Мао өлген күн

Әңгіме
Берекелі де жайлы қоңыр күз еді.
Жаңа мың жылдықтың жаңа ғасырының кіргегіне де көп бола қоймаған. Астана қаласында өтетін бір ғылыми жиынға қатыспаққа Алматыдан пойызбен жолға шықтым. Отарба Алматыдан көп ұзамай-ақ купелестер өзара танысып үлгердік. Астынғы екі орындағы есімдері елге белгілі екі академик. Сирей қоймаған бұйра шаштары бурыл тартқан, көзіне шыны тостағаннның түбіндей қалың көзілдірік кигені әдебиетші-ғалым; ал төбесі жалтыр қасқа, самайы мен желкесін де ғана ептеген шаштары бар, оның өзін қараусыз, ретсіз өсіріп қойған, қою қара қасты, құс тұмсықтау келгені тарихшы-ғалым екенін бірден тани кеттім. Менімен қатар үстіңгі орынға жайғасқан жас жігіт археолог екен. Жөн сұрастық. Қызық болғанда бәріміз де Астанадағы жиынға бара жатыр екенбіз. Мені әдебиетші ғалым сырттай жақсы білетін болып шықты. Ол қасындағы тарихшы ғалымға қарап:
– Сәке, мына жігіт іргеміздегі Шығыс Түркістаннан келген азамат. Қателеспесем университетті Қытай астанасы Пекиннен оқыған. Тәуелсіздік алған кезімізде алғашқылардың бірі болып елге оралды. Әлгінде өзі айтқандай қазір ұлттық университетте сабақ береді, - деп мені таныстырғаны сол еді, қасқа бас ағамыздың әңгімесінің тиегі ағытылды да кетті. Қытайдағы қазақтар өмір сүретін Алтай, Тарбағатай, Іле өңірінің тарихын түп тамырынан - Ғұн, Сақ, Үйсін, Көк түрік заманынан бастап бірақ қопарды. Белгілі тарих, түсінікті мәселе болса да, сабыр сақтауға, шыдамдылық танытуға тура келді. Алайда көп ұзамай әңгімені әдебиетші-академик бұзды:
– Ей Сәке, тар купеде үш-ақ адамға құнды лекцияңды қор қылып қайтесің. Ертең Астанадағы форумда мың адамдық залда оқисың баяндамаңды. Қазір қарын ашты, одан гөрі бәйбішеміздің жолға салып берген анау-мынауымызды ерте-жарықта жеп-ішіп алайық та, дем алайық -, деген досының уәжіне тарихшы-академик еш қарсылық танытпастан, басын сылқ еткізіп келісе кетті. Дегенмен, жастардың алдында абыройын қорғап қалғысы келді ма, арада секунттар өтер-өтпесте жалтыр басын қайта көтеріп алып:
– Жоқ-а, мен біріншіден жол қысқарсын деп, тағы бір жағынан мына жастар тарихымызды біле жүрсін деп айтып жатқаным ғой..., - деп жаймашуақтап күңкілдеп еді, әдебиетші ағамыз:
– Қытайдан келген маманға қытай деректері туралы лекция оқып қайтесің. Керек болса, әңгімені осы бауырыңыздан сұрайық, - деп қасқабасты бір жола тиып тастады.
Төртеуіміздің жолға алған жемек-ішпегімізбен купенің шағын үстелі сықа толды. Дастарқан тым тар демесең, үстіндегі заттан пойыздың белі қайысады. Қазы-қарта, балық, бауырсақ, манты, қияр-қызанақ, бір құмыра ақ арақ, бір құмыра “Қазақстан” коньягі. Археолог жігіт екеуміз ет турап, шай тасып, зыр жүгіріп жүрміз. Аржағымызға ел қонып, ішіміз жылып, жүзіміз нұрланып, маңдайымыз терши бастады. Әңгіме ауаны да әзіл-қалжыңға ауысып, тым көңілді отырмыз.
Бір кезде тарихшы ағамыз:
– Кәке,- деп әдебиетші досына қарады.
– Кәке, - деді тағы да қайталап, - әлгінде менің “лекцияма” рұхсат бермедің. Одан гөрі әңгімені мына қытайдан келген бауырымыздан сұрайық дедің. Оның да жөн екен дедім. Енді осы жігітке көптен көкейімде жүрген бір сұрақты қойсам деймін. Оған рұхсат қой?
