Сәрсенбі, 27 Тамыз 2025
Тарих 257 0 пікір 27 Тамыз, 2025 сағат 13:23

"Таңбалы" атауымен белгілі тарихи орындардың ерекшеліктері

Сурет: автордың жеке архивінен алынды

Қазақстан аумағында осы атаумен кезігетін бірнеше археологиялық нысандар арасында көпшілікке кеңінен танымалдылыққа иелері Шу-Іле аралық тауларында орналасқан «Таңбалы», Бетпақдала қуаң даласындағы «Таңбалытас тасы» және Іле Қапшағайына таяу жағалаудағы «Таңбалы-Тас» жартас суреттері болып табылады.

Ішкі туризмді насихаттап жарнамалауға қатысты кейбір ақпараттарда аталған тарихи орындар өзара аттас болуы себепті де, олар жайлы мәліметтерде түсінбеушіліктерге жол беріліп жатады. Осындай олқылықтарды болдырмас үшін олардың өзара басты айырмашылығы, маңыздылықтары жайлы қысқаша тоқталып өтсек.

Негізінде көптеген рулық таңбалар жиынтығы сызылған жартас суретін құрайтын ерекше орындар Таңбалы тастар аталғандығымен, айта кетерлігі «таңбалы» топонимі көбіне тастағы суреттердің қазақы түсінікпен айтар болсақ «тайға басқан таңбадай – айдан анық, беп белгілі» болып нақ көрініп туру себепті де, таңба-белгісі өте аз немесе мүлде жоқтығына қарамастан көне петроглифтер орналасқан жерлергеде қатысты қолданылатын тұстары аз емес. (Таңбалы. сын есім. Таңба салынған, таңбасы бар деген мағына береді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. М. Бұралқыұлы Алматы 2008)

Ыстық көлдің оңтүстік жағалауы Тамға өзені бойындағы «Тамға-Таш» ескерткіші, тасқа қашалған жазбасы бар тас атауы мағынасы жайлы қырғыздар: «Тамға» атауы Қырғызстан аумағындағы ең көнелерінің бірі, ал Тамға-Таш сөздері байланысы «тастағы анық белгі» деген ұғым білдіретіндігін айтып, біздің ойымызды толықтыра түседі. (Интернет желісінен)

«Тамға» терминімен байланысты аталынатын археологиялық ескерткіштер атауларындағы «таңба» түбір сөзі түпкі мағынасына шолу жасар болсақ, тамырын тереңнен алатын көне түркілік «тамға» сөзі кейініректе жергілікті диалектикаға байланысты негізгі мағынасын өзгертпегендігімен, айтылымы дыбыстық өзгеріске ұшырағандығы аңғарылады.

«...Түркі тіліндегі көне ескерткіштер біздерге «тамға» сөзінің екі түрлі мағынасын сақтап қалдырды: 1) малдың жекелік белгісі, белгі. 2) мемлекеттік немесе жекелік мөр және осы мөрдің оттискісі.

Енисей жазбаларының бірінде, атап айтқанда көне түркі елі қырғыздарға тиесілі Ачинскіде «тамғалы жылқылар табыны» туралы айтылады, ал Орхон жазбаларынан «тамғачы» - батыс Оғыздарының «мөр сақтаушысы» мағынасында жолықтырамыз...» (А.Н. Самойлович, Исвестия Академии Наук СССР. 1926, 73 б.)

Жоғарыда аталған таңбалы тастар арасында өзіндік ерекше тарихи құндылығымен дараланатын, өзгелерінен шоқтығы биігі, маңыздылығы әлемдік деңгейде мойындалған, аумағында 5000-ға жуық петроглифтер шоғырланған, атауы ешқандай қосымша жалғаусыз жекелей «Таңбалы» атымен танымал археологиялық ескерткіші екендігі көпшілікке белгілі.

Таңбалы петроглифтерін 1957 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы Жетісу отрядын басқарған Қазақстанның тұңғыш кәсіби археологы А.Г. Максимова ашқан. 1970-1980 жылдары шатқал ескерткіштерін геологтар А.Г. Медоев және Б.Ж. Әубекеров, археологтар А.Н. Марьяшев, А.С. Ермолаевалар зерттесе, 1988 жылдан бастап таңбалы ескерткіштеріне зерттеу жұмыстарын А.Е. Рогожинский жалғастырған.

