Төлеген Жәкітайұлы. «Нұрғиса»

Қазақтың әйгілі композиторы, дәулескер күйші, Халық қаһарманы Нұрғиса Тілендиевті оқырмандарымызға егжей-тегжейлі таныстырып жатудың өзі артық болар деп ойлаймыз. Биылғы 2025 жыл – Нұрғиса Тілендиевтей дар тұлғаның туғанына 100 жыл.
Осы мерейлі жыл қарсаңында оқырман назарына журналист Төлеген Жәкітайұлының «Нұрғиса» атты кітабынан біршама үзінді ұсынуды жөн көрдік.
***
БАУКЕҢ ҮШІН «ШПИОНМЫН»
... 1998 жыл. Сәуір айының жаймашуақ күндерінің бірі еді. Нұрағаның айтуымен түс ауа үйіне бардым. Төргі бөлмеде мақпал шапанын жамылып, кітап оқып отыр екен. Сәлемімді алып, орындықты нұсқап, отыр деген ишарат білдірді. Отырдым. Нұраға ойын бөліп, орынсыз сөйлегенді жаратпайды. Үнсіз жайғасып, айналамды шола қарап отырмын. Шағын бөлмеде артық-ауыс зат жоқ. Салулы төсек. Бас жағында аласа кітап сөресі тұр. Ортадағы үстел үстінде күлсалғыш, оттық, бір қорап «Қазақстан» темекісі. Терезе алдында партиттура жатыр. Сосын қосауыз мылтық. Иә, кәдімгі зауыттан жаңа шыққандай жалтыраған құс мылтық төсек пен қабырға аралығында сүйеулі тұр. Мылтыққа тесіле қарағанымды аңғарған Нұраға еңсеріле бұрылып, сол жаққа өзі де бір көз тастап қойды. Сосын бір тал темекіні езуіне қыстырып жатып:
– Мылтықта қасиет бар. Ол әр қазақтың төрінде тұруы керек. Сол үшін ғой. Әйтпесе, соғыстан кейін қолыма мылтық ұстап, торғай атып көрген жан емеспін, – деді ойлана түсіп. Сосын: – Сонау жылдары Ермактың ескерткішіне тапаншадан оқ жаудырғаным болмаса. Тура бес оқ шығарыппын. Қазақтың қанын судай ағызған қанішерден өш алғым келген болар. Ол енді «паллитрдің» күші ғой, – деп күліп алды..
Ал, соғыстың аты соғыс. Жауды аяйтынтдай жаның екеу емес. Бірақ, осы күнге дейін бәлен неміс өлтірдім деп ешкімге бір ауыз әңгіме айтқан емеспін. Адам атқанның несі мақтаныш...
Нұраға қабағын шытынып, темекісін тұтатты. – Тіпті, менің соғысқа қатысқанымды білетіндердің өзі аз. Болса да басқа жоспарымыз жоқ қой. Бүгін сол кезден есте қалғандарды айтып көрсем бе деймін. Нұраға темекісін жиілете сорып, ащы түтінді әдеттегіден гөрі молырақ будақтатып жіберді.
– Мені Баукең, атақты Бауыржан Момышұлы өмірі өз атыммен атап көрген емес, – деді Нұраға әлден уақытта әңгімесін жалғап. – Дурр-рак, – дейді ылғи. Онысы маған майдай жағады. Бұл көптің көзінше айтқаны ғой. Ал оңашада: "Ей, шпион! Сен қайдан жүрсің?» – деп сәлемімді қалжың араластыра алады. «Шпион» дейтіні, мен сол барлаушылар ротасында жүргенде атақты Баукеңе кездескенім бар. Курляндияда. 1944 жылдың күз айы болатын. Орлов деген офицердің бұйрығымен дивизия командиріне барғам. Рұқсат алып, кабинетіне кіре әскери тәртіппен тақ-тақ етіп, келген жұмысымды баяндай бергенімде, терезе алдында теріс қарап тұрған, полковник шенді мұртты кісі маған бұрыла беріп:
– Кругом, шагом марш! – деп ақырып, айдап шықты. Түк түсінбей Орловқа келіп, болған оқиғаны айтсам ол:
– Немене, дивизия командирін бұрын танымаушы ма едің? – дейді қарқ-қарқ күлкіге көміліп. Мен танымайтынымды айттым.
