Әміре Қашаубаевтың НКВД тергеушісіне берген жауабы
‹‹... 1925 жылы маусым немесе шілде айының бірінде мен барлық ұлттық республикалардан жиналған он төрт актермен бірге Парижге бардым. Барған бойда «Дория» отеліне орналастым.
Екінші күні қонақ үйге Мұстафа Шоқай келіп, менімен әңгімелесті. Ол Қазақстан да болып жатқан жағдайларды сұрады. Арасында: «Үкімет басында кімдер тұр? Қазақтар бар ма?» деген сауалдар қойды. Мен «бар» деп жауап бердім. Бірақ олардың кімдер екенін айтпадым. Ол да менен сұраған жоқ. Сосын ол менің білімімді сұрады. Мен оған «ешқандай білімім жоқ» деп жауап бердім. Әңгіме үстінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың хал-жағдайларын және немен айналысып жүргендерін сұрады. Мен оған: «Байтұрсынов Қызылорда да мұғалім, ал Дулатов әдебиетпен айналысып жүр», — дедім...
Тағы бір жолы Мұстафа Шоқай мейманханаға келіп, актерлардың бәрін ресторанға қонаққа шақырды. Бірақ актерлар әртүрлі себептерді сылтау етіп, ресторанға барудан бас тартты. Онымен бірге ресторанға тек мен ғана бардым. Ресторанға барған соң ол екі саптыаяқ сыра сатып алды. Екеуміз небәрі он бес минөттей
бірге болып, тарадық. Кетерінде ол Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовқа сәлем айта бар деп өтініш білдірді. Сөйтіп өз қолымен менің қойын кітапшама олардың аты-жөндерін қазақшалап жазып берді. Парижден Қызылордаға келген соң мен Дулатов пен Байтұрсыновқа бірнеше рет жолықтым. Оларға Мұстафа Шоқайдың жолдаған сәлемін жеткіздім. Екеуі де оның шетелдегі хал-жағдайын, өмір сүруге қаражатты қайдан алып жатқанын сұрады. Мен Мұстафа Шоқайдың Париждегі француз және орыс баспаларында қызмет атқарып жүргенін айттым. Бірақ оларға Мұстафаның хатын көрсеткен жоқпын, ұмытып кетіппін. Кейіннен кітапшам із-түзсіз жоғалып кетті, іздеп таба алмадым...».
Мәскеуге барып, ары қарай Париж асқан Әміренің өліміне сол сапардан оралғандағы сөзі себепкер болды деп айтылады.
Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқайды жолықтырып, дәмдес болып елге қайтқан соң Әміре: "Сендер мұнда келіп-ап қазақпын деп мақтанасыңдар. Ал мен нағыз қазақты Мәскеу мен Парижден көрдім" — дейді екен. Сол сөз НКВД-ның құлағына жетіп Әміренің ғұмырын көктей солдырған.
Нұржан Баймағанбет
Abai.kz