Қазақстанда «Мухаммад» есімі рекорд жасады ма?

Әлеуметтік желіде Қазақстанда жаңа туылған балаларға жиі қойылатын есімдер картасы жасалыпты. Оны кім жасаған, қандай статистикалық дерекөзге сүйенген, бұл карта қаншалықты шындыққа сай келеді деген сұрақтар оқырмандарды толғандырды.
Егер, картаға қарасақ, шынында да Мухаммад аты Қазақстанның жеті облысында: Алматы, Маңғыстау, Жезқазған, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл облыстарында бірінші орында екен. Ал қалған облыстар Әмір, Хамза (Атырау, Павлодар), Алан (Қостанай, Ақмола), Айсұлтан (Қызылорда, Өскемен), Александр (Солтүстік Қазақстан), Алдияр (Жетісу) сияқты аттарды қалайды екен...
Бұл карта бізге нені көрсетіп тұр?
Бұл карта ‑ егер мұндағы деректер шындыққа сай болса ‑ бізге Қазақстанның діни фанатизмге бой ұрып, өзінің балаға ұлттық ат қою дәстүрінен, оның тарихынан бас тартып, араб және өзге елдердің мәдени‑рухани ықпалына ұшырап жатқанынан белгі береді...
Бұл өздігінен пайда болған құбылыс емес: соңғы жылдары елімізде «сақалы бар мұрты жоқ», білімі күмәнді, өздерін еш қысылып‑қымтырылмай «ұстазбыз» деп жариялаған діни уағызшылар тобы пайда болып, олар тик‑ток, фейсбук және т.т. әлемжелілерді тиімді пайдалана отырып, өте агрессивті діни уағыздарын жүргізді. Нәтижесінде, дін адамдары бұрынғы жаназа рәсімнен бөлек, жаңа туған балаларға «ат қою», «қырқынан шығару» және «тұсау кесер» сияқты ұлттық рәсімдерге белсене қатыса бастады.
Соның нәтижесінде, дін уағызы күшті Оңтүстік пен Орталық Қазақстанда, Маңғыстау өңірінде молдалардың «азан шақырып, ат қоюы» жиі көрініс тауып отырғаны, олар пайғамбардың Мухаммад атын қазақ балаларына жаппай қоя бастағаны осы картадан белгілі болды.
Бұл есімнің ‑ мейлі пайғамбар есімі болсын – халқымыздың болашағы мен еліміздің Ұлттық мемлекеттілігі (Унитарлы мемлекеті) үшін аса қауіпті құбылысқа айналып бара жатқаны – ұлт зиялыларын ойландыруы тиіс деп санаймыз.
Оның қаупі қай жақтан?
Қазақта «Жау жоқ деме жар астында» деген сөзі бар... Осы сөз бүгінде елімізге «таза ислам» атымен анталап енген діни экспансиямен бір мезетте өзекті бола түсті. Неге десеңіз, қазақ халқы осы діни экспансия нәтижесінде өзінің ұлттық болмысын жоғалтып, әлемдегі артта қалған Ауғанстан және т.т. сияқты «ислам мемлекеттері» қатарын толықтыруға бет алатын болады.
Сонымен қатар, мысалы, Ресей империясының отаршылық саясаты арқасында өздерінің ұлттық кісі есімдерін жоғалтып, «Иван Ивановичке», «Петр Петровичке» айналған сібір және солтүстік халықтарының тағдыры біздің басымызға төніп келе жатыр деуге болады...
Егер, қалып осы бағытта жалғаса берсе, біз де болашақта «Мухаммад Мухаммадұлы» деген атпен тарихтағы «Қазақ Елі» деген өз көшімізден ажырайтын сыңайлымыз...
Қазақтың төл есімдерінің мағынасы қандай?
Қазақ халқы арғы тегі Ғұн (Күн), Сақ, Оғыз, Найман, Үйсін, Дулы, Қыпшақ, Түркі (Төрк) және т.т. неше алуан атпен аталса да, уақыт өте бүгінгі тәуелсіз Түркі мемлекеттерін құрды. Бүгінде олар Тұран атымен өзара бірлескен қауымдастық құруға әрекеттеніп жатыр ‑ қазіргі заманғы тарихи жағдай Ұлы Тұран Бірлестігін құрылуына өзі итермелеуде...
Енді, осы түбі мен тамыры бір халықтардың мың‑мың жылдық тарихындағы кісі аттарына зер салсақ, онда біз арғы аталарымыздың есімдері жаппай белгілі бір мағынаға ие екендігін байқаймыз:
- Табиғатпен етене өмір сүрген халықтың табиғи құбылыстарды кісі атына алуы: мысалы, Жаңбырбай (Жауынбай) – ырысы мол болсын дегені; Боранбай – боран сияқты дүлей күш болсын дегені...
- Өсімдік әлеміне қатысты кісі аттары: Изенбай, Өрікбай, Алмабек...;
- Жануар әлеміне қатысты кісі аттары: Жылқыбай, Итбай, Қозыбек...Арыстан, Жолбарыс, Күшік...;
- Салт‑дәстүрге қатысты кісі аттары: Ырымбек, Жорабек...;
- Тілек ‑ ырымдау аттары: Ырысбек (Рысбек), Бақытбек, Жайдары, Білге (білгіш, білімді), Ұлбосын, Ұлбике – ұл берсін дегені...
- Жаратушыға қатысты аттар: Тәңірберген, Күлтегін, Тоныкөк
(Мұнда «Тоныкөк» есіміне тоқтала кетейін. Біз Тәңірге сиынған халық едік. Тәңір мекені Көк Аспан (Көк Тәңірі). Ендеше, «Тоны көк» дегеніміз «Тәңірдің көк тонына оранған», яғни, тура мағынасында – Тәңірберген болып шығады.).
Міне, аздаған шолудың өзінен, біз қазақтың балаға ат қою рәсімі терең дүниетанымдық мағынаға ие екенін көреміз.
Бұл дәстүр күні бүгінге дейін жалғасып келе жатыр... Мысалы, осы жазда біраз уақыт елде, Жамбыл облысында болып қайттық. Сол кезде, жұрттың жаңа туған нәрестелерге жаппай мұсылмандық ат қойып жатқнын байқамадық. Керісінше, қазіргі жас ата‑аналардың өз ұрпағына таза қазақы есім іздеп жатқанын көбірек көрдік.
Сондықтан, бүгінде балаға есім беруге, оны қырқынан шығаруға, бесікке бөлеуге, тұсау кесуге молдаларды шақыру дұрыс емес деп санаймыз. Себебі, олар «дін жолы осылай» деп, біздің ежелден ат қою дәстүрімізді арабтандырып, қазақы бейнемізді жоюға бұруға қызмет етуде.
Біз – ислам келгенге дейін де «Бір Құдайын тапқан» текті халықтың ұрпағымыз! Табиғатпен етене үйлесімді өмір сүруді меңгерген, өзін Ұлы табиғаттың, шексіз Космостың бір бөлшегі санаған саналы жұрт ұрпағымыз.
Кезінде әлем өмір сүру қалыбын бізден үйренген. Ендеше, біздің ұрпақ та жаңа тарихқа өз атымызбен, өз есімдерімізбен енуіміз керек.
Әбдірашит Бәкірұлы,
философ, «Қазақ әлемі» РҚБ вице‑президенті
(Ескерту: автордың аты мұсылмандықпен байланысты болуына автордың еш қатысы жоқ)
Abai.kz