Елімізде жеңіл өнеркәсіп неге тұралап тұр?

Жеңіл өнеркәсіп – мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен әлеуметтік тұрақтылығын айқындайтын маңызды салалардың бірі. Осы сала халықтың күнделікті тұрмысына тікелей әсер етеді. Киім-кешек, аяқ киім, тоқыма бұйымдары, тігін және былғары өнімдері — барлығы осы жеңіл өнеркәсіптің құрамына кіреді. Дамыған мемлекеттердің көпшілігінде жеңіл өнеркәсіп – ірі экспорттық табыс көзі әрі ішкі нарықты қамтамасыз етудің сенімді жүйесі ретінде қалыптасқан. Алайда Қазақстанда бұл сала жылдан-жылға тұрақты дамудың орнына, баяу қозғалып, көптеген қиындықтарға тап болып отыр.
Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі кезеңде еліміздің өндірістік әлеуеті едәуір төмендеді. Әсіресе жеңіл өнеркәсіп саласы күрделі дағдарысты бастан өткерді. Осы күнге дейін бұл саланың әлі де болса толыққанды дамымауының бірнеше себептері бар-деп ойлаймыз.
Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі Кеңес Одағы кезінде орталық жоспарлау жүйесінің шеңберінде дамыды. Яғни әрбір республика өз мамандануы бойынша ғана өндіріс жүргізді. Қазақстан мақта, жүн, тері сияқты шикізатты өңдеудің бастапқы кезеңімен айналысты, ал дайын өнім көбінесе Мәскеу, Ташкент, Минск, Киев сияқты орталық қалаларда өндірілді. Бұл — Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі толығымен интеграцияланған кеңестік экономикалық жүйеге тәуелді болғанын көрсетеді.
1991 жылы Кеңес Одағы ыдыраған соң, осы байланыстар түгелімен үзілді. Шикізат жеткізу мен дайын өнім өндірудің тізбегі бұзылды. Соның салдарынан көптеген жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары жұмысын тоқтатты. Бұған қоса, жаппай жекешелендіру процесінде бұл кәсіпорындардың көпшілігі біліксіз қолдарға өтіп, банкротқа ұшырады немесе мүлде жабылып қалды. Нәтижесінде, еліміз жеңіл өнеркәсіптің негізін жоғалтып алды.
Бүгінде Қазақстан жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің көп бөлігін шет елдерден импорттайды. Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей және Бангладеш сынды елдердің өнімдері қазақстандық нарықта үстемдік етеді. Бұл елдерде өндіріс көлемі үлкен, технологиялар дамыған, жұмыс күші арзан, ал мемлекеттік қолдау жоғары деңгейде жүзеге асырылады. Олар Қазақстанға арзан бағада сапалы өнім ұсына алады, ал отандық өндірушілер мұндай бәсекеге төтеп бере алмай отыр.
Импорттың артуы отандық өндірістің дамуына кері әсер етті. Нарықта шетелдік тауарлар көбейген сайын, жергілікті кәсіпорындардың өнімдері сұранысқа ие болудан қалды. Бұл жағдай тек экономикалық тұрғыдан емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздік тұрғысынан да қауіпті. Егер ел ішіндегі жеңіл өнеркәсіп дамымаса, біз сыртқы нарыққа толық тәуелді боламыз.
Қазақстанда соңғы жылдары жеңіл өнеркәсіпке көңіл бөліне бастағанымен, нақты әрі жүйелі мемлекеттік саясаттың болмауы — осы саланың дамуын тежеп отыр. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында ірі өндірістерге басымдық көрсетілгенімен, жеңіл өнеркәсіп екінші кезекке ысырылып қалды. Ал шын мәнінде, бұл сала үлкен инвестицияны талап етпей, шамалы шығынмен де көп жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін салалардың бірі.
Яғни айтқанда, жеңіл өнеркәсіпке қажет қолдауларға жеңілдетілген несие мен салықтық жеңілдіктер, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, экспортқа бағытталған отандық брендтерді қолдау, отандық өнімді мемлекеттік сатып алу жүйесіне енгізу кіреді.
Өкінішке қарай, бұл қолдаулар іс жүзінде толық жүзеге аспай отыр. Шағын және орта кәсіпкерлер көптеген бюрократиялық кедергілерге тап болады, ал мемлекеттік сатып алулар көбінесе арзан шетелдік тауарларды таңдауға бейім.
Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел болғанымен, жеңіл өнеркәсіпке қажетті шикізатты терең өңдей алмай келеді. Мақта, жүн, тері сияқты шикізат өнімдері еліміздің оңтүстік және батыс өңірлерінде жеткілікті мөлшерде өндіріледі. Бірақ осы өнімдер көбінесе шет елге шикізат күйінде экспортталып, кейіннен дайын өнім ретінде қымбат бағада қайтып келеді.
Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында өсірілетін мақта Өзбекстанға жөнелтіледі, ал сол мақтадан дайындалған киім-кешек кейін Қазақстан дүкендерінде сатылады. Мұндай жағдайда біз тек шикізат сатушы ел болып қала береміз, ал қосылған құн басқа елдерде қалып жатыр. Бұл – экономикалық тиімділік тұрғысынан үлкен шығын.
Жеңіл өнеркәсіпте еңбек ресурстарының сапасы да маңызды рөл атқарады. Қазіргі таңда елімізде бұл салада білікті мамандар — тігіншілер, технологтар, дизайнерлер, жабдық жөндеушілер жетіспейді. Көптеген жастар бұл саланы тартымсыз деп санап, басқа мамандықтарға ауысып кетті. Бұл — жеңіл өнеркәсіптің беделінің төмендігін көрсетеді.
Сонымен қатар, өндірістік жабдықтар мен технологиялар да ескірген. Көптеген кәсіпорындарда автоматтандырылған, заманауи құрылғылар жетіспейді. Бұл өндіріс сапасына, өнімнің өзіндік құнына және еңбек өнімділігіне кері әсер етеді. Технологиялық даму мен инновациясыз бұл сала әлемдік бәсекеге қабілетті бола алмайды.
Жеңіл өнеркәсіп — халықтың күнделікті қажеттілігін өтейтін, экономиканың әлеуметтік маңызы жоғары секторы. Ол жаңа жұмыс орындарын ашуға, әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтуға, шағын және орта бизнесті дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен, өкінішке қарай, елімізде осы уақытқа дейін бұл сала толыққанды дамымаған. Оның себептері көпқырлы: кеңестік кезеңнен кейінгі күйреу, импортқа тәуелділік, мемлекеттік қолдаудың әлсіздігі, шикізатты терең өңдей алмау және технологиялық артта қалушылық.
Егер жеңіл өнеркәсіпті дамыту проблемасы кешенді түрде шешілмесе, Қазақстан алдағы уақытта да сырттан келетін тауарларға тәуелді болып қала береді. Бұл жағдай экономикалық тұрғыдан ғана емес, ұлттық қауіпсіздік, мәдени және идеологиялық тұрғыдан да қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан бұл саланы стратегиялық деңгейде дамыту қажет. Жергілікті кәсіпорындарды қолдауға бағытталған нақты саясат қабылданып, өндіріс пен тұтыну арасында тұрақты байланыс орнатылуы тиіс.
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz