Жұма, 22 Тамыз 2025
Билік 162 0 пікір 22 Тамыз, 2025 сағат 13:50

Президенттің Қырғызстанға сапары

Сурет: akorda.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға барды. Манас халықаралық әуежайында оны Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров салтанатты түрде қарсы алып, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Президенттер құрмет қарауылы ротасының алдынан өтіп, ресми делегация мүшелерімен танысты.

Сапардың алғашқы күні Президент «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етіп, қырғыз халқының даңқты перзенттері мен сталиндік репрессия құрбандарына құрмет көрсетті. Мемориалдық кешенге атауын жазушы Шыңғыс Айтматов ұсынған. Тоқаев 1916 жылғы үркіншілік құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың бейітіне зиярат жасап, қаламгердің рухына Құран бағыштады.

Одан кейін «Ынтымақ Ордо» резиденциясында Президент ресми делегация мүшелерімен танысып, екі ел арасындағы сауда, экономикалық әріптестік пен өңіраралық байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады. Ертең олар Жоғары мемлекетаралық кеңестің жетінші отырысына қатысады.

Бұл сапар екі бауырлас халық арасындағы дәстүрлі достық пен стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Abai.kz

0 пікір