Азаматтық қоғамның әлемдік практикасы және Қазақ елі
Қазіргі әлемді локалды соғыс өрті шарпуда. Әлем халықтары бұл соғыс дүниежүзілік соғысқа айналып кете ме деп қауіптенуде. Соғысқа қатысушы кейбір елдердің пропагандасы дүниені ядролық қарумен қорқытып, соғыс эскалациясын одан әрі өршітуде.
Болып жатқан бұл процесстерге байыппен қарасақ, әскери қақтығыстардың қарама‑қарсы жағында екі бағытты ұстанатын елдер тұрғанын байқауға болады: бірі – империялық мүддесін көздеген, авторитарлы билік үстемдік еткен елдер болса, екіншісі – демократиялық билікке ие, экономикалық мүддесін көздеген елдер екен:
Біріншіде – Еуроодаққа ұмтылған Украинаға соғыс жариялаған Ресей Федерациясы көш бастады. Оған диктаторлық Солтүстік Корея, діни авторитарлы Иран, коммунистік Қытай сияқты елдер үнсіз қолдау көрсетуде. Бұл елдер демократия шектеулілігімен ерекшеленеді;
Екіншісінде – демократиялық Еуроодақ елдері, экономикалық дамыған елдер: Жапония, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания және өзге демократиялық даму бағытындағы елдер қолдау көрсетуде.
Келтірілген осы мысалдан біз аталған елдердегі Азаматтық қоғамның дамуы деңгейін анықтай алады екенбіз:
Біріншісінде – билік өзінің «абсолютті билік ету» мүмкіндігін жүзеге асырып, соғысты, не болмаса, оған көмек беруді авторитарлы шешіммен қабылдаған. Халық оны шарасыз қолдауда. «Бөтен ойлы» азаматтар жазалануда.
Екіншісінде ‑ халық өз билігінің әрекетін «әділетті қадам» санап, авторитаризмге қарсы соғысып жатқан Украинаға қолдау білдіруді құптауда. Яғни, мұнда мемлекет басқарудың дамыған азаматтық қоғам механизмі жұмыс жасауда.
Осыдан келіп, біздің алдымызда «Дамыған елдер мұндай құндылыққа қалай қол жеткізді?», «Олар азаматтық қоғам құруда қандай тәуекелдерден өтті?», «Азаматтық қоғам мен демократиялық билік байланысы қандай болуы керек?» және т.с.с. сұрақтар бой көтереді.
Анықтама ретінде айтсақ: Азаматтық қоғам – демократиялық мемлекеттің маңызды тіректерінің бірі. Ол мемлекеттік биліктен тәуелсіз қоғамдық ұйымдар, ерікті бірлестіктер, тәуелсіз БАҚ және белсенді азаматтар арқылы қоғамның мүддесін қорғауға бағытталған.
Бұл елдердің тарихи дамуы, құқықтық жүйесі және саяси мәдениеті азаматтық қоғам институттарының қалыптасуына үлкен ықпал етті.
Азаматтық қоғамның әлемдік практикасы: АҚШ, Франция және Германия тәжірибесі
Әлемде азаматтық қоғамды қалыптастыруда ерекше тәжірибесі бар мемлекеттердің қатарында АҚШ, Франция және Германия тұр:
АҚШ тәжірибесі
Америка Құрама Штаттары (United States) – азаматтық қоғамы ең дамыған елдердің көшінің басында тұрғандардың бірі. АҚШ азаматтық қоғамы негізі XVIII ғасырдың соңында, 1787 жылы қабылданған Конституциядан бастау алады. Ол құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың мызғымас құқықтық негізі жасалды.
АҚШ Конституциясы азаматтардың сөз бостандығы, жиналу еркіндігі және ұйым құру құқығын қамтамасыз етті. Осы құқықтардың арқасында көптеген қоғамдық ұйымдар, кәсіподақтар, қайырымдылық қорлары және тәуелсіз медиа дамыды.
АҚШ-та азаматтық қоғамның басты ерекшелігі – еріктілік мәдениеті. Миллиондаған адамдар қоғамдық ұйымдарда ерікті түрде жұмыс істейді. Сонымен қатар, қайырымдылық дәстүрі де кең тараған. Ірі қайырымдылық қорлары қоғамдық мәселелерді шешуге белсенді қатысады.
Франция тәжірибесі
Франциядағы азаматтық қоғамның қалыптасуына үлкен әсер еткен тарихи оқиға – 1789 жылғы әйгілі Француз революциясы болып саналады. Революция нәтижесінде азаматтардың теңдігі мен құқықтары жарияланды.
Сол жылы қабылданған Адамзат және Адам құқықтары Декларациясында азаматтардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын бекітті. Бұл құжат азаматтық қоғамның құқықтық негізін қалады.
