Бейсенбі, 28 Тамыз 2025
«Соқыр» Фемида 211 0 пікір 28 Тамыз, 2025 сағат 15:34

Рушылдықты қоздыру кімге керек?

Сурет: adebiportal.kz сайтынан алынды.

Неге қазақ тілді ортада біздің саясат, қоғам, тұлға туралы кез келген әңгімеміз руға барып тіреледі және дауға айналады?

Шын мәнінде бізде ру және олардан құралған рулық жүйе жоқ, бұл архаизм. Қазақ хандығы заманында ру әкімшілік-территориялық бірлік қызметін атқарды, яғни қазіргі аудан, облыс т.б. айырмашылығы жоқ. Қазақтың ірі руларының бәрі құрама, баталастықпен құрылған ұжымдар. Ол жерде кім жоқ дейсің?! Қазақ руының құрамында мүмкін Австралия мен Отты жер аралдарынан келген кірмелер жоқ шығар, қалғандары түгел, тіпті сонау Солтүстік Африкадан есте жоқ ерте замандарда тағдыр қуып Түркістан аймағына келіп, кейін қазақ болып кеткендер табылады. Біздің қарияларымыз ол әңгімелерді күні кешеге дейін айтып отырды.

Қазақ түп атамыз пәленше деп көне замандардағы шартты, әфсаналық тұлғаларды атайды (Мейрам сопы, Бәйдібек, Құдуар т.б.), бірақ оларды тек ру бірліктерінің басын қосатын символ есебінде пайдаланады. Оларды керемет ұлықтау да болған жоқ, қарапайым, тіпті анайы әңгімелермен түсіндіретін. Қазіргі күні осының бәрін ұмытып, бәрі бір атадан тараған сияқты, бәрінің түбі қаһарлы батыр, суырып салма шешен, қазаққа билік айтқан би.

ХІХ ғасырдың басында біз рулық әкімшілік-территориялық жүйеден Ресей империясы құрамындағы бұратаналар мекендеген губерниялық жүйеге өте бастадық. Саяси-әскери мақсатта құрылған ру одақтары ыдырады, олардың орнын орта деңгейлі рулар, ал кейін тіпті патронимиялық (ата баласы) бірліктер басты. ХІХ ғасырдың екінші жартысы «Уақытша ереже» (1867-1868 жж.) тәртібі бойынша болыс сайлаулары осы патронимиялар арасындағы күреске айналды («болды да партия, ел іші жарылды»- Абай). Осыған қарамастан ХХ ғасыр басында қазақ жаңа ұлттық сапаға өте бастады да, алдыңғы қатарлы азаматтарына ру емес, ұлт мәселесі маңызды болды. Мұстафа Шоқайдын «Батыр большевик Амангелді хақындағы ақиқат» мақаласын қараңыз:

«1918 жылдың жазында Торғай даласын аралап жүрген кезімде маған жақын кісілерін жіберіп, менің қыпшақ руынан екенімді еске салып, төреден шыққан Әлихан Бөкейханмен арғыннан шыққан Ахмет, Мирякубтарға қарсы күресте «бізге саяси жетекші болыңыз» деп өтініш жасады. Мен, әрине, олардың ұсыныстарынан бас тарттым. Өйткені мен Түркістандағы түрік адамы үшін, әсіресе Түркістан ұлт-азаттық туын көтерген адам үшін арғын, қыпшақты былай қойып, тіпті, өзбек, қазақ, түркімен болып бөлінудің өзі Түркістан түріктерін бөлшектеп, өлімге бастайтын жол екенін жақсы білетін едім...».

Осы жолдан бізді тайдырған кім? Неге бүгінгі күні білсе де-білмесе де ру тарихын айтқыштар көбейіп кетті? Күні кеше арамызда болған, қазаққа мемлекетті Совет үкіметі берді, қазақ тілді адам адам емес дейтін Н.Масанов, И.Ерофеева т.б. неге ру тақырыбына кірді? Олар Қазақстан билігіндегі қызметкерлердің руларын түгендей бастады, тіпті қазақ шежіресіне арнап мақала т.б. жазды. Өздері қазақ тілін білмейтін, қазақ ортасында болып көрмеген, этнографиясынан хабарсыз адамдарға қазақ руы не үшін керек болды?

Бүгінгі күні солардың шәкірттері, қазақ тілінде «теңге» дегеннен басқаны түсінбейтін сарт бала, ноғай балалары неге қазақ руына әуес болып жүр?

Осы сұрақтардың жауабы біреу, ол жауапты Мұстафа Шоқай жоғарыда аталған мақаласында жазып кеткен: «Ақырында қыпшақ руынан шыққан сатқын, шоқынды Степанов-Әліби Жангелдин Торғай даласына жетті. Өз басы қазақ даласына аттап баса алмас еді. Оның жанында орыс қызыл гвардиясы жүрді. Көп өтпей Степанов-Жангелдин төреден шыққан Әлихан мен арғыннан шыққан Ахмет, Мирякубтарға қыпшақ Амангелдіні айдап салды... қиян-кескі соғыс ашты» (Мұстафа Шоқай. Батыр большевик Амангелді хақындағы ақиқат. 1936// Аbаi КZ, 19 қазан 2010).

Біз әуел бастан, ХV ғасырдың басында басымызды құрағанда, Қазақ хандығының туын көтергенде ұлт болып құралдық. Оның басты дәлелі «Алаш» ұраны. Біздің аталарымыз 1430 жылы Таңбалы жарда «Алаш» деген ұранға қосылмағанды әкең де болса ұрып жық» деп анттасты. Бірталай заман осы ұранмен өмір сүрдік. Одан мемлекеттен айрылдық, өзгеге бодан болдық. Соған қарамастан ХХ ғасыр басында біз жаңа заманға лайықты ұлттық сапаға өте бастадық

Енді келіп бізді Нигерия мен Конго, Бурунди мен Родезия деңгейіне түсіру кімге керек? Нигерияда фулани және игбо, Кения кикую и лу, Бурунди хуту мен тутси тайпалары арасындағы қырғын жанжалдарды еске түсіріңіз. Қазақ тілді ортаға осы жанжалдар керек пе?

Бізді алыс-жақын көршілеріміз, өзіміздің биліктегі агенттер және соған жақын орыс тілділер рулық дәуірге айдап салып отырған жоқ па? Неге ХХІ ғасырдың қазағы өз мемлекетінің, қоғамының, өз отбасы мен ауылының толып жатқан проблемаларына емес руға қызады? Руға қатысты манипуляциялар Степанов-Әліби Жангелдин кезінде басталды дейміз, бірақ ол сол заманда аяқтала қойған жоқ. Кім, қалай жалғастырды, қазір осы шаруаның кураторлары мен орындаушылары кімдер?

Жамбыл.Артықбаев

Abai.kz

0 пікір