Туған жерге ту тіккен ақын...

Қазақ поэзиясы – ұлттың рухани өзегі, елдің еңсесін көтеріп, сөз құдіреті арқылы санаға сәуле түсіретін ұлы сөз өнері. Сол киелі өнерді өміріне серік етіп, өмірін өлеңмен өрген ақындардың бірі – Қожахметов Ринат Құдайбергенұлы.
Сөз зергері, ақын Ринаттың шығармаларын зерделегенде, ең алдымен көзге түсетіні – тазалық пен шынайылық. Ол жасандылықтан ада, өмірдің өзінен нәр алған өлеңдер жазады. Әр шумағынан ауыл өмірінің шындығы, еңбек адамдарының бейнесі, туған жерге деген іңкәр сезім анық аңғарылады. Сол себепті Ринаттың поэзиясы – қарапайым ауыл тіршілігінің философиясын көркем тілмен өрнектеген ерекше поэзиялық әлем. Қай дәуірде де елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұратын өлеңмен өрнектеген ақындар болған, болатыны заңдылық. Бүгінгі қазақ әдебиетінде сол дәстүрді жалғап, жаңа мазмұнмен байытқан іні буынның бірі, кезекті мақаламыздың бас кейіпкері ақын Ринат Қожахметов. Кейіпкеріміздің өмір жолы, шығармашылығы туралы қысқаша өмірбаянына тоқталып өтейік.

Сурет: Автордың мұрағатынан алынды.
Ақын, азамат Ринат 1985 жылдың 7 шілдесінде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Жетіарал елді-мекенінде дүниеге келген. 2003 жылы ауылындағы орта мектепті аяқтап, еңбек жолын Алматы қаласында құрылыс саласында бастаған. Екі жыл бойы Алматыда түрлі нысандардың салынуына атсалысып, еңбекпен шыңдалды.
2005 жылы Астана қаласына қоныс аударып, елорда құрылысының қарқынды жүріп жатқан кезеңінде қаланың инфрақұрылымының дамуына өз үлесін қосты. Он бес жылға жуық уақыт бойы бас қалада түрлі мемлекеттік ғимараттардың бой көтеруіне қатысып, тәжірибе жинақтады. Құрылыс саласында еңбек ете жүріп, Көкшетау қаласындағы кәсіби білім беретін арнайы кәсіптік оқу орнында оқып, дәнекерлеуші мамандығын игерді.
2009 жылы ауылдасы Дүнгененова Дана Тілеуғазықызымен шаңырақ көтеріп, отбасылық өмірін Астанада жалғастырды. Уақыт өте туған жерге деген сағыныш жетелеп, 2018 жылы отбасымен ауылға қайта оралып, ата-анаға қамқор болып, қолғабыс етіп, ауыл тіршілігіне белсене араласты. Ринаттың зайыбы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Жетіарал орта мектеп-балабақша кешенінде қызмет етеді. Ерлі-зайыптылар төрт ұл тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы – мектеп президенті әрі облыстық волейбол чемпионы, екінші ұлы – үздік оқушы, үшінші ұлы – биыл бірінші сынып табалдырығын аттаса, кенжесі – балабақша даярлығында.
Жоғарыда мақаламыздың кейіпкері ақын Р.Қожахметовтың он саусағынан өнер тамған азамат екенін айтып өттік. Өзінің туған елді-мекені Жетіарал ауылына кіреберіс қақпаның сәнді, салтанатты орнатылуын – ауыл азаматтарының елдік рухының айғағы деп білеміз. Ауылдың тумасы, ақын Р.Қожахметов туған жерінің көркеюі үшін еңбек етіп, қақпаның темірін кесіп, дәнекерлеп жасап шыққан. Қажетті материалдарды ауыл жастары бірігіп жинап, қаржысын жұмыла көтерген. Нәтижесінде шамамен 800 мың теңге көлемінде ғана қаражат жұмсалып, үлкен іс жүзеге асқан. Ал кей ауылдар мұндай жұмыстарды мердігерлерге тапсырып, бірнеше миллион теңге шығындайтыны бар. Бұл мысал – бір жағынан ұлтжандылықтың, екінші жағынан ұқыптылық пен ұйымдасқан еңбектің көрінісі деп білеміз. Р.Қожахметов кейбір келеңсіз мәселелерді де ашық айтып, әлеуметтік желіде батыл көтеріп келеді. Оның бұл әрекеті – нағыз елжандылық пен азаматтық ұстанымның үлгісі. «Ауылымыздың абыройын ойлап, туған жерге үлес қосу – әр азаматтың парызы», – дейді ақын, азамат Ринат. Шынында да, ел игілігі үшін тер төккен азаматтың ісі көпке үлгі, ал туған жерге тағзым – рухани кемелділіктің белгісі.
