Сәрсенбі, 24 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 775 0 пікір 24 Қыркүйек, 2025 сағат 20:08

Нартай Аралбайұлы Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлына сауал жолдады

Мәжіліс депутаты Сәрсенғалиев Нартай Аралбайұлы Мәжілістің пленарлық отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Абайұлы Бектеновке  депутаттық сауал жолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еңбек адамының мәртебесін көтеру мен еңбексүйгіштік құндылықтарын дәріптеуді мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығының бірі ретінде айқындап берді. Қарапайым еңбек адамдары үшін жаңа мемлекеттік марапаттар енгізіліп, 2025 жыл Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Нәтижесінде еңбек адамына қолдау көрсетудің арнаулы жобалары жүзеге асырылуда.

Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстың негізі азаматтарды ерте жастан еңбекке баулу, мектеп қабырғасынан бастап еңбек машығын қалыптастыру. Аталған бастама әлемдік тәжірибеге толық сәйкес келеді. Мәселен: Жапония, Корея, Қытай елдерінде дәл осындай тәсілдер арқылы жастардың еңбекке деген құрметі мен жауапкершілігі қалыптасады.

Үйірмеден де, еңбектен де тыс қалған жасөспірімдер уақытын тек гаджетке арнап, көше кезіп, түрлі қауіп-қатерге тап болады.
Бұл – экономика мәселесі ғана емес, ең алдымен құндылықтар қағидаты. Қазіргі таңда елімізде 16 жастан асқан 2 миллионнан астам жас өрен бар.

Олардың ішінде еңбек еткісі келетіндері аз емес, бірақ жұмыс берушілердің  есігі жабық. Иә, Еңбек кодексі жасөспірімдермен
16 жастан бастап, ал ата-анасының рұқсатымен 14 жастан бастап еңбек шартын жасасуға мүмкіндік береді. Бірақ іс жүзінде
бұл норма толық жұмыс істемейді. Көптеген жұмыс берушілер оларда қызметке алудан, тіпті практикаға қабылдаудан тартынады.

Неге бұлай болды, енді не істеу керек?

Бірінші мәселе: Сақтандыру.

Қолданыстағы міндетті сақтандыру жүйесі тек кәмелетке толғандарға ғана қолданылады. Ал жасөспірімдер құқықтық қорғансыз қалады. Соның салдарынан олар көбіне «көлеңкелі» жұмыспен айналысады: курьер, даяшы, жеткізуші болып еңбек етеді. Бірақ ешқандай еңбек құқығы қорғалмайды. Сондықтан жұмыс істейтін жасөспірімдерге арналған жаңа сақтандыру класы енгізілуге тиіс. Осы мәселе бойынша арнайы  заңға енгізілетін түзетулерді   дайындадық.

Екінші мәселе: Бақылау.

Қазір жасөспірім қызмет ететін кәсіпорын автоматты түрде тексеріске ұрынады және қосымша әкімшілік кедергілерге тап болады. Көптеген кәсіпорындар санкциядан қауіптеніп, оларды қабылдамайды. Мысалы, дуальды оқыту жүйесіндегі колледж студенттері практикаға шыға алмаған – кәсіпорын
16 жастағыларды қабылдаудан бас тартқан. Сондықтан бақылау алгоритмін қайта қарау қажет: ол қорқыту емес, қолдау тетігі болуы керек.

Үшінші мәселе: Жұмыс берушілерді ынталандыру.

Кәмелетке толмаған бірақ еңбек еткісі келетін жастарды қолдау үшін жұмыс берушілерді ынталандыру қажет. Мысалы, жасөспірімдердің жалақысына кеткен шығындарды салықтық шегерімге жатқызу немесе дуальды оқыту арқылы жұмысқа қабылдағандарды қолдау тетіктерін қарастыру керек.

Төртінші мәселе: Өз-өзін жұмыспен қамтыған жастар.

Қазірдің өзінде репетитор, кеңесші, бағдарламашы, курьер ретінде табысты еңбек етіп жүрген жасөспірімдер бар. Олар үшін «Өз-өзін жұмыспен қамтыған жастар» арнаулы мәртебесін енгізу қажет. Еңбектерін есептеліп, мемлекет тарапынан әдістемелік қолдау көрсетілуге тиіс. Мектеп қабырғасынан бастап жинақталған ресми еңбек өтілі үшін (мысалы, 100 сағаттан бастап) колледждер мен ЖОО-на түсу кезінде қосымша балл беру секілді тетіктерді қарастыру керек. Мұндай тәсіл жасөспірімнің еңбегін қарапайым табыстан стратегиялық инвестицияға айналдырады.

Бесінші. «Jas Enbek» цифрлық платформасы.

Жұмысқа орналасуға арналған бір терезе қағидаты: жасөспірімдер – бос жұмыс орындарын көреді, еңбек құқығы бойынша онлайн-курстан өтеді, цифрлық еңбек кітапшасын жүргізеді. Жұмыс берушілер – келісімшартты бірнеше қадам бойынша рәсімдейді. Мемлекеттік органдар – деректерді автоматты түрде жинап, артық тексеріссіз заңбұзушылықтарды көреді.

Алтыншы. Мотивация және бедел.

«Өңірдің үздік жас қызметкері» байқауын енгізу керек. Жеңімпаздарға әкімдіктер тарапынан берілетін жыл сайынғы сыйлықтар мен марапаттар еңбексүйгіш жасөспірімдерді ынталандыру құралына айналады.

Аталған шаралар еңбек етіп жүрген жасөспірімдердің қауіпсіздін және  еңбек құндылықтарын нығайта түсуге жол ашады.

 

«AMANAT» партиясы Фракциясының мүшесі, депутат                                                                      

Abai.kz

 

 

0 пікір