайсысы өз ойынын ойнап, жұрттың басын қатыруда, ал соғыс болса үш жарым жылдан астам уақыт өтсе де, әлі де тоқтаған жоқ, адамдар қырылып, қалалар қирап жатыр...
Мен де бір сұрақ бар. Біз шетелдерде мемлекеттік телеарналардың тілшілерін ұстаймыз, бюджет тарапынан оларға қомақты қаржы бөлеміз. Неге олар (мәселен, бұл жолы АҚШ-тағы тілшілер) осындай, әлемдік маңызы бар оқиға болып жатқан жерлерге барып, тиісті ақпарат бермейді, Қазақстан мүддесі тұрғысынан жауапты тұлғаларға сауал бермейді? Неге біз төрткүл дүние талқылап жатқан оқиғаларға шетел БАҚ көзімен қарауымыз керек? Бұл да болашақта ойланатын шаруа болса керек...
Әміржан Қосан
Abai.kz