Күйші Омарханның, қойшы Омархан атануы

Басы: «Тұлғалы домбырашы – дәулескер күйші»
Күйші Омархан Керімқұлдың Қазақстанға оралуы
Омархан күйшінің атағы елге осыдан кейін кеңінен тарала бастайды, бірақ Қытай коммунистік партиясының жер реформасы, мойынсерік (коммуналастыру), зор секіріп ілгерілетеу, оңшыл мен солшылдарға, ұлтшылдарға қарсы күрес арт-артынан белең алып, халықтың берекесін кетіріп, ұлттық өнерге деген құрмет азайып, оны дәріптеп жүргендерге бүйідей тиеді. 1916 жылғы Албандар көтерілісінде босып барған және 1931-1933 жылдардаға қолдан жасалған ашаршылық нәубетінде жан сауғалап барған қазақтарды атамекеніне қайтару Кеңес одағы билігі тарапынан қолға алына бастайды. Екі ел башылары келісімге келген соң, Қытай елі атамекеніне қайтамын деген қазақтарға мүмкіндік береді. Қытай саясатының сан құбылып, әңгір таяғын иіре бастағанын көрген Сағырбай әулетді де Қазақстанға көшкен елмен бірге кету қамына кіріседі.
Керімқұл әкесі Сағырбай қайтыс болғаннан кейін, анасы Бапан (Балжан) 1880 жылдары Лабасы-Қақпақ өңірінен балалары Керімқұл, Бұрымқұл, Қошқарбай, Жұмабай, Қасымқұлды ертіп Текестің Шоңқұшайдағы төркініне барып мекендейді. Бес баласы нағашылары Бекмырза байдың қамқорында болып, аман-есен ержетеді.
Керімқұлдың бұрынғы алған әйелінің аты Секер екен. Ол жары қайтыс болған соң, шамасы ақ пен қызыл қырқысқан төңкеріс жылдарындағы үркіншілікте Шелек өңірінде жасаған Байқазақ деген Албанның Шажа руынан шыққан атақты байы Қытайға қарасты Шоңқұштай жеріне көшіп келеді. Керімқұлдың екінші әйелі Рәпия осы Байқазақтың туған қарындасы екен. Омарханның әкесі Әубәкір мен шешесі Ауал 1900 жылдары Текес өңірінде дүнеге келген кісілер. Керімқұл 1949 жылдары қайтыс болады.
Қытайдың жергілікті үкіметі 1950 жылдары Кеңес одағынан келгендерге құжат таратқанда, Рәпия мен Сәмөрік әжелері Қызылкүредегі Совет консулынан «Совет гражданы» деген паспорт алып алады. Сәмөрік Құрманның Елемес атасынан тараған Бұқарбай деген атақты байдың қызы екен. Бұлар да 1916 жылғы үркіншілік кезінде Қытайға барған көрінеді. Сәмөрік Керімқұлдың інісі Жұмабай деген атаның әйелі болыпты. Сонымен не керек, Сағырбайдың бес баласынын тараған әулет осы Рәпия мен Сәмөректің алған құжаттарына тіркеліп, 1962 жылдың желтоқсан айында Сүмбе шекарасы арқылы Қазақстанға көшіп өтеді. Керімқұл ұрпақтары Кеген ауданының Жалаңаш (Жалағаш) ауылына келіп қоныс тебеді. Ал Қошқарбай, Жұмабайдың ұрпақтары Шымкент облысының Леңгір ауданына көшіп барады. Ал, Омекең кейін Қарағандының Шет ауданына жіберілген Нүсіп, Әубәкір әкелерін, Жұмабай мен Қошқарбайдың балаларын Шымкенттен көшіріп әкеліп, Жалаңашқа қоныстандырады.
Күйші Омарханның қара домбырамен қоштасуы...
Қазақстанға келгеннен кейін Омекеңе Қытай жеріндегідей серілік құру бұйырмайды. Дегенмен, ауыл үй арасында ара-тұра домбыра шертіп жүргені болмаса, кейде ол да жоқ болады. Сол кезде Алматыда халық арасынан таланттарды іздеу, әсіресе өрден келген ағайындардың арасында әлі елге танылып үлгірмегендерді жарыққа шығару үшін Ғылым Академиясы жанынан арнайы экспедиция құрылады. Олар «ел іші – өнер кен іші» деп, Жетісудың жер-жерден әнші-күйші, өнер саңлықтарын іріктеп Алматыға алдырады. Олардың арасында Шынжаңда танылған күйші Омархан Керімқұл мен әнші Дәнеш Рақышов та бар еді. Бұл байқауда Омархан Керімқұл, Дәнеш Рақышов және жеке дауыста ән салудан бір қыз «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып озып шығады. Дәнешті Талдықорғанның, Омарханды Қарағандының өнер орталығына барып оқуға жолдама береді.
Омекең бұрыннан жақсы таныс Дәнеш Рақышпен қазақ мәдениеті мен ғылымының орталығы, көрікті қала Алматыда кездесіп, емін-жарқын әңгімелесіп, болашақ арман-мақсаттарымен сыр бөліседі. Өйткені, қос өнер саңлағы кезінде Шынжаң қазақ радиосының әуе толқынында біреуінің әсем әні шырқалып, біреуінің күмбірлеген күйі шертіліп жұрттың мерейін талай мәрте асырған болатын.
Омекеңнің конкурстан өтіп, арманы орындалып, көктен тілегені жерден табылғанына қуанып ауылына барады. Өкінішке орай, Омархан домбыраны құшақтап, әртіс болып кетсе, бұл әулеттің күні не болады деп ойлаған Рәпия әжесі өнер айдынына кемесін салғалы отырған немересіне:
«Әй, Омархан! Мен «асарымды асаған, жасарымды жасаған» адаммын ғой. Мені қойшы, мына әйелің мен шиеттей балаларыңды қайтесің. Анау Шымкенттен, Қарағандыдан көшіріп әкелген туыстарыңның жағдайын кім ойлайды? Кетсең мені көміп кет! Сенің әртіс атанып, жын-шайтанға үйір болғаның маған керек емес» деп кесіп айтады. Өзін нәресте кезінен бауырына басып, аялап өсірген әжесінің сөзінген аса алмаған Омекең қолындағы үкілі домбырасын жерге бір-ақ ұрып сындырады да: «Апа, сіздің айтқаныңыздың бәрі дұрыс, менікі ақмақтық болған екен. Енді қолыма домбыра ұстап, күй тартсам мені балам деп санамаңыз!» деп, ант су ішеді. Осыдан бастап Омархан өнер емес, енді қарапайым елмен бірге өмір сүрудің, күн көрудің жолын таңдайды.
Күйші Омархан, қойшы Омархан атанды
Бұл 1964 жылы болатын. Хрущевтің кебек ұнға қаратып қойған, қолдан келген «ашаршылығы», істейтін жұмыстың жоқтығынан өрден келгендер тұрмақ жергілікті халқтың өмірі нашарлап, күн көрісі қиындап кетеді. Қарапайым халық жетіспеушіліктің, жоқшылықтың тауқыметін тарта бастайда. Осыбір қиын, сын сәтте Жалаңашқа іс сапармен келген Балқаш ауданының «Құйған» кеңшары директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары Шайахмет деген азаматпен Омархан кездесіп, онымен танысып қалады. Әңгіме барысында Шайахмет мырза, өзі басқарып отырған совхозға адам күші жетіспей жатқанын айтып, мал бағатын адамдар болса, көшіріп әкететінін айтады.