Сөз зергері Р.Қожахметов – Шығыс аймағына танымал ақындардың бірі. Өлеңге жаны жақын ол бос уақытында жыр жазумен айналысып, түрлі мүшайраларға қатысып жүр. Ақынның қырық жасқа толу мерейтойына орай, «Сырласым» атты жыр жинағы жарық көрген. Кітап КСРО, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қазақстан Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері», «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстан Ұлттық Педагогика ғылымдары академиясының құрметті академигі, профессор, елі «Хан апа» атаған Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева атындағы ғылыми-зерттеу орталығының (Алматы қаласындағы) қолдауымен басылып шыққан. Жыр жинағының жарық көруіне Бақытгүл Бітібаева зор үлес қосқан, ал белгілі айтыскер ақын Асылан Ғафуров алғысөз жазып, автордың шығармашылығына жоғары баға берген.
Ақын Ринат Қазақстан Авторлар қоғамының, сондай-ақ «Барқытбелде жыр-жебе» рухани-шығармашылық бірлестігінің жетекшісі әрі шығармашылық бағыттағы рухтас ағасы, өнерпаз азамат, сазгер, ақын Бақытбек Әрімбековпен бірге осы бірлестіктің құрылуына ұйытқы болғандардың бірі. Жоғарыда тілге тиек еткен шығармашылық бірлестіктің белді мүшесі. Көптеген ән өлеңдердің туындыгері.
Шығармашылық, ақындық бағытта көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Ол жетістіктерін тізе берсек мақала ауқымы көтермейтіні белгілі. Тек басты, негізгілеріне ғана тоқталып өтейік. Бақыт Ихсановтың 90 жылдығына арналған мүшайрада бас жүлде,
Мұқағали Мақатаев атындағы республикалық, Тарбағатай ауданының қайта құрылғанына (аудан орталығы статусын қайта иеленуі) арналған байқауларда, хакім, ақын Абай Құнанбайұлының 175, 180 жылдығына арналған мүшәйраларда жүлделі орындарды (оның бірі тор тай мінуі. Ақын Ринаттың осы оқиғаға арналған «Халқым берген тор тайым...» атты өлең жазғанын шығармашылық бағыттағы әріптестері біледі) иеленуі Ринаттың ақындық әлеуетін айшықтайтын деректер.
Бүгінде ақын Ринат өзі де шығармашылық бағыттағы ұстаз қызметін атқарып жүрген азаматтардың бірі. Туған ауылында ел игілігіне қызмет етіп, жас өрендердің шығармашылық қабілетін дамытуға атсалысып жүр. Өзі айтқандай, елінің «ақын» атауы – халықтың берген бағасы, ал өзі үшін ең қымбат марапат – туған жер мен шәкірттерінің жетістігі.
Биыл «қамал алатын» қырық жасқа толған ақын алдағы уақытта да шабытын шыңдап, туған елінің рухын көтеретін жырларымен оқырманын сусындатуды мақсат тұтады. Өзі тағылым берген шәкірттері аудандық, облыстық, республикалық (Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларында) дәрежеде өткізілген, өткізіліп тұратын түрлі жыр мүшәйраларына қатысып, олар да биік белестерді бағындырып жүрген шығармашылық иелері. Бір шәкірті Астана қаласында өткен республикалық байқауда қатарынан екі жыл бойы бас жүлде иеленсе, тағы бір шәкірті Алматы қаласында өткен республикалық мүшәйрада бас жүлде алып, Шығыс елінің, Тарбағатай өңірінің мерейін асырып, ұстаз үмітін ақтаған шәкірттер болды.
