Бейсенбі, 2 Қазан 2025
Әдебиет 193 0 пікір 2 Қазан, 2025 сағат 16:10

«Тұлғалы домбырашы – дәулескер күйші»

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.

«Саумал шертпенің шебері, күйші Омархан Керімқұлұлының туғаныа 90 жыл толуына орай жазылған естелік эссе

«Тұлғалы домбырашы – дәулескер күйші» деп белгілі музыка зерттеушісі, өнертану ғылымының майталман маманы Жарқын Шәкәрім күйші Омархан Керімқұлдың өнердегі орны туралы осындай биік баға берген екен. Жәкеңнің осы сөзін деректі эссеге арқау еттім. Оған қоса «Қарқара саздары» ғылыми конференциясында «Қайта оралған Жетісу күйлерін» алғаш тыңдағанда тамсана отырып, талғамы терең тарихи бағасын берген ғұлама ғалым Рахманқұл Бердібайдың пікірін сөзбасы етіп алдым.  

«Тамыры тереңде жатқан қазақ музыка өнерінің тарихы түгел хатқа түскен жоқ, ғасырлар бедерінде өмірге келіп, халық жүрегіне ұялаған сан алуан шығармалар тасқа басылмаған күйі дарынды бабалар рухымен бірге уақыт қойнауына сіңіп кетті. Бірақ өнер сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы олардың ішіндегі ең таңдаулыларын халық жадынан шығармай, бүгінгі заманға жеткізді» [1].

Рахманқұл Бердібай, 
Қазақстан Респубикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор 

Он саусағымен күй сауған... 

2025 жылы сәуір айының соңғы күндері болатын, белгілі журналист Қанапия Омарханов аға телефон соғып:

– Әлімжан інім, аман-есенсің бе? Мен өзің жақсы білетін күйші Омархан Керімқұлдың баласы Қанапия ағаңмын ғой. Сенің телефоныңды ауылдағы шешейден сұрап алып, өзіңе арнайы хабарласып отырмын. Биыл марқұм әкем Омарханның туғанына 90 жыл толады. Мерейтойын ел болып, жұрт болып атап өтсек деген ой бар. Сенің Жетісу күйшілерінің көшбасшысы, дәулескер күйші Қожеке Назарұлының 200 жылдығына орай жазған «Күй өнерінің биік шыңы» атты мақалаңды әлеуметтік желіден оқып сүйсіндім, өте жақсы жазыпсың. Бұл мақалаңды әкемнің 90 жылдығына арнап шығарылатын жаңа кітапқа енгіземін.

Саған айтар бұйымтайым бар, әкем марқұм сені жақсы көруші еді, аузынан тастамай ылғи айтып отыратын. Әкемнің өмірінің соңғы кезеңдерінде ол кісімен көбірек дәмдес, сырлас болып жүрдің ғой, сол себепті Омархан атаң туралы бір мақала жазсаң деп сенім артып отырмын. Мен қазір Алматыда жүрмін. Мүмкін болса өзіңмен бетпе-бет кездесіп әңгімелессем деп едім. Қай кезде уақытың болады? – деді.

Мен үйде болатынымды айттым. Ағам сол күннің ертесі түске таяу үйге келді, екеуіміз әкесі Омархан күйші туралы біраз әңгіменің басын әр жерден шалдық. Ол үйден аттанып бара жатып:

– Кітапты шығаруға әлі біраз уақыт бар, ізденіп, ойланып-толғанып жазуға мүмкіндігің мол. Бірақ арқаны кеңге салып жүріп алушы болма, қаламың жүйрік журналиссің ғой, бір айдың көлемінде жазып шығарсың, – деді. Мен:

– Сіз мені тым асыра мақтап жіберген жоқсыз ба? Менің қарым-қабілетім сіз айтқандай мықты емес. Дегенмен, күйші ата туралы өресі биік мақала жаза алмасам да, тұщымды мақала жазуға тырысып көрейін, – деп күлдім.

– Өзіңді тым осал санама бауырым, саған бір мақала не тәйірі, одан да зорғысын жазуға шамаң жетеді. Қысқасы, алып та, шалып та жыға алатын күш бар сенде, Бозымның Сары биінің Балтасынан тараған – Атан, Тайлақ аталардың ұрпағысың ғой, – деп, иығымнан қағып күлді де, – Айтпақшы, әкемнің ертеректе өмір сүрген дәулескер күйшілер Қожеке мен Сыбанқұлды, кейін олардың күй мектептерін жалғастырған үркердей топ – Шідені, Қосдәулетті, Асанәліні, Рақышты, Кәтепті өзінің тікелей ұстазы санағанын ескерерсің. Биыл Сыбанқұл Қалбасұлының туғанына 160 жыл толады екен, осы жағына да басымдық берерсің. Ал, іске сәт, аман-есен болыңдар, тойда жолығайық! – деп қоштастық.

Одан бері де әйтіп-бүйтіп бір жарым ай өте шығыпты. Сол баяғы күйбең тірліктің әуресімен болып, мақаланы жазуға мойын бұра алмай біраз жүрдім. Міне, бүгін сәрсенбі күні, қолыма қалам алып, үстелге отырудың сәті түсті.

