Сейсенбі, 30 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 842 0 пікір 30 Қыркүйек, 2025 сағат 20:34

Достық–Мойынтының екінші желісі: транзит тарихындағы жаңа кезең

Сурет: baq.kz сайтынан алынды.

Бүгін Мемлекет басшысы Достық – Мойынты теміржолының екінші желісін іске қосуға бастау берді. Бұл стратегиялық жоба еліміздің шығыс бағытындағы өткізу қабілетін айтарлықтай арттырып, қазақстандық экспорт пен транзит үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Осыған орай BAQ.KZ тілшісіне «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Интеграцияланған жоспарлау дирекциясы» филиалының директоры Вадим Копылов жобаның маңызы мен жүк тасымалының болашағы туралы айтты.

«Достық» – «Дружбадан» стратегиялық дәлізге дейін

Копыловтың айтуынша, Достық стансасы жай ғана шекаралық түйісу бекеті емес. Ол 1990 жылдан бастап Қазақстанды Қытаймен жалғап келеді. Алғашқы жылдары бұл өткелден күніне небәрі 10 вагон өтсе, бүгінде көрсеткіш 800 вагонға жеткен.

35 жыл ішінде осы бағытпен 400 миллион тоннадан астам жүк тасымалданды. 1990 жылы небәрі 10 вагон болса, қазір күніне 800-ден асады. Бұл бағыттың әлеуеті біз үшін әрқашан күн тәртібінде болды, – деді ол.

2015 жылдан бері тасымал көлемі 4,5 есеге өсіп, 7,5 млн тоннадан 32 млн тоннаға жетті.

Шектеулерге қарамастан өсу

Кейбір кезеңдерде жөндеу жұмыстарына байланысты өткізу қабілеті төмендесе де, жаңа логистикалық шешімдердің арқасында жүк көлемі арта түсті. Мысалы, контейнерлерді тікелей жартылай вагондарға тиеу тәжірибесі енгізілді. Бұл бос пойыздардың санын азайтып, айына 100–120 пойызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді.

Біз жылына 12 млн тонна жүк жөнелтеміз, 8 млн тонна қабылдаймыз. Негізінен Қытайға шикізат жөнелтіледі. Ал кері бағытта контейнерлік пойыздар келеді. Бұрын бос пойыздарды қайтаруға тура келетін. Ал өткен жылдан бастап біз Қытайдан келген контейнерлерді бос жартылай вагондарға тиеп, осылайша қосымша шығындарды қысқарттық, – деп түсіндірді Копылов.

Өткізу қабілетінің артуы

Ұзындығы 836 шақырымды құрайтын Достық – Мойынты желісі кезең-кезеңімен салынды. Алдымен Мойынты – Балқаш бөлігі пайдалануға беріліп, Балқаш торабы жеңілдеді. Кейін Бескөл – Достық және Ақтоғай – Бескөл учаскелері іске қосылды. Соңғы болып Балқаш – Саяқ және Саяқ – Ақтоғай аралығы аяқталды.

Егер бұрын бір жолақты бағытпен тәулігіне 12 жұп пойыз жүрсе, енді екінші желінің арқасында бұл көрсеткіш 60 жұп пойызға жетеді.

Бұл – тасымал көлемін бес есе арттыру деген сөз. Осылайша Қазақстанның экспорттық және транзиттік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді, – деді сарапшы.

Кешенді инфрақұрылымдық даму

Достық – Мойынты жобасы көлік дәліздерін нығайтуға бағытталған кең ауқымды бағдарламаның бір бөлігі. Қазір Алтынкөл – Жетіген желісі жаңартылып жатыр, нәтижесінде өткізу қабілеті екі есе өсіп, тәулігіне 30 жұп пойызға жетпек. Сонымен қатар, 2028 жылға қарай Қызылжар – Жезқазған учаскесін және Бақты – Аягөз үшінші шекаралық өткелін салу жоспарланған.

Жаңа технологиялар да енгізілуде: пойыз қозғалысын автоматты блоктау жүйесі өткізу мүмкіндігін 2–2,5 есеге дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Экспорттағы серпін

Қытай қазақстандық жүктің негізгі тұтынушысы болып қала береді. Оған руда, астық және мал азығы жеткізіледі. Мәселен, соңғы 8 айда Қытайға мал азығы экспорты 5 есеге өскен. 2024 жылы Қазақстан көрші елге 3 млн тоннадан астам астық жөнелтті.

Копыловтың айтуынша, инфрақұрылымдық жобалар тасымал көлемінің өсуіне тікелей ықпал етуде. 2023 жылы жалпы жүк тасымалы 298 млн тоннаны құраса, 2024 жылы 303 млн тоннаға жетті. Биыл көрсеткіш тағы 8 млн тоннаға өседі деп күтілуде.

Жаһандық транзиттік дәліз

Жаңа теміржол жобалары Қазақстанға Қытай мен Еуропа арасындағы жүк жеткізу уақытын екі есеге қысқартуға жол ашты. Мысалы, Сиань – Будапешт бағыты теңіз арқылы 40–50 күн жүрсе, енді теміржолмен 23–25 күнде жетеді.

Біздің мақсат – нарыққа сенімді қызмет қана емес, тиімді уақыт ұсынып, Қазақстанды жаһандық логистиканың негізгі буынына айналдыру, – деп түйіндеді Вадим Копылов.

Abai.kz

0 пікір