– Әрине, әрине. Менің де қытайдан келген қазақтардан сұрасам деп жүрген, қатты білгім келіп жүрген сұрақтарым бар. Ал алдымен сен сұрай бер.
Сол-ақ екен тарихшы-академик:
– Ал інім, сұрағымды қоймас бұрын, мына мәселені айқындап алайын. Сенің манадан бергі әңгімеңнен ұққаным арғы бетте ауылда туып-өсіпсің. Сонда Мао өлгенде сен неше жаста едің? - деді маған.
- 13 жаста едім.
- Оо, ат жалын тартып мінген шағың екен ғой. Бәрі есіңде ғой.
- Әрине! Дәл кеше болғандай көз алдымда.
- Онда саған сұрақ мынау: Әрине, Мао қалай болғанда да әлемдік деңгейдегі саясаткер. Ал Қытай елі үшін Сталин сияқты “күн көсем” болды. Оның өлімін ресми Қытай билігі қалай жөнелтті, жалпы қытай халқы қалай аза тұтты, ол маған мүлде қызық емес. Маған қызығы, Қытайдағы қазақ ауылдарына Мао-ның ықпалы қалай болды? Ең алғаш Мао өлді деген хабарды ауылдағы қарапайым қазақтар қалай қабылдады? деген сұрақтар еді. Шынымды айтсам, осы сұрақ ылғи да көкейімде жүруші еді.
Тарихшы-ғалымның мына сөзін естіген әдебиетші-академик:
– Бәлі, Сәке! Менің көкейімдегіні оқып қойғаннан саусыз ба? Мені мазалап жүрген де осы сұрақ еді. Ал бауырым баста әңгімеңді. Құлағымыз сенде. Ей, археолог бала, сен бері қара, енді шай жөндеу, арақ-шараптан алғызып отыру сенің мойныңда. Бірақ әңгімені бөлмейміз. Тост сөйлемейміз! Кім ішіп-жегісі келеді, үндемей ғана жеп-ішеді. Келістік қой?!
Купедегі көпшіліктің ұйғарымы осы болды. Мен аз-кем толғанып алдым да әңгімені бастап кеттім.
***
Елге оралғаныма ширек ғасыр болғанына қарамастан, «Мао» десең, әрине, еске қытай түседі. Қытай еске түссе, арғы беттегі туған ауылым көз алдыма келеді. Арғы беттегі туған ауылымды ойласам, кеңсірігім ашып, көңілім босайды...
Еһ, дүние-ай десеңші, арғы бетте бәрі қалды ғой! Туған-туыс, дос- жаран, құда-жұрат, өскен ел... түгел қалды. Бәрінен де мен туып өскен Іле- Текес, Қас-Күнес өңірін айтсаңшы! Иә, ол Іленің жоғарғы ағары - жер ұйығы Жетісудың құйқалы бір қиығы еді ғой. Шіркі-і-ін, топырақ деп сол жердің топырағын айт. Май ғой, май! Тек егуден ерінбе, адамның жанынан басқаның бәрі өседі. Сізге өтірік, маған шын, әншейін тастай салған таяғың сәлден соң сәмбі тал боп көктеп тұрғаны...
Бүгінде ол топырақ шүршіттердің шылауында жатқандықтан, Шынжаң деген өлкенің «Іле аймағы» деп аталады. Әйгілі Таңжарық ақынның: «Тауы - алтын, тасы - күміс, ағашы - жез, Сулары - еркек қойдың сорпасындай» деп сипаттайтын жер-кіндігі осы өңір. Құдіреттің күштілігі мен табиғаттың заңына шараң барма?! Осы кәдімгі мына біздің Нарынқолдан басталатын Текес өзені шығысқа мықтап бет түзейді де, құлдыраңдап тартып отырады. Ілгерілеген сайын шалқып-тасып, толып-толқып ағады. Сөйтіп аға-аға әйгілі Текес дариясына айналады. Арытаман барғанда Қас-Күнес өзендерімен қосылып әйгілі Іле дариясын құрайды да, қайта кері бұрылып батысқа қарай ағады. Содан жөңкілген бойы келіп Балқаш көліне құяды. Иә, кәдімгі мына өзіміздің Балқашқа.