Өмір сүруге жайлы жер іздеп, жан-жаққа шашырап кеткен Сағырбай әулеттерін бір жерге жинау мақсатында жүргенде, бұл Омарханға тамаша орай болады. Ол: «Егер сіз сөзіңізде тұрып, совхоз бізге дұрыс жағдай жасайтын болса, мен шаруашылыққа мал бағуға он отбасын көшіріп апаруға дайынмын» деп, екеуі уағдаласады. Кейін Шайахмет мырза Омарханға берген уәдесінде тұрып, көлік жіберіп, он отбасын 1965 жылдың 20 маусымда, «Құйған» совхозына көшіріп әкеледі. Сол күннен бастап Омархан бір отар қойды алдына салып, қойшы болып шыға келеді.
Балқаш көлін жағалап, қамысы мен тоғайын аралап жүріп қой бағады. Ол жақ Жалаңаш секілді таулы, ауасы қоңыр салқын емес. Ұшы-қиырына көз жетпейтін бұйрат-бұйрат ұлан құмды, сай-саласы сулы, қамыс-қопасты, нулы болып келетін, тораңғы мен жиде-тал, сексеуілді тоғайынан адам адасатындай, тек аң-құс, мал-жануарға бай өлке болатын. Асқар таулы, мөлдір бұлақты, қоңыр салқын жерде туып өскен Омархан ол өмірге онша көндігіп кетпесе де, бірақ «тас түскен жеріне ауыр» деген, қағиданы мықтап ұстанып, еңбек ете береді. Арасында құмы мен желіне көндіге алмай, күңкілдеген туыстарына, – Шаруашылық барлық жағдайыңды жасап беріп жатыр, ең бастысы қарындарың тоқ, киіміңдерің бүтін. Бұрынғыдай жетіспеушілік деген қазір жоқ қой, кімге ренжисіңдер?! – деп ақылын айтып, оларды жөнге салып отырады. Сол табандылықтың арқасында бәрі жақсы өмір кешеді.
Омархан бірнеше жыл қой баққаннан кейін, «Құйған» совхозы №2 ферманың аға шопаны болып, озат малшы ретінде аудандық, облыстық жиын-тойларға барып талай рет марапатталады.
Қазақстандағы Д.А.Қонаевтан кейінгі сыйлы басшының бірі болған, ел құрметтеген Асанбай Асқаров 1973 жылы желтоқсан айында озат шопан Омекеңнің үйінде қонақ болады. Үй иесінің пейліне, жайылған дастарханға көңілі толып, Омархан мен Дәменге риза болып, батасын береді. Қазақ салты бойынша жөн сұрасып, қандай қыншылықтары барын білгісі келеді. Бірақ, Омекең еш нәрсе қажет емес екенін, шаруашылық барлық жағдайын жасап, жәрдем беріп тұратынын жеткізеді. Үш жыл қатарынан «социалистік жарыстың жеңімпазы» болғанын айтады. Мемлекет, ел мүддесі туралы жағымды жақсы сөздермен Асекеңнің көңілін қош қып, үйінен аттандырады.
Омекеңнің өрісте қойдың соңында жүріп, шаршағанда құм үстіне жамбастап жатып алып тыңдайтын жалғыз ермегі Қазақ радиосы болатын. Ол радио қабылдағыштың құлағын ашып, жаңалық тыңтайтын. Жаңалықтан соң домбыра тартылып, күй шертілсе, көңіл-күйі бұзылып кеткендіктен өшіре қоятын. Ал әуезді, тынысты, жағымды ән шырқалса көңілі көтеріліп, жеңілдей түседі.
Бір күні радиосының құлағын бұрай қалып еді, өзінің ескі танысы Дәнештің даусы ақ нөсердей құйылып кеп берсін! «Дәнеш, сенің жұлдызың туып, биіктеп жарқырап келе жатыр екенсің-ау!» деп, оның тілеуін тілейді іштей. Артынан «Әттең-ай, арқа төсіне Қарағандыға барғанда мен де радиодан осылай күй төгер ме едім!» – деп, тобылғы сапты қамшысының сабына жармасады. «Әттең, дүние!» деп ыңылдап айтып еді, бір күйдің сарыны көкейінде күмбірлеп шертілгендей болады. Көңілі босап, көзі жасқа толып, бір өксік көмейіне тығылды да қалды. Ары қарай ыңылдауға шамасы жетпейді... Өнер жолын қуа алмай арманда кеткен жігіттік шағындағы осы өкініші, көп жылдан кейін «Әттең-ай» деген күй болып домбырада шертіледі.
Омархан күйшінің қара домбымен қайта қауышуы
«Тау баласы тау секілді жылайды» демекші, асқар таулы, мөлдір бұлақты, қоңыр салқын жерде туып-өскен Омекең зейнет жасына толып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін, өзінің еліне, көнекөз таныс-білістерінің жанында болып, соңғы өмірін алаңсыз өткізгуді ойлайды. Сонымен ол туған жері Текестің Шоңқұштайынан келген нағашылары, туған жиендері, жегжат-жұраты, құрбы-құрдастары және әкпесі Майрахан мен жездесі Баубек қоныстанған Шелек ауданының (қазіргі Еңбекші қазақ ауданы) «Сөгеті» қой совхозына көшіп келеді. Құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрдасы, домбырашы Оразақын Молдабаевпен жиырма жылдан кейін осы ауылда қайта кездеседі. Өтен-кеткенді еске алып, мәз-мейрам, мәре-сәре, арқа-жарқа болып қалады. Осылай кеткені келіп, жоғалғаны табылып, көңілдері орынығып емін-жарқын өмір өткізіп жатқан күндердің бірінде Омекеңнің бәйбішесі Дәмен де өмірден өтеді. Кейін жездесі Баубектің құдашасы көрші ауылдағы Зейнехан деген жесір әйелге құда түсіп, бас қосады. Одан Өркен, Олжас деген екі ұл көреді.
Көз көрген қариялар:
– Қытай жерінде жүргенде танымал күйші емес пе едің. Асыл өнерді қор қылып тастап кеткенің не? Осы қылығың өзіңе жараса ма? Бізге ата-бабаларымыздың күйлерінен артық еш нәрсе жоқ. Сол үшін қара домбыраңды қайта қолыңа ал, ұмыт болып бара жатқан Қожеке, Сыбанқұл, Шіденің күйін тартып, тірілт. Аталарыңның күйін жарыққа шығар, ұрпаққа аманат ет, аруақтары бір аунап түссін! Жеті атаңнан бері мұра болып келе жатқан домбыраны қолыңа алмай, киелі күйлерді шертпеуге қалай дәтің шыдайды?! Осыған дейін шыдап келгенің жетпей ме, сен жай домбырашы емессің, он саусағыңнан өнер тамған дәулескер күйшісің. Рәпия шешеме берген сертім бар, оны бұзбаймын деуші бол ма?! Ол кісінің заманы басқа, ал қазіргі заман мүлде басқа. Тәуелсіз Қазақ елінде жасап жатырмыз, осыны бізге көруге жазған Тәңірге мың алғыс! Енді қанша уақыт тірі жүрерімізді біз де білмейміз, оны бір Құдай біледі. Ең болмаса Қожеке мен Сыбанқұлдың күйін тыңдайық, – деп, батыра айтып, қолқа салады. Омекең:
– Баяғы заман өтті кетті, қазір ой шабан, көңіл пәс. Ол кезде жас болдық, күш-қуатымыз тасып тұрды. Алпысқа келгенімде баяғыдағы дүрілдеген заманым қайта орала қоймас. Көзден бұлбұл ұшты, ол кез бейне көрген тәтті түстей болып өтіп кетті ғой. Қазір бойдан қуат кетіп, домбыраның пернесін басып, ішегін шертетін саусақтар қатып қалған, илікпейді. Он саусақ бүгіліп, тарамыстай тартылып қалған! – деп, қоян бұлтаққа салып, ырық бермей жүреді.
