Дүйсенбі, 15 Қыркүйек 2025
Ақмылтық 262 0 пікір 15 Қыркүйек, 2025 сағат 12:25

Аралас мектептерден қалай құтылу керек?

Сурет: qazdauiri.kz сайтынан алынды.

Қазіргі күндері Қазақстанның білім жүйесінде өзекті проблемалардың бірі – аралас мектептердің көптеп кездесуі.

Әсіресе қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру, ұлттық болмысты сақтау, жас ұрпақты рухани-мәдени тұрғыдан дұрыс қалыптастыру тұрғысында, аралас мектептердің орны мен рөлі терең талдауды қажет етеді. Әрине, бұл мақаламызды құрметті Президенттен бастап, министрлікте жүргендерде оқыса екен дейміз.

Аралас мектеп – бір ғимаратта қазақ және орыс тілінде (кейде басқа да тілдерде) қатар білім ұсынатын орта мектеп. Бұл мектептерде оқушылар бір мектеп ауласында жүргенімен, әртүрлі тілде, кейде мүлдем өзге білім мазмұнында білім алады. Екі тілдік орта тек оқу процесінде ғана емес, балалардың тілдік, ұлттық, мәдени санасының қалыптасуында да айтарлықтай ықпал етеді.

Аралас мектептердің бір қарағанда ыңғайлы, баршаға ортақ жағдай жасалған білім ордасы секілді көрінгенімен, оның теріс жақтары өте көп. Енді осы зардаптарға тоқталып өтейік:                            

Аралас мектептерде оқитын қазақ балалары жиі жағдайда орыс тіліне бейімделіп кетеді. Себебі: орыс сыныптарының материалдық-техникалық базасы жақсырақ болуы мүмкін.

Кей пәндер орыс тілінде ғана оқытылады.

Мұғалімдердің дені орысша сөйлейді немесе орыс тілді педагогтер басым.

Балалар өзара араласқанда жиі орыс тілін қолданады.

Бұл жағдай қазақ баласының ана тілінен алыстап, тілдік жұтылуға ұшырауына себеп болады. Тілімізді жоғалту – ұлттық болмыстан айрылу деген сөз.

Аралас мектептерде ұлттық құндылықтарға баса назар аударылмайды. Мектеп ішіндегі ортада қазақы дәстүр, тәрбие, салт-сана толық дәріптелмейді. Мұндай жағдайда оқушы өзінің кім екенін, ұлтының ерекшелігін түсіне алмай қалады. Оның орнына өзге ұлттың дүниетанымына, мәдениетіне бейімделіп кетеді.

Аралас мектептерде орыс сыныптарының саны көп, қазақ сыныптары шеткері қалып қояды. Мұндай мектепте қазақ тіліне деген сұраныс төмендеп, мемлекеттік тіл мәртебесі іс жүзінде ескерусіз қалады. Оқу үрдісінде мұғалімдердің де көбі қазақ тілін қолданбауы мүмкін. Бұл – Конституциямен бекітілген мемлекеттік тіл саясатына қайшы келеді.

Мектепте бір аулада жүріп, екі түрлі сыныпта, екі тілде оқыған оқушылар арасында тендік болмайды. Бұл – қоғамда тілдік, ұлттық жіктелудің бастамасы. Көптеген зерттеулер көрсеткендей, мұндай ортадан шыққан балалар кейін қоғамда да бөлінушілікке ұшырайды.

Аралас мектептерде көбінесе орыс сыныптарына ерекшелік беріледі. Жаңа технологиялар, оқу жабдықтары алдымен сол сыныптарға келеді. Мұғалімдердің де тәжірибелі бөлігі сол жаққа бөлінеді. Ал қазақ сыныптары тасада қалып, білім сапасы төмендеуі мүмкін. Бұл жағдай тілдік теңсіздік туындатып, қоғамдағы білім жүйесінің әділдігіне кері әсер етеді.

Аралас мектептердің пайда болуы мен кең таралуына бірнеше фактор әсер етті: Кеңес Одағы кезеңіндегі орыстандыру саясаты салдары; Ата-аналардың кейбірі орыс тілінде оқыту баланың келешегіне пайдалы деп қате түсінуі; Қазақ тілінің ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде қолданылмауы, ресми және іскерлік салада екінші қатарда тұруы; Мемлекеттік тіл саясатының әлсіздігі, нақты заңнамалық тетік болмауы; Оқу орындарының инфрақұрылымының жетілмеуі, қазақ сыныптарына жағдайдың жасалмауы.

Бұл проблемадан шығудың жолдары бар. Ол үшін нақты саяси, әлеуметтік, мәдени және құқықтық шешімдер қажет. Төменде бірнеше ұсыныстар берілген: Аралас мектептерді кезең-кезеңімен толық қазақ тілді мектептерге айналдыру қажет. Бұл: Мемлекеттік тілді дамытуға жол ашады; Қазақ балаларының ұлттық болмысын сақтауға сеп болады; Қоғамдағы тілдік бірлік пен ынтымақты нығайтады.

Көп ата-ана аралас мектепке бала әкелуді "ыңғайлы" немесе "болашағы жарқын болады" деп қате пайымдайды. Сол себепті: БАҚ арқылы, әлеуметтік желілерде, жиналыстар мен ашық сабақтарда ата-аналарға қазақ тілінің болашағы мен маңызын түсіндіру қажет. мемлекеттік тілде сапалы білім алуға болатындығын дәлелдеу маңызды.

Қазақ мектебі – тек тіл емес, білім мен тәрбие ордасы ретінде дамуы керек. Ол үшін: жаңа оқу құралдары мен технологиялармен жабдықтау; жоғары деңгейлі мамандарды тарту; олимпиада, ғылыми жоба, спорт саласындағы жетістіктерді насихаттау қажет.

Қазақстанда мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Бұл тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде дәлелденуі керек. Ол үшін: аралас мектептерді кезең-кезеңмен жабу немесе қайта бейімдеу туралы заң қабылдау; қазақ тілді мектептерге арнайы қолдау бағдарламаларын іске қосу; жаңа мектеп салғанда тек қазақ тілді мектеп ашу шартын енгізу қажет.

Кейбір мұғалімдер қазақ тілін толық меңгермегендіктен, орыс тілінде сабақ өтеді. Бұл жағдай қазақ сыныптарында да жиі кездеседі. Сондықтан:

Мұғалімдерді қазақ тіліне оқыту, қайта даярлау курстары ұйымдастырылуы керек;

Қазақ тілінде еркін сөйлейтін мамандарға бонус, үстемақы берілуі керек;

ЖОО-да болашақ мұғалімдерге мемлекеттік тілде сапалы білім беру қажет.

Аралас мектеп – бүгінгі Қазақстан үшін тілдік, ұлттық, мәдени қауіптың мекені. Ол бірлікке емес жіктелуге, тұтастықтан гөрі бөлінуге алып келетін фактор. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі орны артып, ұлт болып ұйысуымыз үшін аралас мектептерден біртіндеп арылуымыз керек.

Бұл жол – күрделі, бірақ ұлт болашағы үшін маңызды. Тіл – ұлттың жаны. Мектеп – сол тіл мен ұлттың ең басты тірегі. Демек, болашағы мықты ұлт – ана тілінде білім алған ұрпақтың қолында.

Бейсенғазы Ұлықбек,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

0 пікір