Бейсенбі, 14 Тамыз 2025
Ақмылтық 147 0 пікір 14 Тамыз, 2025 сағат 13:40

Аляскаға алаңдаған әлем

Сурет: 24tv.ua сайтынан алынды.

Сонымен, Солтүстік Американың солтүстік-батыс шетінде орналасқан АҚШ-тың жер көлемі жағынан ең үлкен штаты – Аляска жаққа төрткүл дүниенің көзі тігулі, құлағы түрулі.

Ертең, 15 тамызда онда, АҚШ-тың «Элмендорф-Ричардсон» әскери базасында Трамп пен Путин кездеспекші. Басты тақырып – Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату амалдары.

Әрине, болжаудың да болжауы бар. Және де келіссөзге басты арқау болған тақырыптың негізгі екі жағы – Украина мен Ресейдің басты ұстанымдары бесенеден белгілі, әзірше олар бір-біріне антагонистік түрде, бітіспес һәм  кереғар сипатта, тіпті бір-біріне қабысатын тұстары да жоқ.

Басқыншы Ресейдің талабы сол қалпында: соның ішінде, ең негізгісі - Украинаның өзі басып алған бірнеше облысын өзіне қаратып алу.

Украина жағы мұндай талаппен келісе алмайтыны түсінікті де: кім жерін басқа біреуге өз еркімен бере салады? Оның үстіне, жер мәселесін президент жекедара шеше алмайды, ол мәселе Жоғарғы Рада құзырында, ал онда әртүрлі саяси күштер жиналған. Жер мәселесінде тайқып кетсе, Зеленскийдің өзі бір күнде далада қалуы мүмкін.

Әрине, соғысты тоқтату керек, саясат - компромисс өнері. Алайда, кез келген елдің Тәуелсіздігі мен жер тұтастығы сияқты киелі де қастерлі ұстанымдарға келгенде, меніңше, мұндай әдемі сөздер ойнамай қалуы тиіс!

Осы тығырықтан шығудың бір жолы пайда болған сияқты, және де ол соңғы кезде тараптар жағынан жиі айтыла бастады, оның аты – аумақтармен алмасу. Алайда оның нақты механизмі жариялана қоймады.

Сол себепті Ресеймен шекаралас елдер де (ішінде біз де бармыз) осы келіссөздерге алаңдап отыр: басқа мемлекеттің жерін баса-көктеп жаулап алған Ресейдің мына бассыздығына лайықты баға беріле ме әлде басқыншы жазасыз қала ма?

Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтату келіссөздерінің басты модераторына айналған Трампқа келетін болсақ, оның, менің пайымдауымша, өз мақсаты бар. Ол – әлемдік деңгейде АҚШ-тың лидерлік ролін тағы да паш ету, осы қырғын соғысты тоқтату арқылы Нобель сыйлығын алу. Өйткені, 2029 жылы сайлауға түсе алмайтын оның үстіне қазірдің өзінде бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Сол себепті аса беделді Нобель сыйлығы Трамп үшін белгілі бір дәрежеде моральдық һәм құқықтық қорғаныш болар еді.

Осы мақсат жолында ол екі жақтың да түбегейлі мүддесін тәрк етуден тайынбайтын сықылды. Және де оның Зеленскийден гөрі Путинге қарай бүйрегі бұрып тұрғаны көрініп тұр, әйтпесе, осынау шешуші сәтте алдымен басқыншыдан зардап шегіп жатқан Зеленскиймен осындай жеке форматта кездеспес пе еді (мен бұған дейін болған үлкенді-кіші басқосуларын айтып отырған жоқпын). Немесе бір жақ ретінде емес, мәмілегер ретінде Зеленский мен Путиннің ортасында отырмас па еді?

Имидждік жағынан бұл кездесу, әрине, Путинге ерекше тиімді болып отыр: бұл кездесу оның өркениетті әлемнен оқшаулануын бір күнге болса да, тоқтатады. Енді өз электоратына да, сыртқы жұртшылыққа да ол: «Менімен әлемдегі ең беделді саясаткер сөйлесіп отыр», - деп айта алады. Және де бұл тезисті Ресей пропагандостары алақайлап, іліп алып кететіні айтпаса да түсінікті.

Аляскадағы кездесуге Зеленскиймен бірге Еуроодақ елдерінің басшылары шақырылмай отыр. Бұл дегеніңіз бұған дейін мызғымастай болып келген «трансатланттық бірліктің» қақ жарылғаны деп түсінуіміз керек: «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деген осы болар.

Солай болса да, соғыс өз аумағында (Шығыс Еуропада) өтіп жатқаны мен Украина жеңілген жағдайда Ресей Еуроодақ шекарасына жақындай түсетінін түсінген ЕО басшылары өз тірліктерін жасап, қамдануда. Кеше ғана олар Зеленскийдің қатысуымен видеобайланыс арқылы Трамппен сөйлесті. Қатысушылардың өз комментарийлеріне қарасақ, әңгіме дұрыс болған сияқты. «Путин соғысты тоқтатудан бас тартса, не болмақ?», - деген журналистің сұрағына Трамп: «Оның салдары қиын болады», - деп жауап беріп жатты.

Келіссөздің қаншалықты нетижелі болатынын болжау, әрине, қиын. Оның үстіне, дәл осы кезеңде әр жақтың діттеген мақсаты әрқилы. Мәселен, Трамп жетістік деп санаған жайт Украина не Еуроодақ үшін жеңіліс болуы мүмкін.

Өкінішке орай, БҰҰ Жарғысы және ұжымдық түрде қабылдануы тиіс әлемдік саясаттағы ең басты шешімдер бүгінде бір адамның, Трамптың көңіл-күйінің өзгеруіне тәуелді боп қалды. Ең басты қауіп сол!

Әрине, соғыстың дереу тоқтатылуына не жетсін! Егер де Аляскадағы келіссөз соған қол жеткізсе, нұр үстіне нұр!

Алайда, «Соғысты 24 сағатта тоқтатамын», «Путинге пәленше күн мұрсат беремін, болмаса, санкцияларды үдете түсемін», - деп ұшқалақтау уәде беріп, оны орындай алмаған Трампқа қазір сенім де азайып кеткендей ме, қалай?

Сол себепті «аяқ астынан, ел-жұрт мүлдем күтпеген шешімдер қабылдауға әуес Трамптың дәл осы бастамасы жемісті болады, ертең, яғни 15 тамызда соғысты тоқтату туралы нақты шешім қабылданады» дегенге аса қатты сене қоймаймын.

Бәлкім, соғыс амалдарына шектеу (мәселен, әуе құралдарын пайдалануға тыйым салу) жөнінде немесе соғысты уақытша тоқтату туралы шешім қабылдануы мүмкін. Алайда, уақытша бітіп не береді? Оның арты не болады? Ол да әзірше түсініксіз.

Діттегеніне жете алмаса, онда Трамп өзінің бітімгерлік ролінен бас тартып («көрдіңіздер ме, мен қолымнан келгеннің бәрін жасадым, маған енді не айтасыздар?» деген сылтаумен), бар жауапкершілікті Еуроодаққа ысыра салуы мүмкін.

Оны да көре жатармыз...

Әміржан Қосан

Abai.kz

0 пікір