Астана ауыстыру: Жапаров неге жанталасуда?

Қырғызстан мерзімінен бұрын парламенттік сайлау өткізбекші. Не себептен? Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.
Қырғызстан Жогорку Кенеші бір топ депутаттары Кенештің өзін‑өзі тарқату туралы бастама көтеріп, өзін-өзі таратуға шешім қабылдады.
Биылғы қыркүйек айында Жогорку Кенеш Қырғызстанның отүстігіндегі Жалал‑Абад қаласын «Манас қаласы» деп атау туралы заң жобасын үш оқылымда қабылдады.
Осы заңмен бір мезетте, қырғыздың белгілі саясаткері Феликс Кулов із суытпай Манас қаласын Қырғызстанның жаңа астанасына айналдыру керек деген идеяны қоғамға «лақтырды»...
Осы үш оқиғаның арасында қандай да бір байланыс бар ма, болуы мүмкін бе?
Бұл «сценарий» (егер солай айту мүмкін болса) қазақстандықтарға біршама таныс. Қазақстанда 1994 жылы Жоғарғы Кеңес астананы көшіру туралы шешім қабылдап, 1997 жылы астана көшірілді. Әрине, қазір ол туралы оң пікірлер көп айтылады. Ол да дұрыс. Бірақ, астананы Целиноградқа көшіру арқылы Қазақстанда ескі саяси элитаның билікті узурпациялауы жүзеге асқаны белгілі. Оның зардабы өлшеусіз.
Ал, Алматы саяси белсенділігі жоғары қала болғандықтан, әрі, мұнда 1986 жылғы тәуелсіздік көтерілісі орын алғандықтан ‑ Алматы узурпацияға жол бермес еді...
Енді Қырғызстанға оралайық:
Біріншіден, келесі жылы бұл елде президенттік сайлау өтпекші. Ал, Бішкек Қырғыз Елінің «революциялық астанасы» екені тарихи тұрғыда дәлелденген айғақ – бұл қала бірнеше президентті тақтан тайдырған!
Екіншіден, қазіргі Жогорку Кенеш ел аумағында орын алып отырған саяси шиеленістер: халықтың талап-тілектері, оппозицияның дауысы, үкімет пен парламент арасында қоғамдық көңіл толмаушылық жағдайында билікке қаншалықты сенімді деген сұрақтың жалғасы емес пе екен?
Үшіншіден, тарихы терең Жалал‑Абад атын Манасқа ауыстыру – халықтың Манас батырына деген құрметін белгілі бір мақсатқа пайдалану емес пе деген сұрақ та көлеңкеден қылаң береді...
Сонымен, өзін таратқан Жогорку Кенеш процедуралары Конституция мен заңдарға сәйкес өтеді дейді. Заң қабылданғаннан кейін 40-65 күн аралығында жаңа парламенттік сайлау тағайындалуы мүмкін.
Оған мына себептер айтылуда:
• Сайлау жүйесі өзгеріп, көп мандаттық және т.б. енгізілуі парламенттің легитимдігін күшейтуді талап етеді деген пікір;
• Саяси рационализм: екі үлкен сайлау процесінің қатар жүруі саяси және әкімшілік тұрғыдан салмақ түсіруі мүмкін деп есептелуде.
Өзін өзі тарқату елдің саяси тұрақтылығына қалай әсер етеді деген сұрақ туындайды. Себебі, сайлау науқаны мен дайындығы үшін бюджет, әкімшілік ресурстар керек болады. Және, мерзімінен бұрын сайлау өткізу «халықтың наразылығын басу» емес пе?
АСТАНАНЫ КӨШІРУ МҮМКІН БЕ?
Әзірге ресми түрде астананы Жалал-Абад (Манас) қаласына көшіру туралы заң қабылданған жоқ. Тек қаланың атын өзгерту туралы заң қабылданды. Кей депутаттар мен саясаткерлер тарапынан «көшіру» бойынша ұсыныстар бар, бірақ олар талқылау деңгейінде.
Астана көшіру үлкен әкімшілік, саяси, инфрақұрылымдық, логистикалық, қаржылық ресурстарды талап етеді — парламент, басқару органдары, дипломатиялық корпус, қызмет көрсету инфрақұрылымы, көлік, байланыс, адамдардың көшуі т.б. Сондықтан мұндай өзгеріс шешілсе де, жүзеге асуы ұзақ уақытты алуы мүмкін.
БІШКЕК НЕГЕ АСТАНА БОЛА АЛМАЙДЫ?
Келітілген себептер:
Экология. Қыста Бішкек қаласын түтін басады. Ауа ластануы — PM2.5, PM10;
Желдің болмауы, рельефтік ерекшеліктер (тау) атмосфераның тазалануын қиындатады;
Су, суару, автокөлік, жол, көлік кептелісі, жанармай шығындары, тұрмыстық инфрақұрылымның кемшіліктері және т.б.;
Жер тапшылығы: қала кеңеюіне кедергілер, қоғамдық көліктің жеткіліксіздігі — мұның бәрі де тұрғындардың өмір сапасына әсер етеді;
Халықтың тығыз шоғырлануы
Қазір Бішкек ресми астана және мемлекеттік функцияларды атқарып тұр. Ендеше, жоғарыдағы аталған мәселелерде саяси астар шешуші рөл атқарады деп сеніммен айтуға болады...
Abai.kz