Тәңіршілдікті дін ретінде қабылдауға бола ма?

«Тәңіршілдікті дін ретінде қабылдауға бола ма?» деген сұрақтың және оны дұрыс шешудің маңызы өте зор. Бұл сұраққа «Жоқ, тәңіршілдікті дін ретінде қабылдауға болмайды» - деп тура жауап беруге болады. Оған бірнеше дәлелдер келтірейік.
Біріншіден. Тәңіршілдік өткен дәуір. Өткен дәуірді кейін қайтаруға болмайды, ол мүмкін емес. Тарих кейін қарай жүрмейді. Бұл туралы Абай «Өмір, дүние дегенің ағып жатқан су екен» деп дәл айтқан. Өмір аққан су. Ол кейін қарай жүрмейді. Сол сияқты өмір, дүние де кейін қарай жүрмейді. Тарихта түрлі өркениеттер ғана емес, көптеген діндер де өз міндетін атқарып, өтіп кетті. Тәңіршілдік солардың бірі ғана.
Көшпенді қазақ халқы қоршаған табиғаттқа толық бағынып, Бүкіл Болмыс көріністерін Тәңір деп атап, үйлесімді өмір сүрді. Табиғат көріністері оларға білім алатын кітап, ал оның заңдылықтары рухани білім, бүгінгі тілмен айтқанда, адамды тура жолға салатын шариғат болды. Табиғат заңдылықтарын бұлжытпай орындап, оны сақтау жолдары әдет-ғұрып арқылы болып, Болмыспен біріктіретін ғибадат түріне айналды. Ал ол әдет-ғұрыпты бұлжытпай орындауға мәжбүрлейтін күш, ол әлемдік әділет заңдылығы, яғни, қарымта заңдылығы болды. Қарымта заңдылығы бойынша кім болса да, ол табиғи заңдылықты бұзса өз ісінің қарымын, яғни, нәтижесін алады. Не ексең, соны орасың, кем де емес, артық та емес. Халық бұл заңдылықты жақсы біліп, бұжытпай орындады.
Бірақ, Абай сөзімен айтқанда, «Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді». Уақыт ықпалымен адамдардың мінезі өзгеріп, әділеттілік бұзылып, қоғам өмірі құлдырай бастады. Бүкіл Болмысты қамтып, Оны Тәңір деп атаған алғашқы монотеистік тәңіршілдік уақыт ықпалымен ұсақталды. Болмыстың түрлі көріністерін Құдай деп қабылдап, табынып, тұтас Болмыс бөлініп қабылданды. Осылай көпқұдайшылық, яғни политеизм пайда болды. Артынан аруақтарға, табиғат көріністеріне табынып (язычество), тәңіршілдік адамзат қоғамын бөлшектеп, оның ыдырауына әкеліп соқты. Сол кезде жоғарғы әлемдерден Абай сөзімен айтқанда «Оларға кез-кезімен нәби келді». Жоғарғы әлемдерден келген пайғамбарлар арқылы қасиетті кітаптар арқылы үкім түсіп, ол үкімді орындайтын ғибадат түрлері пайда болды. Осылай, бір Құдайға табынатын монотеистік діндер келді.
Бұлар қоғам өмірін бір жүйеге келтіретін прогрессивтік ағымдар еді. Енді сол ағымдарды кейін қарай бағыттап, адамзат көшін тәңіршілдікке қайтадан қайтарып, бұрынғы қалпына келтіру деген ақылға симайтын әрекет болуға тиісті.
Екіншіден. Дін пайда болған соң, қалыптасып, халықты біріктіруі үшін оның пайғамбары мен қасиетті жазбалары болу керек. Бұл барлық діндерге тән шарт. Мысалға ислам дінін алатын болсақ, оның пайғамбары мен Қасиетті Құраны бар. Шахадат сөзі арқылы олар нақты бекітіледі. Ислам діні «Ләә илләһә иллаллаһ, Мухәммәдур - Расуул Аллаһ», қазақша аудармасы «Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед Оның елшісі» деген калима Шахадат сөзбен қабылданады. Бұл сөздердің өте үлкен мағынасы мен маңызы бар. «Алладан басқа Тәңір жоқ» деген сөздің мағынасы бүкіл Болмысты бір Алла жаратқан, және бүкіл Болмыс Оның көрінісі, сондықтан, Одан басқа ештеңе жоқ» деген ұғымды білдіреді. Абай бұл тұжырымды «Алла тағала «бір». Ол «бір» деген сөз Алла тағала ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде» деп тезисті түрде беріп кеткен. Яғни, бүкіл Болмыс көрінісі Алла. Осылай исламды қабылдаған адам бүкіл болмыстың бірлігін қабылдап, түсінеді.
