Абаевқа жауап: Қазақстан - қазақ тілді мемлекет!

АЗАМАТТЫҚ ПОЗИЦИЯНЫҢ ҚАЗАҚТАНУЫ ЖӨНІНДЕ...
Егер, әлемдік геосаясатта әрбір ел өзінің мемлекеттік һәм ұлттық тілін қорғауды қолға алса не болар еді? Әрине, ол жағдайды ешбір саясаткер көз алдына елестете алмайды..
Себебі, әлемдегі тілдік тұрғыда дамыған елдер: Ұлыбритания, Франция, Испания, Португалия, Германия және Россия, Азияда – Қытай және Үнді мемлекеттері «өз тілдерін қорғау» мақсатымен бір‑бірімен бітіспес қайшылыққа тап болар еді. Себебі, Қытай «Чайнтаун тіліне қысым жасалды» деп АҚШ‑қа талабын қояды, ағылшындар ‑ әлемнің біраз елімен «жүз шайысады», португалдар Латын Америкасын шабуылдайды, Ресей Украинадан өзге АҚШ, Франция және т.т. елдердегі орыс диаспорасы тілін «қорғауға» аттанады және т.т.
Егер әлемде осындай «тіл саясаты» үстемдік ете бастаса, онда БҰҰ аясында қабылданған «Тәуелсіз мемлекеттердің территориялық тұтастығы мен дербестігі» Шарты қирап, оның орнын экстремистік бағыттағы талаптар басып, соңы Халықаралық құқықтық нормаларды жоққа шығаруға әкелер еді. Яғни, әлемде Хаос пен Ретсіздік орнайды деуге болады...
Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев ТАСС агенттігіне берген сұхбатында Қазақстан халқының шамамен 95 пайызы орыс тілін білетінін айтты:
«Қазақстанда, меніңше, халықтың 95 пайызы орыс тілін біледі және біз орыс тілін білу – біздің артықшылығымыз әрі күшіміз деп санаймыз. Әрине, басты басымдық мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінде және оның рөлі жыл сайын артып келеді. Бірақ сонымен бірге, елімізде барлығының орыс тілін білетініне біз өте қуаныштымыз, өйткені бұл – біздің артықшылығымыздың бірі», – деді елші.
Бұл жерде, әрине, оны «Қазақстан елшісі өз сөзін ресейлік оқырмандар мен респонденттерге қарата және Ресейдің «тіл саясаты» Украинамен әскери қақтығысқа алып келгенін ескере айтты» деп ақтауға болар еді... Алайда, бұлай деу халықаралық қатынаста қаншалықты дұрыс болады? Әлемде барлық тәуелсіз мемлекеттердің қарым‑қатынасы шындық пен объективті жағдайларға негізделіп құралады емес пе?
Ендеше, бұл сұхбаттағы Дәурен Абаевтың «меніңше 95 пайызы орысша сөйлейді»» деген сөзін «объективті шындық» деп қабылдау – қазақтың «жауырды жаба тоқу» деген сөзімен үндеседі дейміз.
Ал, шындығында, КСРО құлаған кездегі қазақ халқының 30 пайыздық демографиялық саны бүгінде өсіп, ол 70 пайыздан асты. Саясаткер осы факторды неге елемей отыр? Өйткені, демографиялық өзгеріспен бірге «тілдік», «ділдік», «мәдени», тіптен, «қоғамның өмір сүру қалыбы» сияқты іргелі өзгерістер ілесе жүреді емес пе?
Ал, өзара бейбіт елдер өз көршілеріндегі осы өзгерістерді мұқият зерттеп, өзара саяси қатынасын соған негіздемеуші ме еді? Ендеше, сұхбатта елшіміз Ресейдегі жағдайды ғана ескеріп, «көңіл аулау» амалына барған ба деп жобалаймыз. Оны түсінге болар, бірақ, бұл «принципті саяси қателік» екенін жоққа шығармауымыз керек...
Неге десеңіз, ертең елшінің осы өзін басшылыққа алып, «Қазақстанда 95 пайыз орыстілді азаматтардың құқы бұзылуда» деп белгісіз бір сепаратистік топтың пайда бола кетпеуіне қандай кепілдік бар? Олай болса, Елшінің қатаң түрде мемлекеттік статистиканы басшылыққа алғаны жөн еді. Мұндайда «өзімбілемдікке» ешқандай жол болмауы тиіс!
Ол: «Қазақстанда қазақ тілі үздіксіз басымдыққа ие болып келе жатыр, әрі, бұл тенденция мемлекеттің дамуымен бірге одан әрі жалғаса береді. Ол ‑ Тәуелсіздіктің тұрақты тенденциясы. Сонымен қатар, Қазақстан ешуақытта өзге диаспоралардың мәдениетіне, тіліне және т.т. қарсы экспаниялық қадамға бармайды», ‑ десе жарасар еді ғой?!
Бірақ, Д.Абаевтың олай деуге батылы жетпеді – шындықты айтпады...
Абаевтың айтуынша: «Қазақстандағы 7 мың мектептің шамамен 3 мыңында білім беру орыс тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар, барлық мектепте орыс тілі міндетті пән ретінде оқытылады. Орыс тілін біз Қазақстанда бәсекеге қабілеттілік беретін тіл деп санаймыз», – деді ол.
Кезінде Қазақстанда бәрі керісінше еді: орыстілді мектептер басым болды. Енді, міне, қазақтілді мектептер басымдыққа ие болыпты. Яғни, мектептердің жартысынан астамы қазақшаланған екен. Және, жылдан жылға бұл көрсеткіш арта береді.
Себебі, қазір тәуелсіздіктің бастапқы кезіндегі жаппай басталған сыртқы миграция тұрақтанып, енді елімізде «Қазақстан менің Отаным» деп мойындаған диаспора өкілдері қалды. Олар жақын болашақта бұл елде қазақ мәдениеті мен салт‑дәстүрі, тілі және т.т. рухани құндылықтары басты факторға айналып бара жатқанын түсінгендер. Оны іштей қабылдағандар. Яғни, қазір оларды «азаматтық позициясы қазақтанған азаматтар» деп атуға болады. Бүгінде олар өз елін кез келген сыртқы агрессиядан қорғауға даяр.
Міне, осы шындықты елшіміз мәдениетті түрде ресейліктерге жеткізуі керек еді. Жеткізбеді. Ресейліктер болса елшінің сұхбатынан кейін «Қазақстан орыстілді мемлекет» деген бұрынғы «астамшыл‑ағалық» көзқарасында қалып қойды.
Енді ше ‑ Елшінің өзі солай деп отырған жоқ па?
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz