Дүйсенбі, 22 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 97 0 пікір 22 Қыркүйек, 2025 сағат 14:38

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" серіктестігіне 1,42 млрд теңге айыппұл салынды

Сурет: Вагон-Вогзал сайтынан алынды

Тергеп-тексеруге ҚР Ұлттық экспедиторлар қауымдастығының, Қырғыз Республикасы Экспедиторлар қауымдастығының және бірқатар көлік-экспедиторлық компанияларының өтініштері негіз болған.    

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Астана қаласындағы департаменті "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС-не қатысты бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері бойынша тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеп-тексеру нәтижесінде "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС жүк тасымалдау жоспарларын келісу барысында аффилиирленген компанияларға – "KTZ Express" АҚ және "КедентрансСервис" АҚ-ына артықшылық беріп, жеке экспедиторлық ұйымдардың қызметіне кедергілер жасағаны анықталды.

Аталған әрекеттер "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС тарапынан монополиялық жағдайды теріс пайдалану ретінде бағаланды.

Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 22 тамыздағы шешімімен "ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 159-бабы 3-1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне 1,42 млрд теңге айыппұл төлеуге міндеттелді.

2025 жылғы 15 қыркүйектегі Астана қалалық сотының қаулысымен бірінші сатыдағы соттың шешімі өзгеріссіз қалдырылды.

Abai.kz

 

0 пікір