Проблемалық тоғыз ЖЭО қызыл аймақтан шығарылды

JIBEK JOLY радиосының «В контексте» ток-шоуында Энергетика министрлігі Мемлекеттік энергетикалық бақылау және қадағалау комитетінің Электр және жылу энергиясын өндіру стансаларын қадағалау департаментінің басшысы Асхат Жақыпов жылу беру маусымына дайындық туралы баяндап берді.
Баяндамашы өткен жылыту маусымынан бері тоғыз ЖЭО-ның қызыл аймақтан сары аймаққа өткізілгенін атап өтті. Тағы 10-ы тәуекел аймағында қалып отыр. Бұл ретте ЖЭО-лардағы жабдықтардың тозуы 61%-ға дейін төмендетілді.
— Бізде жалпы 37 ЖЭО бар. Біз оларды критерийлер бойынша бөлдік. Оның 19-ы қызыл аймақта, 11-і сары аймақта, жетеуі жасыл аймақта болды. Қызыл, былайша айтқанда проблемалық аймақтағы осы 19 ЖЭО-ға баса назар аударылды. …Мәселен, тозу деңгейі, яғни біздің жабдықтар, өздеріңіз білетіндей, өткен ғасырдың 1960 жылдары шығарылған. Тиісінше, олар жыл сайын тозып келеді. Бірақ жөндеу компаниясының арқасында біз жалпы тозуды 61 пайызға дейін төмендеттік. Ол 64 пайыз болған. Осы 19 ЖЭО-ның тоғызын өткен жылыту маусымының соңына қарай сары аймаққа ауыстырдық, — деп баяндады Асхат Жақыпов.
Оның айтуынша, Семей, Теміртау, Петропавл, Ақтау, Павлодар, Степногорск, Орал, Қызылорда, Арқалық, Тараз сияқты қалалардағы электр нысандары қызыл аймақта қалып отыр.
Энергетика министрлігі өкілінің баяндауынша, қазір бұл учаскелерде жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатыр және олар келесі жылдың басында сары аймаққа ауыстырылуы мүмкін.
Баяндамашы өңірлердің көмірмен қамтамасыз етілуіне қатысты сауалға да жауап берді.
— Шаруашылықтар мен коммуналдық қызметтерге қажетті жыл сайынғы 7,4 млн тонна көмірдің шамамен 4,5 млн тоннасы сақталып отыр. Бұл жалпы норманың 62 пайызы. Жеке шаруашылықтарға жеткізуде ешқандай үзіліс болмайды, — деді Асхат Жақыпов.
Айта кетелік Астана әкімдігі ЖЭО-ларды антидронмен жабдықтауға бюджеттен ақша бөлмейтін болды.
Abai.kz