Дүйсенбі, 22 Қыркүйек 2025
Маңызды 161 0 пікір 22 Қыркүйек, 2025 сағат 14:12

Қазақта құл деген болған ба?

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

Қамажан Жұмақасова: «Қазақтың дәстүрінде құл ұстау дәстүрі болғаны шын»,- дейді Дүйсенәлі Әлімақын. Сіздің осыған алып-қосарыңыз бар ма, Жамбыл Артыкбаев мырза?

***

Жамбыл Артықбаев:

Мен «Жеті жарғы»аталатын кітабымда «Құлдар мен күңдерге» қатысты төмендегі ережелерді келтірген екенмін:

1. Құлдар - күңдер не тұтқынға түсіп, не сатылып алынған адамдар. Олардың қазақ болмауы -басты шарт.

2. Қазақтардың сунит - мұсылмандарды құл-күңге айналдыруға хақысы жоқ.

3. Құл (күң) - куәлікке (айғаққа) тартылмайды.

4. Құл (күң) - өз иесінің үстінен билер алдына шағым жасауға хақысы жоқ.

5. Құл (күң) - өз жасаған қылмысы үшін жауап бермейді, оның жасаған қылмысына иесі жауап береді.

6. Құлды (күңді) жазалау мөлшерін иесі шешеді (құлақ кесті құл). Құлдың (күң) құны құдай алдында сұраусыз, иесі өлтірсе де, оған ешкім кінә арта алмайды.

7. Иесінің (бай, би, батыр, сұлтан, хан) құл(күңді) айыпқа (құл бастаған тоғыз), жасауға (күң бастаған жасау - түйенің басын жетелеу), бәйгеге тігуге т.б. шексіз мүмкіндігі бар.

8. Иесі азат етемін десе құл мен күңді өз еркінде (азаткер құл).

9. Егер бір қазақ өзге қазақтың не жүйрік тазысын, не қыран-бүркітін кездейсоқ өлтірсе, оның құнына құл-күң ұсынуға ерікті.

10. Азаткер құл еркін қазақ руынан қыз алып, сол руға сіңсе, оған ру және оның биі жауапты.

11. Азаттық алған құлдың баласының еркін қазақ азаматы хақы бар.

12. Егер қара қазақтың өкілі құлды (күңді) азат етіп және асырап алам десе, ол адамға ешқандай шектеу, айыптау жоқ» (Артықбаев Ж.О. «Жеті жарғы» - дәстүрлі мемлекет және құқық ескерткіші: зерттелуі, деректер, тарихы, мәтіні. Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2012)

***

Қазақ ішінде құлдар болды, бірақ саны көп емес, көбінесе өзге халықтардың, бөтен діндердің өкілдері. Ғылымда «патриархалды құлдық» дейді, яғни классикалық құлдық емес. Осы жақында ФБ-та Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күрестің қаһармандары Сейтен, Тайжан Азынабевтар туралы жаздым, орысқа ұстап берген өздерінің Тілеген деген құлы. ХІХ ғасыр ортасында (1859 ж.) түгел азат етілді. Бірақ солардың ұрпақтары кейін көресіні көрсетті, сандары өсті. Шет елдік зерттеушілер мұны түсінбеген, не оған жалған ақпарат берген. Қазақ шет ел адамына ешқашан шындықты айтпайды деп Радлов, Шоқан, Герн т.б. жазады. Сол себепті шет елдіктердің қазақ туралы этнографиялық жазбаларына құлай сенуге болмайды.

Проф. Жамбыл Артықбаев

Abai.kz

0 пікір