Бейсенбі, 2 Қазан 2025
Қоғам 127 0 пікір 2 Қазан, 2025 сағат 15:59

Бүгінгі қазаққа салт-сана төңкерісі қажет!

Сурет: adebiportal.kz сайтынан алынды.

Ұлттың қалыптасуы мен дамуында соғыс, саяси төңкеріс, мәдениет реформалары ерекше рөл атқарған.

Әсіресе, адамзат қоғамы өнеркәсіп дәуірі мен нарық экономикасы дәуіріне аяқ басып, адамзат қоғамының осы замандануының шымылдығы ашылған соң ұлттардың дамуына осы замандануына жаңа мәдениет қозғалыстарының рөлі өте зор болды. Бүгінгі дамыған ұлттардың барлығы нешелеген мәдениет қозғалыстарын бастан кешті. Ұлттық дәстүрлі салт-санасына өзгерістер жасады. Жаңа құндылықтарды алға шығарды. Ұлтты осы замандандыруды іске асырды. Бастыларын айтсақ: Жапонияның Миңжи жылғы жаңалыққа көшуі, Россияның Петр I реформасы, Қытайдың жаңа мәдениет қозғалысы.....

Қазақ ұлты он бірінші ғасырда араб мәдениетімен тоғысып, ислами құндылықтарды қабылдады. Қазақ көшпелі сахара мәдениетін жаратты. Бұл дәуірлік тоғысудан Яссауи негізін салған жәдишілдік ағымы қалыптасты. Түркістан жаңа мәдениеттің ошағына айналды.

Батыстан көтерілген осы замандану толқыны он тоғызыншы ғасырдың соңынан бастап қазақ даласын оята бастады. 20 ғасырдың басында қазақ даласында «Оян қазақ»  деген ұран көтерілді. Алаш партиясы құрылды. Қысқа уақыт болсада қазақ даласында Алаш автономиялы ұлттық өкімет құрылып, билік жүргізді. Қазақ зиялылары батыс мәдениетімен қазақ мәдениетін тоғыстыруды ойлады. Бұл ұлттық саяси қозғалыс орыс компартиясының билікке келуімен жойылды. Қазақ жұрты отарланды. Отарлық езгіде 70 жыл болды.

1991 жылы Қазақстанның тәуелсіздік алуымен бірге қазақ қоғамы ең алдымен батыстың саяси мәдениетін қабылдады. Жекеменшік түзімі жолға қойылды. Қазақ қоғамының батыс мәдениетімен тоғысуы басталды.

Батыс мәдениетінің өзегі жекешілдік сана мәдениеті. Батыс қоғамының даму тарихы жекенің азаттығы мен еркіндігі үшін күрес тарихы. 14 ғасырдан басталған әдебиет-көркемөнердің гүлденуі, қайта ояну қозғалысы феодалдық қоғамының адамдарды дәрежеге бөлетін құндылықтарына қарсы ту көтерді. Жекенің азаттығы, теңдігі, еркіндігі үшін басталған күрестердің шымылдығы ашылды. Батыс қоғамынан басталған бұл толқын алапат соғыстар мен қозғалыстарды тудырды. Республикалық түзімдегі ел құру бағыт алды. Демократиялық құндылықтар таған болған капиталистік қоғам қалыптасты. Капиталистік қоғам бұрқ-сарқ қайнап, жекелердің еркіндігін қанағаттандыруға бағытталған қоғам құру алға шықты. Қоғамда ой еркіндігі, сөз еркіндігі, адамдық құқық басты құндылық ретінде алдыңғы орынға шықты. Құқықтардың заңмен безбенделуі саяси мәдениеттің өзегіне айналды. Қоғам құқықтық қоғам құруды мұрат етті. Жеке тұлғалардың еркіндігінің кепілі ұлт еркіндігі. Күрес ұлт азаттық күрестеріне айналды. Ұлттық мемлекеттер құру басты бағыт болды. Алып империялар ыдырап тынды. Ұлт пен мемлекет ұғымы тұтасып кетті.