Францияда қоғамдық қозғалыстар мен кәсіподақтар өте белсенді. Азаматтар әлеуметтік және саяси мәселелер бойынша өз пікірлерін ашық білдіреді. Ереуілдер мен митингілер француз саяси мәдениетінің бір бөлігіне айналған. Бұл азаматтардың мемлекет саясатына ықпал етуінің бір тәсілі болып табылады.
Германия тәжірибесі
Германияда азаматтық қоғамының қалыптасуы ерекше тарихы бар. Өйткені, Германияны «канцлерлік билігі» екі ретте дүниежүзілік соғысқа итермеледі. Соғыстан жеңіліс тапқан соң, ғана Германияда азаматтық қоғамды дамыта бастады. 1949 жылы қабылданған Германия Федеративтік Республикасының негізгі Заңында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік құқықтық негізін қалыптастырды. Қоғамдық ұйымдар, қорлар, кәсіподақтар және түрлі қауымдастықтар мемлекетпен серіктестік негізінде жұмыс істейді. Неміс қоғамында жергілікті өзін-өзі басқару, қоғамдық бақылау және әлеуметтік жауапкершілік жоғары деңгейде дамыған.
Біздің мұндағы аталған үш мемлекеттің мысалын алуымыздың өзіндік себептері бар:
АҚШ территориясында ұзақ жылдарға созылған азаматтық соғыс этносипатта болды. Ол осында ауып келген еуропалық халықтардың өз доминанттығын орнатуға ұмтылысынан көрініс береді. Ақырында қырғын соғыстан қалжыраған соң, олар өзара «келісімге» келіп, Еуропалық үлгідегі Унитарлы мемлекеттіліктен бас тартты. Таза «американдық азаматтық қоғам» құру қажеттілігін ұқты. Сөйтіп, АҚШ «Азаматтық қоғам» үлгісімен дами бастады...
Германия – Еуропадағы ең мықты мемлекеттердің көшбасшысы қатарында. Бірақ, Германияда бұл унитарлы мемлекет формасында жүзеге асты. Нәтижесінде, Германия эакономикалық қуатты мемлекет бола келе, өз ішінде «фашизм» идеясын өмірге әкелді. Сөйтіп, бір өзі бір ғасыр ішінде екі мәрте дүниежүзілік соғыстардың фарватеріне айналды. Тек Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілген соң ғана, ол «фашизм» идеясынан саналы түрде бас тартып, азаматтық және демократиялық қоғамның негізін қалауға кірісті. Қазіргі Германия азаматтық қоғамының негізінде – «Унитарлы құқықтық мемлекет» тұр десек қателеспейміз.
Ал, Франция – Революция нәтижесінде «Еуропалық Унитарлы мемлекеттілік» пен АҚШ‑тағы «Азаматтық мемлекетілік» формасын ұштастыра алған бірден‑бір ерекше мемлекет десек болады.
Бірақ, осы үш мемлекетке тән ортақ белгілер мынау:
Біріншіден, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін мықты құқықтық база қажет.
Екіншіден, белсенді азаматтық мәдениет пен қоғамдық ұйымдардың дамуы маңызды.
Үшіншіден, мемлекет пен қоғам арасындағы сенім мен серіктестік азаматтық қоғамның тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Бұл елдердің тәжірибесі көптеген мемлекеттер үшін демократиялық қоғам құруда маңызды үлгі болып саналады.
Қазақтың дала демократиясының тарихы мыңдаған жылдарды құрайды
Мен қазір бір сенсациялық жаңалық айтсам оған «Ойхой деген!?» деп миықтан күлмеулеріңізді сұраймын. Ол мынау: «Қазіргі әлемдегі азаматтық қоғам мен демократия атаулының прототипі ежелгі Қазақ даласынан тарайды» деген тұжырым.
Енді осы тұжырымды дәйектейін:
Қазақ даласын жайлаған барлық тайпалардың «жинақтаулы бейнесі» қазіргі Қазақ ұлты атанған халықтың түп‑тамырын құрайды. Мына замандарда біз ол тайпалардың кейбір атауларын өзіміздің рулық жүйемізде сақтап қалдық, кейбіреулерінің атауы – тарих қойнауында қалып қойды...
Ал, сол тайпалар өз заманында Хандық не Қағандық басқару үлгісінде болғаны тарихтан белгілі. Біздің даламыздағы «протобилік үлгісі» бүгінгі түсініктегі Монархияға да, Авторитаризмге де, Имераторлыққа да, және басқа да антидемократиялық сипаттағы билікке жатпайды.