– Онда, қазақша амандассаң өзі-ақ танысады, қайтадан бар, – деген соң жүрексінсем де айналып және бардым. Есіктен «ассалауымды» әндете созып кіргем. Мұртты полковник бағанағыдай емес, жылы қабақ танытты. Отырғызып, қай жақтан екенімнен бастап, бәрін-бәрін екшеп сұрады. Айттым. Содан соң орнынан тұрып, анадай жердегі шкаф ішінен алған бір бөтелке арақтың тең жарымын стақанға шүпілдете толтырып алдыма қойды да:
– Естуің бар шығар, мен Бауыржан Момышұлы деген ағаң боламын. Танысқанымыз үшін! Тарт! – деді маған гүж етіп. Мен ішпейтінімді айтып, қашқақтай бастап едім:
– Оттапсың! Арақ ішпейтін солдат жоқ. Тарт! – деп ақырып жібергенде, отырған орнымнан қалай ұшып тұрып, ыдыстағы арақты қалай қағып салғанымды өзім білмей қалдым.
Мұндай «ащы суды» тұңғыш татуым. Өңешім өртене, деміме тұншығып, қайта отыра кеттім. Өзегім от тастап жібергендей дуылдайды. Құлағым тарс бітіп қалған секілді, Баукеңнің айтқан сөздері күңгірлеп әрең естіледі. Сәлден кейін-ақ, буын-буынымнан әл кетіп масайдым да қалдым. Есімді білмей ұйықтауым да тұңғыш рет.
Қанша жатқанымды кім білсін, ояна салысымен дедектетіп, тағы Баукеңнің алдына алып барды.
– Шпион, – деді ол кісі мені көргеннен гүж етіп.
– Отыр!
Отырдым. Бетіме біраз уақыт үнсіз қарап, ойланып тұрды да:
– Еліңе аман-есен жетуіңді тілеймін. Жамбыл атаңа менен сәлем айт, – деді жаныма келіп, иығымнан қақты.
Жатқан жері жанатта болғыр, батыр ағамның сол ақ тілегін құдай қабыл еткен шығар. Соғыста үш рет оқ тисе де емделіп, қайта қатарға қосылдым. Туған жерге аман-сау оралдым. Және қалай қайттым десеңші.
Нұраға темекі қорабын қолына ала беріп, маған күлімсірей қарады. Тағы бір тың дүниені еститініме күмәнім қалмаған мен еміне түстім. Нұраға мұндайда асықпайды....
– 1945 жылы августың аяғында маған екі айлық отпуск берді, – деді Нұраға жастықты шынтақтап жатып. – Ливск қаласынан қайттым. Маған сол қаладағы композитор Менделсон атындағы консерватория профессорларының «Опель» машинасын сыйлағаны бүл күнде біреулерге ертегідей көрінеді. Сол машинамен әуелі Москваға келіп тіркеуден өттім де, темір жол бойымен туған жерді бетке ұстадым. Москвадан Саратов, Орал, Ақтөбе, Шалкар, Арал, Қызыл Орда, Шиелі, Жаңақорған, Түркістан, Шымкент, Жамбыл арқылы Алматыға келдім. Ливскіден августың 22-де шыққам. Сентябрьдің 16-сында Алматыда болдым. Таңғы сағат төртте үйге түстім. Үстімде неміс офицерлерінің сықиған су жаңа формасы. Анам өте салмақты еді. Үйге кіргізбей тұрып, әуелі орыс, қазағы аралас көршілеріміздің бәрін оятып келді. Сосын ешкімге амандастырмастан, қолындағы бір кесе күлді басымнан айналдыра ұшықтап, кесені жерге қойып айтқан бірінші сөзі:
– Балам аман келдің бе?
Құшақтап алып, маңдайымнан рахаттанып тұрып сүйді.
– Шырағым, – деді сосын даусын қатайтыңқырап.
– Қазір үйге кірместен бұрын мына үстіңдегі бәленің бәрін шеш, жуын. Бұрынғы киіміңді киіп дәм тат та, бірден Ахаңа жет (Ахмет Жұбанов).