Менің туған ауылым сол Текес өзенінің жағасындағы “Ақши” деп аталатын апайтөс жазыққа орналасқан. Текес өзені мен ауылдың арасы қозыкөш жер болғанымен, жаздың бір тынық түндерінде өзеннің гүрілі біздің ауылға еркін естіліп тұрар еді. Жарықтық, қазір ойласам, ағыны сондайлық қатты өзен екен ғой. Бір қызығы, ауылдың ойын баласы бола жүріп, іргемізде ағып жатқан сол өзенге бармай өсіппіз. Байқасам оның да себебі жоқ емес екен. Күндіз күнге шағылысып жарқырап, түнде буырқанып арқырап-сарқырап ақ көбігін аспанға атып ағып жататын айтылмыш өзенді үлкендер: «Көрініп жатқанымен күншілік жол. Тоғайы толған жабайы шошқа. Балаларды көрсе қуып жүріп, жарып тастайды да жеп қояды» десе, әй, «баламысың!» деген, соған сенгенді қойып, бойымызды кәдімгідей үрей билеп алушы еді. Өйткені сол жабайы шошқалардың кейде ауылға да келуі мүмкін екендігін, түнде «Ақсүйек», «Жасырынбақ» ойнап жүргенде бізді жеп кетуі ғажап еместігін әрі қарай өзіміз-ақ бала қиялмен дамытып әкететінбіз. Ондай әңгімелердің бір жаманы, бізді неше түндеп ойыннан қағатын. Бұндайда біз түнгі жиналысқа «қатысып», үйге әке-шешемізбен бірге қайтуға тырысатынбыз.
«Түнгі жиналыс» демекші, бізге - ойын балаларына - аса ұнайтын тамашаның бірі осы түнгі жиналыс-тұғын. Егіс даласынан сүрініп-жығылып, тұмсығынан шаншылып қас қарайғанда оралатын егіншілер - біздің ата-аналарымыз - бірер кесе шай-пайын ішер-ішпестен, “хуңвейбиңдердің” алдына түсіп бүрсеңдеп ауылдың жиналыс залына келетін де, біреулері «ашылып сайрайтын», біреулері көне қоғам үстінен, бай-манаптардың үстінен «дерт төгетін», тағы біреулері Мао Зыдуң шығармаларын жатқа айтатын. Кей жиналыстар тұтастай ауылдағы кейбір “капитализм жолымен жүрмек болғандарды”, “жапон тыңшыларын”, “Советке қашпақ болғандарды”, “көнені аңсаушыларды”... күреске тартуға арналатын. Барлық жиналыс ең соңында «Ұлы көсем Мао жасасын! Мың-мың жасасын!» деген ізгі тілектерін ұрандатып шақырып, әндетіп шырқап, кейде биге ұластырып барып тарасатын... Осының бәрі бізге тегін концерт, комедия сияқты еді. Себебі, ауыл адамдарының бәрі бірдей қыршын жастар емес қой. Тіпті жастардың бәрі консерваторияларның түлектері дейсіз бе?!... Сондықтан ән салып, би билеп жүріп өз аяғына өзі шалынып жығылатын шал-кемпірлер, ән сөзінен жаңылып немесе дұрыс билей алмай қалған жігіттер мен қыз-келіншектер Хуңвейбиңдерден аяусыз таяқ жейтін. Несін жасырайын, ол кезде шал-кемпірдің өз аяғына өзі шалынысып құлағаны, қыз-жігіттердің хуңвейбиңдерден таяқ жегені ... бәрі- бәрі де бізге тек қана комедия болып көрінетін. Ал құлағандар мен таяқ жегендер болса, сол «күнәлары» үшін жиналыс залының төрінде ілулі түрған «ұлы көсем Мао Жушиден» (жуши - қытайша төраға деген сөз) кешірім сұрау керек. Қысқасы ол кезде Мао Жушисіз таң атып, күн шықпайтын. Жұрт «Ассалаумағалейкум-Уағалейкумассаламның» орнына «МаоЖуши жасасын! Компартия жасасын!» деп сәлемдесуге міндетті болды.