Өйткені, Қағандық жүйе – біздегі мыңдаған жылдарға созылған, бүгінде «Көшпенділер» деп аталған, қазір Ерсерік Ерғали сынды ғалымымыз «Қазақтың ат мәдениеті» деп атаған өмір салтымен және шаруашылық үрдісімен сәйкес келеді.
Мұндағы Қаған – еш уақытта автократ болмаған – болайын десе де бола алмаған! Көш‑қон жағдайында өмір сүрудің жалғыз шарты бар, ол – Еркіндік. Яғни, көш жағдайында әрбір адам – осы процестің белгілі бір субъектісі болып табылады: мысалы, Жылқышы – жылқыны аман сақтауға кепіл, Қойшы – отар қойды сақтауға кепіл, Ұста – тұрмыс‑тіршілік құралына кепіл, Әйел қауымы – тамаққа және ошаққа, үй жасауына кепіл, Жігіт – елін қорғауға кепіл... Ал, Қаған – Ел көшін дұрыс бастауға кепіл!
Яғни, көш‑қонда өзара еңбек бөлінісі қатаң регламенттеліп отырған – әр саланы тек соны меңгерген адам, яғни, «өз ісінің шебері» атқаратын болған. Ал, оның өз ісіне жауапкершілікті болуының басты шарты – сол салада білікті, сол салада абсолютты еркінойлы болуы! Онысыз ол өзі де оның бір бөлшегі болып тұрған тұтас қауым өмірінің қауіпсіздігіне кепіл бола алмайды...
Міне, осыдан келіп, бүгінде айтылатын «адам капиталы», «шығармашылық еркіндік», «сөз бостандығы», «адам құқы мен мәртебесі» және т.с.с. демократиялық құндылықтар мен азаматтық қауымдастық негізі қалана бастайды...
Әлемде, үнемі «сырғып отыратын» көшпенділер әр жерлерде, әр елдерде өз ізін қалдырып отырған. Олар өздерінің өмір сүру қалыбын, қауымдасу ережесі мен тәртібін өзге елдерге көрсетіп отырған. Өйткені, көшпенді ешқашан өздігінен соғыспайды, негізі, ол «өзгені бейбіт бағындыруды, дәстүріне сіңіруді» қалаған.
Сөйтіп, көп елдерге өз мемлекеттігінің іргетасын қалауына «көмектескен». Олардың бұл «ізгі ниеті» бүгінгідей «өзге елді оккупациялау» деген ниеттен емес, «халықтарға дұрыс өмір сүруді үйрету керек» деген табиғи қажеттіліктен туындаған. Өйткені, олардың дүниетанымы осы принципке негізделген: «Жер бетінде барлық тіршіліктегі жаратылыстың мәртебесі (статусы) Жаратушы алдында тең» деген темірқазық түсінік!
Міне, адамзаттың дамуы барысында, осы Қағида елден елге ауысып, ақыр соңында өркениетке қол жеткізген халықтардың мемлекеттілігінің өмір сүруінің басты принциптеріне айналып кетті...
Олар оны жетілдіріп, бүгінде тұтас бір ғылыми сана деңгейіне көтере алды...
Ал көшпенділер ше?
Олар шаруашылық үрдістің өзгеруіне байланысты тұтастығын жойды, қуаты әлсіреді, бодандыққа түсті, жойылды...
Міне, енді олар қайтадан өз Тәуелсіздігіне қол жеткізгенде, өздерінің азаматтық болмысы мен дала демократиясыының түп‑тамырын тарихи жадыдан шығарғаны, оның орын «бодандық сана» жаулағаны белгілі болды.
Енді, ғасырларға созылған сол «бодандық санадан» арылудың өзі оңай шаруа емес екендігі анықталды. Бірақ, бір кездері болмысымыздың бөлшегі болған «Азаматтық» пен «Демократия» түсінігі біздің қанымызда бар. Ол табиғи болмысымыздың түпкірінде жатыр десек болады.
Сондықтан, ол біздің халықтың мың жылдар сақталып келе жатқан Ұлттық тәрбие жүйесінде байқалады. Қазақтың мәнді‑мағыналы мақал‑мәтелдерінде тұнып тұр...
Олар әлі ұмытылмаған Жігіттік қасиет, Ақсақалдық түсінік, Әже‑Ана‑ Ұрпақ (есті бала, есті қыз) сияқты сакральді ұғымдардың түп мазмұнында сақталған. Ендеше, бүгінде бағзы көшпенділер ұрпағы ‑ Қазақ халқының демократияға ұмтылысы, азаматтық қоғамға ұмтылу қадамы болашақта сәтті жүзеге асады деп сенуге болады.,.
Бір Тәңірім оған жар болсын!
Әбдірашит Бәкірұлы, философ
Abai.kz