Таң жаңа атып келе жатыр. Апыл-ғұпыл шәй ішіп, Ахаң үйіне тарттым. Ахаң ол кезде Фурманов көшесіндегі 92-үйде түратын. Калинин көшесінің қиылысындағы қазіргі «Шаштараз» орнында бір қабатты үй. Кіре беріс оң жақта көркемсурет училищесінің жатақханасы. Машинамды көшеге қойып, сағат бес кезінде Ахаңның есігін қақтым. Есікті ашқан жеңгем мені көре бас салып қуанып, жылап жатыр. Сөйтіп тұрғанда, Ғазиза, Болатты ертіп Ахаң шықты. Үйre кірдік. Ахаңда әлі үн жоқ. Қуанған мен қорыққан бірдей деген рас екен ғой. Жеңгем дереу шай жасады. Екеуден-екеуміз шәй ішкенсідік. Әйтеуір, содан барып Ахаңа тіл бітті. Сондағы айтқаны: «Шырағым, Нүкен, аман-есен келіпсің. Қайырлы болсын!"
Содан үш күннің ішінде Ахаң мені әскерден босаттырып алып қалды. Ол өз алдына бөлек бір хикая.
Нұраға «Бүгін осы тойғаныңмен қайта ғой» дегенді қабағымен ұқтырып, орнынан тұрды. Осынша мөлдір сырдың ашылуына себепкер болған жалтыраған құс мылтыққа қайта-қайта қарап, қош айтыстым.
ЖҰМБАҚ САПАР
– Бауыржан ағаның ертеректе мені бірнеше күн қасына ертіп жүріп, «қызыққа» батырғаны бар,- дейді Нұраға рахаттана күліп. – Қандай кеш жатсам да, таң алакеуімінен тұру қашанғы қалыптасқан әдетім. Жаз мезгілі еді. Ертелете түрып, таза ауада аздап серуендеп келген соң, пианино ойнап, саусақтарымды жаттықтырып отырғам. Баукең кіріп келді. Батыр ағам Бауыржан Момышұлы. Асығыс екенін бірден байқадым. Келе:
– Встать, смирно! Ер соңымнан, кеттік, – деді. Әскери бұйрық! Қарсы келу қайда? Үнсіз барып машинасына отырдым. Алматыдан шыға зулатты. Қайда баратынымыз туралы ләм-мим сөз жоқ. Әуелгі ойым: «Е, Жамбыл атамыздың ауылына баратын шығармыз» болған. Өйткені, Баукең, алдында бірер мәрте сол жаққа бару керектігін айтып жүретін. Бірақ, Ұзынағаш жаққа бұрылмадық. Аң-таң болып келемін. Бірер сағатта Бішкекке жеттік. «Аламиддин» мейрамханасына аялдап, шамалы ауқаттанып, тағы күре жолға түстік. Қайда барамыз деп сұрауға бата алмаймын. Әбден мысым құрыды. Баукеңде үн жоқ. Ойдан ой қуалап отырып, қалғып кетсем керек. Көзімді ашсам, және бір қаланың ішінде түрмыз. Баукең де, жүргізуші де үшті-күйлі жоқ. Сыртқа шығып, әрі-бері жүгіріп, жүргізушіні тауып алдым. Бұл қай қала деймін. Сөйтсем, Жамбыл, Тараз қаласы.
Содан біраз уақыттарда жүргізуші өздері келіскен жерден Баукеңді отырғызып алды. Енді артқа қайтатын болармыз дегем. Қайда-ан? Жамбылдан шыға ары қарай және тартып барады. Ақыры түнделетіп Баукеңнің туған ауылы – Жуалыға жеттік-ау. Күні бұрын құлақтанса керек. Күтіп алушылар қарақұрым. Баукең әскери тілде қысқа амандасып, оларға ертең жиналуды бұйырып, мені ертіп үйге кірді. Кең бөлмеге жасалған дастарханның белі қайысып түр. Жол соғып, ішегім шұрылдап келген мен уылжып піскен қазы-қарталарды көріп, «Әй, бір тоя тамақтанатын болармыз», деп іштей қуанып қалғам. Қайдағы. Баукең онда бұрылмастан төргі бөлмеге өтіп кетті. Онда екі төсек салулы тұр.