Күй өнерінің жарық жұлдызы 

Күйші Омархан Керімқұлды мен 1993 жылдан бері білемін. Білетін себебім, біздің отбасы 1992 жылы желтоқсан айының 10 күні Қытайдан көшіп келіп, Еңбекшіқазақ ауданы (бұрынғы Шелек ауданы) Сөгеті қой совхозына келіп қоныстанды. Сол жылы көктемнен бастап, әкем Әшім мен ағам Сыдықжан совхоздың сушысы (егін суғарушысы) болып жұмысқа тұрды. Ал мен екі ел арасында жүрдім-бардым, ұсақ-түйек саудамен айналысып жүрдім. Бұл ауылдың жергілікті тұрғындарының көбі 1955-1962 жылдар аралығында Қытайдан тарихи отанына оралған қазақтар болатын. Олардың біразын менің әке-шешем танитын болып шықты. Басым бөлігі Ұлы жүздің Албан елінің – Аққыстық, Қарақыстық, Алжан, Шажа, Аламан, Құрман, Сары, Таз, Биеке, Баба, Жәнібек, Шоған т.б. рулары болатын. Олармен сұраса келсең, біреуі нағашы, біреуі туыс, біреуі бөле, ал енді біреуі құда-жегжат болып шыға келетін. Осындайда, қазақтың: «Біз қарға тамырлы қазақпыз ғой, сұраса келсең қарын бөле болып шығамыз» деп айтуының өзі тегін емес екен-ау деп қаласың.

Омархан ата бәкене бойлы, шағын денелі, кең маңдайлы, жота мұрынды, қырау шалған сирек мұрты бар, ашаң жүзді, бидай өңді, басынан қазақы тақиясын тастамайтын, мығым жүрісті кісі еді. Әңгімелесе қалсаң жеңіл әзіл араластырып, әңгіменің майын тамызып айтатын. Арасында қара домбырасын қолына алып тыңқылдатып, домбыраның құлағын ары-бері бұрап теңшеп, бабына келтіріп алған соң, бұл Қожекенің күйі, мынау Сыбанқұлдың күйі, ал мынау Кәтіптің күйі, мынау өзімнің күйім деп, әр күйдің шығу тарихын айтып отырып шертетін.

Ол домбыраны шерткеннен бастап, күй аяқтағанға дейін екі көзін жұмып алып, жеңіл теңселіп отырушы еді, жарықтық. Музыкатанушы, өнер зерттеуші Жарқын Шәкәрімнің сөзімен айтсақ: «Омекең күй тарту үстінде домбыра мойнына қарауды білмейді, тек күйдің шарықтау шегіне жеткенде ғана, «сайра, домбырам» дегендей көңіл-күйіне тиеді. Оның осы кескінінен сары даланың сағынышын жеткізгендей әсерді, адам баласының тағылымын толғаған ертедегі абыздар мен жыраулар бейнесін елестетуге болады. Домбыра тартысының мұндай орындаушылық қасиеті көз көргендердің айтуынша Әбікен Хасеновте болған. Төлеген Момбековтің де орындаушылық өнерінде осы ерекшеліктер бар» [2].

Омархан ата менің әкем Әшіммен түйдей жасты болатын, екеуі де доңыз жылында дүниеге келген. Біреуі нау­рызда (Омархан), біреуі мамырда (Әшім) туған. Екеуі кездесе қалса бірін-бірі қағытып, қалжыңдасып, елді қыран-топан күлкіге бөлеп, думандатып отыратын. «Әкесі құрдастың, баласы құрдас» демекші, Омархан атаны мен «Омеке» деуші едім, Омекең мені «Әлеке» деп айтатын. Мен ауылға барған сайын Омекеңді іздейтінмін, ал Омекең қалаға келсе маған соқпай кетпейтін. Ұмытпасам 2002 жылдың сәуір айының басы болатын, мен Халықаралық «Қазақстан-Zаmаn» газетінде тілші болып істеп жүрген кезім. Омекең кешке қарай, төңірек қарауыта бастағанда үйге келді. Аман-сәлем жасасып, сырт киімін шешіп, төрге жайылған құрақ көрпенің үстіне малдасын құрып жайғасып отырған соң, Омекең әңгіменің тиегін ағытты:

– Әлеке, ескертпей кештетіп апақ-сапақ мезгілде үйіңе келгенімді сөге көрме. Ауыл-аймақ, мал-жан тегіс аман-есен, Әшекеңді (әкемді Омекең Әшеке дейтін) екі күннің алдында көрдім. Сонда әкеңе: «Әшеке, жақында Алматыға барамын, Құдай қаласа балаң Әлекеңе жолығамын, балаңа айтар сәлемің болса айт, оған айнытпай жеткіземін», – дедім. «Балама не айтам, әке-шешең аман-есен жер басып жүр екен деп айтарсың», – деп күлді Әшекең. Омекең кеңкілдеп күліп алды да, – Ауылдан түске жақын аттанып, бесін мезгілінде мына Татаркадағы қызымның үйіне келіп түстім. Сонда бір-екі сағат аялдап тыныққан соң, Әлекеңнің жұмыстан шығып үйіне енді келді-ау деген мезгілде, қызыма, – Мен Әлекеңнің үйіне кеттім, мені іздеп әуре болып жүрмеңдер, – деп шығып кеттім, – деді. Мен:

– О не дегеніңіз, Омеке? Біздің үй сіздің бір отауыңыз ғой, жайшылықта арнайы шақырып келтіре алмайтын сыйлы қонағымсыз. Бүгін сізді Құдай айдап келген екен, өз үйіңіздей көріп, аунап-қунап жатыңыз. Әкем жақында Алматыға келіп көзіне ота жасатып қайтты, екі-үш айдан кейін дәрігерге тағы бір көрініп қайтатын шығар, – дедім. Омекең:

– Әшекеңнің оң көзі біраз жылдан бері әурелеп жүр ме? Соған қарамай менің құрдасым кетпенді мықты шабатын диқанның төресі ғой. Еккен егіні, көкөнісі, қауын-қарбызы жұтынып жақсы шағыды. Әке – асқар тау деген, балаға әке-шешенің орны ерекше бөлек қой. Әшекең аман-есен болсын, бала-шағасының қызығын көрсін! – деді.

– Иә, көзінің дерті түбегейлі айықпай, көп мазалап жүр. Араға үш-төрт ай салып қайталай береді. Бірінші Құдайға, екінші дәрігерге сеніп отырмыз, – дедім.