Ақын Ринаттың поэзиясында туған өлке, халық дәстүрі, еңбек адамы, табиғат құбылысы және ел бірлігі секілді мәңгілік тақырыптар айқын көрініс табады. Оның шығармалары – көркемдік дәстүр мен қазіргі заман поэзиясының сабақтастығын айшықтайтын құндылық.
Ақын жырларына туған жер, ел, отаншылдық, ата-ананы, айналаңдағы жандарды құрметтеу, перзенттік парыз, адамдық қадір-қасиет мәселелері арқау болған. Қолыма ақынның: «Халқым берген тор тайым...», «Ауылды аңсау», «Жетіарал шабандоздарына», «Қыс мінезі», «Абыр-сабыр» атты туындылары түсті. Бұл шығармалар қазақтың ауылының өмірін боямасыз бейнелейтін көркем шежіре іспетті.
Ринат өз поэзиясын биік ұғымдарға құрған, атап айтқанда, рух, намыс, елдік сана, ізгілік, құрмет, еңбек және тағы басқа негізгі құндылықтар. Ол өлеңіне өмірдің шындығын арқау етеді. Сол себепті ақын Ринаттың жырларында шынайылық, қарапайымдылық пен ұлттық дүниетаным қатар өріледі. Өлең сөз иесінің «Халқым берген тор тайым...» өлеңі осы тұжырымымыздың жарқын мысалы. Бұл өлеңінде ақын жүлде алғандағы қуанышын ғана емес, халықтың ықыласын, ел сенімін, өнерге деген құрметті жырына арқау етеді.
«...Қалып еді көзімнен сәл жас шыға,
Аслан аға арқамнан кеп қақтыда.
Мынау саған жұрттың берген жүлдесі,
Деп мінгізді торы тайды астыма.
Қиялыма еріп кеттті ой мүлде,
Мың рахмет, өнеріме сай білген...
Мұратханның бас жүлдесі арғымақ,
Ал менікі, одан кейін «тай жүлде»... Бұл өлең жолдарында қанағат пен кішіпейілділік, еліне деген ризашылық пен алғыс сезімі жатыр. Өлеңнің түпкі идеясы – еңбектің қадірін, ел сенімінің салмағын, жауапкершілігін сезіну.
Қазақтың дәстүрлі болмысында тұлпар мен ердің орны ерекше. Ақын Ринат осы дәстүрді жаңғыртып, оқырманына, жастарға рух беретін, шабытты шығармашылығының жемісі саналатын «Жетіарал шабандоздарына» атты өлеңін жазды.
«...Қорғап жүрген ауылының намысын,
Тұлпар сенің, сен сәйгүлік бағысың.
Додаларда топты жарып келіңдер,
Өздеріңді алаш жұрты танысын...». Ақын бұл туындысында жігіттік намысты, ауыл баласының серілігін, ел намысын қорғау сезімін дәріптейді. Өлеңде тұлпар – батылдықтың, ал шабандоз – ел намысын арқалаған жас ұрпақтың символы.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл поэтикалық мәтін қазақ этномәдени кодының көркем бейнелеу тәсілімен жаңғыртылуы деп білеміз. Ақынның рухты сөзі жастардың бойындағы намыс пен ардың отын маздатады. Қазақтың әр ақыны үшін туған ауыл – шығармашылық бастауы, рухани мекені. Сөз шебері Р.Қожахметовтың «Ауылды аңсау» өлеңі соның айқын дәлелі. Ақын бұл туындысында ауылға деген сағынышты, өткен шақтың естелігін, адам мен жер арасындағы тылсым байланысты нәзік поэтикалық формада бейнелейді.
«...Көзіме алыс кетсем жас аламын,
Бір саған құстай ұшып жете аламын.
