Өнер саясатқа қызмет ете бастады ма?

Қазіргі заманда бұрынғы құндылықтар жүйесі күрт өзгерістерге ұшырауда. Ол қоғам өмірінің бар саласында: саясатта, экономикада, ұлттық болмыста, адамдардың мінез‑құлқында жаппай көрініс табуда. Соның бір көрінісі ретінде, өнер саласының саясаттануын, не болмаса, өнерге деген көзқарастың діни идеологиялық сипат алуын атап өтуге болады.
Соның жарқын бір көрінісі деп Ресей әншісі Полина Гагаринаның биылға жоспарланған «екінші» Қазақстан гастролін айтса болады. Айта кетсек, былтыр Алматыда Ресейдің арнайы соғыс операциясына ашық қолдау білдіруші әнші П.Гагаринаның Алматыда жоспарлаған концерті өтпей қалған болатын. Ол тұста осы салаға жауапты органдар жұрттың талабына құлақ асқандай көрінген. Алайда араға уақыт салып, әншіні Қазақстан қайта сүйреудің амалы жасалып жатыр.
Осы хабар шыға салысымен, қоғамда оған қарсылық қайта өршіді. Себебі, қазақстандықтар Полина Гагаринаның концертін таза бизнес жоба деп санамайды. Өйткені, осыған дейін П.Гагарина Ресейдің Украинаға қарсы арнайы соғыс операциясын қолдау акцияларына қатысып, өзінің саяси көзқарасын ашық білдірген еді. Ендеше, оған қарсы бүгінгі наразылық осы саяси оқиғаның барометрі десек болады. Яғни, бұл қазақстандықтардың соғысты қолдамайтынын көрсетеді.
Мысалы, жақында Дж. Лопес Қазақстанға келіп, өзінің «іш‑киімдерінің коллекиясын» көрсетіп қайтқанын білеміз. Оған қазақстандықтар наразы болды. Бірақ, онда «Дж. Лопес келмесін!» деген ұран болған жоқ. Керісінше, оның Ресейде концерт беруден бас тартуын қолдағандар оны құптады. Сондықтан, оның біздің моралдік ұстанымымызға қайшы ашық эротикасына қарамастан, концерттер өтті.
Олай болса, қоғамның П.Гагаринаға қарсылық танытуы ‑ Ресей саясатын бағалаудың барометрі болып табылатыны рас. Алайда, мен оны кейбір сайттар жазғандай «Ресей Гагаринаны Қазақстанға жіберу арқылы қазақстандықтардың өздеріне деген көзқарасы қай бағытта екенін білмекші» дегенге келіспеймін.
Ресей, әрине, қазақстандықтардың АСО‑ға (СВО) қатысты ой‑пікірін Гагаринасыз‑ақ жақсы біліп отыр. Сондықтан, аракідік Ресей саясаткерлері мен пропагандашылары «Келесі кезек сендерде» деп қоқан‑лоқы жасап қоюды жалғастыруда. Соңғы кезде ол Әзербайжанға да қатысты ашық айтылуда.
Ендеше, қазіргі «Гагаринаның екінші жорығының» түп‑төркінін өзге тараптан іздеу керек деп ойлаймын. Бұлар қандай «тараптар»?
1. Қазақстандағы өтетін концерттерді анонс жасаушы Мәдениет министрлігінің талап‑талғамы деңгейі;
2. Оның өз әрекетін Ұлттық құндылықтар мен Ұлттық саясаттан бөлек қарастыруы;
3. Өз пайдасын көздеген күмәнді промоутерлердің сыбайласқан әрекетінің жүзеге асуы, яғни, шоу‑бизнесте коррупция элементтерінің сақталуы;
4. Еліміздегі саяси және идеологиялық бірұстанымның әлсіздігі.
Міне, негізінен, осы факторлар еліміздің шоу‑бизнес саласының эклектикалық сипатта болуын анықтайды деп білемін. Болмаса, Полина Сергеевна Гагарина өз елінде де соншалықты ықпалды саясаткер емес... Бар‑жоғы көп әншінің бірі ғана!
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ
Abai.kz