– Қазір дәрігерлік жақсы дамыған дейді ғой, бір жөні болар, ешқандай үмітсіз болмаңдар, үмітсіздік шайтанның ісі деген. Менің құрдасым мықты адам ғой, анау-мынау ауруға бой бермейді, берілмейді, тез сауығып кетсін! – деді Омекең.

– Айтқаныңыз келсін! Айтпақшы, Омеке, біздің үйде сіз тыңқылдатып отыратын қара домбыра жоқ, ішіңіз пысатын болды ғой. Домбыраңызды өзіңізбен бірге ала келмедіңіз бе? – дедім, әзіл араластырып.

– Сол домбыраны ала келер едім ғой, Әлекеңнің үйі Көктөбенің бір жотасында тұрады деген соң, артық жүк қып қайтемін, өрге қарай шыға алмай қиналып жүрмейін деп әдейі тастап кеттім, – деп жеңіл күліп алды да, сөзін қайта сабақтап, – Әлеке, ертең менімен бірге жүруге қалайсың, уақытың бар ма? – деді.

– Омеке, жайшылық па? – дедім де сұрақты кішкене қопалдау қойғаныма ыңғайсызданып, – Құдай қаласа, сіз үшін уақыт шығаруыма болады ғой, – дедім күліп.

– Жайшылық, жайшылық. Бір шаруа­лармен екі мекемеге кіріп шығуым керек. Сен жанымда жүрсең өзімді мықты, сенімді сезінемін ғой, – деп күлді.

Сол күні қонақасымызды ішіп болған соң, Омекең екеуіміз түннің бір уағына дейін әңгіме-дүкен құрып, арғы-бергіні еске алдық. «Әлімжан, атаны мазалап, шаршата бермесеңші. Төсек салып қойдым, ата жатып демалсын», деген келіншегімнің сөзінен кейін, шынымен үлкен кісіні одан әрі әурелемейін деп, – Омеке, «Қонақ қойдан да жуас, май берсе де жей береді» дегендей болмасын, төсегіңіз салулы, жатып демалыңыз. Құдай қаласа ертең сіздің шаруаңызға баратын боламыз, жақсы түс көріңіз, – дедім.

– Өзің де жайлы жатып, жақсы түс көр, түн тыныштығын берсін! – деді Омекең көрпесін үстіне жамылып жатып.

– Рақмет, айтқаныңыз келсін! – деп, жарықты сөндіріп, мен де жастыққа басымды қойдым.

Ертесі Омекең орнынан ерте тұрып алып, беті-қолын жуып, есіктің алдына шығып, көк мұнар басқан Алматының төбесінен қарап тұрып, – Әлеке, сенің мына тұрған жерің биік демесе, жердің жәннаты екен ғой. Мына алып шаһардағы ауаның тұнығын сен жұтады екенсің, мына төменде тұрып жатқан халық ауа емес, көк түтін жұтып жатыр екен ғой, обал-ақ, – деді.

– Ол айтқаныңыздың жаны бар, Омеке. Алматы жыл өткен сайын түтінденіп барады, экологиясы таза емес. Қалада көліктің нөпірі көп, қыста жер үйлердің көбі көмір жағады. Қазір жер үйге газ тартылып жатыр, көмірдің орнына газ жағылса түтін саябырлайтын шығар, бірақ көлікті қайда апарамыз, – деп күлдім де, – жүріңіз, үйге кірелік, келініңіз таңғы шайын дайындап бізді тосып отырған болар, – дедім.

Дастарқанға жайғасып, таңғы шайымызды ішіп болып, бата жасалған соң, – Жә, Омеке, кеше түнгі келісім бойынша сіздің шаруаның алдымен қайсысына, одан кейін қайсысына барамыз? – дедім. Омекең:

– Алдымен «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы Жарқын Шәкәрімге барамыз, одан кейін «Алматықұрлыстың» бастығы Амангелді Ермегияевқа ертіп барсаң, – деді.

Біз «Қазақстан» ұлттық телеарнасына бардық, Омекең іздеп барған Жарқын Шәкәрім жұмысқа келмепті, сұрастырып көріп едік, іссапармен басқа облыстарға кеткен көрінеді. Содан қайтуға ыңғайланып тұрғанда, бір орта жастардағы әйел алдымыздан жолығып:

– Омархан аға, сәлеметсіз бе? Біз жаққа келіп қалыпсыз ғой, жайша жүрсіз бе? – деді. Бұл әйелдің «Омархан аға» дегеніне қарағанда, Омекеңді бұрыннан танитын болды ғой деп ойладым да, бес-алты метрдей жерге ұзап барып, тосып тұрдым. Екеуінің аузы тыным таппай жыбырлап жатыр, арасында күлісіп қояды. Әй, мыналардың әңгімелері тым жарасып кетті-ау деп қоямын. Арада 10-15 минуттай өткеннен кейін Омекең менің жаныма көңілді келіп, – Жарқынмен бірге істеген режиссер әйел ғой, өзі татардың қызы болу керек. Жарқын екеуі Сөгетідегі үйімде болған. Жарқынға айтатын бұйымтайымды осы әйелге айтып кеттім, «сәлеміңізді Жарқын ағаға жеткіземін» деп қалды, – деді.