«Омеке, саған тілін өткізетін, жөнге келтіретін біреудің болмағаны ма, алда оны да табатын болмамыз. Дегенмен, ойлан Омеке, сонда сендердің айтқан кеңестеріңді тыңдап, неге домбыраны қолыма алмағаным-ай деген өкініш кейін өзегіңді өрттеп жүрмесін» дейді Оразақын құрдасы.
Күндер, айлар, жылдар жылжып өтіп жатты. Өзі де өнерден қара жаяу емес ауыл ақсақалы, Омекеңнің нағашы ағаларының бірі Нүптекенің Құрманғазы атындағы консерватолияның жоғары курсында оқып жүрген Базарәлі деген баласы: «Жазатын диплом жұмысым ел арасындағы халық өнерпаздары туралы еді. Сіз білетін күйшілерден кім бар ауылда?» – дейді әкесіне. «Бұл ауылда Омарханнан артық кім бар дейсің? Соның етегінен мықтап ұста, ол бала кезінде Рақыштан, Шідеден тәлім алған Қожеке мен Сыбанқұлдың күйлерін орындап жүлде алған дәулескер күйші» – деп баласын Омекеңнің үйіне бағыттап жібереді. Омекең болса Базарәліге: «Қарағым, домбыра жайында қалып, күй ұмытылып, қойшының таяғын ұстап кеткен жоқпыз ба? Егер мен домбыра тартып, күй шертіп жүрген болсам, мына қабырғада үкілі домбыра ілулі тұрған болар еді» – деп, жағдайын айтып шығарып салады.
Ертесі қара домбырасын қолтықтап Нүптеке қарияның өзі Омарханның үйіне кіріп келеді. Бұлай боларын ойламаған Омекең қатты ыңғайсызданады. «Нүптеке қария сақалын сүйреп үйіме өзі келгенде шегінерге жер таппадым, ол кісінің қолындағы «көнекөз» домбыраға еріксіз қол создым. Саусақтарым шідерленген аттай кібіртіктеп жүрмейді. Домбыраны құлақ күйіне келтірудің өзі қиынға соқты. «Ертеңге дейін маған мұрсат беріңдер», – деп әке мен баланы қайтардым.
Шынымен де қарайып-ақ қалыптым. Бірақ тобылғы түсті домбыра қолға тиген соң Рақыш пен Асанәлінің, туа көзден айырылған, кеудесі шер мен сор төгіп, содан күмбірлетіп күй шертетін Шіденің аманаты есіме түсті. «Ақылдының сөзіндей ойлы күй» деп Абай айтпақшы, олар үйреткен, «Маған сөз сөйле дегенше, күй тартқызыңдар» деп төрден есікке, есіктен төрге күй ырғағымен қозғалып, көз алдындағыны, ел айтқан аңыз әңгімені күй тілінде жырлайтын Сыбанқұлдың тылсым дүниелерін қалай атаусыз қалдырамын. Олар кетті, мен жер басып жүр емеспін бе? Сонда кімге бәлінсіп отырмын деген ой жон арқамнан шып-шып тер шығады. Қосдәулеттің «Арманын» тартқанда «қатып қалған» жүрекке кан жүгірді. «Әттең-айды», одан өзге де күйлерді еске түсіргенде көңілдің көкжиегі кеңіп, ойым шалқып, құлағымның түбі алуан түрлі сарынға толып кеткендей болды.
Ертесі еске түскеннің біразын Базарәлі үнтаспасына жазып алды. «Бұл мен үшін үлкен жаңалық, табыс болды, аға, іске сәт, тағы келемін» деп қиылып кетті. «Ел құлағы – елу» деген, Омархан домбырасын қайта қолына алыпты дегенді естіп ағайындар келе бастайды. Аттай қалап отырып Қожекенің «Ойбай, жаным!» мен «Бұлбылын», әкесін жоқтаған қызы «Каныкейдің жоқауын», «Мұңлық-Зарлығын», теріс бұраумен тартатын Сыбанқұлдың «Жосыған құлынын», «Салды-қашты Сарыөзенін», «Телқоңырын», үш бөлімнен тұратын «Үш аққуын» («Аққудың атамекеніне қайтқаны», «Аққуды бидайық құстың қуғаны», «Аққудың балапандарын аймалағаны»), қырғыздың қобызынан қазақтың домбырасына түсірілген Асанәлінің шығармаларын сұрайды. Кейбір күйлерінің сарынын ыңылдап есіме түсіреді. Сөйтіп, жан жолдасым болған қара домбырамен қайта қауыштым [6] – дейді.
Омекеңе осыдан кейін қолына домбыра ұстамаса отыра алмайтын әдет пайда бола бастайды. «Қолыма домбыра алсам болды, алуан сарындар бірінен кейін бірі келе береді» дейтін жарықтық. Осы бір жан тербеген, көңілін толғандырған, әрі намысына күш-қуат беріп, өнер айдынына кемесін қайта салдырған ел-жұрттың шын ықылас, мол пейіліне арнап Омархан «Толғау» күйін шығарады.
Ауылдастары Омекеңді ортаға алып алып, таң бозарғанша күй тартқызатынды шығарады. Ал ол болса қара домбырасын бауырына басып отырып: Рақыштың, Сыбанқұлдың, Асанәлінің, Қосдәулеттің, Шіденің Кәтіптің күйлерін бірінен кейін бірін бебеулетіп, безілдетіп шерте береді...
Омекең «Шаршау» деген күйін шығарады. Әр күйші қолына домбыра алғанда оның құлақ күйін келтіріп, өзіне-өзі баптау жасайтын әдісі бар. Мәселен, Қожекенің «Күй шақыртқысы» осындай баптануды, шабыт шақыруды үдететін күй. Күні бойы тыным бермейтін тіршілік қарекетінен босап, кешкісін бел шешіп үйде отырғанда, адам шаршағанын сонда ғана сезінеді. Омархан күйші мұндайда қолына домбырасын алып, күнделікті өтіп жатқан өмір елестерін оймен бір шолып, соны домбыра тіліне түсіруге тырысады екен. Бір жағы өзіне-өзі шабыт шақырып, пәс көңілді көтеру үшін осы күйді тартқанда денесі сергіп, отбасында емен-жарқын отыруға, келген кісілермен әңгіме-дүкен құруға, төгілтіп күй тартуға жігер береді. Бұл күйін кейде істерге ештеме таппай, қолы бос кезде тартуды да әдетке айналдырғандықтан бұл күйін, «Еріккенде тартқан күйім» деп те отыратын жарықтық.