Ұзақ жылдарғы ғалым-археологтар, геолог-вибиологтар бірнеше буын өкілдері және архитекторлар мен рестовраторлардың Таңбалы археологиялық ескерткіштері мен табиғи ландшафтысын зерттеу барысында бірлесе маңдай терлерін төге атқарған еңбектері бірегей петроглифтердің күтімге алынып, сақталынуына мүмкіндік туғызды. Осы зерттеушілердің еңбектері арқасында Таңбалының Қазақстан үшін баға жетпес мәдени құндылыққа ие маңыздылығы анықталып және ескерткіштің бүкілдүниежүзілік мәдениетке игілікті мұра екендігі дәлелденді.

«Таңбалы» шатқалы археологиялық ландшафты аумағы – қола дәуірінен (б.з.д. ІІ мыңжылдықтың ортасы) бастап, жаңа заманға шекті (ХІХ-ХХ ғ. басы) кең аралықты қамтыған түрлі кезеңдердердігі қоныстар, көне молалар, петроглифтер және культтік ғибадатханалардан тұратын жүзге жуық ескерткіштер құрайды.

Таңбалыда салынған көптеген қола дәуірі кезеңі петроглифтері мазмұны бойынша Орталық Азия жартас өнеріндегі алар орны ерекше! Ескерткіштің жоғары мәдени құндылығы, бұл жерде қола дәуіріндегі адамдар алғаш рет өз құдайларының көркем бейнелерін сомдап, оларға антропоморфтық кейіп бере алды.

Таңбалының жаһандық маңыздылығы, дәл осы жерде адамдар ашық аспан астындағы Күн ғибадатханасын жасай отырып, өзіндік ерекше табиғи ландшафтыны шығармашылық даналыққа үйлестіре білді.

Таңбалы петроглифтерінің осы ерекшеліктері бірегей деп танылып, ескерткішті 2004 жылы ЮНЕСКО - ның Бүкіләлемдік мұралар қатарына қосуға негіз болды. Ескерткіштің – бүкіл адамзаттың игілігі үшін әлемдік деңгейдегі аса құнды, мәдени және табиғи нысан ретінде сақтауға жататындығын, Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұраны сақтау жөніндегі конвенция дәлелдейді.

Бетпақдала шөлейті солтүстік-батысы  Тамғалы тұз ащы көлі оңтүстік жағасына таяу, Сарысу өзені төменгі ағысы бойындағы көптеген түрлі рулық таңбалар шоғыры қашалған «Таңбалытас тасы» жайлы алғашқы мәліметтер 1870 жылдарғы орыс зерттеушілері деректерінен белгілі.

Сол кездергі әскери-топографтық карта құрастыру барысында «тастың» нақтылы қай жерде орналасқандығы жайлы мәлімет берілді. 1888-1889 жылдары ескерткішті Сарысу өзені бойында далалық топографиялық және географиялық ізденістер жүргізген Ю.А. Шмидт көріп алғашқы болып суреттеме жасады. Оның «киелі тас» және тастың маңайы жайлы жасаған суреттемесі Таңбалытасты зерттеудің бастамасы болды: «Бұл тастың түрі құмтасқа жатады, көлемі 3 текше сажын шамасында, оның бетіне сына тәріздес иероглифтер ойылған және қырғыздар (қазақтар)тасты айнала өскен баялыш бұтақтарына түрлі-түсті бұлдардың қиықтарын байлап безендірген. Бұл ғұрып оларға моңғол елдерінен енген және шөл даладан аман-есен өту үшін берілген тасаттықтың белгісін білдіреді, жанында кең көлемді қырғыздардың (қазақ) молалары орналасқан.»

1895 жылы Таңбалытасқа Ақмола облысы Атбасар уезді тілмашы Хасан Бекхожин барып, тасты суретке түсіріп, таңбалар мен жазуларды көшіріп салып кейбірінің тұсына аудармаларын жазды.«Киелі тасты» көруге барған тілекшілердің бірінің жазбасы аудармасында бір қатар рулармен қоса жекелей есімдер аталып, (Қара-Найман, Алшын, Арғын, Қара-Кесек, Қойсын, Табын, молла Қаршыға. Алла алтауына кешіріммен қарасын) және жандарына түрлі таңбалары сызылып көрсетілді.

1927 жылы Ақмола қаласы әскери дәрігері Л.И. Кузнецов ескерткіш тасты қарап зерделей келе: «таста Шмидт жазғандай ешқандайда иероглифтер ойылмаған, нақтылысы түрлі рулардың таңбалары қашалған... Таңбалы-тастағы осы жазбалардың қай кезде қашалып жазылғандығы жайлы ел арасында аңыздар айтылмайды. Қазақтар оларды ескі заман кезеңіне жатқызады... Тастың қырларына жазылған түркі тіліндегі жазулар кейінгі кезге тән болуы мүмкін...» - деген тұжырымға тоқталады.