– Онда, Омеке, бұл шаруаның басы қайырылды, бітті деп есептейік. Енді Амангелді Ермегияев мырзаға кеттік, – деп, Фурмонов даңғылымен (қазіргі Н.Назарбаев даңғылы) төмен қарай құлдай жағалап, «Алматықұрылыс» холдингіне келдік. Амангелді мырза жұмысында бар екен, күзетшісі бізді есіктен кіргізгеннен кейін, екінші қабатқа көтерілдік. Амангелді мырза Омекеңді ат шаптырымдай кең кеңсесіне кіргізіп қабылдады. Екеуі аман-есендіктерін сұрасып, біраз әңгімелесті. Омекеңнің күйшілік өнері туралы сөз болды, мен үнсіз тыңдап отырмын. Екеу­ара әңгіменің соңында, А.Ермегияев Омекеңнен бұйымтай сұрады. Омекең тосылған жоқ:

– Айналайын, Амангелді інім! Сізді өз басым ұлттық өнерге жанашыр болып, қолдау көрсетіп, демеушілік жасап жүрген, ұлтжанды, кең жүректі, мықты азаматтың бірі деп білемін. Алдыңызға келген қазақтың қарапайым шалынан бұйымтай сұрап отырғаныңызға көп рақмет! Бұл бұрыннан жалғасып келе жатқан ата салтымыз ғой. Сіз бұйымтай сұраған соң, мен айтайын, «Ұлы сөзде ұяттық жоқ» деген, «Айтпаса сөздің атасы өледі». Сізден дәл қазір ат мініп кетейін деп отырған мен жоқ, ауылда тұрып жатқан ескілеу баспанам бар еді, үй менікі демесем, сол үйді қолымның қысқалығынан өз атыма әлі аудара алмай жүрмін. Осы үйдің іші-сыртын жөндеп, құжатын өз атыма алуыма қол ұшыңызды берсеңіз? – деді.

– Омеке, ауылыңызға алаңсыз қайта беріңіз, ауданыңыздың әкіміне хабарласып оған да айтармын, не болмаса өз әріптестеріммен кеңесіп алдағы күндерде көмектесетін болармыз, – деп, жылы сөзбен шығарып салды.

Омекең «Алматықұрлыс» президенті А.Ермегияев мырзаның «алдағы күндері көмектесетін болармыз» деген жылы сөзіне марқайып шықты. «Алматықұрылыс» пен Көк базардың арасы екі аялдамадай жер болатын, Омекең екеуіміз қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаев көшесін жаяу өрлеп, Көкбазарға келіп түстендік. Бүгінгі сапарымыз жөнінде әңгіме айтыстық. Содан соң Саяхат автовокзалына апарып Шелекке баратын көлікке салып жібердім. Ол кісі ауылға осылай көңілді қайтып еді...

Сөйтсем, Омекең Жарқын Шәкәрім мен Амангелді Ермегияев екеуін көптен бері білетін болып шықты. Тоқсаныншы жылдардың басында Кетпендік Болат Сылдырмақұлының жеткізуімен белгілі маузыкатанушы, өнер зерттеуші Жарқын Шәкәрімнің көптен сарылтып іздегені Сөгетіден табылып, Омекеңмен жақын араласып, сыралғы адамдай көңіл кілтін тауып, тез сырласып кетеді. Одан соң Омекенің ауылдасы, жолын қуса нағашысы болып келетін Мүптеке Тәжіұлы қарияның Құрманғазы атындағы концервторияда оқитын баласы, жас күйші Базарәлі Мүптекеевтің себепкер болуымен өзге де музыка және өнер зертеушілердің назарына ілігеді. Жарқын Шәкәрім осы орайда Омекеңмен 1994-2004 жылдар аралығында «Қазақстан» ұлттық арнасында алты телехабар түсіріп, оны көрермен назарына ұсынса, Б.Мүптекеев, Қ.Ағыбаев Қазақ радиосында арнайы музыкалық хабарлар ұйымдастырып, әуе толқынында таратады.
Жарқын Шәкәрім Омекеңмен жекелей сұхбаттар өткізумен бірге, Омекең туралы «Көңілді тербеткен күйлер», «Күмбір-күмбір күй төккен» атты зерттеу мақалаларын жазып, баспасөзде жариялайды. Жақаң «Күмбір-күмбір күй төккен» деген мақаласында: «Қазақ музыкасында Омекең несімен ерекшеленеді, несімен айшықталады деген әңгімеге қадап айтуды керек етеді. Кейбір өнерпаздардың жүрген ортасы, өскен кезеңі болады Осыны ескерсек, Омекең Жетісу өңірінде туып-өсті. Дүниеге шыр етіп келгендегі көргені осы өңірдің адамы, естігені осы өңірдің сарыны. Қаршадайынан домбыраға қол созғаннан бастап бүгінгі алпыстың асуынан асқанға дейінгі аралығында көргені – Жетісу. Музыкант ретінде бойына қалыптастырғаны Жетісу күй сарындары» [3] деп жазған екен.

Кейін А.Ермегияев мырза Омекеңнің бұйымтайын орындады ма, орындамады ма ол жағын мен біле алмадым, Омекең де ол туралы айтпады, мен де қазбалап сұраған емеспін. Содан екі жыл өткеннен кейін, 2004 жылдың 14 қарашасында Омекең, дәулескер күйші Омархан Керімқұлұлы ауырмай-сырқамай мәңгілік мекеніне аттанып кетті.

Омекеңнің құрдасы, ауылдасы, сырлас досы, домбырашы Оразақын Молдабаев аға Омекең қайтыс болатын күні екеуі Ораза айт намазында болып, бірге айттаған екен. Ол: «Арамызды ажыратқан ажал шіркін оған ерте келді. 2004 жылы рамазан айының отыз күн оразасын Омархан бастан-аяқ ұстады. 14 қараша Ораза айттың алғашқы күні екеуміз айт намазына қатар тұрып намаз оқыдық. Одан соң ол сол күні өзінің ерекше жақсы көретін адамдарының үйіне кезегімен кіріп айтшылады. Бұрынғы өткен ата-бабаларға, дүние салғандарға дұға бағыштап құран оқыды. Кешкісін үйіне келген соң, қолына домбыра алып «Е, қайран домбыра сенде қаласың-ау...» деп біршама домбыра тартыпты. Бірақ үй-іші оған назар аудармаған. Кім біледі, Омекең сонда өз жанынан шығарып «Қоштасу» күйін тартты ма екен?! – деген ой ылғи көкейімде тұрады. Бұдан кейін, шамасы түнгі сағат 11-ден өте өзінің төсегіне жантайып жатып, еш қиналыссыз, мамыражай күйде мәңгіге көзін жұмады» [4] деп қимас досын сағына еске алады.