– Сен анда жатасың, мен мүнда. Отбой! – деген шолақ бұйрық берді. Амал жоқ, жатуға қамдандым. Бірақ, артынша: – Жеңеше, – деп дауыстап, бір әйелді шақырып екі аяқ айран алдырды. Соны ішіп ұйқыға кеттік.
Таңертең «Подь-ем» деген гүжілдеген дауыстан шошып ояндым. Қарасам, Баукең киініп алған. «Кеттік», – дейді. Тағы үнсіз ілестім. Содан бір жерге ертіп барды. Біреулермен кездесіп, ұзақ сөйлесті. Бір уақытта әлдебір жерлерге «Тоса тұр» деп тастап кетті. Не қыларымды білмей жан-жағыма қарап тұрсам, дес бергенде қасында бір досы бар Шәмшінің кездесе кеткені. Мүндай қуанбаспын. Сөзімді жерге тастамайтын інілеріме енді мен Баукең болайын. Екі күн ашқұрсақ жүргенімнің өшін солардан алып, аздап ұрсыңқырап бұйырып жатырмын. Шәмшіде екі сөзге келуге бар ма? Бірақ, қырсыққанда еркін отырып жарытпадық. Баукеңнің жүргізушісі келіп, «шұғыл шақыртып жатыр» деп мені алды да кетті. Барсам Баукең «Шымкент» қонақ үйінің кең бір бөлмесінде жәйімен демалып жатыр. Маған тіпті мойын да бұрған жоқ. Сол жатқан қалпы тумбочканы қолымен нұсқап:
– Ал ананы, – деді.
Үстінде тілдей қағаз жатыр екен. Алдым. Сол күнгі енді бір бес-он минутта жүргелі тұрған поездің билеті.
– Қазір мына шофер апарып салады. Алматыға, үйіңе қайта бер, – деді немқұрайлы ғана.
Шынымды айтсам, осылай оңай босатқанына қуандым. Шәмшілерді іздеуге уақыт тығыз. Бірден вокзалға тартып, әйтеуір, Алматы пойызына іліктім-ау. Шаршағаным сондай, купеге кіріп жата кеткенім сол, бірден қалың ұйқыға батыппын. Жолсерік оятып, төсек-орын аласың ба дегенде ғана қалтамда көк тиын жоқ екені есіме түсті. Документ дегенің болса да жок. Бір кезде купелес кісілер келді. Екеуі де қазақ. Бірі зор денелі, шойын қара. Екіншісі, жұқалтаң келген сұлу мұртты жас жігіт. Өздері көңілді. Менімен амандасып, Алматыға бара жатқанымды білген соң сабын, сүлгілерін ұсынып: – Бар жуынып кел, тамақтанамыз, – деп жатыр.
Менің құдайдан тілеп жатқаным сол емес пе? Дереу апыл-ғұпыл жуынып-шайынып келсем, дастархан әзір екен. Балық иісі мұрын жарады. Үстел үсті түгел балықтан әзірленген тағамға толы.
Дәу қара жігіт сөзге шешен екен. Әңгіме арасында өздерін таныстырып өтті. Өзі Аралдағы балық зауытының бастығы да, жанындағы жас жігіт сонда бас экономист екен. Алматыға кезекті есеп беруге келе жаткан беттері. Таныстық үшін деп дәу қара коньяк ашты. Аздап ішіп отырмыз. Әңгіме қыза түсті. Алматыға таянғанда әлгі жігіт:
– Ал, бауырым, өзіңді таныстыра отыр. Қай жақтан келесің? Есімің кім болады, – дегендей сауалдар тастады. Жол бойы сөзге аса араласпай, көбінесе үнсіз әнгіме тыңдаумен ғана келгенім рас. Жайшылықта ғой ондай отырыстың тізгіні әп-сәтте-ақ біздің қолға көшіп жүре беретіні. Бұл жерде амалсыз аузымды бағуға тура келді. Себебі, ән-күйлеріммен елге жақсы танылып қалған кезім. Алдымдағы әжептәуір белді қызметтегі жігіттерге сақал-мұрт өскен, олпы-солпы қалпымда өзімді «Тілендиевпін» деп таныстыруға ыңғайсызданып отырмын. Сірә, азырақ ішкен коньяктың буы болса керек, біраз отырган соң:
– Мен Нұрғиса Тілендиев боламын, – деп қолымды ұсындым. Екеуі бір-біріне қарады да қойды. Әлден уақытта дәу қара бетіме ежірейе:
– Бауырым, сен осы композитор Тілендиевтің жақыны емессің бе? – деп тағы сұрады. Мен болсам:
– Е, сол Тілендиевтің өзімін ғой, – деймін олардың сенбей келе жатқанына таң қалып. Сену былай тұрсын, осы сөзімді естіген дәу қара енді менімен сөйлескісі де келмеді. Жүзі қабарып қасындағы жігітке: – Жина, дастарханды, – деп бұйырып, өзі сыртқа шығып кетті. Қатты ашуланғанын бірден байкадым. Бірер сағатта Алматыға да жеттік. Көресіңді соңынан көрдім.