Иә, осындайда еске түседі, ауылымызда күйгелектігімен аты шыққан бір ақсақал бар-тұғын. Ауылдың бада сиырларын тұрақты түрде сол кісі бағушы еді. Бір жылы шілденің ми қайнаған ыстығында, оқыралаған сиырларға ие бола алмай, күйіп пісіп, ұрынарға қара таба алмай келе жатса, арғы қырқада жүрген бір қойшы: «Оу, ақсақал!» деп ағай салыпты. Ақсақал болса, оқыралаған сиырлары туралы бір жаңалық айта ма деген үмітпен атының тізгінін іркіп, қойшыға дәмелене құлақ түреді. Сөйтсе қойшы тәртіп бойынша әуелі «Мао Жуши жасасын!» деп сәлем беріпті де, әрі қарай ақсақалдың жауап сәлемін күтіп тұрып қалыпты. Сонда өзі әбден титықтап, ызадан жарыларман болған бадашы ақсақал қойшыға: «Әкеңнің басының Мао Жушиі ма?!» деп жауабын қысқа қайырыпты. Сол жауабы үшін сорлы шал сегіз жыл абақтыда отырып шықты. Бірақ әбден «тәртіпті» боп шыққан. Берген сәлеміңді өле өлгенше «Компартия жасасын, шырағым!» деп алудан бір жаңылмай кетті. Оны айтасыз, тіпті ауылымызда Мао-ға қатысты кісі өлімі де жиі болып тұратын. Алыс ауылдардағы қанша адамның, қалай өлгені қайдам, біздің көршіміз Әтірқыз апа тентектік жасаған кенже ұлына қарай бір кебісті жіберіп қалғанда, құрып қалғыр кебісі қабырғада жапсырулы тұрған Мао-ның суретіне тиіп, портреттің бір жақ көзін жыртып кетіпті... Бір көзі «ағып түскен соқыр көсемге» есеңгіреп аз кем қарап қалған Әтірқыз апа еш екіленбей-ақ, шалының тізесіне құйып жүрген уқорғасын суынан үлкен бір кесені сіміріп алып, «О дүние қайдасың!» деп тартып отырған. Айта берсек ондай «қызық» аз болған жоқ қой...
Ал біздер балалар болсақ:
– Кімнің баласысың? -деп сұраған адамға:
– Атамның баласысымын, -деп
– Атаңның аты кім?- десе:
– Мао Жуши! -деп жауап беруге міндетті болдық.
Егер қай бала өз әкесін - өз тегін айтса, онда оның ата-анасы «халық жауы» ретінде күреске тартылып жатты. Сөйтіп жаннан шошыған қазақтың бәрі балаларын Мао Жушиге екіленбей сыйлай салған. Онысы бізге рахат болды. Мао Жушидің баласын ешкім ұрып-соға алмайды. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Несін айтасың, құдай ауызға не салса, соны айтып, ойға не салса соны істеп жырғап қалдық. Хуңвейбиңдерге ілесіп алып ауылдың әлегін аспаннан келтіреміз. Онымызды ұнатпағандар әрі кеткенде алакөзбен атады. Немесе «қап, мыналарды-ай, ә!» деп қояды. Балаларға «қап мына иттің күшіктері!» деп жекіру үшін екі басыңыз болу керек. Екі басыңыз жоқ па, онда алды-артыңызды қысып қана жайыңызға жүріңіз. Міне біздерге осындай ерік пен ырық берген «атамызға» біз шексіз ырза едік. Тіпі «атамыздың» мың жасқа келетініне еш күмәніміз де жоқ еді.
Содан не керек «әне өлген, міне көмген» деп жүріп, төңкерістің ең жас белсенділері - бізде 7-8 жасқа жетіп, мектеп табалдырығынан аттадық. «Мектеп» деп барғанымыз осы ма еді?! Әліппені оқып болар-болмастан «Мао тағылымдарының» астында қалдық. Рас. Тегі ұшы-қиыры жоқ көп болатын. Қалай еді, құдай-ау, е, иә,- «Тап және таптық күресті әсте ұмытпайық!», «Үңгірді терең қазып, астықты мол жинап, соғысқа дайындалайық!», «Тәртіп күшейсе, төңкеріс жеңіске жетпей қоймайды!», «Өткенді ұмытпай, бүгіннің қадіріне жетейік!»... т.с.с толып жатыр. Қысқасы, Мао-ның 4 томдық мақалалар жинағын түгел жаттап алсаң, «жатып жеуге» толық құқылысың. Мектепте санаңа тынбай құятын жалғыз ақпарат - “Аспандағы күн, ол - Мао. 1949 жылдан бұрын аспанда күн болған жоқ. Күн Пекиннен шығады. Ол күннің аты Мао”.
Қысқасы, ол замандағы бастауыш мектеп оқушылары математика, алгебра, химия, физика, жағрафия, табиғаттану, биология, зоология, тарих ... деген пәндерді оқу былай тұрсын, атын да естіген жоқ.
Дегенмен, ол бір бар нәрсенің оңай кезі еді ғой. Жан бағу да оңай еді. Біреуді қаралау да, ақтау да оңай болатын. Ал «озат оқушы» болу тіпті түк емес еді. Оның басты шарты «Мао-ның байырғы үш мақаласын» жатқа білу. Жаратқан силаған жақсы жадтың арқасында, «адам түбінде бір өледі» деп басталатын Мао «пәлсапасын» суша сіміріп алғанбыз. Оның сыртында мен ауылдық мектептің ойын-сауық отауында «белгілі артист» болатынмын. Өзімізше шағын спектакльдер дайындап ауыл-ауылға апарып қоятынбыз. Мың тоғыз жүз жетпіс алтыншы жылы ерте көктемде аудан орталығында өткен «мектеп ойын-сауық отауларының байқауында» біздің мектептің «өнер отауы» бас жүлдені иемденіп, облыстық байқауға қатысудың жолдамасын алып қайтты. Сонымен несін айтасың, облыс орталығы - Құлжа қаласына барып ойын қоюдың дайындығы қызу жүріп жатыр. Ауыл клубына таңертең барамыз, түсте қайтамыз. Түстен кейін барамыз. Кеште қайтамыз. Өзге балалар бізге қызыға да, қызғана да қарайды. Құдай салмасын, абырой дегеніңді ат тарта алмайды. Бізден басқалар бейне Мао-ның тоқалынан туғандай...
Өстіп қызу дайындықтарымен жүріп, жаздың өткенін де, күздің жеткенін де байқамай қалыппыз. Қыркүйектің 9-шы күнгі көңіл күйіміз де, жаттығуымыз да күндегіден өзгеше еді. Себебі ертеңіне қыркүйектің 10-шы жұлдызы күні - облыс орталығын бетке алып жолға шығуымыз керек болатын. «Құлжаға барғанда киесіңдер» деп әке шешеміз бірқұры жаңа киім алып берген. Ептеп қалтамызға ақша салып беруге де уәде еткен…
Түс қия бергенде көшедегі электр бағанасының басында ілулі тұратын шелек тақілеттес радиодан беймезгіл бір азалы музыка берілді. Жетекші-ұстаздарымыз үдірейісіп, біз үрпиісіп қалдық. Сосын ептеп басып көшеге шықсақ, радионың түбіне екі-үш қытай жиналып қалған екен. Біз де жетекшілерімізбен бірге солардың қасына келдік. Радиода әлі де болса дүн- дүниені күңірентерлік қаза күйі ойналуда. Бір кезде музыка үні бәсеңдеді де, әлде кім еңіреп тұрып, өксіп атып тұрып қытайша әлденелерді айтып жатты. Сол сол- ақ екен, радиодағы сөздің аяғын күтпестен қасымызда тұрған әлгі екі-үш қытай жерге құлай-құлай кетіп, дауыс салып өкіріп қоя берді. Сұңқылдаған үндері сондай жаман. Біреуі байы өлген қатындай бетін жұлып шиедей қылды. Әнебіреуі кәмпитке өкпелеген қиқар балаша жер тепкілеп озандауда...
Олардың жоқтауынан біздің бар ұққанымыз «Әй-ио» (қытайша «ойбай») деген сөз ғана. Біздің жетекші-ұстаздарымыз болса, әлгі үш қытайдың ең сүйікті адамын тәп бір өздері тепкілеп өлтірген жазықты жандардай бүрісіп- бүрісіп, мөлиіп-мөлиіп тұрып қалды. Біздер - балалар, әркімге бір қарап жаутаң-жаутаң етеміз. Радио сөйлеп жатыр. Бірақ әлі де шаң-шұң қытайша жылау. Одан бірдеңе ұғып жатқан біз жоқ. Қазақтар осылай дағдарып біраз тұрдық. Шамасы жетекшілеріміздің де іші пыса бастады ау деймін, олар жер тепкілеп өкіріп жатқан қытайлардың ішіндегі шала-шарпы қазақша білетін Дүмпидің (кейін білдік, оның қытайша аты-жөні Дуң Фэйдиң екен, бірақ тұтас ауыл оны Дүмпидің деп кеткен) дегенді: «Қайрат қылыңыз! Сабыр етіңіз!» деп орнынан тұрғызып алды да:
– Ау, Дүмпидің, не болды? Бізге де айтсаңдаршы! – деп сұрап еді, анау аузы сөзге келмей, көз жасын төгіп-төгіп жіберді де, сұқ саусағымен аспанды нұсқап:
– Анауы... сол... кетіп қалды, - дегенге зорға тілі келді де, әрі қарай өксік қысып сөйлей алмай қалды.
Жетекшілеріміз оны тағы да жұлқылап жөнін сұрап еді:
– М- М- Мао Жуши қа-қай-қайтыс болды, - деді де жерге құлай кетті.
Біздің тұла бойымыз дүр етіп, жүрегіміз мұздап сала берді. Бәріміздің бойымызда қан-сөл, жан қалған жоқ. Бала болсақ та көкейімізде: «Ендігі күніміз не болар екен?» деген жалғыз сұрақ тұрды... Байқасақ бір жетекшіміз де босап кетіпті. Сорасын жеңімен сүртіп-сүртіп қояды. Тағы бір жетекшіміз «е, қу жетімектер, енді ненің күнін көрер екенсіңдер» деген адамша, басымыздан аялай сипады да, күрсіне тұрып:
– Естідіңдер ғой, Мао Жуши атамыз қайтыс болып кетіпті. Енді үйлеріңе қайта беріңдер. Керек кезінде өзіміз шақыртып аламыз, -деді.
«Үйлеріңе қайтыңдар» деген сөзді барлық бала асыға күтіп тұрғандаймыз. Жын тигендей үйді-үйімізге жүгіре жөнелдік. Мақсат біреу-ақ - осынау «сұрапыл жаңалықты», «суық хабарды» ата-анамызға, басқа да елдерге «естірту», хабар айту.
Өкпемді аузыма тістеп, екі иығымнан дем алып үйге кіріп келдім. Әкем атыз басынан әлі оралмаған екен. «Апа, апа» деп бір-екі рет жөпелдете айқайлап жіберіп ем, үйдің түпкі бөлмесінен шыға келген шешем менің қан сөлсіз түрімді көріп шошып кетсе керек.
– Үйбай-ау, не боп қалды?! – деп қасыма жетіп келді.
– Мао Жуши атам өліп қалыпты, - деген сөзді үзіп-үзіп зорға айттым.
Бұны естіп есінен тана жаздаған шешем:
– Тәйт, әрі! Жап аузыңды! – деді де терезеден тысқа қарап-қарап қойды.
– Радио айтты ғой, Дүмпидің жылады ғой, - деп жатырмын ақпаратымды дәлелдеуге тырысып.
– Айтқан ел айта берсін. Жылаған ел жылай берсін. Бір пәлеге ұрынарсың,- деді де, мені далаға шығармай қойды.
Содан соң жарты сағаттан кейін, үйдегі сымды радиодан: «Ұлы көсеміміз, ұлы жолбасшымыз, ұлы құтқарушымыз, данышпан жетекшіміз, аспанымыздағы алтын күн - Мао Жуши қайтыс болды!» деп ұйғырша, қазақша хабарлап жатты. Шешем сонда барып мені «қамаудан» босатты. Бірақ соның өзінде де: «Ел не десе, о десін, Мао Жуши өлді деп сен айқайлай берме!» деп таптап қойды.
– Неге? – деймін мен.
– Кім біледі, бұл да өкіметтің бір қулығы шығар? –дейді шешем.
Күн екіндіге таяп қалды. Мұндайда көшеге шығудан да қорқады екенсің.
“Мао-ның өлгенін естіп совет әскері басып кіре ме...” деген үрей баяғы....
Осылай әрі-сәрі күйде қақпада тұрғам. Көрші үйде Күмісхан деген шешей болушы еді, сол кісі біздің үйді бетке алып ұшып келеді екен. Қатты қарқынмен келе жатқаны соншалық, камзолының екі етегі, жаулығының екі ұшы желп-желп, жалп-жалп етеді. Қасыма таяп келгенде:
– Жеңешем үйде ме-ей Темеш? –деп менің басымнан бір сипады да, «үйде» деген жауабымды да елеп-ескерместен, аттап-бұттап, борандатқан күйінше біздің үйге кірді де кетті. Артынан ілби басып мен де бардым. Күмісхан шешей күрк-күрк жөтеліп алып, маған:
– Бар-ей, жүгір, ойна! – деді де махорка орай бастады.
Бұл кісі өткен жылы ғана Құлжадағы «Достық» емханасына барып, екі ай жатып өкпесіне ота жасатып келген. Содан бері жағдайы жақсы еді, жақыннан бері күркілдеп-шиқылдап қайтадан ауыз жаппай жөтеліп жүр. Оның үстіне шылымды қайта шегіп алыпты. Ауырсын-ауырмасын, екі сөзінің бірі Құлжа, «Достық» емханасы... Ылғи да «Шіркіііін, Достықтың дәрігерлерін айтсаңшы, тағы бір көрінем барып!» деп тепсініп, тамсанып отырады. Өзі ғана емес, «сырқатпын!» деген елдің бәріне «Достықтың доғдырына бар!» деп насихат айтады. Егер тыңдаудан сіз жалықпасаңыз, Құлжа қаласын, «Достық» емханасын аса бір ыждағаттылықпен таныстырудан ол кісі шаршамайды.
Сол Күмісхан шешейдің күндегідей емес, бүгін түсі салқын, сөзі аз. Әр нені айтқан боп, қарыстай махорканы орап алды да:
– Жеңеше-ау, - деп менің шешеме жақындай түсті, - радиоларыңыз сөйлеп тұр ма еді? Бүгін не естідіңіз?
Ол сіріңкені тартып жіберіп, темекісін тұтатып алды да, «қиын болсаңдар шешелі-балалы екеуің осы сұраққа жауап беріп көріңдерші!» деген кісіше анам екеумізге кезек қарап, қоразданып қойды.
– Өзің не естідің? Неғып өң-түсің қашып тұр?! – деді менің шешем де түк білмегенсіп.
– Әлгі..., неғып..., ана кісі..., - деп Күмісхан шешей қабағымен төбені нұсқады да, - кетіп қалды дейді ғой. Радио айтты.
«Кетіп қалды» деген сөзді айтқанда Күмісхан шешей үнін бәсеңдетіп, жан-жағына қарағыштап қояды. Әрі қарайғы әңгімелері ашық түрде өрбіді. «Мао Жуши аталарына 79 жастың мүлде аз екендігін, халық тілеуіне орай, мың жас болмаса да, тым құрығанда жүзге келетін жөні бар екендігін» шынайы кейістікпен сөз етісті. Әңгіменің осы тұсына келген кезде Күмісхан шешей шылымын құшырлана бір сорып жіберіп, ернін сылп еткізді. Сөйтті де басын баяу шайқап қойып:
– Жарықтықты Құлжадағы «Достық» емханасына апаруға үлгермеді ме екен ә? – деп ауыр күрсінді.
– Кім біледі? Е, тура келген ажалдан қайда барып құтылғандайсың! Кел-ей келіншек, қолыңды жуып шайға кел, - деді шешем.
Олар шай ішіп бола бергенде әкем келді, бірақ ол кісі «суық хабарды» елден естіп алыпты.
– Балалар аттарын жаюға кетіп барады. Шайыңды ішіп болсаң, сен де күндегідей атыңды жайып кел. Бірақ, балам, бүгін ойын-күлкіні азайтып, атқа сақ болыңдар, - деді әкем маған.
Ауыл маңындағы жазыққа ине шаншар жер қалдырмай тұтастай егін егіп тасталатын. Сол егін қашан жиналып болғанша, егіншілер шайға қатық етіп отырған сиырларын бадашыға қосып, бірлі-жарым аяқылау көліктерін балалары ауыл сыртына апарып жайылтып келетін. Біз, балалар болсақ, аттарды алты қырдан ары асырып барып арқандап немесе шідерлеп тастаймыз. Өзіміз жамылшы-төсенішімізді ала барып қасында түнейміз. «Тайдың мінгені, баланың істегені білінбейді» деген емес пе, үлкендер бізді «ат бақты, жұмыс істеді» деп ойламайды да, ал біз ештеңені міндет қылмаймыз. Керісінше бізге бұл өзі тойға барғандай думан, жиынға барғандай салтанат еді. Түнімен жасырынбақ ойнайсың, күресесің, ертегі айтасың... Атпенен жарысып барып, жарысып келесің. Қандай қызық!
