Сейсенбі, 30 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 158 0 пікір 30 Қыркүйек, 2025 сағат 12:57

«Ғасыр. Тұлға. Ғылым» атты дөңгелек үстел мен көрме өтеді

Сурет: egemen.kz сайтынан алынды.

2025 жылғы 30 қыркүйек күні сағат 15:00-де ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде көрнекті ғалым, антрополог, қоғам қайраткері, академик Оразақ Смағұловтың 95 жылдығына арналған «ҒАСЫР. ТҰЛҒА. ҒЫЛЫМ» атты дөңгелек үстел мен көрме өтеді.

Бұл – ұлттық ғылымға өлшеусіз үлес қосқан ғалымның өмірі мен ғылыми мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени оқиға. Іс-шараны ҚР Ұлттық музейі Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтымен, Түркі академиясымен және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен бірлесе ұйымдастырады.

«Ғасыр. Тұлға. Ғылым» атты дөңгелек үстел барысында Оразақ Смағұловтың ғылыми мұрасы, антропология мен этнология саласына қосқан үлесі жан-жақты талқыланады. Сонымен бірге жас ғалымдарды ғылымға тарту, антропология ғылымының болашағын сараптау және музей қорындағы бірегей жәдігерлер арқылы ғалымның тұлғалық келбетін ашу жоспарланған.

Доңгелек үстел аясында ұйымдастырылатын көрмеде Оразақ Смағұловтың ғылыми еңбектері, марапаттары, сирек кітаптары қойылады. Бұл жәдігерлер ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақстандық ғылым мен мәдениеттің айнасы бола отырып, келушілерге ғалымның өмір жолы, ғылыми ізденістері мен тұлғалық қырларын таныстыруға мүмкіндік береді.

Көрме жас ұрпаққа ғылым жолындағы табандылық пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісін ұсынуды, сонымен қатар ұлттық ғылымның дамуына қосылған баға жетпес еңбектерді дәріптеуді мақсат етеді.

Іс-шараға тарихшылар, археологтар, антропологтар, этнологтар,   ғылыми қор өкілдері, музей қызметкерлері, гуманитарлық ЖОО оқытушылары мен студенттері, қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері қатысады.

 «ҒАСЫР. ТҰЛҒА. ҒЫЛЫМ» дөңгелек үстелі мен көрмесі – ұлттық антропология ғылымының негізін қалаған тұлғаның еңбегін ұлықтап қана қоймай, жас ұрпаққа өнеге көрсететін тағылымды мәдени оқиға болмақ.

Өтетін орны: Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі, Ғылыми кітапхана (Астана қ., Тәуелсіздік даңғылы, 54)

БАҚ өкілдерінің назарына! Аккредитацияны nmrk.muzei@mail.ru поштасына 29 қыркүйек күні сағат 18:00-ге дейін жіберу қажет.

Abai.kz

0 пікір