Марқұм Омархан Керімқұлұлы Қожеке, Сыбанқұл, Шіде, Қосдәулет, Рақыш, Кәтіп секілді күйшілердің күйін алғаш рет және талай рет орындап, ел жадынан көтеріліп, ұмыт бола бастаған күйлерді ел-жұртымен қайта қауыштырды. Қазақтың күй өнеріне ол қосқан тың есімдер мен қайта жаңғыртқан күйлер баршылық. Омекең орындаушы ғана емес, өз жанынан күйлер шығарған, дәулескер күйші болатын.

Күйшілік, домбырашылық Омарханға қанмен келген

Омарханның арғы бабасы Шоған Сүйерқұлұлы қазақтың беделді абызы және биі болған адам. Шоған сол бір замандарда 13-14 жасынан ерекше алғырлығы және батырлығымен, ертеден ел басқару ісіне араласып, билік айта бастайды. Ол көбінесе өзінің туып-өскен ортасы Ташкент, Шыршық, Бозсу, Шымған, Майдантал, Тұрбат пен Шымкенттің бұрынғы Қаратас, Тұрбат, Қазығұрт баурайындағы ауыл мен қалаларда жиі болып билік айтқан. Ел-жұрттың ынтымағын, бірлігін нығайтуға көп күш салады. Ел ішіндегі дау-шарларға араласып, небір үлкен дау-жанжалдарға әділ билік айтып, бейбіт жолмен шешіп отырған. Осындай ақыл-парасатының арқасында, өз дәуірінің оза шапқан тұлпары болғандықтан, атының артына «абыз» сөзі қосылып, халық арасында «Шоған абыз» атанып кетеді. Омархан Әубәкірұлы Керімқұл осы Албан елінің Шоған руынан тараған. Омекеңнің шежіресін таратар болсақ: Шоғаннан – Тұғжым, Дәуім; Дәуімнен – Асан, Үсен; Үсеннен – Аманқұл; Аманқұлдан – Орыс, Ақтан; Орыстан – Жандар; Жандардан – Балуан, Шақай, Арғынбай, Түтек; Түтектен – Лапақбай, Сағырбай; Сағырбайдан – Керімқұл, Бұрымқұл, Қошқарбай, Жұмабай, Қасымқұл; Керімқұлдан – Әубәкір; Әубәкірден – Омархан.

Омекеңе арғы атасынан бері күйшілік, домбырашылық өнердің киесі қонған және оған мұрагерлік еткен ерекше тұлға. Оның атасы Керімқұл да, әкесі Әубәкір де дәулескер домбырашы болыпты. Омекеңнің туған нағашысы Албан елінің Құрман руының Елікбай аталары екен. Нағашы аталары Айтбай, Тікенбай да мықты күйшілер болған деседі. Ал өз інісі Өмірәлі де осал домбырашы болмапты. «Өмірәлі інім күйді менен артық тартпаса, кем тартпайтын» деп отыратын Омекең.

Ал, Омекеңнің әпкесі Майрахан мықты айтыскер ақын болыпты. Өзінен кейінгі қарындасы Айымжамал әнді тамылжытып айтатын, өте керемет әнші екен. Қытай елінде жүргенде, жоғарыдағы жергілікті биліктің ұлықтары ауылға келгенде, арнайы ат жіберіп Айымжамалды алдырып, оған ән салдыратын болған. «Қарындасым Айымжамал Қазақстанның Халық әртісі, бұлбұл көмей әнші Бибігүл Төлегеновадан кем түспейтін, мықты әнші еді» деп отырушы еді марқұм Омекең. Осы Айжамалдың немересі Дас­тан қазір Шонжының Мәдениет үйінде жұмыс істеп жүр, өзі құрған музыкалық оркестрді басқаратын өнерпаз екен.

Дәулескер күйші Қожеке Назар­ұлының да Құрман руының Елікбай атасынан екенін ескерсек, Омарханның бойындағы күйшілік өнер – өз жұрты мен нағашы жұртынан дарыған деуге толық негіз бар.

Омархан күйші туған орта мен өскен өлке

Омарханның атасы Керімқұл он бес жасқа келгенде әкесі Сағырбай қайтыс болып, оның анасы Бапан (Балжан) бес баласымен жесір қалады. Бір шаңырақтың ауыртпалығы мен артынан ерген қаршадай төрт інісінің тағдыры анасы Бапан екеуінің иығына артылады. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, әке тәрбиесін алып, шешенің қасиетін бойына сіңіріп өскен ұрпақ осал болған ба? Керімқұл әкесіне 12-13 жасынан серік болып, аңға бірге барып, аңшылықтың қыры мен сырын әбден меңгерген еді. «Басқа түссе баспақшыл» демекші, ол әкеден қалған жалғыз көк шолақ атын бір мылтық, бірнеше қақпанға айырбастап, аңшылық кәсіппен айналысып, отбасын асырай бастайды.

Үлкен ұлының бұл тірлігіне іштей риза болғанымен, буыны әлі беки қоймаған Керімқұлға жаны ашыған анасы Бапан: «бұлай болмайды, төркініме барайын, балаларым нағашыларын жағалап өссе, жаман болмас» деп ойлаған ол балаларын ертіп төркінінің жанына көшіп барады. Сол заманда Бапанның немере ағасы Бекмырзаға пәлен мың жылқы біткен атақты бай болған деседі. Бекмырза бай да Керімқұл жиенінің пысықтығына, біреудің ала жібін аттамайтын адалдығына риза болып, ақыл-кеңесін беріп қолдан келгенінше көмегін аямайды.