Бірақ бүгінгі түннің ондай қызық болатын түрі көрінбейді. Керісінше үрей, уайым басым. Қасымыздағы бірер ересек кісілер күндегідей бізді күресуге, өзге де ойындарға ұйымдастырмайды, бүк түсіп жатып алған. Тек өзен жақтан шұрылдаған бақалардың үні ғана құлаққа талып жетеді. Түн қараңғылығында, жыра-жыраның бәрі үңгірдей үңірейіп, апандай аңыраяды. Тіпті сай-саланың бәріне «Жапон албастылары», «Совет әскерлері», «Америка тыңшылары» толып алғандай елестеп кетті. Осындай үрейлі сезіммен аз-кем жатқан балалар бір кезде пышыр-пышыр, сыбыр-күбір сөзге кірістік. Әңгіме тақырыбы: «Енді күн шыға ма, шықпай ма» деген жалғыз мәселе. Осылай керілдесіп тұрғанда, Гымиңбек (Гымиң - қытайша төңкеріс деген сөз) деген бір мінезі дойыр бала, манадан бері: «Күн шығады дедім, шығады!» деп өңештеп, өзеуреп тұрған Естай есімді баланы жерде жатқан жүген-ноқтамен бір-ақ ұрып ұзынынан түсіргені. Сол сол-ақ екен екі “саяси топ” арасында “қызыл-қырғын” төбелес басталды да кетті. О...у, бір заманда екі жағымыздан да әл кетіп, әлсіреп жығылдық. Сөйтіп «бейбіт келісімге» мұқтаж болған біздер қасымызда жатқан бір ересек кісіні “ара ағайындыққа” тартып көріп едік, оның төрелік айтқаны сол:
– Өшіріңдер үндеріңді! Үй, өңкей иттің күшіктері. Бүгін ойнап-күлетін күн бе?! Тексіз өңкей!!! – деп зекіп тастады.
«Атамыздың» көзі жұмылар-жұмылмастан оның мына бізге - “Мао Жушидің балаларына” тіл тигізгеніне бір жағынан жынымыз келді. Енді бір жағынан өз қылығымыз үшін ұялып та қалдық.
Таңертең ерте, бір қараңғы, бір жарықта шибөрінің артындай шулап, бәріміз оянып алдық. Сол маңдағы биіктеу бір дөңге шығып алып, бәріміз шығыс жақтан көз алмай қарап отырмыз. Шығыс көкжиек ақырындап балыққандырып ағарып келеді. «Күн мәңгі шықпайды» дегендердің туы жығыла бастағандай. Олар әлі де болса:
– Күн шықпайды! Бірақ дүние осылай сәл-пәл жарық тартпаса, адамдар қалай өмір сүреді. Мақұл деңдер, шықпайды күн!?! - деп тырысып бағуда.
Шығысқа әлі қарап отырмыз. Күннің шеті қылтиды. Міне, енді толық көрінді. Тіпті мына бүгінгі күн бұрынғыдан да шұғылалы, бұрынғыдан да нұрлы, қызулы секілді. Дүн-дүниені арайымен шомылдырған алтын табақ тез биіктеп барады. Оның осынау алғашқы қызыл-күлгін уыз шұғыласы біздің сәби жүрегімізді жуындырып-шайындырып өткендей болды. Арқан бойы көтерілгенше үнсіз қарап тұрған бір топ бала, терең бір-бір күрсініп алдық та, жүген-ноқтамызды қолтыққа қысып, аттарымызға беттедік...
***
Менің әңгімем осы тұсқа келгенде, тарихшы-академик ағам:
– Жарайсың, Темеш батыр. Онсыз да қызық әңгіменің одан сайын майын тамызып, нақышына келтіріп айтып бердің...Мынаны сен үшін бір алып жіберейін, - деді де тостағанындағы коньякті тартып жіберді.
Бұл кісіден кейін сөзге араласқан әдебиетші-академик:
– Шынында да әсерлі екен. Темеш батыр, сені тыңдап отырып, менде бір ой пайда болды. Яғни, сен осыны бір көркем әңгіме етіп жазып шық. Жақсы жаза алсаң, шедевр дүние болады деп ойлаймын, - деп купенің терезесінен далаға қарап үнсіз отырып қалды.
Соңы.
Дүкен Мәсімханұлы
Abai.kz