Омархан «Амандасу» күйін Қытайда қалған нағашыларына арнап шығарады. Бұл күйдің толық аты «Нағашымен амандасу» деп аталады. Омархан күйші Сөгетіге келіп қоныс тепкен соң екінші тынысы қайта ашылып, домбырашылық пен күйшілік өнерін қайта жалғастырады. Туған жері Текестің Шоңқұштайын, сол жердің көркін айтып, суының бал, ауасының мөлдір тұнықтығын айтып, үнемі егіліп отыратын. Арасында сол жақта қалып қойған нағашыларын еске алып, сарытап болған ішкі сағынышын да сездіріп жүреді екен.
Қазақстан Тәуелсіз ел болғаннан кейін Қытай елімен саяси, мәдени, экономикалық байланыстар жасалып, алыс-беріс, барыс-келіс күшейіп, кезінде екі бөлініп қалған ел мен ел қайта табысқан көз айым шақта Омархан да Қытайда қалған нағашылары Айтбай, Тікенбайдың (туған анасы Ауалдың бауырлары) балаларынан шақырту қағаз алады. Сәті түскен күні (1992 жылы қыркүйек айының орта шенінде) шекарадан нағашылары күтіп алып, ұзақ жылғы сағыныш-мауықтарын басады. Шоңқұштай өзені бойындағы ата-бабасы жатқан туған жердің топырағын сүйіп, жусаны мен ерменін иіскеп, құран оқиды. Өз өмірінде өшкені жанып, өлгені тірілгендей болған нағашы мен жиеннің жанын тебіреткен, сағынышқа толы осы күйді Омархан барлығы бас қосқан дастархан үстінде шығарыпты. Күй шертілгенде үнсіз мүлгіп тыңдап отырғандар, күй соңына келіп тоқтағанда, «Бұл кімнің күйі» деп сұрағанда: «Өзімнің нағашыммен амандасқандағы көңіл-күйім ғой» депті Омархан.
Жетісу күй мектебінің көшбасшысы – Қожеке Назарұлы
Музыка, күй зерттеушілер тарихи, мәдени және жағырафиялық ерекшелігіне, аспапта орындалу техникасына байланысты, қазақтың домбырашылық, күйшілік өнерінде жеті түрлі орындаушылық дәстүр мен мектептер қалыптасқан деп зерттеп жүр. Олар бұл дәстүрлі мектептерге – Шығыс, Арқа, Қаратау, Сыр бойы, Маңғыстау, Батыс және Жетісу мектептерін жатқызады.
Жетісуда күйшілердің көп болғаны анық, олардың күйлерінен бізге там-тұмдап жетсе де, ел арасында халық күйлерінің молынан кездесуі тегін емес. Күй зерттеушілер, тамырын тереңге тартатын дәстүрді жалғастырып келген Жетісу күйшілік өнерін үлкен екі салаға бөліп жүр. Бұл Қожеке Назарұлы мен Байсерке Құлышұлы есімдерімен тығыз байланысты. Осы секілді кемел күйшілердің күйлері құлағымызда қайта күмбірлеуі, бізге там-тұмдап жетуі құдайға шүкір, арамызда Омархан секілді дәстүр сабақтастығын жалғаған орындаушы-күйшілердің бар болғанында.
Мақаламыздың тақырыбы Омархан Керімқұлдың күйшілігі туралы болғандықтан біз Омархан орындап жүрген Жетісу өңірінде ерекше көзге түскен Қожеке Назарұлы бастаған, Сыбанқұл қостаған күйшілер төңірегінде пікір қозғағанымыз артық болмас. Қожеке – Жетісу өңіріндегі ең ірі күйші болумен бірге батыр болған тұлға.
Күй өнерін зерттеуші, ғалым Ақселеу Сейдімбек Қожекенің күйшілік өнерін өте жоғары бағалаған. А. Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» еңбегіне зер салайық: «Қожеке күйлерінің құрылымы қарапайым болғанымен әуендік тілі бай. Ол әрбір күйіне сәтті сарын тауып, бірден жүрекке жететін ұрымтал тәсілмен тартады. Біресе шертіп, біресе серпіп, енді бірде іліп тартуды қажет ететін күйлері дыбыс өрнегін байытып, тыңдаушысын үйіре еліктіріп отырады», – дейді Ахаң.
Әр өңірдің өмір салтына, тіршілігіне, табиғатына қарай қалыптасқан күйшілердің шыққаны рас. «Жетісу күйшілік» мектебінің қалыптасуына, дамуына орасан үлес қосқандардың бірі, бірегейі – «Кожеке Назарұлы» екені ақиқат. Қожеке ел аралап, жер шалып босқа көшіп, қонып жүрмеген. Жетісудан бастау алып, қиырдағы Алтай мен Ертіс, Тарбағатай мен Еміл, Бұратала мен Сайрам көл, Іле мен Текес өңіріне «Жетісу күйшілік» өнерінің ұрығын себіп, шуағын шашқан. Қожеке күйлері елдің сарқылмас рухани қазынасына айналып кеткен. Сол себептен де халық Қожекенің күйлерін дамылсыз күмбірлетіп, біздің заманымызға дейін жалғастырып келді. Қожеке күйлерін бар ынтасын салып үйреніп, жұртқа таратушылардың бәрін Қожекенің шәкірттері деп айтуға қақылымыз. Олардың арасында Қожеке күйлерін шерте жүріп, одан үлгі, өнеге алу арқылы өздері де күй шығарып, танымал күйші болғандар бар.
Қожеке күйлерінің нәзік тетіктерін толық меңгеріп, шебер орындайтын шәкірттері кезінде саусақпен санарлықтай болды. Айтар болсақ, Рақыш Қожекеұлы, Әшім Дүңшіұлы, Мазақ ақылақшы, қырғыз Асанәлі, Әтіқан Исаұлы, Дәулет Мазақұлы, Омархан Керімқұл. Олар әйгілі ұстазы Қожекенің 100-ден астам күйлерін шебер игеріп, жұртқа кеңінен таратып отырған.
Омархан Керімқұл Қожекенің «Күй шақыртқысынан» бастап, өзі білетін «Мұңлық», «Қамбархан», «Жиренше», Жиреншеге Қарашаштың қазасын естірту», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы», «Сарбарпы бұлбұл», «Аққу», «Зар», «Қинау», «Тас көмір шоғымен қинау», «Кері толғау» және Қожекенің қызы әкесі айуандықпен өлтірілгенде Көкенің шығарған күйі «Жоқтау» күйлерін шетінен шерте бастайды... Ол және Қожекемен қатарлас өмір сүрген күйші Сыбанқұл, Шіде, Бестібай, Қосдәулет, Кәтіп, Тілеміс және қырғыз Асанәлі тәрізді күйші-коипозиторлардың болғанын дәлелдеп, олардың күйлерін орындап, кейінгіге мұра етіп жеткізіп кеткен айтулы тұлға.
Қожекені зерттеу, күйлерін жинау, оны нотаға түсіру жұмыстары Шынжаңда 1982 жылы қолға алынды. Қожеке күйлерін шерткендер – Дәулет Мазақұлы, Жұлықбай Қасенұлы, Тұрсынғазы Рақышұлы, Ахметжан Рақышұлы, Орынқан Рақышұлы, Әлімақын Нұрдәулетұлы, Шамғұн Жүнісбекұлы, Әкима Досмырзаұлы, Тоқан Орманханұлы, Нұрынбай Сүллейменұлы, Тұрсынжан Пәзілқанұлы, Құрманжан Зікірияұлы және басқалар. Ал ел аралап, Қожеке күйлерін үнтаспаға түсіріп жинағандар – Текес аудандық Мәдениет мекемесінің қызметкері Әкима Досмырзаұлы, Дүйсенбек Тұрлықожаұлы мен Жұлықбай Қасенұлы болды.