Калиманың «Мұхаммед Оның елшісі» деген екінші бөлігі Алланың елшісі барын білдіреді. Патшаның жіберген елшісі оның бұйрығын бұлжытпай жеткізуі керек. Яғни, оның жеткізген сөзі патшаның сөзімен бірдей. Сол тәрізді, пайғамбардың сөзі де Алланың сөзінен айырмасы жоқ, бірдей. Сондықтан, пайғамбардың сөзіне Алланың сөзі ретінде толық қабылдап, шын көңілмен сеніп, өзгеріссіз қолдануымыз керек. Қасиетті Құран осылай түскен, сондықтан, оның сөздері ешбір күмәнсіз толық қабылданады. Бұл иманды өсіріп, рухани жолмен тура жүруге мүмкіндік береді. Иманды өсіру арқылы осылай ислам діні бүгінгі күндері күш алып, әлемдік діндердің біріне айналды.
Ал тәңіршілдікке келетін болсақ, алғашқыда ол да бүкіл Болмысты Тәңір деп қабылдап, Оның бірлігін мойындады. Әу баста Болмыстың бірлігін түсіндіретін жазбаның, және ол жазбаны беретін пайғамбардың қажеті жоқ еді. Қоршаған табиғаттың өзі Тәңірдің бір көрінісі ретінде көшпелі адамды өзінің заңдылығына бағындырып, Болмыстың бірлігін мойындатып отырды. Табиғаттың ықпалында толық жүрген адам оның заңдылықтарын бұзған жағдайда аштан өледі, не болмаса, өзі сияқты аш аңдардың жемтігіне айналады. Сондықтан, ол Болмыстың бұл қатаң заңдылығын жақсы біліп, оны бұзбауға тырысады. Осылай, табиғаттың өзі адамға тура жолды көрсететін пайғамбардың өзі, ал оның заңдылықтары өмірді түсіндіріп, тәрбиелейтін қасиетті кітаптің рөлін атқарды. Қоршаған табиғат адам өмірін толық басқарып, оның өмірін Болмыспен толық үйлесімді етті.
Бірақ бұл жағдай үнемі болмады. Қазіргі заманда адамзат отырықшылыққа өтті. Адам өзіне оңтайлы жағдай жасап, қоршаған табиғаттың ықпалынан шыға бастады. Енді қоршаған орта бұрынғыдай әсер етіп, адам өмірін басқаратын күш емес. Болмыстың бір бөлігі ретінде өмір сүрген адам енді одан бөлініп, жекелене бастады. Жаратушы Тәңірдің ықпалынан шығып, енді өзінің ақылымен өмір сүрді. Ақыл заттық әлемге жатады, сондықтан ол шектеулі. Осылай адам ой өрісі төмендегендіктен қателіктер жіберіп, Болмыс бірлігін бұза бастады. Абай сөзімен айтқанда «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек», немесе «Бойда қайрат, ойда көз болмаған соң, айтпа сөз» заманы туды. Себебі, негізгі рухани қуатпен байланыс үзілгеннен кейін жүрек көзі жабылып рух құлдырайды. Қайрат жоғалып, адам азып кетеді. Сол кезде, Абай ілімі ойынша, мейірімді Жаратушы адамдарды дұрыс жолға салып, жағдайды түзету үшін пайғамбарларды жіберіп, жаңа діндер пайда болады. Пайғамбарлар Жаратушының хақиқат сөздерін жеткізіп, иманды өсіреді. Осылай имандылық қалпына келіп, адам жетілудің тура жолына түседі.
Тәңіршілдіктің не пайғамбары, не болмаса қасиетті кітаптары болмағандықтан, ол бұл мақсатты орындай алмайды, яғни, ол дін бола алмайды. Тәңіршілдік пайда болған көшпенді дәуір өтіп кетті. Адамзат енді қайтадан көшпенді өмірге қайтпайды. Сондықтан, тәңіршілдік те бұрынға қалпына келіп, адам өмірін басқара алмайды.
Осы айтылғандардың өзі тәңіршілдіктің дін бола алмайтынына жеткілікті дәлел тәрізді. Тәңіршілдікті дін ретінде емес, оны тек қана ұлттық дәстүрлеріміздің терең мәнін түсініп, дұрыс орындау жолы ретінде ғана пайдалануымыз керек. Яғни, тәңіршілдік дегеніміз, ол бүкіл Болмыс заңдылықтарын түсіндіретін дүниетаным болып табылады.
Досым Омаров,
Абайтанушы, теолог
Abai.kz