Дәл пойыздан түсер кезде әлгі дәу қара ашудан түтіккен қалпы, жағамнан алып, қылқындыра сығымдап, сілкіп-сілкіп жіберді. Дүлей күштің иесі екен.
– Иттің баласы, – деді шойындай жұдырығын тұмсығыма тіреп. – Атақты Тілендиевтің атын былғамай жайыңа жүр. Осындай өтірігіңмен енді бір кездессең, айтпады деме, оңдырмаймын. Есіңде болсын, Тілендиев, дәл сен құсап өмірі жүрмейді.
Онысы рас. Менің үстімде үй ішіне киетін жеңіл киім. Баукең келгенде жалаң аяғыма ескілеу сүйретпемді іле салып, кете барғам ғой. Мұнша жерді шарлайтынымды кім білген. Ендігі жүрісім мынау. Өзімнің Нұрғиса екенімді қайтып дәлелдемекпін. Дәу қараның жұдырығы дәл мынандай екен.
Осыны айтып гүжілдей күлген Нұрағаң өзінің қос жұдырығын қабаттастыра түйіп көрсетті.
Зәремнің ұшқаны сонша, қарсыласпақ тұрмақ, тізем дірілдеп, аяғымда әрең тұрдым. Құдай ондағанда ол: «Әттең, қазақтың жігітісің», – деп кіжініп-кіжініп, ұрмай қоя берді. Мұндай пұшайман болмаспын. Вокзалдан шығып, автобусқа мінуге үш тиын таппай қорланғаннан көзіме жас келді. Сөйтіп қатты қапаланып тұрғанымда, туысқан інім Ыдырыс кездесіп, көлікпен үйге жеткізіп салғаны. Актер Ыдырыс Ноғайбаевтың әкесі Ноғайбай Тілендінің туған інісі ғой.
Келсек үй-іші абыр-сабыр. Бірнеше милиционер жүр. Сөйтсем, Баукең келгенде ас үйде жүрген шешем ол кісінің зор даусын ғана естіп, одан мені ертіп бара жатқанын сыртынан көріпті. Сөйтіп, дүкеннен оралған Дариға мені сұрағанда:
– Е, бағана бір мелитса келіп, алып кеткен, – депті. Жеңіл-желпі киіммен кеткен кісінің үш-төрт күн бойы үйге оралмауын, хабар-ошарсыз кетуін кім жақсылыққа жорысын. Жеңгелерін ақырында «розыскаға» беріп тыныпты. Үйдегі сол іздеудің қарбаласы екен.
Сонымен қойшы, арада біраз жыл өткенде Аралға жол түсті. Қасымда Мұхтар Шаханов бар. Облыстық партия комитетінің бастауымен әлдеқалай балық зауытына бардық. Сөйтсем, баяғы маған жұдырық «иіскететін» дәу қара, қасында бірнеше кісі бар, қолында көлденеңдете үстаған нән балық бар, бізді қарсы алуға келе жатыр. Бірақ екі көзі жанымдағы галстук тағып, шыттай киінген Мұхтарда. Таңертеңгі жоспарымыз аңға бару болатын. Сондықтан ыңғайлы көріп, үстіме жеңіл спорттық киім киіп шыққан едім. Мұндай жиынға тап боларымызды кім білген. Қасымыздағы жол бастаушы жігіт алдын орай шығып:
– Кешіріңіз, Нұрекең мына кісі болады, – деп таныстырып жатыр. Әлгі дәу қара мені көргенде, екі көзі атыздай болып, сілейді де қалды. Танып тұр. Тұрып-тұрып ақырында қолындағы балығын жанындағы кісіге ұстата салып, бір ауыз сөзге келмей безіп жөнелді. Зауыт басшысының мына қылығына жұрт аң-таң. Мен де аса сыр бере қоймадым. Кейіннен арнайы шақыртып алып, сол жолы менің намысым үшін сонша күйінген азаматтығына ризалығымды айтып, бетінен сүйіп, жарасып қоштастық.