Жекелердің еркіндігі мен теңдігі үшін жүргізілген күрес барысында жекешілдік сана мәдениеті қалыптасты. Бұл көптеген мәдениет қозғалыстары арқылы іске асты. Жаңа христиан қозғалысы құдай мен жеке тұлғаның тіке байланыс жасауын дәріптеді. Бұл жеке тұлғаның жекешілдік санасының түбегейлі азат болуына діни негіз қалады. Жеке тұлғаның азат болуымен бірге жеке мүдде қасиетті құндылыққа айналды. Қасиетті жеке мүдде жекешілдік сананы күшейтті. Батыс мәдениетінде жеке тұлғаны дамытатын негізгі қозғаушы күш бәсекелік сана емес жекешілдік сана болатын. Бұндай өмір сүру санасы жеке тұлғаны барлық фокусты өзіне арнайтын өзін кемелдендіруге өзім ғана жауаптымын деп ойлайтын өзін кемелдендіру үшін өгіз күшін шығаратын етті. Батыс мәдениетіндегі жеке тұлғаның мұндай өмір сүру санасында өзінен басқаның абырой ықпалын өзіне капитал ететін немесе жақсы әкенің аруағы балаға қырық жыл азық дейтін сана болмады. Бұндай тірлік санасы жеке тұлғаның дербес ойлау дағдысын қалыптастырды. Дербес ойлау жеке тұлғаның жасампаздық санасын ашты. Батыс мәдениеті жасампаздық жарататын хикметті мәдениетке, жасампаздықтың орталығына айналды. Батыс қоғамы адамдар салт-дәстүр емес, салт-дәстүр  адам үшін болатын дәуірде жасауда.

Біздің батыс мәдениетімен тоғыса бастағанымызға отыз жылдан асты. Бірақ батыс мәдениетін философиялық деңгейде түсініп қабылдай алмадық. Біз 70 жыл материя сананы белгілейді деген қатаң түсінікпен жасадық. Тірлігімізді өмірге көзқарасымызды қалыптастырдық. Теуелсіздік алған соң да алдымен экономика сонан соң саясат идеясымен тірлік жасадық. Бұл идея тап-таза материалистік идея. Бүгінгі батыс мәдениеті сана материяны белгілейді деген идеалистік философияның жетегінде қалыптасқан. Біздің батыс қоғамымен отыз жылдан бері саяси, экономикалық түзіміміз ұқсас болып келсе де, интернеттің барлыққа келуі төрткүл дүниедегі информацияны бір қазанда қайнатып жатсада, дүние күн сайын сағат сайын жаңа заттармен жаңа идеялармен толығып жатсада, бүгінге дейін қазақ қоғамында бұл тарихи тоғысуды көрсететін философиялық ойлау жүйемізде жаңалықтармен қоғамдық санада сілкіністер туылмады. Өйткені бүгінгі қазақ қоғамының бұл тарихи тоғысуды іске асыра алмай былайша байырқалап тұруының өзіндік тарихи себептері бар еді.

Бірінші қазақ ұлты неше мың жыл феодалдық дәуірде жасады. Бұл дәуірде мемлекеттің әкімшілдік құрылымы рулық жүйе бойынша жасалды. Рулық деп «қандастық» қатынас негіз болған ұжымдық форма өндірістің негізгі бірлігі болды. Экономикалық, әкімшілік, қоғамдық қатынастар рулық жүйе бойынша реттелді. Бұл ұлтымызда әлеуметтік қарым-қатынаспен күнделікті тұрмыста ұжымдық сана үстемдігін қалыптастырды. Жеке тұлғалар у ішсең руыңмен деген таныммен өмір сүрді. 18 ғасырдан басталған шар Россия шапқыншылығы қазақ ұлтын іштен ыдырату үшін руларды жергілікті билікке таластыру түзімін атқарды. Бұл рулық «ұжымдық»  сананы тіпті күшейтті.

Екіншісі қазақ ұлты 20 ғасырда орыс компартиясының басшылығында 70 жыл социалистік қоғамда жасады. Социалистік қоғамда жекешілдік сана капитализмнің қайнары ретінде қаралды. Саяси көзқарас ретінде сын тезіне алынды. Жеріне жете аласталды. Рулық формадағы ұжымдық сананың орнын күнделікті тұрмыста колхоздық формадағы  ұжымдық сана басты. Таптық сана ұлттық сананы ығыстырды.

Қазақ ұлты 1991 жылы тәуелсіздік алып социалистік қоғамнан жеке мүдде басты орында тұратын  капиталистік қоғамға көшті. Шұғыл өзгерген бұл қоғамдық бұрылысқа қазақ ұлты даяр емес еді. Бұл Қабдеш Жұмаділұлының «Бұқарбайдың бұқасы» аттты әңгімесінде тамаша бейнеленген.