Кеңес үкіметі тұсында Таңбалытас 1936 жылы геолог  Қ.И. Сәтпаев, 1946 жылы А.Х. Марғұлан жетекшілігіндегі археологиялық экспедиция барысында зерттелді. Жоғарыда айтылған мәтіннің өзіндік аудармасын жасаған А.Х. Марғұлан: «...Жазбада ертеректегі қазақ атаулы елде орын алған ерекше тарихи оқиғаны ресми түрде жариялауға қатысты жиыннан мәлімет берілген. ХV ғасыр.» - деген болжам жасайды.

Қазіргі кезде Таңбалытас тасы қатты бүліндіге ұшыраған. Құмтас сынықтарының кейбірінде жекелей белгілер және араб графикасымен жазылған түркі тіліндегі қолтаңба-жазбалар сақталынған.

Аталған тарихи орынға жартас суреттерін А.Е. Рогожинский 2009 жылы ауқымды зерттеу жұмысын жүргізе келе, толыққанды зерттеулер нәтижесінен кейін ескерткіштің өзіндік ерекшелігін жаңа қырынан анықтап: «Таңбалытас тасы» орналасқан жазық пен оның жанындағы атаусыз жазықтықтағы белгілермен бірге монумент тастағы таңбаны қоса есептегенде табылған белгілер саны барлығы 60-тан асады. Бұл жерде геометриялық формадағы белгілерден бөлек бірде-бір зооморфтық немесе антропоморфтық бейнедегі жартас суреті байқалмайды. Осыған байланысты оны осы уақытқа шекті белгілі Қазақстан мен Орталық Азия жеріндегі ірі куәландыратын белгілер сызылған петроглифтер шоғырланған орындардың бірегейі ретінде қарастырып, Орталық Азияның батыс бөлігіндегі «таңбалытас» атаулы тарихи және мәдени ескерткіштер арасынан өзіндік маңызға ие ерекше санатқа жатқызуға болады...», «...жаңа дәуірде Таңбалытас тұлғасын дәстүрлі түрде қастерлеуге жол ашып бастаушы - осы аймақты ортағасырлық көшпенділердің қоныстану тарихы, рулық одақтардың құрылуы, оғыздар мен қыпшақ мемлекеттерінің бірігуі, осыған орай даладағы тасқа мәңгілікке қашалған рулық белгілер жиынтығының пайда болуы шығар. Қазақтар Таңбалытас тасындағы көне таңбалар жайлы аңыз-әңгімелерінде этимологиялық төркінін, оның ерекше этно-саяси маңыздылығын түсініп өздеріне қосып, бабалар культін құрметтеу жартас сурет өнері көне дәстүрлі жолын ұстанды» - деген түсінік берген. (А.Е. Рогожинский. АРХЕОЛОГИЧЕСКОЕ НАСЛЕДИЕ ЦЕНТРАЛЬНОГО КАЗАХСТАНА: ИЗУЧЕНИЕ И СОХРАНЕНИЕ. Алматы 2017 жыл. 297 – 306 бет)

Бастауын Текес, Күнес өзендерінен алып Балқаш көлін беттей аққан Іле өзені жол-жөнекей үлкенді-кішілі бірнеше өзендермен толығып суы молая келе табиғи жалама жартасты шатқалдың ішінен арнасы қысыла ағатын тұсы «Іле-Қапшағайы» аталады. (Хабцагай. моңғол сөзі. Өзен арнасының тарылған тұсы деген мағына береді) Аталған шатқалдан сәл төменіректе кезінде Семей-Құлжа, Ташкент бағытындағы керуен жолдары өзен арқылы өтетін тарихи мәні зор «Таңбалы-Тас өткелі» бар. Өткелге таяу жерде ағыстың оң жақ қабағындағы биік жартастарға пұтқа табынушы ойраттар түрлі бұрхандары суреттерін салып, соларға қатысты бағытталған сыйыну дұғалықтарын, киелі мантраларын жазып қалдырған Тибеттік ламаистік бағытын ұстанушылардың «ашық аспан астындағы монастыры» орналасқан.

Таңбалы-Тас тарихи орны туралы алғашқы деректердің бірі 1848 жылғы Ұлы жүз үйсіндері мен Орта жүз наймандары арасындағы жер бөлісі туралы архив документінде кезігеді.

