Сейсенбі, 16 Қыркүйек 2025
Күбіртке 125 0 пікір 16 Қыркүйек, 2025 сағат 14:54

Ұсыныс: Жолда дрондарды көбейту керек!

Сурет: serke.org сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасы

Ішкі істер министрі

Ержан Сапарбекұлы Сәденов мырзаға

ҰСЫНЫС ХАТ


Құрметті министр мырза!

Елімізде жол-көлік апаттарының азаймай отырғаны бәрімізді алаңдатады.

Жүргізушілердің жылдамдықты шамадан тыс асыруы, телефон пайдаланып жолға көңіл бөлмеуі, кейбірінің ішімдік ішіп рөлге отыруы салдарынан көптеген жазатайым жағдайлар орын алуда.

Қазақстанда жыл сайын шамамен 2 мыңнан аса адам жол апатынан қайтыс болады.

Соңғы бір аптаның ішінде елімізде 25 азамат қаза тапты. Әрқайсымыз жолда жүреміз, бірақ алдымызда не күтіп тұрғаны белгісіз.

Өкінішке қарай, жол-патрульдік полиция жасақтарын көбейту апаттарды азайтуға айтарлықтай әсер еткен жоқ.

Жүргізушілер тек патрульдік көлікті көрген сәтте ғана баяулап, кейін қайтадан жылдамдықты арттырады.

Бұл жағдай әсіресе такси жүргізушілеріне тән.

Олар 180–200 км/сағ жылдамдықпен жарысып, салонда 7–10 жолаушыны тасымалдайды. Мұндай жағдайда апаттың болмауы мүмкін емес.

Осыған байланысты Сізге төмендегі ұсыныстарымды жеткіземін:

1. Республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда дрондарды қолдануды жолға қою;

2. Дрондар жасырын ұшып, жүргізушілерге алдын ала ескертілмейтін болуы тиіс;

3. Жол ережесін бұзу фактілерін тіркеу және айыппұл рәсімдеу процестерін жасанды интеллект арқылы автоматтандыру;

4. Полиция қызметкерлерінің тікелей араласуын азайту арқылы жемқорлық тәуекелдерін төмендету;

5. Жолда жүрген мыңдаған полиция қызметкерлері мен олардың көліктерін басқа салаларға тиімді пайдалануға мүмкіндік туады;

6. Мемлекеттің миллиардтаған қаржысы үнемделеді.

Бұл шаралар енгізілген жағдайда жүргізушілер жол ережесін тұрақты сақтауға мәжбүр болады.

«Төбеден дрон көріп тұр, бәрін жазып тұр» деген ой олардың жолдағы жауапкершілігін арттырады.

Нәтижесінде жол апаттары азайып, талай адамның өмірі сақталады деп сенемін.

Құрметпен,

Жәнібек Сүйеуұлы Қожық

Маңғыстау облысы,

Онды ауылы

Abai.kz

0 пікір