Сейсенбі, 26 Тамыз 2025
Аласапыран 238 0 пікір 26 Тамыз, 2025 сағат 13:26

Ресей соғысты тоқтатуға мүдделі емес: 5 басты себеп...

Сурет: tsn.ua сайтынан алынды.

Ресей неге бейбіт келісімге, соғысты тоқтатуға мүдделі емес? Бірнеше себебін тізбелеп айтайық:

Біріншіден, соғыстың тоқтауы Ресейдің әлеуметтік ахуалын ушықтырады. Майданнан оралған жүздеген мың сарбаз бен түрмеден босатылған жауынгерлер жұмыссыз қалып, ел ішінде қылмыс пен тәртіпсіздік өршиді. Мемлекет оларды бейбіт өмірге бейімдеп, әлеуметтік төлемдер төлеуге мәжбүр болады. Бұл экономиканы тұралатады.

Екіншіден, соғыс – Мәскеудің артта қалған экономикасын «жандандырудың» жалғыз жолына айналған. Санкциялар арқылы Ресейді оқшаулау Кремльге «Made in Russia» өнімдерін күштеп насихаттап, ұлттық буржуазияны өзіне бағынышты ұстап отыруға мүмкіндік берді. Егер бейбітшілік орнаса, батыстық капитал мен брендтер қайта оралып, бұл жүйенің іргесі шайқалады. Сонымен бірге Мәскеудің Орталық Азияны экономикалық тұрғыда тәуелді етудегі амалы да әлсірейді.

Үшіншіден, саяси тұрғыдан алғанда, Ресей мен Қытай халықаралық қатынаста ежелгі «бөліп ал да, билей бер» қағидасына сүйеніп келеді. Бұл тәсіл Еуропа Одағының «бірігу және гүлдену» ұстанымына мүлде қарсы. Егер соғыс тоқтаса, бұл стратегияның құны көк тиын болып, НАТО мен ЕО Ресейдің әлсіреуін пайдаланып, Орталық Азияға еркін кіріп алады.

Төртіншіден, идеологиялық себеп бар. Ресей, Қытай және Иран демократия мен әмбебап құндылықтардың өз елдеріне жайылуынан өлердей қорқады. Еркін қоғамдармен көрші болу олардың авторитарлық билігіне қатер төндіреді. Сондықтан Кремль «Батыстың Украина мәселесіне араласуы – Ресейдің ішкі ісіне қол сұғу» деген ұстанымды әдейі халық санасына сіңіріп отыр. Егер бұл идеологиялық құралынан айырылса, режимнің тірегі шайқалады.

Бесіншіден, Ресей үшін соғыстың жалғасуы – тек геосаяси мүдде емес, билікті сақтап қалудың басты тетігі. Кремль өзін тек қақтығыс арқылы «ұлы держава» ретінде көрсеткісі келеді. Ал соғыс тоқтаса, Ресейдің әлемдік аренадағы беделі де, ішкі тұрақтылығы да күрт құлдырайды.

Тақырыпқа тұздық: 

The Telegraph: «Ресейдің жаңа элитасы соғыстың жалғасқанын қалайды», - деп жазады.

Басылымның жазуынша, Ресейде «жаңа орта класс» қалыптасты — қорғаныс зауыттарындағы жұмысшылар мен әскерилердің отбасылары.

  • Контракт бойынша қызмет ететіндер жоғары жалақы, сыйақы мен жеңілдіктер алады, ал олардың балаларына университетке түсу кезінде басымдық беріледі.
  • Әскери өндірісте істейтін жұмысшылар соғысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда бірнеше есе көп табыс табуда.

Сарапшылардың айтуынша, бұл әлеуметтік топтар тікелей соғысқа тәуелді және соғыстан бұрынғы өмірге қайтуды қаламайды.

Соғыс аяқталғаннан кейін әлеуметтік апат болуы мүмкін, өйткені артық табыс көздері жоғалады.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір