Қазақстанда 12 жаңа перзентхана салынады

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова соңғы бес жылда перинаталды орталықтар салу мәселесі қолға алынғанын айтты.
— Қазақстанда туу көрсеткіштерінің жоғарылауына байланысты соңғы бес жылда перинаталды орталықтар салу мәселесі де қолға алынды. Бүгінгі таңда 12 перинаталдық орталықтың құжаттары әзірленіп жатыр. Бүгінгі күні Астанада перзентхана салынып жатыр. Жыл аяғына дейін Шымкент қаласы мен Түркістан облысының перинаталды орталықтарының құрылысын бастаймыз, — деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкіметтегі брифингте.
Сонымен бірге, брифингте түсік жасату көрсеткіштері де атап өтілді. Қазір елімізде жыл сайын 70 мыңнан астам түсік жасалады. Оның ішінде фертильді жастағы — 25-35 жас аралығындағы әйелдер арасында көп.
Сондай-ақ, жыл басынан бері шетелден 80 мыңнан астам адам келіп, Қазақстанның медициналық қызметтеріне жүгінген.
Abai.kz