Жастардың шаңырағы шайқалмасын!

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа!
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Қазақ халқында «Шаңырақ – шағын мемлекет» деген ұлағатты сөз бар. Өкінішке қарай, бүгінде сол шағын мемлекеттердің шаңырағы шайқалып барады.
Нақты деректерге жүгінсек:
2024 жылы елімізде 123 600 жас отбасы шаңырақ көтерсе, оның 40 500-і ажырасып кеткен.
Орта есеппен күн сайын 110 отбасы күйреп жатыр.
Бұл – күн сайын 110 үйлі бір ауылдың жоғалғанымен бірдей.
Егер азаматтық некеде тұрып ажырасқандарды немесе мешітте ғана некесін қиып, кейін ажырағандарды қоссақ, бұл көрсеткіш бұдан да көп болатыны анық.
2022 жылы 18 жасқа дейінгі баласы бар 423 959 жалғызбасты ана тіркелген.
Қазір олардың саны жарты миллионнан асып отыр.
Егер 18 жастан асқан баласы бар аналарды қоссақ, миллионға жуықтауымыз мүмкін.
Бүгінде жалғызбасты аналардың қолында 300 мыңға жуық бала өсіп келеді.
Бұл – бейбіт ел үшін аса ауыр жағдай. Мұндай көрсеткіш тек соғыс болып жатқан мемлекеттерде кездесетін қасіретке ұқсайды.
Балалардың тағдыры
Ата-ананың ажырасуы – ең алдымен балаға ауыр соққы.
Әке-шешесінің кесірінен тірідей жетім қалған сәбидің психологиясы сәби күнінен бұзылады.
Елімізде миллионға жуық бала әкесіз өсіп келеді. Бұл – ұлттың болашағына төнген үлкен қауіп.
Ажырасудың себептері
Ажырасуға біржақты ер немесе әйел кінәлі емес.
Бұл – қоғам болып бәріміздің жауапкершілігіміз.
Өкінішке қарай, қазір үкімет салдарымен күресіп жүр, ал негізгі себептері терең зерттелмей отыр.
Сондықтан:
Сізден арнайы ғылыми-зерттеу комиссиясын құруды,
Жас отбасылардың ажырасуына әсер ететін басты себептерді анықтап, соларды жоюға бағытталған нақты шараларды қолға алуды сұраймыз.
Мектептен бастап «Шаңырақты сақтау» сабағы енгізілсін.
Шаңырақ қорғау жылы
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Жастардың шаңырағы шайқалмауы үшін мемлекет тарапынан кешенді саясат қажет.
Қазір ажырасу процесі тым жеңілдетіліп жіберілді – жастар ашумен онлайн түрде де некесін бұза салатын жағдайға жетті.
Сонымен бірге соңғы жылдары ажырасқан аналарға түрлі жеңілдіктер қарастырылып отыр. Кейбір жастар осы жеңілдіктер үшін де отбасының қадірін аяқасты етіп отыр.
Осыған орай, Сізден:
2026 жылды «Шаңырақ қорғау жылы» деп жариялауды,
Жас отбасыларды қолдайтын кешенді мемлекеттік бағдарлама қабылдауды сұраймыз.
Ақ неке – қасиетті ұғым. Оны ойынға айналдыруға жол беруге болмайды.
Әрбір шаңырақты қорғау – Тәуелсіздікті сақтау деген сөз.
Ұсыныс – бізден, нақты шешім – Сізден болсын, Президент мырза!
Құрметпен,
Жәнібек Сүйеуұлы Қожық,
Маңғыстау облысы, Онды ауылы
Abai.kz