Өздері жүздесіп көрмеген атақты өнер адамдарын періштеге балап, олардың атына дақ түсірмей, сырттай қамқор болып жүретін осындай азаматтар ел ішінде аз емес-ау.
Баукең жарықтық, сол жолы мені неге сонша әуреге салғанын ақыры айтпай-ақ кетті. Қандай ойы болғанын әлі күнге түсінбеймін. Сірә, батыр ағамның мені солай бір сынап байқайын деген қалжыңы болар.
«ҚАНАТЫҢ ЖОҚ» ДЕП ҰРСАТЫН
– Баукең қызық адам еді ғой, – дейді Нұраға батыр ағасы туралы және бір әңгімесін бастап. – Бір күні түннің бір уағында үйге телефон шалып тұр.
– Қалам-қағазыңды дайында, мен бір өлең шығардым. Жазып ал, – дейді гүжілдеп. Қапелімде қайдан таба қояйын. Барып алып келуге ерініп «дайын» дей салдым сәлден кейін.
– Онда жаз, – деп бұйырған Баукең өлеңін оқи бастады. Мен болсам жазып жатқан адамға ұқсап «иә, иә» деп тыңдап қана отырмын. Күдіктенбесін деп ара-арасында кейбір сөздерін қайталап сұрап қоямын. Өзімнің жол жүріп әбден шаршап келген бетім еді. Шұбатылған ұзақ өлең. Бір кезде бітті-ау ақыры.
– Жаздың ба? – деп қайталап сүрады.
– Жаздым, – дедім шімірікпестен.
– Онда сен маған қайталап оқы. Қалай естілетінін көрейін.
Үннен қалдым. Не айтарымды білмей отырсам Баукең:
– Дур-рак, деп ақырып қалды. – Мен сенің ештене жазбағаныңды бағана білгем. – Бұл өлеңнің жартысы ғана. Бар алып кел қағаз-қаламыңды, бәрін жазып аласың.
Зәрем қалмады. Әйтеуір, телефонның ар жағында болып құдай сақтады. Әйтпесе, қандай жаза қолданарын кім білсін. Содан жанұшырып барып, дәптер-қаламымды ала сала бес-алты беттік өлеңді кошіріп алып, одан оны қайта оқып беріп, сағаттап отырғаным бар.
Бірде Баукеңнің мені жұмысыма іздеп келіп, біраздан соң:
– Дурак, сен кім үшін тудың? – деп оқыс сұрақ қойғаны. Түсіне алмаған соң, үндемей құтылғам. Екі-үш күннен соң кездескенімізде әлгі сұрақты және қайталады. Тағы да не айтарымды, қалай жауап берерімді білмей, тосылып қалғам.
– Дур-рак, – деді даусын қатайтып. – Сен кім үшін тудың? Тырнағыңды өссе алатын ешкім жоқ, сен кімсің? Мені Академияда бекерден-бекер сабақ берді ғой дейсің бе?! Артыңда өзіңдей шәкірт жоқ, значит, қанатың жоқ. Ойлан!
Бұрылып кете барды. Кейін ойланып қарасам батыр ағам айтса айтқандай екен. Тәрбиелеген шәкірттерім аз болмаса да, көбі өз бастарын күйттеп кетті. Осы күндері Баукеңнің сол сөзін есіме алсам, басқасы басқа, «менен кейін «Отырар сазын» өзімдей қылып кім басқара алады?» деген ой жанымды жегідей жейді, – деп жанары жасаурай қалған Нұраға сөз соңын қамығыңқы үнмен аяқтады.
Abai.kz