Шынжаң жастар баспасы қазақ бөлімінің басшысы, белгілі жазушы, баспагер Тәліпбай Қабаев Үрімжіден Текес ауданына арнайы келіп, он шақты күн жатып, Қожекенің күйлерін нотаға түсіргізеді. Күйлерді жәй нотаға түсірген Әкима Досмырзаұлы, ал оның редакциясын қараған Баяқын Әлімбекұлы. Тарихшы-этнограф Әблез Шәріпұлы Қожекенің өмірі мен күйлері туралы алғашқы зерттеу мақаласын жазды. Бұл игі шаруаға Текес ауданының әкімі Қызайжан Сейілқожаұлы, аудандық Мәдениет мекемесінің басшысы, күйші Дәулет Мазақұлы қолдау көрсетті. Бұл еңбек Тәліпбай Қабаевтың редакторлығымен Шынжаң жастар баспасынан «Күй толқыны» деген атпен 1984 жылы жарық көрді. Аталған кітапқа 50-ге тарта күй енгізілген, оның 40 нешесі Қожеке бабамыздың күйі, қалғандары ұрпақтарының күйі.
Ал Қожеке күйшінің туған жері, тәуелсіз Қазақстанда Қожекені зерттеу, оның күйлерін нотаға түсіру жұмысы 1992 жылдан бастап қолға алыныпты. Қожеке күйлерін орындаушылардың бірі, бірегейі де күйші Омархан Керімқұлұлы шертуімен нотаға түсіріп, зерттеу жүргізген Өнертану ғылымының кандидаты, Жетісу күйлерін зерттеген ғалым әрі күйші Базарәлі Нүптекеев (1967-2015) және мәдениеттанушы, ғалым Сағатбек Медеубекұлы қостаған ғалымдар Қожеке күйлерінің Қазақстанда шертілуіне, зерттеуіне кең жол ашқан. «Жетісу күйлері» деген кітапқа Қожекенің біраз күйлерін енгізген.
«Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологясына Қожеке, Сыбанқұл мектептерінің өкілдерімен қатар, Бөлтірік, Қосдәулет, Омарқан Керімқұл, Елемес Таласбай сынды күйшілердің, Тіленді, Шортанбай сияқты Жетісу өлкесінде өмір сүрген белігілі тұлғалардың шығармалары осы жоғарыдағы орындаушы-күйшілердің атымен қосылды.
2023 жылы күйші Қожекенің туғанына 200 жылдығына орай Күйші-композитор әрі батыр Қожеке Назарұлының өмірімен шығармашылы туралы «Тағдыры күйге айналған Қожеке» атты зерттеу еңбек жарыққа шықты. Оған қоса «Қожеке» атты күйлер жинағы кітап болып басылды. Бұл жинақққа Қ.Назарұлының халық ішіндегі өнер саңлақтарының орындауындағы бұрынғы және соңғы естілмеген әр алуан тақырыптағы күйлері енген.
Жетісу күй мектебінің көрнекті өкілі – Сыбанқұл
Осы қатарда Қожекеден біраз жыл кейін дүниеге келген Сыбанқұл Қалбасұлын (1865-1945ж.) да ерекше атауға болады. Сыбанқұлдың атамекені Алматы облысының Шелек ауданы жерінде екен. Патшалық Ресейдің озбырлық саясатының кесірінен Қытайға өтіп кетуге мәжбүр болған. Жазушы Марал Ысқақбаев ағамыздың сөзімен айтсақ, «Сыбанқұл Қалбасұлы – Қожеке күйшілік мектебінің түлегі, сол дәстүрдің заңды жалғастырушысы»[7] болған.
Жетісу қазағының көбін қоныс аударуға мәжбүр еткен патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты Сыбанқұлдың туған-туыстарын айналып өте алмайды. Атажұртының құнарлы-шұрайлы жерлері казак-орыстар тартып алып, оларды Кетпен тауының етегіндегі Қарадалаға қарай күштеп көшіріп жіберген. Сыбанқұл күйші 1865 жылы осы Кетпен тауының етегінде дүниеге келген.
Кейін ел ақтар мен қызылдардың текетіресі басталғанда қырғыннан үркіп, Қалжат арқылы Чиң патшалығы иелігіндегі жерге қарай өткенде, Сыбанұқлдың үрім-бұтағы, жақын туыстары елмен бірге көшеді. Бұлар да сол Текестің құйылысына таман – Шоңқұштай жеріне барып табан тіреп тұрақтайды. Үркіншіліктен ауып барған халықта қандай жағдай, қандай күй болсын, Сыбанқұл күйші жаңа қонысқа келгесін, жоқшылықтың зардабын тартып қатты кедейленіп кетеді. Ол күн көріс үшін қол өнермен айналысып, өрім өру, ер шабу, астау ойып, домбыра, ыдыс-аяқ жасау, әйелдердің әшекей бұйымдарын соғу ісімен айналысады. Ол өте шебер ұста да болған екен.
Сыбанқұл бала жасынан қолына қалам алып, еліне күйші бала атана бастаған шағында ауыл-ауылды аралап, ел ішіндегі күйшілерден күй, ән-жыр, аңыздар үйреніп, оны қағазға түсіріп, бойына сіңіреді. Сонымен бірге өзі де жасампаздықпен айналысып, күй шығара бастайды. Сыбанқұл өмірде қиыншылықты көп көргендіктен, бір жағынан кедейлігі қолына байлау болса, екінші жағынан жалпы елдің басына төнген аласапыран мен аумалы-төкпелі заман да оның еңсесін көтертпейді. Сондықтан оның күйлерінің көбінің сарыны мұңлы, зарлы, қайғылы болып келеді. Сыбанқұл қолына домбыра тигенде бір орында отыра алмайды екен. Төрден есікке, есіктен төрге сырғып, көргені мен естігенін күй тіліне айналдыра беретін болған.
Күйші Омархан Сыбанқұлдың түрі, келбеті, мінезі туралы: «Сыбанқұл Шажаның ішіндегі Бертістің бес баласы атанатын рудан. Күйші атамыздың көзін көрген күйшілердің суреттеуінше, ол – қарасұрлау, тәмпіш мұрынды, қалың ерінді, көзі қысыңқылау, қою қара қасты, шоқша сапқалы бар, орта бойлы кісі екен. Кісімсуді білмейтін, кең пейілді жан еді деседі. Домбыра тартқанда жан-тәнімен беріліп, оншақты күйден соң, ақаруақтанып кететін көрінеді. Отырған орнында байыз таппай, төрден есікке дейін сырғып, одан төрге қайта қайтады екен...» [8] дейді.
