Жұма, 22 Тамыз 2025
Жаңалықтар 253 0 пікір 21 Тамыз, 2025 сағат 23:37

ERG үшін соғыс: Шодиев ұжданының құны 1 млн теңге екен…

Сурет: newspotok.ru сайтынан алынды.

14 тамызда Қазақстанның белгілі миллиардері, Бельгия азаматтығын алған Патох Шодиев «Еуразиялық қаржы компаниясына» (ERG) қарсы сотқа талап арыз берді. Оның негізгі талабы – 1 миллион теңге моральдық шығын өндіріп алу, сондай-ақ 30 шілдеде өткен директорлар кеңесінің шешімін заңсыз деп тану және істі жабық режимде қарау.

Контекстке тоқталсақ, Наурыз айында Bloomberg хабарлағандай, ERG-нің негізгі акционерлері – Александр Машкевич пен Патох Шодиев компанияның қаржылық активтерін Тимур Турловқа 1 миллиард долларға сатуды жоспарлаған. Алайда ERG бас директоры Шухрат Ибрагимов бұл мәмілені тоқтату үшін сотқа жүгінген. Нәтижесінде акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналыстарын өткізуге тыйым салынды.

Содан кейін Ибрагимов компанияны сотқа беріп, 2 маусымда директорлар кеңесі қабылдаған шешімдерді орындауға міндеттегісі келген. Өз кезегінде Патох Шодиев соттан директорлар кеңесінің шешімдерін заңсыз деп тануды және кезектен тыс жалпы жиналыс өткізуін талап етті.

Шілденің соңында Алматыдағы мамандандырылған экономикалық сотта Шодиевтің қызы Муниса да ERG, Шухрат Ибрагимов және Андрей Коповқа қарсы талап арыз беріп, директорлар кеңесінің әрекеттерін заңсыз деп танытуды сұрады. Сот кейін үш істі біріктіріп қарауды шешті.

30 шілдеде директорлар кеңесі 19 қыркүйек 2025 жылы акционерлердің кезектен тыс жалпы жиналысын өткізуді бекітті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралмақ: «қоғам құрамын анықтау» және «бөлінбеген пайдасын бөлу». Сол жиында Инесса Кимді директорлық қызметтен босату туралы шешім қабылданды.

Telegram арнасы «Келин услышала» хабарлағандай, Патох Шодиев бұл әрекетін компанияның басқарушы құрамына қысым көрсету, корпоративтік тұрақтылықты әлсірету және кейінгі қайта құрылымға жол ашу мақсатында жүргізіп отыр. Арна дерегінше, соңғы екі жыл ішінде ERG тобының активтерін жаңғыртуға 800 миллион доллардан астам инвестиция тартылған. Бұл қаржының басым бөлігі Павлодар мен Қарағандыдағы тау-кен металлургия кешендерін жаңартуға жұмсалған. Дегенмен, ERG кәсіпорындарында адам өліміне себеп болған қайғылы оқиғалар да тіркелген.

Жаңғырту бағдарламасы компанияның табысын дивидендке емес, өндірісті дамытуға және жұмысшылардың жалақысын өсіруге бағыттайды. Telegram арнасының пікірінше, бұл саясат Шодиевтің мүддесіне сәйкес келмейді. Миллиардер басқаруды өз қолына алып, бұрынғыдай мол дивиденд төлеуді және шеткері активтерді сатуды қалайды.

Қосымша қауіп-қатер де бар. ERG-нің негізгі несие берушілері – Ресейдің санкцияға іліккен ВТБ мен Сбербанк. Шодиев басқарған кезеңде компания осы банктерден жалпы сомасы 7 миллиард долларға жуық кепілсіз несие алған. Тек ВТБ алдындағы берешек шамамен 3 миллиард долларды құрайды. Егер банктер корпоративтік дағдарысты желеу етіп, қарызды қайтаруды талап етсе, ERG активтерін еркін басқару мүмкіндігінен айырылуы мүмкін. Мұндай жағдайда Патох Шодиев өз ықпалынан, тіпті мүлкінен айырылу қаупіне тап болады.

Бүгінгі таңда корпоративтік дау жалғасып жатыр. Патох Шодиевтің 14 тамыздағы шағымына сәйкес, компанияның 30 шілдедегі директорлар кеңесінің шешімі заңсыз деп танылуы тиіс. Бірінші сот отырысы 26 тамызда сағат 10:30-да Алматы ауданаралық экономикалық сотында өтеді.

Шодиевтің ERG-дегі үлесі – үштен біріндей, ал оның қызы Муниса да директорлар кеңесінде Шухрат Ибрагимов пен Андрей Коповпен қатар отыр. Осылайша, «евразиялық мұра үшін соғыс» қайта жалғасып, компаниядағы билік тартысы жаңа кезеңге аяқ басты.

Түйін: Шодиев сотты жабық өткізуді сұрап, моральдық шығын ретінде 1 млн теңге талап етті. Бұл оның ашық талқылаудан қашатынын білдіре ме, әлде өз бағасын солай айқындағаны ма? Қазақстанның қазба байлығын ескі билік тұсында еркін игеріп, дәулет жинаған, жыл сайын миллиондаған доллар дивиденд алып, ел қазынасын майшелпек еткен Шодиевтің өз ұжданының құнын небәрі 1 млн теңгеге бағалауы – байлық пен ардың өлшемі екі түрлі екенін айқын аңғартады.

Abai.kz

0 пікір