Сәрсенбі, 3 Қыркүйек 2025
Дін 231 0 пікір 3 Қыркүйек, 2025 сағат 13:34

Тәңіршілдіктің қазақ халқы үшін маңызы өте үлкен!

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Тәңіршілдіктің қазақ халқы үшін маңызы өте үлкен. Тәңіршілдік қазақ халқының салт–дәстүрін, ұлттық металитетін қалыптастырып, ғасырлар бойы өзгермей сақталуына мүмкіндік берді. Қазақ халқы ғана емес, исламға дейінгі сонау көне түркі заманынан келе жатқан бұрынғы көшпенді халықтардың барлығының діні тәңіршілдік болды. Тәңіршілдік осылай бүкіл көшпелі елдерді біріктіретін негізгі күшке айналды.

Әуелгі тәңіршілдік Болмыстың рухани және материалдық бөліктерін толық қамтитын үйлесімді өмір сүру салты еді. Болмыстың бір бөлігі болып, оның ықпалына толық берілгендіктен, ежелгі түркі елдерінің тіршілігі де осындай үйлесімді болған. Көшпенді өмір – әлемнің бөлігі және оның бір көрінісі. Осылай, ислам қабылдағанға дейінгі қазақ тіршілігі де қоршаған ортамен қабысқан табиғи өмір болғандықтан, ежелгі қазақтың болмысы ғана емес, оның салт–дәстүрі де табиғи жағдайда пайда болып, Болмыстың көріністеріне айналды. Қазақ халқының салттары оның белгілі бір  заңдылықтарын көрсетіп, және ғасырлар бойы сақталуы осы себептен болса керек. Басқа түркі халықтарының да салт-дәстүрлерінің берік болып, өзара ұқсас болып келетіндері де тәңіршілдік осы белгісі. Тәңіршілдіктің барлық көшпенділерге ортақ болғанының бұл бір дәлелі.

Бүгінгі күндері халқымыз көшпенді өмірден отырықшылыққа өтті. Табиғатпен байланыс азайып, бізге ол бұрынғыдай әсер ете алмайды. Төрт қабырғалы жылы үйде, тамақ тоқ, жайлы төсекте ұйықтап, өмір сүру жеңілденді. Өмірдің көп қиыншылықтарынан құтылдық.

Қазақ халқы үшін бұл пайдалы ма, әлде зиянды ма? Енді осы маңызды сұрақтың төңірегіне келейік.

Қазіргі заманда тәңіршілдік берген Болмыстың рухани жағы ұмытылып, тек қана материалдық жағы ғана қалды. Оның өзінде де халық әлемнің нәзік бөлігін құрайтын эзотерикалық жағына көңіл бөлмей, тек қана көзге көрінетін жағын ғана пайдаланады. Яғни, салт-дәстүрдің ішкі мәнін түсінбей, тек қана сыртқы көрінісін жасайды. Осылай, бүгінгі күндері салт-дәстүріміз ұлтымыздың жетілуіне емес, керісінше, оған кері әсер жасап жатқан тәрізді. Себебі, қоршаған орта қалыптастырған салт-дәстүріміздің алғашқы мәні ұмытылып, менмендігімізден шығатын тән құмары құралына айналып бара жатыр.

Әрбір дәстүрдің табиғат заңдылығын білдіретін, және онымен тығыз байланысқан терең мәні бар. Бұл дәсүрлер адам баласының туған кезінен бастап о дүниеге өткен кезіне дейінгі уақытты толық қамтиды.

Мысалы, қазақ халқы дүниеге келген нәрестені шілдехана, үш күннен кейін бесік тойын жасап, қырқынан шығарып, бір жылдан соң тұсау кесер жасап бұл өмірге келген жанды құрметпен қарсы алады.

Сонымен бірге, бұл өмірден өткенде де адамға сондай құрмет көрсетіп оның өлімін «қайтты» деп атап, мәйітті басына шырақ жағып, екі-үш күн түнелтеді. Жан тәнін тастағанымен, ол өзінің нәзік денесімен сол маңайда. Мәйіт жерлеу алдында үш рет арулап жуылып, иіс су себіліп, майланады. Сосын жеті күннен кейін «жетісін», қырық күннен кейін «қырқын», бір жылдан соң «жылын» береді.