1856 жылы алғашқы болып Таңбалы тасқа ғылыми – зерттеу жұмысын жүргізген Ш. Уалихановтың әңгімелері, көшіріп салған бұрхан бейнелері мен жекелей жазулары ғылыми ортада үлкен қызығушылық туғызып ескерткішті ары қарай зерттеуге жол ашты. Аталған тас жайлы мәліметтер П.П. Семенов, К.А. Ларионов, Ф.В. Поярков, Н.Н. Пантусов, А.М. Позднеев сынды ғалымдар еңбегінен көрініс тапқан.

Сол уақыттан бастап Таңбалы-Тас аспан асты ғұрыптық кешеніне жүргізілген ғылыми ізденістерде жартастағы будда бейнелерімен жазбалардың жазылу мерзімі жайлы сұрақтарға сан-алуан пікірлер айтылып, беймәлім болып келді.

2008-2009 жылдарғы КММ Қазақ ғылыми – зерттеу институты экспедициясының (жет: И.В. Ерофеева, Б.Ж. Әубекеров, А.Е. Рогожинский) моңғолтанушы Н.С. Яхонтова (РҒА Шығыстану институты) мен өнертанушы Ю.И. Илихина (Мемлекеттік Эрмитаж) Таңбалы тасты кешенді түрде зерттеулері арқасында Іле-Қапшағайындағы ламаистік кешеннің пайда болуы, қызмет көрсеткен жылдары тарихи контексті анықталып, негізгі кейіпкерлер мен жазбалар ХVII ғасырдың екінші жартысында жоңғар ақсүйектерінің бірі Галдан Бошақты қонтайшы басшылығымен, 1677-1682 жылдар аралығында тибет және ойрат шеберлерінің арнайы басын қосып салдырғандығы белгілі болды.

Жартаста бес түрлі тибеттік будда-бодхисаттвалар және соларға тағзым етуге қатысты түрлі жазбалар, көне ланча алфавиті, тибет жазуымен жазылған солтүстік буддизімінің басты сыйыну формуласы алты буынды  «ом-ма-ни-пад-мэ-хум» мантрасы бірнеше жерде жазылған. Мейірбандықтың нұрын шашқан бодхисаттва Авалокитешвара бейнесі тибеттің қорғап қолдаушысы болып есептелетіндіктен жартастың орта тұсына үлкен көлемде салынып аса мән берілген. Одан бөлек жыландар әлемі жоғары қожайыны – будда Нагешварараджи, будда ілімі негізін қалаушы – Шакьямуни, ем – шипагерліктің құдіретті «оқытушы-дәрігері» - будда Бхайшаджьягуру және даналық бодхисаттвасы Акшобхьи буддалары бейнеленген.

Одан бөлек жағалауға таяу тұрған жекелей жартаста 1771 жылы Еділ мен Жайық өзендері аралығынан алыс Жоңғария жеріне сапар шегіп, жол-жөнекей көшпенді көршілерімен арадағы қақтығыстардан, түрлі ауру-сырқаудан, аштықтан аман қалып Тамға шатқалына шекті аман жеткен Убашы басшылығындағы торғауыт қалмақтарының түрлі бодхисаттваларына тәуеп етіп, жалбарына: «...жандарына енді ұзаққа созылар тыныштық берулерін...» өтінген он бір қатардан тұратын ойрат жазуы сақталған. (И.В. Ерофеева, А.Е. Рогожинский. Алтайдан Каспийге дейін. 2011 жыл. 121-133 бет.)

«Атап өтерлігі, Таңбалы-Таста бейнеленген тибет пантеоны кейіпкерлері құрамы жағынан болсын, немесе олардың салыну көлемдері, тіпті соларға қатысты жазылған әр тілді түрлі мағыналы көптеген буддалық жазбалары болсын – ол Орталық Азияның батыс аймағында теңдессіз...» - деп ғылыми ортада жоғары бағаланған Таңбалы тас жартас өнері эпиграфикасы 2018 жылдан бастап республикалық деңгейдегі ескерткіштер қатарына қосылып, қорғауға алынған.

Қазақстан – тамырын тереңнен алатын ұлттық, діни рухани дәстүрлі құндылықтары өте бай мемлекет. Осы құндылықтарды сақтап, ары қарай сабақтастыра игере білу – әлемдегі өзгеде рухани құндылықты мәдениет өкілдерімен арадағы өзара түсіністікпен мердігерлікке жол ашары сөзсіз.

Серікболсын Садықов

Abai.kz

 

 

0 пікір