Істің, шаруаның жөнін білетін Керімқұлға көп ұзамай бұрынғы ата дәулеті қайта оралып, бас құрап, үлкен абыройлы кісіге айналады. Өрісі үйір-үйір жылқыға, отар-отар қойға толады. Бауырларының бәрін аяқтандырып, еншілерін бөліп беріп, жеке-жеке отау тігіп шығарады.

Сағырбай әулетінен тараған ұрпақтар шетінен өнерпаз, бірі домбырашы, енді бірі суырып салма ақын, күміс көмей әнші болса, бәрі де шетінен саятшы, мерген, қақпаншылық кәсіппен айналысып, шетінен беренді жанға айналады. Сол себептен де Сағырбай әулетінен тараған әр отбасы ешкімнен кем өмір сүрмейді. Керімқұл мол дәулетімен, кісілік келбетімен және елге жұғымды имандылығымен, күйшілігімен жалпы Албан-Қызай еліне сыйлы адам болады. Ал «құралайды көзге атқан» мергендігі тіпті ерен болған деседі.

Міне, Сағырбайдың осы ұрпақтары әуелі өздері атақоныс еткен Текестің тік басы, кейіндеу сол Текес өзеніне құятын Үшқұштайдың ең ірісі Шоңқұштай өзенінің шұрайлы өңірін ұзақ жылдар жаз жайлау, қыс қыстау етеді.

1935 жылдың көктемі, ел «тілеу көже» (наурыз көже) беріп, ауыл аралап, үй-үйге қыдырып көже ішіп, тілеу тілеп жүргенде Шоңқұштай өзені бойында, Намазтөбе жанындағы Керімқұл байдың алты ауызды ағаш үйінде шекесі торсықтай ұл дүниеге келеді. «Тілеу көже» ішіп қыдырып жүрген ауылдың балалары «Сүйінші, Керімқұл атаның шаңырағына шекесі торсықтай ұл келді!» деп, бүкіл ауылға жаяды. Қуанышы қойнына симаған Керімқұл ақсақал балаларға сүйіншісін беріп, «Көке, шаңырағыңызға қойшы келіпті, немереңіздің бауы берік болсын!» дегендерді үйіне шақырып, нәрестенің шілдеханасын күзетеді. Олар өлең айтып, күй шертіп, думандатады...
Дәулескер күйші Қожеке Назар­ұлының құрметі үшін, оның «Қамбархан» күйінің атына ұйқастырып, Қожеке секілді дәулескер күйші болсын деп ырымдап нәрестенің атын «Омархан» деп, азан шақырып қояды. Рәпия әже ауылдағы әділдігімен аты шыққан, көркем мінезді әжелерді шақырып немересін қырқынан шығарып, Керімқұл өз қолымен жасаған тал бесікке «тыштырма» жасап, бесікке бөлетеді.

Керімқұл мен Рәпия немересін өз құшағына алып, бесік жырын айтып, күмбірлеген күй шертіп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қағады. Керімқұл немересі Омарханның қаз тұрып, апыл-тапыл жүре басқан күні тұсауын кесіп, баланың әр қадамын, әр қимылын, қызықтап, бақылап жүреді. Омархан 4-5 жасқа келгенде сүндетке отырғызып, басына айдар қойып, ел-жұртын шақырып, ат шаптырып сүндет той жасайды. Тойға елге белгілі Рақыш Қожекеұлы бастаған күйші-өнерпаздар келіп, тойдың мәресін асырады. Тойға келгендер арнайы үйретілген бәсіре тайға ашамайды ерттеп, тайдың жал-құйрығына және баланың бас киміне үкі тағып, «Омархан азамат болды, ат жалын тартып мінді» деп, қариялар батасын беріп, әжелер шашу шашып, қадамына сәтті сапар тілейді.

Бала Омархан есік алдында көлденең жатқан таяқты (шыбықты) қолына алып, домбыра ғып шертіп ойнайтын әдет шығарады, ал домбыра ұстаған адамды көрсе соны жағалап, соңынан қалмайтын болады. Омарханның атақонысы болған Шоңқұштай жері мен Текес өңірі дүйім жұртқа атағы кең тараған Қожеке, Сыбанқұл, Қосдәулет күйшілер бір заманда ел мерейін өсірген, өнерін тасытқан домбырашы-күйшілердің құтты мекені болатын. «Төскейде малы, төсекте басы қосылған» ел сұраса келсе «қарын бөле, нағашы, жиен, жегжат-жұрат» болып шыға келетін.

Мұндай өнерлі ортада күйшілер тартқан күйлерді күнде естіп, оның әуез-сазын тыңдап өскен ауыл балалары бала жастан домбыраны өзіне серік етіп, жасырын шертіп үйренетін жақсы әдетті бойына сіңіріп өседі. Олар тартқан күйлерді құлақ құрышы қанғанша тыңдайтын. Осы күйшілердің арасында әкесі Қожекенің күйін нақышына келтіріп шебер орындайтын Рақыш та бар еді. Ол бір күйді үш, тіпті одан да көп түрлендіріп, құбылтып тарта беретін өте шебер күйші болыпты. Соған қарағанда Рақыштың өзі де жанынан күй шығара алатын талантына күмән келтіре алмайсың.

Мәселен, 1946 жылы Құлжада қазақ-қырғыз мәдениет ұйымының бұрынғы бастығы Ысқақбек генерал «Үш аймақ төңкерісінің» жеңісін жырлау негізінде халық өнерпаздарын өнер көрсетуге Құлжаға шақырады. Сол жолы Рақыш «Үш аймақ төңкерісіне» арнап шығарған «Бірлесу» атты күйін тартады. «Жетісудың күйлері» атты жинақта Рақыштың «Бүлкілдек», «Есімқұл», «Қоңыр қаз» қатарлы күйлері енгізілген.