Байлаулы бір өзіңе мендік жүрек,
Мекенім – қасиетті Жетіаралым!». Осы қарапайым өлең жолдарында тұтас өмір философиясы бар. Өзі туып-өскен Жетіарал ауылы – тек географиялық ұғым ғана емес, ол ақын үшін жүректің оты, рухтың мекені саналады. Ауылды аңсау арқылы Ринат ұлттың ұмыт бола бастаған рухани тамырларына қан жүгіртіп, тірілтіп, оқырманы мен жас буынға туған ел, туған жер қадірін насихаттап, оларды аталған құндылықтарды құрметтеуге үндейді, шақырады. Бұл тұрғыдан өлеңнің мазмұнында философиялық, аксиологиялық, экологиялық сана, ұлттық таным, дәстүрлі дүниетаным және эмоциялық эстетика қатар тоғысады.
Сөз зергері Р.Қожахметовтың табиғатты суреттеу тәсілі қазақы өмір салтымен етене астасқан. Ақынның «Қыс мінезі» өлеңінде ақын ауыл тіршілігіндегі еңбек тынысын, табиғатпен етене өмір сүретін адамдардың ішкі лирикалық жай-күйін поэзиялық тілмен өрнектейді:
«Ағам жүр үйге кірмей, шөп қорада...
Анам жүр көжеқатық етін шайып...
Қолғабын әкем отыр пешке жайып...». Бұл жолдар бір отбасының ғана емес, тұтас ауыл тіршілігінің «өлеңмен салынған суретті бейнесі». Ал «Абыр-сабыр» өлеңінде күзгі науқанның қарбаласы, адамдар арасындағы сыйластық пен бірлік сипатталады.
«...Анам да жайғап қойды құрт пен майын.
Көмекке көрші-қолаң келді, әне,
Бәйбішем демдеп жатыр күрең шайын.
Тіршілік тоқтамайды бүгінменен,
Ағайын татулығын құным дер ем.
Ауылым абыр-сабыр, науқан кезде,
Жүк көлік сабылады гүрілдеген». Ринаттың бұл өлеңінде еңбек – эстетикалық құндылыққа айналады. Ақын қазақ өмірінің күнделікті көріністерін философиялық тереңдікпен жеткізеді. Өлең сөз иесі ақын Р.Қожахметовтың поэзиясын талдау барысында оның тілінің тазалығы мен бейнелілігі айрықша назар аудартады. Ол поэтикалық құрылымда қарапайым қазақ сөзін көркем мағынаға айналдырады. Ақынның метафоралары табиғи, бейнелері нақты өмірден алынған. Мысалы, «Ақ түтек, бет қаратпас тұман далам» немесе «Өн бойдан қоңыр салқын өтетіндей» деген жолдарда табиғат құбылысы мен адам сезімі тұтасып кетеді. Бұл – қазіргі қазақ поэзиясына тән реалистік-поэтикалық бағыттың айқын үлгісі деп білеміз. Сөз шебері. Р.Қожахметов туған елін, жерін жырлауды азаматтық борышым, мақстұым деп ұғынған ақын. Ол өлең арқылы елге сүйіспеншілікті, еңбекті қадірлеуді, намысты биік ұстауды үйретеді. Ақынның шығармашылығы – ұлттық рухтың, адамдық парасаттың және поэзиялық дәстүрдің тоғысу нүктесі, ел мен жерге деген сүйіспеншіліктің көркем көрінісі. Өлеңдері арқылы туған жердің қадірін, еңбек адамдарының болмысын, табиғат пен адам үйлесімін жаңаша қырынан айшықтайды. Қазақ әдебиетінде ауыл тақырыбы ұмыт болған жоқ – оны бүгінгі буын жаңа тұрғыдан жырлап жүр. Сол буынның алдыңғы қатарында ақын Р.Қожахметов есімі тұратыны заңдылық. Ақынның әрбір өлеңі елдік рухтың үні, ұлттық мінездің айғағы,
туған жердің иісін, ата-ананың мейірімін, халықтың ықыласын жеткізетін рухани құндылық ретінде өз бағасын алатынына сеніміміз кәміл. «Туған жерін сүйе білген ақын – халқының рухын биіктетеді» сол себепті сөз зергері, ақын Ринат Қожахметов шығармашылығы қазіргі қазақ әдебиетінде халықтық рух пен адамдық құндылықтың көркем көрінісі болып қала береді деп тұжырымдаймыз.
Дәурен Бақдәулетұлы,
ақын, әдебиет зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Abai.kz