Сыбанқұлдың дәстүрін жалғастырып, оның күйлерін елге жеткізіп, таратушы және оның бас мұрагері – күйшінің немере інісі, тумысынан екі көзі көрмейтін зағип Шіде Төлендіұлы (1880-1955 ж.). Шіде ел ішінде танымал күйші болуымен қатар, қол өнерді де қатар меңгерген шебер екен. Туғанынан екі көзі су қараңғы болғанына қарамастан, ол өз тіршілігімен айналысып, алақанымен сипап отырып домбыра, астау шауып, ел керегін де, өз қажетін де өтеп отырған. Сонымен бірге Шіде өз жанынан күй шығарған. Оның ел ішінде кең тараған «Шіденің сарыны» қатарлы күйлері бар. Күйшілер «Шіденің сарындарын» бірде домбыраның құлақ күйі ретінде тартса, бірде шабыты келгенде, арқасы ұстағанда сарынға сарын қосып тоқталмай тартатын болған.
Сыбанқұлдың Садық, Рамазан, Әміре деген үш ұлы болыпты. Садық пен Рамазаннан өрбіген ұрпақтары 1960 жылдары Қазастанға оралған, қазір Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарында тұрады дейді, білетіндер.
Күйлерінің мазмұны мен пішіні ерекше, тақырыбы сан алуан. Ол – ешкімге ұқсамай жеке-дара қалыптасқан, өзіндік күйшілік қолтаңбасы бар күйші-домбырашы. Сыбанқұл негізінен күйлерін үш бұрауда («Оң бұрау»), «Теріс бұрау» және «Тел бұрау») тартқан. Бізге жеткен күйлерінің басым көпшілігі – теріс бұрауда[9]. «...Қайтсе де, Сыбанқұл атақты Қожеке күйшінің дәстүрін жалғастыра отырып, оның көлеңкесінде қалмауды ойластырған тәрізді. Оны біз Омархан қария Сыбанқұл күйлерін тартуға ыңғайланып, домбырасын «теріс бұрауға» түсіргенде-ақ байқадық. Соңынан білдік, Сыбекең күйлері негізінен «теріс бұраумен тартылады екен[10].
Сыбанқұл күйлерін тартқан күйшінің бірі немре інісі Жұмаділ Жантайұлы мен Шідеден тікелей үйренген Омархан Керімқұл. Жұмаділ Сыбанқұлдың 50-ге тарта күйін тартса, ал О. Керімқұл жиырмадан асық күйін біледі. Омархан күйші Сыбанқұлдың әр күйінің шығу тарихын, аңыз-әпсанасын қоса айтып отырып, әдемі әңгіме желісін құратын еді.
Күйші Омархан Керімқұл тартқан Сыбанқұлдың 20 күйі, 1998 жылы шыққан «Жетісудың күйлері» (Б.Нүптекеев, С.Медеубек) жинағына кірген. Олар: «Аққу» («Аққудың атамекенге қайтқаны», «Аққуды бидайық құстың қуғаны», «Аққудың балапандарын аймалауы»), «Жалғыз көзді әулие» («Қара айғырмен жауды қуғаны», «Жалғыз көзді әулиенің жауды тоқтатуы», «Жалғыз көзді әулиенің жауды жеңіп, ауылына қуанып шапқаны», «Жиренше шешен» («Жетім баланың Жиренше шешеннің өлімін естіртуі», «Қызы Қарлығаштың әкесі Жиреншені жоқтауы», «Жетім баланың Қарлығашты жуатуы һәм зары»), «Жосыған құлан», «Көк серке», «Қара жорға», «Қос келіншек», Түсіпхан ақын» («Қоштасу ән-күйі», «Түсіпханның зары»), «Өрелі шабдар», «Тазша бала», «Тәжінің боз айғыры», «Салды-қашты Сары өзен», «Алжыған айғырдың еңкілі», «Ақсақ қыз», «Маңтөбет», «Қара дауыл» күйлері.
Осы орайда Омархан Керімқұл орындаған Сыбанқұл күйлерінің бәрін болмаса да екі-үшеуінің аңызын оқырмандарға айта кетсек артықтық етпес.
Сыбанқұлдың «Аққудың атамекенге қайтқаны» күйінің аңызы былай.
Баяғы өткен заманда Қазығұрт тауының етегінде айдын көл болыпты. Сол көлге бір аққу келіп амалсыз тұрақтап қалады да, жыл сайын балапандайды. Балапандарының қанаты қатая бастағанда ерінбей-жалықпай сонау аспанмен таласқан Қазығұрт тауының басына шығып, аққуларды өздерінің атамекеніне қарай ұшырып жібере береді екен. Жас аққулар сөйтіп атаменіне қайтатын көрінеді.
Балапанын ұшырып жіберген аққу Қазығұрт тауының басындағы көлдерде біраз әл жинау үшін аялдап қалады. Көп ұзамай атамекенін, балапандарын сағынады. Сол сағынышпен туған көліне оралып, ұшып келе жатқанда, жол торып жүрген бидайық құс қуа жөнеледі.
Бірақ, бидайық құс қанша қуса да, аққуға жете алмайды. Жолда бар қиыншылықты көріп, арып-шып туған көліне оралып, өз балапандарын аймалапты, сондағы қорқыныш-қайғы, балапандарын сағынып келіп аймалағанын Сыбанқұл қос ішектің бебеуімен күйге қосқан екен.
«Жосыған құлан» күйі – бір жылы қуаншылық болып, даладағы құлан сулы жерге үйір-үйірімен жосып, ауа көшіпті. Соны көрген Сыбанқұл «Құлан қашқан, қуаңды асқан, жосыған құлан» деп күй тартыпты.
«Қос келіншек» күйі – ел жайлауға шыққанда бір өзеннің екі жағында екі келіншек өмір сүріпті. Екеуінің де аты – Шәрипа, екеуі де домбырашы екен. Екеуі өзеннің екі жағында отырып күймен амандасып, сырласады екен. Содан біреуі – «Күнгей Шәрипа», екіншісі – «Теріскей Шәрипа» атанып кетіпті. Бір жылы жайлаудан түскенде екеуі де бір мезгілде қайтыс болыпты. Сол оқиғаға орай, қос келіншекке арнап домбыраны тел бұрауға салып тартып, халық арасына таратқан дейді.
«Тәжінің боз айғыры» күйі – Бекмырзаның Тәжісі жылқылы бай атанған екен. Желісінен құлын, кермесінен тұлпар, қысы-жазы сабасынан қымыз арылмайтын көрінеді. Сол жылқылардың төлбасы боз айғыр екен.
Өзі бай, өзі жомарт, саятшы, құсбегі, мәрт, елге істеген жақсылығы көп, мектеп, медресе аштырған парасатты Тәжі бір күні Сыбанқұлды арнайы ат жіберіп алдырады. Неше күн күй тартқызып, сый-сияпат көрсетеді. Замандасының көңілін тапқан Сыбанқұлды ауыл адамдары бірінен-соң бірі шақыртып қонақ етеді. Тәжі қасына ертіп аң, құс аулауға апарады. Аңшылықта жүріп те Сыбанқұлға неше түрлі сиқырлы күй тартқызады. Сондай бір көңілді сәттернде:
– Сыбанқұл, сенің атыңды күй шығарды, ал менің атымды не шығарады, – дейді. Сонда Сыбанқұл:
– Сенің атыңды мың жылқының басы боз айғыр шығарады, – депті. Шындығында мойнына құрық салдырмай өткен боз айғырдан мың құлын тарайды. Қартайғанда алжып, үйірінен айрылып, көрінген жылқы сай-сайға қуалап тастаса, алжыған боз айғыр айдалада тұрып азынайды екен.