Осы Рақыш бастаған күйшілер домбыраларын жүкке сүйеп дастарқан басына ас ішуге жайғасқанда, ішіне күй тылсымын бүккен, мысы басым қара домбыраны бір ұстап қалуға ниеті ауып тұрған балалардың ынтасын байқаған олар, баланың бетінен қақпай, домбыраны қолына беріп ұстатып, кейде домбыраны шерткізіп көреді екен. Осы мүмкіндікті пайдаланып, балалар өздері там-тұмдап үйренген күйлерін олардың алдында тартып қалуға тырысады. Осы өрімдей домбырашы балалардың ішінде Керімқұлдың немересі Омархан Әубәкірұлы домбыра тартуда дес бермей, алдына жан салмай, күйшілердің назарын бірден өзіне аударып алатын болған.
Бала жастан тай-құлындай тебісіп бірге өскен, тай жарыстырып тамаша думан құрған, боз бала кезінде талай қызықты шақтарды бастан өткізген, домбыраны бала жастан жағаласа жүріп бірге үйренген Омарханның ауылдасы, құрдасы, домбырашы Жапар Қосдәулетұлы өзінің жазған естелігінде: Шамасы екеуіміздің он жасқа іліккен кезіміз-ау деймін, бірде біздің елге өте абыройлы Рақыш күйші ауылдағы домбыра ұстайтын балаларды жинап алды. Алдымен әрқайсымызға жеке-жеке домбыра тартқызып көрді де:

– Бәрің де күй тартудың нобайын біледі екенсіңдер. Кәне, кім нағыз домбырашы болғысы келеді, – бәріміз жапа-тармағай «мен, мен» деп өре түрегелдік. Рақыш күйші:

– Онда мен сендерге бір талап қоямын. Сендер сол сынның талабынан өтсеңдер ғана домбыра тартуға баулимын, – деді. Біз тағы да:

– Ол қандай сын, – деп аңтарылып, ақсақалдың бетіне таңдана қарастық. Рақыш күйші байыпты дауыспен:

– Талап былай болады. Мен кез-келген күйді үйдің ішінде отырып тартамын. Сендер үйдің сыртында отырып тыңдайсыңдар да, көкейлеріңе қаншалықты қондырасыңдар, соны қайталап тартып бересіңдер, – деді. Біздің аңтарыла не дерімізді білмей тұрған пұшайман көңілімізді байқаған күйші:

– Оқасы жоқ, білетін күйлеріңді қайта-қайта тартып әзірлеңдер. Мен киіз үйдің төрінде отырып күй тартамын, сендер менің тұсыма келіп тыңдайсыңдар. Ал мен кеттім деді де, – өзінің алты қанат ақ боз үйіне енді. Сәлден соң үй ішін кернеген күй күмбіріне бәріміз ынта қоя тыңдадап, тырп етпей қалдық. Дәулескер күйшінің домбыра тартысын бірден іліп әкететін зеректік бізде қайдан болсын. Сәлден соң айбынды күйшінің алдына барғанда бүгежектеп, ұстаған домбырамызға әлгі күйдің сарынын сала алмай, шатып-бұтып бірдеңе тартқандай болдық. Дегенмен, Омархан бізге қарағанда зеректік танытты. Рақыш тартқан Қожекенің «Керітолғауын» үзіп-жарсада бастан-аяқ тартып шыққандай болды. Рақыш күйші біршама ойланып отырды да:

– «Керітолғауды» бұрын тарта алушы ма едің? – деді жайбарақат.
Омархан:

– Өзіңізден бір мәрте тыңдағаным бар, біздің үйге келгенде, – деді.

– Бәсе, сол бір көргенде көкейіңе тоқып алғансың ғой, дегенмен күйшілікке икемің бар екен. Ал, балалар, талаптарың тау суындай тасқындасын, Құдайдың нұры жаусын сендерге, – деп күйші бәріміздің маңдайымыздан сипап, бата бергені еміс-еміс есімде қалыпты[5], – деп жазыпты.

Осы күннен бастап Рақыш жас талапкерді қасына алып, білгенін үйретеді. Әкесінің және айналасындағы күйшілер туралы көрген, білгенін айтып, олардың дәстүрін тәлім етіп айтады. Зерек бала Омархан ұстазының айтқанын іліп алып, әр сәт екі етпей орындайды.

Ұстазының тәлімін алып, әр сөзін көкейіне түйіп, көңіліне берік сақтаған бала жігіт Омархан бейне қоя таста отырған жас қырандай бабына келіп, иықтарын қомдап, ауық-ауық мойнын созып биікке талпына береді. Қожекенің күйлерін Рақыштан үйренсе, ал Сыбанқұлдың күйлерін оның немере інісі Шідеден үйренеді. Ол осылайша сол өңірдегі бұрынғы және кейінгі өткен күйшілердің күйлерін шертіп, өзінің орындаушылық шеберлігін шыңдай түседі.

Атасы Керімқұл «он үштегі бала отау иесі» деген қағиданы қатаң ұстанып, қазақтың ескі салты бойынша өзінің бұрыннан білетін сыралғы жолдасы, дәулетті Оразақынның қызы Дәменге атастырылған Омарханды жастай үйлендіреді. Осылайша бала күйші Омекең отбасылы болып, күй шертумен бірге, ата дәстүрін қуып, аңшылық, саятшылық кәсіппен айналысып, «сегіз қырлы, бір сырлы» сері жігіт болып шыға келеді. Жүйрік ат, тайпалған су төкпес жорға мініп қайда той-думан болса, Омекең сол жерден табылатын болады. Ал жас әйелі Дәмен енесі Ауал мен әжесі Рәпияның қасында жүріп бір үйдің шаруасын өзі реттеп, берекесін келтіріп, жайнатып отыратын болған. «Әр мықты еркектің артында бір мықты әйелі тұрады» деген сөз осындайда айтылған болса керек.

