Сейсенбі, 9 Қыркүйек 2025
Билік 309 0 пікір 9 Қыркүйек, 2025 сағат 13:14

Digital Qazaqstan: Цифрлық өзгерістер бағдары

Сурет: ult.kz сайтынан алынды.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Бұл бағдарламалық құжат ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындап, мемлекеттік саясаттың алдағы жылдардағы маңызды бағыттарын белгілеп берді.

Жолдауда цифрлық күн тәртібін ілгерілетуге айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні кеңінен енгізу және ауқымды цифрландыру еліміздің стратегиялық бағдарының негізгі тетігі болуы керек екенін айтты. Шын мәнінде, мұндай қадам Қазақстанның барлық сектордағы әлеуетін айтарлықтай арттырып, экономика мен әлеуметтік саланы сапалы жаңа деңгейге шығаруға жол ашады.

Президентіміз түбегейлі цифрлық өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, олардың өмір сүру сапасын жақсарту және елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайту екенін ерекше атап өтті. Осыған байланысты Қазақстанды толыққанды цифрлық держава ретінде қалыптастыру таяу жылдардағы басым міндеттердің бірі болып белгіленіп отыр. Сол арқылы жаңа технологиялар экономикалық жаңғырту мен әлеуметтік тұрақтылықтың негізіне айналады.

Көздеген мақсатқа қол жеткізу үшін цифрлық дамудың негізгі бағыттарын, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да салаларды айқындайтын Цифрлық кодексті тезірек қабылдау аса маңызды. Депутаттар бұл жұмыспен осы сессия барысында белсенді айналысатынын атап өткен жөн. Сонымен қатар Президентіміз барлық цифрлық бастамаларды жалпыұлттық бағдарламаға біріктіретін «Digital Qazaqstan» бірыңғай стратегиясын әзірлеуді тапсырды.

Жолдауда инвестициялық саясатқа да ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы Үкіметке шетелдік капиталды тарту тетіктерінің тиімділігін қайта қарауды және арттыруды, сондай-ақ, өңдеу өнеркәсібі мен жоғары технологиялық салаларға баса мән бере отырып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауды міндет етіп жүктеді.

Белгіленген басымдықтардың қатарында бәсекелестікті күшейтетін, экономика, қаржы жүйесіндегі технологияларды дамытуға және цифрлық активтер айналымын либерализациялауға ықпал ететін Банктер туралы заң қабылдау бастамасы да бар.

Сенаторлар осы сессияда жұмыс істейтін маңызды құжаттардың тағы бірі – Alatau City-дің арнайы құқықтық мәртебесін бекітетін заң. Жаңа қала технологиялық өрлеудің және Қазақстанның келешектегі келбетінінің жарқын көрінісіне айналуға тиіс.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту саласына да ерекше назар аударды. Парламентке ЕАЭО аясында отандық өнім өндірушілерді қорғауды заңмен қамтамасыз етуге қатысты нақты міндет жүктелді. Бұл қазақстандық кәсіпкерлердің жағдайын құқықтық тұрғыдан күшейтуге және аграрлық саланың экспорттық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Президентіміз жер ресурстарын басқарудың ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ете отырып, кадастрлық мәліметтерді, инфрақұрылымға және жер қойнауын пайдалануға қатысты ақпаратты біріктіретін жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын құруды тапсырды.

Көлік-логистикалық саланың дамуы да цифрландырумен тікелей байланысты екені анық. Осыған орай Мемлекет басшысы транзит үшін жаһандық бәсеке күшейе түскен қазіргі жағдайда Қазақстан цифрлық шешімдер мен жасанды интеллект технологияларын кеңінен енгізу арқылы ғана өз позициясын сақтап, нығайта алатынын атап өтті.

Бұл тұрғыда барлық тасымалдау процестерін бір жүйеге біріктіруге мүмкіндік беретін көпбейінді цифрлық платформаны енгізу ерекше маңызға ие. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасымен жақын айларда бизнестің инфрақұрылымға тең және автоматты қолжетімділігін қамтамасыз ететін Smart Cargo жүйесі іске қосылуға тиіс. Бұл көлік саласын цифрландыру үшін маңызды кезең және оның ашықтығы мен тиімділігін арттыратын тиімді тетік екені сөзсіз.

Президентіміз шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне тоқталып, құқықтық базаны кәсіпкерлердің қажеттілігіне қарай бейімдеу керек екенін жеткізді. Осы ретте жасанды интеллект технологиясын пайдалану арқылы заңнаманы түгел тексеріп, зерделеу бастамасы уақтылы қолға алынғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тұрғын үй шаруашылығы мен құрылыс саласындағы басымдықтарды белгілеп берді. Бұл ретте жасанды интеллект технологияларының көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолданудың маңызы зор. Сондай-ақ құрылыстың барлық кезеңіне толық мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін ұлттық цифрлық платформаны іске қосу да қажетті шешім болғаны анық. Осы орайда депутаттарға маңызды тапсырма берілді. Ол – саланың қауіпсіз әрі ашық болуына және тұрақты дамуына берік заңнамалық негіз қалайтын жаңа Құрылыс кодексін жыл соңына дейін қабылдау.

Жолдаудың негізгі ерекшеліктерінің бірі – Мемлекет басшысының парламенттік реформа жүргізу туралы ұсынысы болғаны белгілі. Бұл бір палаталы Парламентке көшуді көздейді. Аталған бастама – тарихи мәнге ие және Президентіміздің Әділетті Қазақстан құру, демократиялық институттар мен тетіктерді күшейту жолындағы байыпты бағдарының логикалық жалғасы.

Мемлекет басшысы Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте құрылғанына назар аударды. Сондай-ақ Палата өткен 30 жылда мемлекеттік құрылымның тұрақтылығын, заңнама жүйесін дамытуды және негізгі реформалардың іске асырылуын қамтамасыз етіп, өзінің аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарғанына тоқталды. Осыған байланысты еліміздегі саяси жүйе мен саяси мәдениеттің дамуын және азаматтық жауапкершілік деңгейінің көтерілуін ескеріп, Қазақстанның парламенттік жүйесін жетілдірудің жаңа кезеңін талқыға салатын уақыт жетіп отыр.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мұндай маңызды реформа тек ашық әрі жан-жақты қоғамдық талқылау негізінде ғана іске асырылатынын айтты. Соған сәйкес Мемлекет басшысы бір палаталы Парламентке көшу мәселесін азаматтардың және сарапшылардың қатысуымен бір жыл көлемінде талқылауды ұсынды. Бұған қатысты қорытынды шешім жалпы халықтың пікірін ескере отырып, жалпыұлттық референдум арқылы қабылданбақ.

Жалпы, Президент Жолдауын Қазақстанды жаңғыртудың жаңа замандағы кешенді жол картасы деп қабылдаймыз. Себебі, жасанды интеллект пен цифрлық шешімдерді жаппай енгізу алдағы жылдары мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды шарты әрі орнықты дамудың кепілі болатыны сөзсіз.

Президентіміз жүктеген міндеттерді жүзеге асыру – Үкімет пен Парламенттің ғана жауапкершілігі емес, барша азамат үшін ортақ іс.

Біз жұдырықтай жұмылсақ қана байыпты даму және Әділетті, Қуатты әрі Заманауи Қазақстанды құру бағдарын одан әрі табысты жалғастыра аламыз.

Мәулен Әшімбаев,

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы

Abai.kz

0 пікір