Соны көрген Сыбанқұл Тәжінің алдында тұрып күй тартады.
– Мұның атын айтшы, – дейді Тәжі.
– Бұл – «Тәжінің боз айғыры», – депті Сыбанқұл.
«Салды-қашты Сары өзен» күйі – бір күні күйші «Сары өзен» деген өзенді бойлай өрлеп келе жатады. Өзен тасып, тасқын толқындары төңкеріліп, тынбай тулап, тасқа тигенде қайта қайырылып, сандықтың аузы ашылғандай ақтарылып жатады. Осы көрініске қызыға қарап келе жатқанда, артынан атпен бір жігіт жақындап келіп:
– Ассалаумағаликум, – дейді.
Сыбанқұл үндемей жүре береді. Сайдың басына шығып, бір кезеңге шыққанда барып, жігітке бұрылып:
– Уағаликум ассалам, – депті.
– Ой, ата мен сізге сайдың аяғында сәлем беріп едім, басына келгенде жауап қатқаныңыз қалай? – деп сұрайды жігіт. Сонда Сыбанқұл күйші:
– Сен ренжіме, балам. Мен бағанадан бері «Салды-қашты Сары өзен» күйін қалай шығаруды ойлап келе жатыр едім, – деп домбырасын қоржынынан алып, сол жерде әлгі күйді тартқан екен.
Күйші Омархан Керімқұлдың тағы бізге жеткізгені – Төленді, Тілеміс, Қосдәулет, Бестібай және Кәтіптің күйлері. Бұл күйшілердің күйлері мол болғанымен Омекең арқылы бізге жеткені, өкінішке қарай өз аттарымен аталған жалғыз-жалғыз күйлері ғана.
«Төлендінің күйі» – Төленді Сыбанқұлмен аталас кісі болған. Ол күйшімен ауылдас болып, бірге жүрген көне көз қариялардың айтуынша Сыбанқұл әулетінің жеті атадан бері үзілмей келген күйшілік өнеріне Төлендінің де қосқан үлесі аз емес екен. Одан туған Шіденің өз кезінде асқан күйші атануына әкесі Төлендінің де ықпалы зор болған тәрізді. Шіде «Төлендінің күйі» деп әр кез осы күйді тартып отырушы еді, сол кісіден үйренгенім дейтін Омархан күйші.
«Тілеміс манпаң» (манпаң – қытайша мәнсап аты») күйі – Тілеміс манпаң қысқаша айтқанда, қыз айттырып жүргенде, бір байдың өзі әдемі, сөзге шешен, ақын шалыс қызын білдірмей сынап көруге келеді. «Ел құлағы – елу» дегендей, мәнсабы зор Тілемістің не мақсатпен жүргенін үйге келмей-ақ сезіп қойған әлгі ақын қыз сол мезетте қазандағы қайнаған майға тоқаш (бауырсақ) пісіріп жүреді. Тілеміс манпаң жақын келіп, қызды сынамақ болып, жанында сәл бөгелгенде майға қатты қызыған бауырсақтар тарс-тарс еткенде, Тілеміс манпаң селік ете түседі. Осы ыңғайсыздықты дереу өлеңге қосқан қыз:
«Тілеміс манпаң осы ма,
Әкеміздің досы ма?
Бес атардың оғы емес,
Қуырған тоқаштан шошыма!», – деген екен. Осы өлеңді Омархан күйші әр дайым айтып, «Тілеміс манпаңның» күйі деп тартып отыратын.
«Қосдәулеттің арманы» күйі – бірде Қосдәулет күйші Қызай еліне сапарлап барады. Атағы сол өңірде кеңінен тараған ақылақшыны (болысты), бетінен нұры төгілген Қосдәулетті бір көруге, даусын естуге, күйін тыңдауға үлкен-кіші, әйел-еркектің бәрі ынтық болады. Үлгергені жабықтан сығалап, оған жетпегендері туырлықты тілгілеп, тесік-тесіктен жабыла қарап:
– Па, шіркін, адамға да осындай келбет береді екен! – деп таңдай қаққан тамсанушылардың сөзінен Қосдәулет тіксініп қалады.
– Ойпырмай! Қосдәулет десе, дегендей-ақ екен. Адамның рухы мен күннің нұрынан жаралыпты! – деп таң қалып, жағасын ұстайды.
Қосдәулет орнынан атып тұрып, кермеде байлаулы тұрған атына мініп, ауылына қарай шаба жөнеледі.
Үйіне келгенде ұйқысы келмей дөңбекши береді. Жүрегі қобалжып, басы айналады. Бір бәленің болғанын сезген сұңғыла күйші домбырасын қолына алып, күндіз-түні күй тартады. Күйлері арманға, мұңға толы, өксікті, өкінішті шығады. Жамандыққа, қызғаныштыққа, өлімге күймен қарсы күрескендей көзі жұмылғанша қолынан домбырасын тастамапты.
Біреулер «тіл-көз тиді» деседі, енді біреулер «дұшпандары у беріп өлтірді» дейді. Өмірінің осы күйініш сәтін бейнелеп, артына «Қосдәулеттің арманы» деген күйін қалдырған екен.
«Бестібайдың күйі» – Ерте кезде Албан-Қызай елдеріне атағы мәлім Бестібай деген күйші болыпты. Күйді табан астында, болған оқиғаның ізін суытпай жедел шығаруға өте машық адам екен. Бірақ бойындағы бір кемістігі – жас кезінде мұрнына самал (мұрын құрты) түсіп, пұшық болған соң, шаршы топта өнер көрсетуден именеді екен.
Бір үлкен тойда әнші-күйшілердің ортасына түсіп қалады. Әнді шалқытып, күйді төгілткен небір сайыпқыран өнерпаздар бір-біріне дес бермей алма-кезек күй тартысады. Бестібайды ешкім елемейді, бір жағы мұрнының пұшықтығына қорсынған ол да арқасы қанша жерден қозып тұрсада, домбыраны қолға ала қоймайды. Сөйтіп, домбыра қолдан-қолға өтіп, күй сайысы қызған кезде Бестібайдың пұшықтығын бетіне айтып, мысын одан сайын басқысы келген бақталас бірі:
– Әкел бері домбыраны! «Мұрның барда бір сіңбір» деген емес пе. Біз де бір жүлде алып қалайық та, – дейді. Бұл сөзге Бестібай күйші қатты намыстанып:
– Сонда, мұрны жоқ адам сыбағасыз қалу керек пе, – деп домбыраны одан бұрын іліп әкетіп, шерлі бір күйді тарта жөнеледі. Талғамы терең, әуезі мұң-шерге толы күй желіккендерді бірден сабасына түсіріп, жұртшылықты сілтідей тындырған ойға батырады.
Әуезділігімен жандүниені бірден баурап алатын бұл күй кейін келе қалың елдің арасына «Бестібайдың күйі» деген атпен тарап кетеді.