Омекеңнің бойындағы жақсы нәрселер сол атадан жұққан асыл қасиеттер екені анық. Оның музыканы, әсіресе күйшілікті ерекше жоғары бағалайтыны жөнінде мына бір қызықты уақиғаны айтпай кету мүмкін емес.

Омекеңе Шынжаңның қазіргі Күйтің қаласының батыс оңтүстік тау бөктеріне орналасқан Майтау қаласынан оқуға шақырту келеді. Ол кездегі көліктің аздығы, жолдың қолайсыздығынан болар, өзімен қатар өскен құрдасы, сыныптасы Байбаба (белгілі жазушы-журналист Сүлеймен Мәметтің әкесі) екеуі киім-кешек, көрпе-жастығын арқалап екі атпен ауылдан аттанады. Екеуі адырлы алқаптарды аралап, шетсіз-шексіз жазықтарды көктей өтіп, кең жазира даланы кейінге қалдырып, тау асып, су кешіп, бір неше күн жол жүріп Майтауға барады.

Омекеңді түлен түрткен болу керек, кәсіп оқимын деген ойынан айнып, мініп барған атын сатып жібереді де, ары қарай Үрімжіге тартып кетеді. Ал бірге барған құрдасы Байбаба оқуын жалғасрып сонда қалып қояды. Үлкен шаһардың мәдени орталықтарын аралап, сол кездегі ең жаңа музыкалық құрал саналатын патефон, оған қоса қажетті ән-күй табақтарын және екі тілді сырнайды сатып алып ауылына оралады. Рәпия әжей ерке-тотай мінезді баласының мына қылығына, әуейлігіне реніш білдірмейді. Қайта баласының отбасына аман-есен орағанына, жас­тай үйленген Дәменнің, шиеттей жас балаларының қасында жүргенін қалап, іштей оның тілеуін тілейді.

Үрімжіден аттай қалап алып келген осы «қобдишаны» Омекең үнемі көтеріп жүріп, ауыл үйдің бәріне Күләш Байсейітованың орындауындағы «Гәкку», «Майра», Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Бұлбұл», Жамал Омарова ғұмыр бойы айтқан «Өр Алтай» әндерін; Құрманғазы оркестрінің орындауындағы «Сарыарқа», «Көңілашар» тағы басқа да ән-күйлерді тыңдатып, өзі бір оркестрдің жетекшісі болып жүргендей күй кешеді.

Қаршадайынан домбыраны қолына алып, ұстазы Рақыштың талай сынынан өтіп, өнер жолына түскен жас Омекең Қытай жерінде жүргенде айтулы саңлақтармен қатар отырып, алқалы жиын-тойларда талай күй сайыстарына қатысады. 1950 жылы қазан айында, жаңа Қытай билігі – Қытай Халық Республикасының құрылғандығына бір жыл толуына байланысты Құлжада өткізілген күйшілер фестиваліне барады. Рақыш Қожекеқұлы бас жүлдені, қырғыз Асанәлі бірінші жүлдені, Әшім Дүңшіұлы екінші жүлдені, ал Омархан Керімқұл үшінші жүлдені қанжығасына байлайды. Сонда Омекең әлі он алты жасқа толмаған кезі екен.

1954 жылы Іле қазақ автономиялы облысы құрылып, оның орталығы Құлжа қаласы атануына орай, Құлжада тағы күшілер сайысы ұйымдастырылады. Бұл жарысқа Іле, Тарбағатай, Алтай аймағының түкпір-түкпірінен келген домбырашылар мен халық күйшілері бақ сынайды. Текес өңірінің әйгілі күйшілері Қожеке, Сыбанқұл, Шіде, Рақыш, Қосдәулет, Бестібай, Бөлтірік, Кәтіп, Түсіпхан батыр, Тілеміс манпаң сынды күйшілер мен халық күйлерін шебер орындаған 19 жастағы домбырашы жігіт Омархан 120 күй тартып, бас жүлденің жеңімпазы атанады. Сондай-ақ, 90 күй тартып, қырғыз Асаналы күйші де бірінші орын алады. Сонда қырғыз Асаналының: «Әй, бала күйші қазақ туғаным, мына менің де күйлерімді тарта жүргейсің. О дүниеге аттанып кетер болсам, мұны домбыраңмен шерткенде көрімде бір аунап түсіп жатпаймын ба?», – деп, қалжыңдап, төрт күйін Омекеңе үйретіп жібереді

(Жалғасы бар)

Әлімжан Әшімұлы

Пайдаланылған әдебиеттер: 
1.Бердібаев Р. Өнер мұқитына құйылар өзен, «Жетісудың күйлері» кітабы. «Өнер баспасы» 3-бет. 1998 ж.
2.Шәкәрім Ж. Көңілді тербеткен күйлер. «Егемен Қазақстан» (2 қараша, 1995 ж.).
3.Молдабаев О. Арада қыл өтпейтін тату едік. «Омархан күйші саумал шертпенің шебері» кітабы, 85-бет. «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы. 2011 ж.
4.Қосдәулетұлы Ж. Біз күйшілікке бірге баулындық. «Омархан күйші саумал шертпенің шебері» кітабы, 88-бет. «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясы. 2011 ж.
5.Мәмет С. Дәулескер күйші Омархан. «Егемен қазақстан», 1995 ж.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 407
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 6303
46 - сөз

Кәрағаның көркемдік көкжиегі

Дәурен Бақдәулетұлы 385