Үшінші.Ұзақ уақыттық отарлық үстемдіктің ұлтсыздандыру саясаты қазақ ұлтын ұлт ретінде тарих бетінен өшіруге шақ қалды. Қазақ ұлты тәуелсіздік алған соң ұлттық мәдениет пен салтты ұлықтап ұлттық сананы оятып, тәуелсіздікті нығайту қажет болды. Бұл ояну қозғалысы қазақтың өзін тану қозғалысы болды. Бұл қозғалыс табиғи түрде рулардың тегін тану қозғалысын қалыптастырды. Ру шежіресін жазу ру тойын тойлау, ата-бабасына ас беру ауқымы өршіді. Бұл ұлттың қанында бар рулық сананы оятты. Бұл ояну нарықтық қоғам әкелген жекешілдік сананың үстем орынға шығуына бөгет болды. Ұжымдық сана үстемдігін сақтап қалды. Осындай тарихи себептерден қазірге дейін батыс мәдениетінің негізгі құндылығы санамызға сіңе алмады. Сосын да бұл тарихи тоғысуда бүгінге дейін сана төңкерісі туылмады.

Қазір қазақ қоғамының ұжымдық сананың үстемдігінде өмір сүріп жатқандығының ең айқын белгісінің бірі: той жасау, өлім жөнелту, түрлі бас қосу сынды ұжымдық қимыл қазақ ұлтының күнделікті тұрмысының денін иелеп алуынан көрінеді. Қазақтар қазір елден ұят болмасын деген таныммен өмір сүруде. Бұл олардың өзіне-өзі қожа болатын жекешілдік санасының азат болмағандығының бейнесі. Адамдардың санасы салт-сананың бұғауына шырмалып қалды. Адамдар көптің әлдебір стандартты « тойға бару адамдардың тұрмыс күйінің өлшемі, тойды қаншалық дәрежеде жасау бет-беделдің көрсеткіші болған» бағасын алу үшін тырбынатын тірлік санасымен өмір сүруде.

Ұжымдық сананың билеуіндегі тірліктің «тойшылдықтың» қазіргі қазақ қоғамына салған зардабы бүкіл саяси жүйені жайлап, дамуға тұсау болып отырған жемқорлықтың зардабынан кем емес.

Теуелсіздік алып мемлекет құрған ұлт ретінде қазаққа ұлт болып дамудан басқа жол жоқ. Сондықтан біз батыс мәдениетімен тоғысуды саналы түрде жасауымыз керек. Жекелердің еркіндігі мен бостандығын салт-сананың бұғауынан азат ету үшін салт-сана төңкерісін белгі еткен қазақтың "қайта ояну" қозғалысын саналы түрде жасауымыз керек. Түптеп келгенде тамаша әдет пен дағды ғана жеке тұлғаны кемелдендірсе, тек заманауи салт-сана ғана ұлтты кемелдендіре алады. Сондықтан жекешілдік сананың билеуінде жаңа қазақ мәдениетін жасақтауымыз, құндылықтар тізімін қайтадан жасауымыз керек.

Адамзат қоғамы өнеркәсіп дәуірінен цифрлық дәуірге одан міне жасанды интеллект дәуіріне қадам қойды. Дәуірлік өзгерістер жекелердің еркіндігі мен дербестігіне тіптен күшті талап қоюда.

Қазіргі қазақ қоғамы салт-сана төңкерісін жасаудың шартын әзірледі. Қазақтар қазір той, бас қосу, өлім жөнелтудің бітпес бәсекесінен шаршады. Тойды қысқарту керек, өлім жөнелтуді қарапайымдастыру керек-деп ашықта қатқыл үн қатты. Қазақтарды салт-сананың бітпес жырынан шаршаған, тауаны шағылған дағдарыс сезімі билей бастады.

Биыл туылған магнумға қарсы қазақ қозғалысы қазақтың ұлт ретінде "қайта оянуға" әзір екендігін толық дәлелдеді. Нұрлан Албан, Қуат Наймандар руын былайша ұлықтаудың рулық тар өрістілік екендігін танып жетті ныспысын былайша атаудан бас тартты. Бұл қарапайым қазақта да ұлттық мүддені бәрінен жоғары көретін танымның толық қалыптасқанын, ұлт атауының төңірегіне тығыз топтасуға даяр екендігін түсіндіреді.

Жамбыл облысы әкімінің биылғы той туралы бастамасы игі бастама. Бұндай бастамалар  қоғамдық қозғалысқа айналу керек. Қазақты "қайта оянуға" шақыру керек.

Салт-сана төңкерісін бастап қазақты "қайта оянуға"  шақыру қазақ қоғамы үшін кезек күттірмейтін күн тәртіпте тұр.

Ағыбай Акбарұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 404
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 6256
46 - сөз

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 382