«Кәтіптің күйі» – Албан еліне кеңінен танымал болған ақын Кәтіп – өмірінің көбісін Шыңжаңда өткізген өнерпаз. Әртүрлі қызметтер атқарған. Күйші, домбырашы, ірі эпик ақын болған. Бірақ өнердің соңына түспеген. Ел басқарған ақалақшы, зәңгілерге көмекші, хатшылық қызмет атқарған. Кәтіп туған жері Қарасазға оралғаннан кейін, айналасы екі жылдан кейін ауырады. 1964 жылы күйші Омархан бажасы Қожан екеуі көңілін сұрауға арнайы барады. Сондағы өткен өмірін есіне алып, күнінің бітуіне аз қалғанын ойлап отырып: «Кеттің Кәтіп, өттің Кәтіп! Қайран Кәтіп, атаусыз қалдың Кәтіп!» деп, өзіндегі мол мұраның иесіз қалғанын армандап тартқан күйі екен. Сол кезде-ақ Омархан күйді өзіне қайыра тартып беріп, көңілін жуатыпты.
Кәтіп ақын, әрі күйші, арабша білім-ғылымға, көне қадім жазуына өте жүйрік болған ғұлама кісі екен. Әлемге мәшһүр болған «Шипагерлік баян» кітабының қолжазбасын соңғы рет 1954 жылы осы Кәтіп көшіріп жазғаны туралы мәлімет бар.
Омарханның осы күйлерге қосып тартатын қалмақ күйі «Домбыржай» деген күй бар. «Қалмақ күйлері» деп тартылатын шығармалардың бір тармағы қалмақ шапқыншылығы кезіне жатса, екенші тармағы қазақтардың Қытай, Моңғол асып барып қоныстану кезеңімен де байланысты. Қоиян-қолтық араласу нәтижесінде қазақтар арасында кең тараған күйлердің көбі би билеу ырғағында туған. Мәселен, қазақтың буын биі сияқты, қалмақтардың ұлттық биіне арналған күй ырғағы бар. Бұл күйді Омархан орындаған сәтте Болысбек деген биші кісі шебер билеп, елді қызық-думанға батырады екен.
«Омекең жетісулық композиторлардың алпысқа тарта күйлерін орындайды. Қай күйді орындаса да беріліп, күй сарынына өзі балқып, шығарма табиғатына қарай сүйсініп отырады. Перне сатыларында еркін жүрген ерке саусақ домбыра шегінің дірілін жадылап алғандай сыйқырлы саздың ойнақысын да, ойлысын да көкейге қондырып тыңдаушы құлағын шымырлата, сүйсіндіре түседі. Сүйсіндіргенде жалпы дене бітімімен ұнаймын-ау дейтін әртіс-домбырашы тәрізді емес, Омекең күйдің сырын, үнін, мазмұнын пісіріп құлаққа құю арқылы адам бойына қантамырындай тамсандырады. Музыка арқылы адамға сұлулық жеткізу, музыканы жан азығына айналдыру – оның өмірлік кредосы [11].
Егер Омархан күйші өнерге қайта оралып, домбыраны қайта қолына алмағанда не болар еді? Мүмкін біраз күйшілердің күйі, әсіресе Сыбанқұлдың, Қосдәулеттің, Кәтіптің күйлері бізге жетпей қалар ма еді?!
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, күйші Омархан Керімқұл бүгін арамызда жоқ болғанымен, бірақ бізге жеткізіп кеткен Жетісу күйшілерінің дәстүрлі шығармалары құлағымызда күмбірлеп тұр. Егер күйші, ғалым Базарәлі Нүптекеев Омарханды іздеп тауып, оның қоштасқан домбырасын қайта қолына алдырып үнтаспаға жазып, нотаға түсірмегенде не болар еді? Өнер танушы Жарқын Шәкерім «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында алты музыка хабарын түсіріп, көрермен назарына ұсынбағанда, Б.Нүптекеев, Қ.Ағыбаев Қазақ радиосында арнайы музыкалық хабар ұйымдастырмағанда не болар еді?! Егер Б.Нүптекеев пен С.Медеубек Жетісу күйшілеріне іздеу салып, алтынды қара құмнан шайқап алғандай Жетісудың дәстүрлі күйлерін жинақтап «Жетісудың күйлері» (1998 ж.) атты кітап шығармаса не болар еді? Егер күйшінің ұлы Қанапия Омарханов әкесі туралы жазылған зеттеу еңбектер мен Жетісу күйшілерінің өкілдері Қожеке, Сыбанқұл қатарлы бізге белгісіз болған күйшілердің күйлерін топтастырып, нотаға түсірткізіп, «Омархан күйші – саумал шертпенің шебері» (2011 ж.) атты кітап шығармағанда не болар еді? Өте жаман болар еді...
Жетісу өңірінің бал бармақты, аққу үнді күйшісі Омархан Керімқұлұлы – Жетісу күйшілік дәстүрін жеткізуші әрі жалғастырушы. Ол – қазақ халқының музыкалық мұрасына мол үлес қосқан, орны бөлек тұлға[12].
Күйші Омархан Керімқұл туралы өзінен естіген және күйші туралы жазған авторлардың еңбектерін пайдалана отырып осы көлемді эссені жаздық. Олпы, солпы жері болса, оқырмандардың сыни пікірін қабылдауға дайынбыз.
Атамыз Омарханның жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, Құдай алдынан жарылқасын! Омекең тартқан күйлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, болашақ жастардың құлағына күмбірлеп естіле беретін болсын! Жетісу күйлері зерттелусіз, дәріптеусіз қалмасын, Келер ұрпаққа ұзағынан насихаттала берсін, ағайын!
Соңы.
Әлімжан Әшімұлы
Пайдаланылған әдебиеттер:
1). [1] Рахманқұл Бердібаев. Өнер мұқитына құйылар өзен, «Жетісудың күйлері» кітабы. «Өнер баспасы» 3-бет. 1998 ж.
2). [2] [3] Жарқын Шәкәрім. Көңілді тербеткен күйлер. «Егемен Қазақстан» (2 қараша, 1995 ж.).
3). [4] Оразахын Молдабаев. Арада қыл өтпейтін тату едік. «Омархан күйші саумал шертпенің шебері» кітабы, 85-бет. «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы. 2011 ж.
4). [5] Жапар Қосдәулетұлы. Біз күйшілікке бірге баулындық. «Омархан күйші саумал шертпенің шебері» кітабы, 88-бет. «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы. 2011 ж.
5). [6] Сүлеймен Мәмет. Дәулескер күйші омархан. «Егемен қазақстан», 1995 ж.
6). [7] [8] Марал Ысқақбаев. Елге оралған өлмес рухтар. «Қазақ әдебиеті», 21 ақпан, 1995 ж.
7). [9]. Б.Нүптекеев, С.Медеубекұлы. Сыбанқұл Қалбасұлы. «Жетісу күйлері» кітабы, 252-бет. «Өнер» баспасы. 1998 ж.
8). [9]. Марал Ысқақбаев. Елге оралған өлмес рухтар. «Қазақ әдебиеті», 21 ақпан, 1995 ж.
9). [10], Жарқын Шәкерім. Көңілді тербеткен күйлер. «Егемен Қазақстан» (2 қараша, 1995 ж.)
10). [11], Жарқын Шәкерім. Күмбір-күмбір күй төккен. «Омархан күйші саумал шертпенің шебері» кітабынан пайдаландық. «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы. 2011 жыл, 65-бет.
12). Мақалаға кіргізілген Сыбанқұл, Тілеміс, Қосдәулет, Бестібай, Кәтіп және Омархан Кемқұлдың өз күйлері жөніндегі деректерді «Омархан күйші саумал шертпенің шебері» кітабынан пайдаландық. «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы. 2011 жыл.
Abai.kz