Бұл қысқа шолудан байқайтынымыз: жанның дүниеге келуінде де, оның кейін қайтуында да үш, жеті, қырық, бір жылдық мерзімдердің маңызы бар екендігі. Себебі, жан бұл дүниеге келгенде қандай жағдайдан өтіп келсе, сондай жағдаймен кейін қайтады. Қазақ ұғымында аспан да, жер де жеті қабаттан құралады деген қағида бар. Адам болмысы да солай, бірнеше қабаттан құралады. Ол өмірге келгенде, және қайтқанда осы қабаттардан өтеді. Тәңіршілдікке белгілі барлық жан иелеріне ортақ бұл табиғи заңдылық. Сондықтан, барлық халықтар мен діндерде бұл заңдылықтың көріністері бар. Эзотерикалық ғылымда әлемнің бұл қабаттары толығымен беріледі. Тәңіршілдікті ұстанған  қазақ халқы бұл заңдылықтың мәнін жақсы біліп, дәстүрге айналдырып, қатаң сақтаған.

Өкінішке орай, қазіргі заманда бұл мән ұмытылып, дәстүрдің сыртқы  көріністері ғана қалды. Әдет-ғұрыпты сақтау жолында халық осы сыртқы көрінісіне көңіл бөліп, оның ішкі мәнін ұмыта бастады. Абай көрсеткендей, ішкі мән ұмытылғанда сыртқы көрініс өзінің маңызын жоғалтып алады. Осылай ғасырлар бойы ұлттығымызды сақтаған әдет-ғұрыпымыз бүгінгі күндері үздіксіз ойын-тойға айналды. Өзінің алғашқы құндылығынан айырылып, Абай көрсеткен жан құмарын тән құмарына жеңдіре бастады.

Осылай, адамның тууы мен өлгеніне дейін көп дүние босқа рәсуә болып, ойын-той көбейіп, өмірді мейрамға айналдырып жібердік. Айына үш-төрт тойға баратындар да бар. Банктен кредит алып, оның зардабынан құтыла алмай жүргендер көбейді. Нәтижесінде өмір шырғалаңдары инсульт, инфаркт ауруларын молайтты. Осылай қазақтың болмысы әлсіреп, адамгершілік қасиеттері төмендеп, ал қоғам өмірі құлдырау жолына түсті деуге болады.

Қоғамның материалдық жағдайы да мәз емес.  Әлемнің басқа елдеріндей машина, самолет жасау тәрізді өнеркәсіп орындары түгілі, сіріңкенің өзін шет елден сатып алып отырмыз.  Нәтижесінде, отбасының жағдайы құлдырауда. Бұрынғы Кеңес Одағы елдерінің арасында еліміз отбасының ажырасуы бойынша бірінші, ал суицит жасап, өмірден өтіп жатқандар бойынша екінші орында екені бұған жақсы дәлел. Өміріміз Абай көрсеткен «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деген шындықтың дәлелі тәрізді.

Айта берсе, бүгінгі өмірдің кемшіліктері көп. Бірақ, әзірше халықтың өкініп, көзін ашар түрі жоқ.

Мәселенің шешімін тәңіршілдіктен таба аламыз. Егер тәңіршілдіктің не екенін дұрыс түсініп, оны бұрынғы қалпына келтіретін болсақ, бүгінгі өміріміз үйлесімге келіп, барлық кедергілер өзінен өзі шешілер  еді. Ол үшін көрінетін ғана емес, көрінбейтін табиғаттың да эзотерикалық заңдылықтарын тереңінен зерттеп, оларды өзіміздің салт-дәстүрімізбен байланыстыра білуіміз керек. Салт-дәстүріміз осылай Болмысты толық қамтитын өзінің алғашқы мәнін қабылдай алады.  Тәңіршілдік үйлесімдік кепілі, имандылық тірегі. Имандылық арқылы дәстүріміздің терең мағынасын түсініп, өмірімізді табиғат заңдылықтарымен үйлестіруге мүмкіндік туады.

Сонымен, қазіргі заманда ұлттық болмысымыз өзгере бастады. Оны қалпына келтіру керек. Бұл жолда қазақ халқының ұлттық болмысын сақтап, адамзаттың бір бөлігі ретінде сақталып қалуы үшін тәңіршілдіктің маңызы өте үлкен.

Бірақ, тәңіршілдікті дін ретінде қабылдауға болмайды. Оны тек қана дүниетаным, болмысымызды қалпына келтіру құралы ретінде ғана қабылдауымыз керек. Бұл өте маңызды. Себебі, бізде бір дініміз бар. Ол ислам. Басқа діннің қажеті жоқ. Басқа екінші дін тек қана халықты екіге бөліп, келешегі болжауы қиын үлкен қақтығысқа алып келуі мүмкін. Бұл қақтығысты болдырмас үшін бүгіннен бастап оның алдын ала білуіміз керек.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог

Abai.kz

0 пікір