Сейсенбі, 16 Қыркүйек 2025
Өзекті 271 0 пікір 16 Қыркүйек, 2025 сағат 17:54

Мәжілістің Махамбеті мен Исатайына хат

Сурет: АҮМұқибектің әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Қазақстан Республикасы

Парламенті Мәжілісінің

депутаттары Е.Т. Жаңбыршин мен С.Б. Мусабаев мырзаға!

Құрметті Еділ Терекбайұлы!

Құрметті Самат Базарбайұлы!

Сіздер қасиетті Маңғыстау облысының тумасысыздар. Бүкіл Алаш жұртының айбыны болған кешегі Махамбет пен Исатайдың ұрпағысыздар. Қазір Мәжілістің ең білікті, ең белсенді және ең ықпалды депутатысыздар. Мәжіліске келіп түскен әрбір Заң жобасына ыждағатпен қарап, оған өз жандарыңыздан өзгертулер мен толықтыру енгізуге бар күштеріңізді салып келе жатқандарыңызды да және өздеріңіз көтеріп шыққан сол өзгерістер мен толықтыруларды Заң жобасына енгізуге келгенде, алдыларыңызға жан салмайтындарыңызды да мен жақсы білемін. Жақсы біліп қана қоймай, өз ризашылығымды үнемі айтып та, жазып келемін. Тіпті, Сіздерді Мәжілістің бүгінгі Махамбеті мен Исатайы деп бағалағанымды да жақсы білесіздер.

Қазақта «Қанына тартпағанның қары сынсын!» деген ҚАРҒЫС бар.

Құдай ТІЛ мен КӨЗДЕН сақтасын, ҚАНЫНА ТАРТҚАН ЖІГІТ болса, Сіздердей-ақ болсын!

Бүгін сол Мәжілістің Махамбеті мен Исатайы болған Сіздерге арнайы хат жазып, бір мәселенің байыбын сұрап, жауабын Өз қолдарыңыздан алғым келді.

Өздеріңіз де хабардар боларсыздар, өткен жылдан бері мен Қазақстанның УЗУРПАЦИЯЛАНҒАН мемлекет екенін, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік тағдыры сол Тимур Құлыбаев пен Кәрім Мәсімов УЗУРПАЦИЯЛАП алған жүйеге дөп келіп қалған президент екенін айтып, сол УЗУРПАЦИЯҒА апарып соқтырған «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңының күшін жою туралы тынбай мәселе көтеріп келемін.

Осы мәселеге қатысты Заңдарды ақтарып отырып, бір нормаға көзім түсті.

Ол – «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодекстің 28-бабы.

Аталған баптың бірінші тармағында «Көмірсутектер, уран өндіру және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдар Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және жер қойнауын пайдаланушылармен ерікті негізде жасасатын және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған келісімдер кәсіпкерлікті ынталандыру туралы келісім деп түсініледі»,-деп жазылыпты.

Көмірсутектер, уран өндіру және пайдалы қатты қазбалар саласындағы уәкілетті органдар деп отырғаны – қазіргі ҚР Энергетика министрлігі, ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті және Индустрия және құрылыс министрлігінің Геология комитеті болса керек.

Демек, бұл – Еліміздің Ұлттық байлығы болып саналатын Көмірсутектер, уран өндіру және пайдалы қатты қазбаларға қатысты келісімді осы саладағы уәкілетті органдар тек Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен ғана жасайды деген сөз!

Былайша айтқанда, осы норма арқылы Еліміздің Ұлттық байлығы Тимур Құлыбаев басында тұрған аз ғана топтың басқаруына, еншісіне өтіп кетккен.

Бір қызығы бұл норма 2021 жылы 15 қарашада қабылданып, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа еніпті.

Сөйтіп, Еліміздің Көмірсутектер, уран өндіру және пайдалы қатты қазбаларға қатысты барлық шаруа қазіргі таңда осы норманың аясында жүзеге асуда...

Құрметті Еділ Терекбайұлы!

Құрметті Самат Базарбайұлы!

Бұл хатты арнайы Сіздердің аттарыңызға жазып отырған себебім, осы норманы Мәжілістің VII шақырылымы мақұлдапты.

Дәл сол кезде Сіздер сол VII шақырылымның да депутаты болатынсыздар.

Әрине, бұл норманы тек Сіз екеуіңіз ғана мақұлдаған жоқсыздар. Алдымен арнайы Жұмыс тобында талқыланып, соңында Мәжілістің жалпы отырысында бекітілгені белгілі.

Демек, көмірсутектер, уран өндіру және пайдалы қатты қазбалар сынды Еліміздің Ұлттық, Стратегиялық байлығы түгелімен «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы» деп аталатын коммерциялық емес ұйымның, нақтылап айтсам, Тимур Құлыбаев басында тұрған азғантай топтың қолына өтіп, осы салаға жауапты уәкілетті органдар «Қуыршаққа» айналып жатқанда, Мәжілістің Махамбеті мен Исатайы тектес менің Еділ Жаңбыршин мен Самат Мусабаев ағам қандай күйде болды екен?!

Аталары жаудан қайтпаған жігіттер еді ғой, екі ағам бұл нормаға қарсылық танытты ма екен, әлде көппен бірге кновка басып, қолдай салды ма екен?! Бұл – бір!

Екінші, Осы норманы қабылдап жатқан сәтте Тимур Құлыбаевтың кесірінен 2011 жылы оққа ұшқан, қан жоса болып сабалған жаңаөзендік жерлестері туралы екі ағам бір сәт ойланды ма екен?!

Үшінші, Ескі жүйе құлады. Енді екі ағам өздері қабылдаған осы нормаға «Ықпалды Парламенттің» Мәжілісінің шыңында тұрып, «Қаңтар» қырғынынан кейін құрылып жатқан «Жаңа, Әділетті, Таза Қазақстанның» көзімен қайта бір бұрылып қарап көрді ме екен?!!

Көрсе, не ойлады екен?!!

Төртінші, Бұл нормадан құтылудың бір-ақ жолы бар, ол — «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңының күшін жою!

Егер, мен ұсыныс жасасам, екі ағамның «Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңның күшін жою туралы Мәжіліс төрінен мәселе көтеруге ДӘРМЕНДЕРІ бар ма екен?!!

Құрметті Еділ Терекбайұлы!

Құрметті Самат Базарбайұлы!

Аттарыңызға арнайы хат жазып, менің Сіздерден білейін дегенім – осы еді.

Хат eOtinish арқылы жолданды.

Өздеріңізден НАҚТЫ, ТҰШЫМДЫ және НӘТИЖЕЛІ жауап күтемін!

Ескерту: қосымша екі мақала тіркелді.

Зор құрметпен,

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

0 пікір